Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы немесе Әбсаттар Сманов кім еді?

Сәрсенбі, 11.01.2022

Адамның өмірге келуі мен кетуі пенденің құзырынан тыс, Алланың қалауымен болатын дүние. Сол Алланың берген өлшеулі өмірін әркім әр түрлі сүреді. Өмірге адам болып келіп, адам болып кету бар. Шын мәнінде адал адам, шынайы мұсылман болып ғұмыр кешіру, ұрпаққа үлгі боларлық іс жасау, соңына өшпес із қалдыру қиынның қиыны. Бұл атадан текті, анадан озық туған, дүнияуи білім мен илаһи ілімді бойына қатар сіңіріп, қос ғылымды арда еміп өскен азаматтың азаматының ғана қолынан келер.

Кеше ғана арамыздан кетіп, Алланың құзырына өткен марқұм, Әбсаттар Смановтың бойында дәл осы қасиеттердің барлығы да бар еді. Ол данышпан Абай айтатын  «толық адам» деп айтуға әбден лайықты өмір сүрген азамат болатын. Текті әулеттің ұрпағы еді. 

Еліміздегі діни білім беретін медреселер туралы айтылғанда бірінші «Сарыағаш медресесі» еске түседі. Ал, «Сарыағаш медресесі» туралы айтылғанда Смановтар әулеті тұрады. Әбсаттардың әкесі Шәкір ақсақалдың да қазақ топырағында асыл дініміздің қайта түлеп, дамуына ерен еңбек сіңірген кісі болғанын елі жақсы біледі.

Кезінде 1955 жылы Абдуллаұлы Атауллаһ есімді қари Келес өзені бойынан мешіт салдырған екен. Білімі ұшан теңіз молданы жергілікті халық «Таяқты ишан» деп атап кеткен. Көнекөз қариялар ол кісіні Бұхара медресесінде 45 жыл ұстаздық еткен деседі. Кейін мешітке сол кісінің аты берілген.

Арада біраз жыл өтіп, 1989 жылы Шәкір Сманұлы ауыл азаматтарының көмегімен және өз қаражатына  екі қабат етіп  сол мешітке жапсарластырып сауат ашу мектебін тұрғызған. Ол заманда Кеңес үкіметі әлсіреді дегенмен әлі де құлай қоймаған кезең. Діни білім бермек түгілі, дін туралы айтудың өзі оңай емес еді. Бірақ, ел ішінде Шәкір ақсақал секілді көпті көрген көнекөз қариялар дәстүрлі діннің тізбегін үзбей, кейінгі ұрпағына аманаттап жеткізді.

Содан ол 2000 жылға дейін «Таяқты ишан» мешіті жанындағы діни сауат ашу курсы деген атпен өз бетінше жұмыс істеп келді. Ол жерден білім алған жастардың дінге деген зейіндері ашылып, сауат ашуға келуші жастардың қарасы уақыт өткен сайын көбейе түсті. Осыны ескеріп, сол кездегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлінің ұсынысымен ҚМДБ құзырына алынып, оған медресе мәртебесі берілді.

«Сарыағаш медресесінің» атағы біраз жерге жетті. Енді бұл медресеге облыс қана емес, республиканың барлық аймақтарынан білімге құштар жастар ағыла бастады. Мұның барлығы да Смановтар әулетінің аманатқа қиянат қылмай, адал жасаған еңбектерінің жемісі еді. Осы медресеге Әбсаттардың өзі басшылық етіп, келген жастардың діни сауатын ашып қана қоймай, оларды маман етіп дайындауға күш салды. Нәтижесінде 2010 жылы «Сарыағаш медресе колледжі» республика бойынша дін мамандарын даярлауға алғашқы шәкірттерін қабылдады.

Сонымен қатар, Әбсаттар Сманов қасиетті Құран Кәрімнің қазақ тіліндегі аудармасын жасап, бірқатар ғылыми еңбектердің авторы атанды.  Медресе қабырғасында көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Олардың көбі бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде дін жолында қызмет етіп жүр.

Әбсаттар өмірден өтті деген қаралы қабар тарағанда қалың қазақ қабырғасы қайысып қайғыра көңіл айтты. Жаназасына жиналған жұрттың санында есеп болмады. Марқұмның денесін қалың елі қолдан қолға өткізіп, қабірге дейін көтеріп барды. Дүниеден өткен дін адамына деген елінің ықыласын өмірімде осымен екінші мәрте көруім. Бірінші рет ислам әлеміне өшпес із қалдырған Шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф өмірден озғанда Ташкенттің көшесінде ине шаншар орын қалмағанын көрген едім.

«Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» дейді қазақ. Артында өшпес із қалдырған ғалымды өлді деуге біздің де ауыз бармайды. Адам мына өмірдегі соңғы демін алып, ақтық сапарға аттанғаннан кейін амал дәптері жабылады. Алайда, Алланың қалауымен кейбір кісілердің амал дәптері өлгеннен кейін де жабылмай ашық қалып, артында қалдырған игі амалдарының сауабы үздіксіз жазылып тұрады екен. Бұл жайында Имам Мүслимнің сахих хадистер жинағында сахаба Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен хадисінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы дүние салғаннан соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: Садақа жария, пайдалы ғылым, артынан дұға қылатын салихалы перзент» деген. Аллаға шүкір, Әбсаттар бауырымыздың артында бұл айтылған амалдардың барлығы да бар. Алдағы уақытта ұстазының аманатын шәкірттері жалғайды деп сенеміз. Алла жатқан жерін жайлы етсін.

Нұртуған Мүслім

Оқылды 296 рет
JoomShaper
Top