Оңтүстікте барлығын тегін тарататын дүкен бар

Жұма, 06.01.2022

Астана. 6 қаңтар. E-ISLAM – Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданында «Бәрі рахмет үшін» әлеуметтік дүкен ашылды. Дүкенде азық-түлік пен киім-кешек тегін таратылады.

Бұл бастаманы қолдаушылар әр ауданнан азық-түлік пен киім-кешек алып келіп жатыр. Дүкен күн сайын демалыссыз жұмыс істейді, кез келген адам келіп, өзіне қажетті затты ала алады. Дүкенде қыстық киімдерді де табуға болады, еріктілер күн сайын келіп түсіп жатқан заттарды реттеп, сөрелерге қояды. Сонымен қатар, өңірдегі қалталы кәсіпкерлер де аз қамтылған отбасынан шыққан 20 балаға қыстық киім алып беруді өз мойындарына алған, деп хабарлайды tengrinews.kz.

«Мен мұны керемет бір іс деп ойламаймын. Егер біз адамдарға мейіріммен қарайтын болсақ, әлем өзгерері анық. Қасымдағы достарыма, таныстарыма осындай жақсы іс жасауды ұсындым» деді «Бәрі рахмет үшін» әлеуметтік дүкенін ашқан Мадина Ермаханбетова.

Алдағы уақытта бірнеше компания тауарларды жеткізу үшін арнайы көлік бөлуді жоспарлап отыр екен.

«Бәрі рахмет үшін» әлеуметтік дүкені Шымкент қаласында да ашылмақ. Мұндай дүкендер еліміздің бірнеше өңірінде ашылған.

Оқылды 196 рет
JoomShaper
Top