Конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесі

Сенбі, 31.08.2021
Конфессияаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесі

Қазақстанда қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этностар мен діндер арасында орнықты әрекет үлгісі қалыптасты.

Қазақстанда қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ететін этностар мен діндер арасында орнықты әрекет үлгісі қалыптасты. Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық міндетіне кірісуі кезінде сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «біздің ұлтаралық және дінаралық келісімнің моделі – бүкіл әлемдегі түрлі конфессиялар арасындағы қарым-қатынас ісіне Қазақстанның қосқан қомақты үлесі» деген болатын.

Еуразия жүрегінде діни және мәдени әртүрлілік үлкен тарихи кезеңде қалыптасты. Қазақтар мың жылдан астам уақыт бұрын ислам дінін қабылдады, сондықтан Қазақстан ислам әлемінің бір бөлшегіне, мұсылмандық оның халқының рухани өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.

Мұхаммед пайғамбардың діні еліміздің аумағына ІХ ғасырда келді. Ислам мәдениет, білім мен ғылымның өркендеуіне оң ықпал етті. Әбу Насыр Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашғари секілді мұсылман қайта өрлеу кезеңінің ғұламалары қазақтың дархан даласын төрткүл дүниеге танытты.

Ислам Қазақстанда қашанда басқа діндермен бейбіт өмір сүріп келді. Біздің елімізде барлық этникалық топтардың дәстүрлері мен діни сенімдері сақталады. Ежелде Қазақстан даласымен Шығыс пен Батыс өркениеттерін түйістірген Ұлы Жібек жолы өткен. Сондықтан керуен жолында әр түрлі дін өкілдері кездескені таңданыс тудырмайды. Сол тарихи кезеңнің мұралары ретінде көптеген ескерткіштер, христиандық, буддистік, иудейлік ғибадатханалар сақталған, оның барлығына елімізге келген туристер куә бола алады.

Тәуелсіздікке қол жеткізген жиырма жылда елімізде діни институттардың сандық және сапалық тұрғыдан өскенін көріп отырмыз. Діни бірлестіктер саны бірнеше есе көбейіп, рухани дәстүрлер жаңғыруда. Жаңа мешіттер, шіркеулер, синагогалар салынуда. Халық арасында дінге сенетін адамдар қатары кеңейді. Діндер арасында халықтың 90%-дан астамын құрайтын мұсылмандар мен православ христиандарының саны басым.

Бұл үдерістер елімізде рухани жаңғыру, ар-ождан бостандығы, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, нығайтуға бағытталған саясаттың салдары болып отыр. Кейбір шетелдік және отандық құқық қорғау ұйымдарының дін бостандығы бұзылады деген мәлімдемелеріне қарамастан, фактілер керісінше жағдай орын алғанын дәлелдеп отыр. Қазақстанда барлық конфессиялардың өкілдеріне өзінің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін кең мүмкіндіктер ұсынылған.

Тәуелсіздік жылдарында біздің қоғамдағы діннің рөлі едәуір өскен. 1989 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 671 діни қауым, 20 конфессия мен деноминация болған. 20 жылда діни бірлестіктер саны алты есе көбейіп, 2010 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша олардың саны 4460, ал конфессиялар мен деноминациялар саны 42-ге жетті.

Діни бірлестіктердің арасында: Ислам – 2724, Орыс православ шіркеуі – 304, Рим-католик шіркеуі – 87, протестантизм – 1267, дәстүрлі емес діндер мен жаңадан құрылған діни бірлестіктер (бақайлар, Кришнаидтер, «Соңғы өсиет шіркеуі» және т.б.) – 46 тіркелген.

Діни бірлестіктердің иелігінде үш мыңнан астам діни ғимараттары бар, соның ішінде мұсылман мешіттері, православ шіркеулері, католик костелдері, синагогалар, протестанттық ғибадат үйлері және т.б. атап өтуге болады. Бұл біздің елдегі дін мәселелері бойынша заңнамамен белгіленген процедураларды тіркеудің либералдығын білдіреді.

Қазақстанда 8 жоғары (соның ішінде 2 ислам, 1 католик, 1 лютерандық, 4 протестанттық), 6 арнайы орта және 3 жалпы білім беретін діни оқу орындары бар. Қазіргі таңда республикада 20 елден 300-ге тарта шетелдік миссионерлер жұмыс жасайды. 

Қазақстандағы дін саласындағы мемлекеттік саясат келесі қағидаттарға сүйенеді:

- мемлекет пен оның институттарының зайырлы, конфессиялық бейтарап сипаты;

- адам мен азаматтың дінге көзқарасына, діни немесе зайырлы бірлестіктерге қатыстылығына қарамастан олардың құқықтары мен бостандықтары тең;

- діни бірлестіктердің заң алдындағы теңдігі;

- халықтың түрлі топтарының этномәдени дәстүрлеріне, менталитет ерекшеліктеріне деген құрмет;

- ар-ождан мен дін бостандығы саласында тек конституциялық құрылым негіздерін, адам мен азаматтардың денсаулығын, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қажет ететін жағдайлардан өзге шектеулер қойылмайды;

- мемлекеттік билік пен басқарудың барлық деңгейлерінде ар-ождан мен дін бостандығы саласындағы саясатты ашық жүргізу.

Ар-ождан мен дін бостандығы саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың тиімді қызмет ететін тетіктерін құру алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді табысты орындауға, негізгі құқықтар мен бостандықтардың сақталуын, түрлі дін өкілдері арасында және дінге сенбейтіндер арасында өзара түсіністік және ынтымақтастықты нығайтуға, қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда «бірінші» және «екінші сорт» діндері жоқ. Барлық діни бірлестіктер заң алдында тең. Мемлекет тек заңнама өрескел бұзылған жағдайда ғана араласады, мұны дінге қол сұғушылық деп есептеуге болмайды.

Өкінішке орай, біздің елімізде де, көптеген Еуропа мемлекеттеріндегідей сот процестеріне үнемі тартылып жүрген қызметі күмән тудыратын діни бірлестіктер бар. Бұл жағдайда құқық жүйесі аталған күмәнді ұйымдардың құрбанына айналуы мүмкін азаматтардың құқықтарын қорғайды. Қазақстанда қызмет етіп келе жатқан діни бірлестіктердің басым көпшілігі құқық нормаларын қатаң сақтайды және өздерінің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруға толық мүмкіндіктерге ие.

Қазақстанда уақыт өлшемінен өткен этникаралық және дінаралық келісім үлгісі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Біздің еліміздегі түрлі конфессиялар арасында орнаған өзара әрекет тәжірибесін халықаралық ұйымдар мен шетелдік әріптестер, соның ішінде БҰҰ, ЮНЕСКО мен ЕҚЫҰ зерттеуде. Халықаралық аренада Қазақстан бейбітшілік аумағы, мәдениеттер мен діндердің диалогы мен жақындасуының алаңы ретінде қабылданады.

Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалығындағы ұраны төрт Т: Trust (сенім), Tradition (дәстүр), Transparency (транспаренттілік) және Tolerance (толеранттылық) болғаны белгілі. Бұл схемадағы төртінші  компонент -толеранттылық – мәдениеттер, діндер мен өркениеттер арасындағы диалогты нығайту қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Қазақстан әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қомақты үлес қосуда. Тәуелсіздік жылдары біздің мемлекет аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған бірқатар бастамаларды ұсынды. Астанада әр үш жыл сайын әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездері өтіп тұрады. I Съезд 2003 жылы өтті, II Съезд – 2006 жылы, III Съезд – 2009 жылы өткізілді. Қазақстан басшысының шақыртуын ислам, православие, католицизм, протестантизм, буддизм, индуизм, конфуциандық, иудаизм және басқа да көптеген діндердің өкілдері қабыл алды.

Форумға деген қызығушылық жылдан жылға өсіп келеді. Бұл съезге келетін делегация санының артуынан көрінеді. Форумға қатысушы беделді халықаралық институттар шеңбері ұлғаюда. Олардың қатарында БҰҰ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, «Ислам конференциясы» ұйымы бар.

Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі конфессияаралық диалогтың басқа формаларымен салыстырғанда бірқатар ерекшеліктерге ие. Астанада өтетін форумның басты ерекшелігі – оны өткізу жөнінде бастаманы конфессиялардың басшылары емес, зайырлы мемлекеттің президенті Нұрсұлтан Назарбаев көтеріп отыр.

Бұл аталған форум бір діннің мүддесіне қызмет етпей, жалпы адамзатқа ортақ өзекті проблемалар талқыланатын дінаралық диалог құруға мүмкіндік жасайтынын көрсетеді.

Дін лидерлері Астанада әлемдік діндердің рухани және адамгершілік әлеуеті халықаралық шиеленістерді шешуде, жаһандық қауіп-қатерлерге қарсы тұруда қалай пайдаланылуы мүмкін екенін талқылауға мүмкіндік алды.

Съездердің маңызды ерекшеліктерінің бірі – оның жұмысына әлемнің ірі конфессияларының өкілдерімен бір қатарда, белгілі саясаткерлер, мемлекет пен беделді халықаралық ұйымдардың басшылары да қатысады. Бұл әлемдегі қауіпсіздікті нығайтып, мәдениеттер мен өркениеттерді жақындастыра алатын шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Қазақстан одан әрі де беделді еуропалық құрылымдар мен ислам әлемімен ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр. «Өркениеттер альянсы» және «Азия үйі» халықаралық институттары ұйымдастырған «Әлемнің жаңа қауіп-қатерлері: адамзат өлшемінің қауіпсіздік саласындағы қатерлермен күрестегі рөлі» атты халықаралық конференциясы (2007 жылғы қазан, Барселона), Әулие Эдиджио Қоғамының ұйымдастыруымен өткен бейбітшілік үшін дінаралық кездесуі (2008 жылғы қазан, Неаполь), «Ислам конференциясы» ұйымының 11-ші саммиті (2008 жылғы наурыз, Дакар) және т.б. секілді халықаралық іс-шараларға қазақстандық делегациялардың қатысуы бұған дәлел.

Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан Қазақстан дінаралық диалогтың бастамашысы мен белсенді қатысушысы атануы кездейсоқ емес. Біздің елімізде көптеген этностар мен діндердің өкілдері тұрып жатыр, олардың өзара әрекеттесуінің үлкен тәжірибесі бар, сондықтан Қазақстанның конфессиялар мен өркениеттердің жемісті диалогы орнаған мекен атануға құқығы бар. Съездерді өткізу Қазақстанды өркениеттер арасындағы диалог алаңына айналуға мүмкіндік берді. Дін лидерлері мен саясаткерлер Астанаға әлем дамуындағы ең өзекті мәселелердің шешімін табу үшін жиналады. 

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тағдыр және ЕҚЫҰ перспективалары» атты мақаласында былай деп атап өтті: «Қазақстан мәдениетаралық және өркениеттер арасындағы диалогты құптайтын көпұлтты, поликонфессиялық мемлекет ретінде ұйымның қуатты әлеуетін ұлтшылдық, діни төзімсіздік, нәсілшілдік, ксенофобия және антисемитизмді жеңу үшін пайдаланбақ». Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін ЕҚЫҰ-ның барлық мемлекеттерінің ынтымақтастығы, «екі жақты стандарттар» саясатынан арылу, құндылықтар мен заңнамалық құқықтық нормаларды түсіндіруде жақындасу, жекелеген елдерде қалыптасқан оң тәжірибені зерттеу қажет.

Мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығының ақпараты бойынша

Есбосын Смағұлов

ф.ғ.к.,ҚР ММ ДІК

Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының

 жетекші ғылыми қызметкері 

http://www.almaty.astana.kz

 

 

 

Оқылды 3160 рет
JoomShaper
Top