Ислам – бейбітшілік пен төзімділік діні

Сейсенбі, 09.06.2022

Ислам – пайғамбарлардың ең соңғысы әзіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы Алланың адамдарға жіберген діні. VІІ ғасырдың басында Меккеде әз Мұхаммедтің өзіне тылсым әлемнен түскен, бір құдайға сенуге негізделген діннің аты. «Исламият» деп те аталатын бұл ұғым «бір құдайды ғана мойындайтын соңғы дін» деген мағынаны білдіреді. «Ислам» сөзі «Алланың алдында тізе бүгіп бағыну», «мұсылман болу», «ислам дінін қабылдау», «Алланың және елшісінің білдіргендеріне мойынсұнып бағыну», сонымен бірге «келісім», «келісімге келу» деген ұғымдарды да береді.

Араб тілінде «ислам» сөзінің терминдік мағынасы осы болса, сөздік мағынасы «бейбітшілік», «қауіпсіздік», «алаңсыздық», «сәлемет», «амандық», «есендік», «саулық», «төзімділік» деген мәндерге саяды.

Исламның әлемдік дінге айналуының сыры неде? Ол адамзатқа Алланың бар және бір екендігін, тек Аллаға ғана құлшылық жасау керектігін, бүкіл ғаламды Алланың жаратқандығын, барлық пайғамбарларға және көктен түскен кітаптарға сенудің қажеттілігін білдіріп, ақырет өмірінің мәңгілігін түсіндіреді. Адамдар арасында тәртіп орнатып, бауырластықты жаңғыртады. Адаммен адамның жаратылысынан тең екендігін көрсетіп, Алланың алдында көркем мінезді тұлғалардың өзгелерден үстем болатындығын хабарлайды.Сөйтіп, ислам адамдардың азаптан құтылып, бақытты болудың төте жолын ұсынады.

Пенденің бақытты болу шарты – жақсыны жаманнан, халалды харамнан, сүйкімдіні сүйкімсізден, парызды қарыздан ажырата білу. Сондықтан да, тура жолда болу мен ақ пен қараны айыру мәнісі әз Мұхаммедке Алла тарапынан көктен Жәбірейіл періште арқылы 22 жыл 2 ай 22 күнде уәһи болып түскен аяттармен түсіндірілген. Құранның жерге түскен бірінші аяты «иқра» («оқы») деген сөзден басталуына байланысты 6666 аяттан құралған 114 сүренің жинағы «Құран» («оқу») деп аталған болатын.

Әз Мұхаммед Құран оқығанды, өзгенің де оқығанын тыңдағанды өте ұнатқан екен. Бір күні сахабаларының бірі Абдуллах бин Масғудтан Құран оқып беруін сұранады. Ол кісінің пайғамбар алдында Құран оқудан тартыншақтаған сәтте әз Мұхаммед: «Мен Құранды басқадан тыңдағанды жақсы көремін», – депті. Сонда Абдуллах бин Масғуд «Ниса» сүресін оқып «Әр үмбетке бір куә келтіріп, ей, Мұхаммед сені де оларға куә етіп келтірген уақытымызда жағдайлары не болады?» деген 41-аятына келгенде Алла елшісінің көзінен жас аққан екен. Үмбетін шексіз жақсы көрген әз Мұхаммед «Білім алу – әрбір мұсылманға парыз» деп, адамдарды білімін жетілдіруге үндеген кәміл тұлға.

Білім алу, ғылымды азық қылу дегеніміз не? Абдурахман ибн Мұхаммедибн Халдунның (1332-1406) айтуынша «адамға білсе пайдасыз, білмесе зиянсыз білімнің түрлері де болады». Адамдардың бақытты болуы үшін ешкімге зиянын келтірмейтін, баршаға пайдасын тигізетін білім қажет. Әз Мұхаммед өзінің дұғасында: «Аллаһым! Маған берілген білімді пайдаландыр және маған пайдалы білім бер. Білімімді арттыр, Аллаһым. Барлық мақтау барлық жерде және әр заман Аллаға тән. Жаһаннамның азабынан Аллаға сыйынамын» – деп тілеген екен. Ардақты елші келесі бір хадисте: «Бір ғалымның ғылымнан мақсаты Алла болса, одан бәрі қорқатын болады. Мақсаты дүние болса, бәрінен қорқатын болады» деген. Абу Хамид Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Ғазалидің (1059-1111) пікірінше: «Шегінен асқан білімнен жағымсыз істер мен пайдасыз бүліктертуралы ойлар туындайды. Мұны айлакерлік дейді. Шала білімнен ақымақтық, ақылсыздық пайда болады. Тек толыққанды білімнен ғана мәселенің алдын-алу жолдары туралы дұрыс көзқарастар, бүтін пікірлер мен ізгі ойлар қалыптасады». Қазақ ағартушылары Ыбырай Алтынсарин, Абай және Шәкәрімнің ғылымға үндеген өсиеттері мұсылман ғұламалары ойларымен құйылып түсетіні белгілі.

Сонымен, білім адамдарға бақытты болуы үшін қажет. Адамдар бақытты болса, қоғам бақытты. Қоғамдар бақытты болса, адамзат бақытты. Халықтың бақытты өмірін сақтап, өркендету толыққанды білімге ие басшыларды қажет етеді. Білімді басшылардың қалыптасуы үшін «Амалдар Құранда жазылғаны үшін дұрыс деп емес, дұрыс амал болғаннан кейін Құранда жазылған деп ғұмыр кеш» дейтін данышпан ғалымдардың болуы тиіс. Бұл жөнінде әл-Ғазали: «Басшылар бұзылса, халық та бұзылады. Ал басшылар ғалымдар бұзылғанда ғана бұзылады», – деп, бекер айтпаған ғой. Кезінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы, Түркия Республикасының Мәдениет министрі болған Намык Кемал Зейбек 1993 жылы: «Қазақстан байрағындағы бүркіт – түркі әлемінің ХХІ ғасырдағы символы. Бүркіт екі қанатын – бірі дін, екіншісі білім – тең игергенде ғана биіктерге самғайды» деп меңзеген болатын. Намык Кемал Зейбектің бұл сөздерін айтқан күннен бері 22 жыл өте шығыпты.

Қазақстандықтар осы уақыт аралығында көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Олардың ішінде ислам дінінің бейбітшілік пен төзімділік діні екендігін әлемге паш етті.

1893 жылы Чикаго қаласында дін өкілдерінің қатысуымен Діндердің бүкіләлемдік конгресі өткен болатын. Конгресте бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін діндер арасындағы үнқатысудың қажеттілігіне қоғам назарын аударудың маңыздылығы алға тартылды. Діндердің әлемдік парламенті құрылып, Біріккен діндердің ұйымын құру мәселесі күн тәртібіне енді. Алайда конгреске қатысушылардың ортақ келісімге келе алмауысалдарынан екінші отырысты 100 жылдан кейін ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Содан кейін конфессияаралық келіссөздерді орнатуға бағытталған осындай іс-шаралардың бірі Италияның Ассизи қаласында 1986,2002жылдарда әлем діндері мен конфессиялары өкілдерінің кездесулері түрінде ғана өтіп отырды.Сайып келгенде, Чикаго конгресінің мақсатын шынайы түрде жүзеге асырған қазақстандықтар деу керек. Себебі, 1992 жылдың18 қазанында Алматы қаласында көптеген конфессиялардың өкілдерінің басын қосқан қазақстандықтар «Рухани келісімнің І бүкіләлемдік конгресін» өткізді. Осы оқиғадан кейін Қазақстан жыл сайын 18 қазан күнін «Рухани келісім күні» деп атап өтуде. Аталмыш конгрестің жалғасы ретінде әлемдегі бейбітшілікті сақтау мақсатында ҚР Президентінің бастамасымен Қазақстанда 2003, 2006, 2009, 2012 жылдары Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің І, ІІ, ІІІ, ІV Съездері ұйымдастырылды.

Көпке аян, І Съездің жұмысы әлемдік және дәстүрлі діндерге ортақ жалпы адами бағыттарды қарастырып, келісімдерді жүзеге асыратын және ортақ шешімдер қабылдайтын халықаралық конфессияаралық орталық құруға арналды

ІІ Съездің қарсаңында әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің тұрақты орталық ғимараты ретінде Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім сарайы» бекітіліп, оның ішінен «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» құрылды. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен ІІ Съезд «Дінаралық диалог принциптерін» талқылады.

ІІІ Съездің жұмысы «Діни лидерлердің төзімділікке, өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа негізделген бейбітшілікті құрудағы рөлі» қарастырылды. Ал ІV Съез өз жұмысын «Бейбітшілік және келісім – адамзат таңдауы» тақырыбына арналған болатын.

2013 жылы Съездің 10 жылдығына орай Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің мерейтойлық кездесуі өткенін де айта отыралық.

Бүгінгі таңда Ислам ұйымы білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі шарасы аясындағы бағдарламасы бойынша Алматы қаласын «Ислам мәдениетінің 2015 жылғы астанасы» деп жариялады. Заман талабына сай білім мен дінді игерген қазақстандықтар үстіміздегі жылдың 10-11 маусымында Астана қаласында «Бейбітшілік және даму жолындағы діни және саяси қайраткерлердің диалогы» тақырыбында өтуге тиісті. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V Съезіне даярлыққа кірісіп-ақ кетті.

Атап көрсетілген іс-шаралар Мұхаммед пайғамбардың кезінде орын алған оқиғаларды еске салады. Мысалы, исламды қабылдаған, өз еркін Алланың және оның елшісінің еркіне бағындырған мұсылмандар (арабша «мүслимдер») 622 жылы Меккеден Мәдинаға (Йасриб) хижрет жасағаннан кейін өзге дін (иудаизм, пұтқа табынушылық) өкілдерімен Мәдина келісіміне қол қойған болатын.Мәдина келісімі әр түрлі дін өкілдерімен бірге бейбіт өмір сүру үшін ресми түрде жасалған мәміле болып табылады. Ол исламдағы бейбітшілік пен төзімділікті, исламның адам құқығына құрметі мен диалог мәдениетін, өзге дін өкілдеріне көзқарасын, сондай-ақ сенім бостандығы мен ар-ұждан еркіндігін қамтамасыз етуімен құнды. Бұл VII ғасырдағы құжат исламның бейбітшілік пен төзімділік діні екендігінің айғағы болып табылады.Сол кезеңнен бастап барлық мұсылман халықтары бейбітшілікке қол жеткізіп, төзімді қоғам қалыптастыру үшін соғысқаны, тер төккені тарихтан белгілі.

Қазіргі уақытта 51 мұсылман елдерінің қатарына Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Иран, Пәкістан, Түркия, Бангладеш, Бруней, Индонезия, Малайзия, Мальдивтер, Бахрейн, Ирак, Иордания, Йемен, Катар, Кувейт, Ливан, Палестина, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Сауд Арабиясы, Сирия, Джибути, Мысыр, Комор аралдары, Сомали, Судан, Танзания, Эритрея, Эфиопия, Алжир, Батыс Сахара, Мавритания, Ливия, Марокко, Тунис, Буркина-Фасо, Гамбия, Гвинея, Гвинея-Бисау, Мали, Нигер, Нигерия, Сенегал, Сьерра-Леоне, Чад жатады. Осы аталған мұсылман елдерінің ішінен адамзатты ресми түрде бейбітшілік пен төзімділікке шақырған Қазақстан болып отыр.

Қорыта айтқанда, ХХІ ғасырда Қазақ елі әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерін бір дастарқан басына жинап, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бейбіт әрі төзімді «Мәңгілік Ел» идеясын жариялап отыр. Бұл Мәдина келісімі қағидаларын қайта жаңғыртуға ұмтылуы және қазақ туында бейнеленген «бүркіттің» әлемге төзімділік, «күннің» адамзатқа бейбітшілік, зайырлы білімі мен дәстүрлі дінінің өзі мен өзгеге тек жақсылық әкелетіндігінің нышаны сияқты.

Б.К. Баймаханов,

ҚР ДІК Дін мәселелері жөніндегі

ғылыми-зерттеу және талдау орталығы

 директорының ғылым ісі

жөніндегі орынбасары, т.ғ.к.

 

Оқылды 2453 рет
JoomShaper
Top