Әбу Бәкірді жылатқан сөз

Сейсенбі, 14.02.2022

Рабиға әл-Әсләмий есімді сахаба (р.а.) мынадай оқиғаны баяндайды:

«Әбу Бәкір екеуіміздің арамызда бір келіспеушілік болып, ол маған ренжітетін бір сөз айтып жіберді. Кейін Әбу Бәкір (р.а.) жасаған ісіне өкініп:

– Ей, Рабиға! Сен де маған сондай сөз айт. Екеуіміз тең болайық – деді. Мен:

– Аллаға қасам! Мен айтпаймын – дедім.

Әбу Бәкір:

– Сен менен қалай болғанда да ақыңды аласың. Әйтпесе, Алланың елшісіне (с.ғ.с.) шағымданамын – деп табандылық танытты.

Мен сонда да:

– Жоқ, олай жасамаймын – дедім.

Әбу Бәкір пайғамбарға барып, болған жағдайды баяндады. Кейін Алланың елшісі (с.ғ.с.) мені шақырып:

– Сені мен Әбу Бәкірдің арасында не болды? – деп сұрады.

Мен оған қарап:

– Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Әбу Бәкір мен ренжитін сөз айтты. Кейін менен ақыңды ал деп өзіне де сондай сөз айтуымды өтінді. Бірақ, мен олай жасамадым – дедім.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) маған жымиып:

– Жарайсың, Рабиға! Оған ондай сөз айтпа. Есесіне: «Ей, Әбу Бәкір! Сені Алла кешірсін», – деп айт – деп кеңес берді.

Сөйтіп мен Әбу Бәкірге келіп:

– Сені Алла кешірсін ей, Әбу Бәкір! – дедім.

Сол кезде Әбу Бәкір бұрылып, жылап жіберді».

Түйін: Адам өзінің жасаған қателігін мойындап, қолымен жасағанды мойнымен көтеруі керек. Әбу Бәкір (р.а.) қасындағы сахабаны ренжітіп қойғанын мойындап, одан қайта-қайта кешірім сұрады. Тіпті істеп қойған қылығына қатты өкінгені сонша еріксіз жылап жіберді.

Жалғас Садуахасұлы, дінтанушы

Оқылды 416 рет
JoomShaper
Top