«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігі филиалының ережесі

Дүйсенбі, 26.08.2021

ҚМДБ Қазақстан Республикасының азаматтарына ислам діні ілімдерін насихаттау мен тарату мақсатында құрылған

 

Қазақстан мұсылмандарының

14-сәуір 2012 жылғы

VI Құрылтайының шешімімен

 

 «Бекітілді»

 «ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫ»

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ  ИСЛАМИ ДІНИ  БІРЛЕСТІГІНІҢ  ФИЛИАЛЫ «   » МЕШІТІНІҢ

 

ЕРЕЖЕСІ

1. Жалпы ережелер

1.1. Осы Ереже Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (жалпы бөлімі) 43-бабына, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына және филиалды құрған заңды тұлғаның жарғысына сәйкес жасалады.

1.2. Филиалды құрған заңды тұлғаның аты:

қазақ тілінде: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігі» (ҚМДБ), мемлекеттік қайта тіркеу куәлігінің № ________ «__» ______ 2012  жыл;

орыс тілінде: Республиканское исламское религиозное объединение «Духовное управление мусульман Казахстана» (далее в тексте положения -ДУМК), свидетельство о государственной перерегистрации № ______  от_____ «___»  ________  2012 года.

1.3. Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 12 үй, индекс: 050016.

1.4. Филиал ҚМДБ Құрылтайы шешімі негізінде құрылады және таратылады.

Филиал заңды тұлғаның құқығына ие бола алмайды және ҚМДБ-ның құрылымдық бөлімшесі болуы үшін осы Ереженің негізінде әділет басқармасынан тіркеуден өтеді. Әділет басқармасынан тіркеуден өткен кезден бастап банктерде есеп шот ашуға құқылы.

1.5. Филиалының аты:

қазақ тілінде: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» Республикалық ислами  діни бірлестігінің филиалы  «____________» мешіті;

орыс тілінде: Филиал республиканского исламского религиозного объединения «Духовное управление мусульман Казахстана» мечеть «__________».

1.6. Филиалдың мекен-жайы: пошталық индексі ______, Қазақстан Республикасы, ____ облысы, ____ауданы, ___ ауылы, ____ көшесі №____ үй.

2. ҚМДБ қызметінің мақсаты  мен  мәні

2.1. ҚМДБ Қазақстан Республикасының азаматтарына ислам діні ілімдерін насихаттау мен тарату мақсатында құрылған.

2.2. ҚМДБ қызметінің мәні:

- Қазақстан Республикасы аумағында Ислам дінінің тарихи ерекшелігін ескере отырып, Әбу Ханифа мазһабы және Матуриди ақидасы бойынша сүнниттік бағыттағы Ислам дінінің дұрыс және жүйелі түрде насихатталуын қамтамасыз етеді;

- Қазақстан Республикасы аумағындағы мұсылмандардың ынтымақ-бірлігінің сақталуына қолдау көрсету;

- ҚМДБ басқару органдарының қаулыларын, бұйрықтары мен шешімдерін діни бірлікті сақтай отырып орындайды;

- ислам бағытындағы ғылыми талдау орталықтарын ашу және дамыту;

- ҚМДБ Қазақстан Республикасындағы отбасылық қатынастарды реттейтін заңнамаларға бағынады және еліміздегі отбасылық құндылықтарды мойындайды; 

- ҚМДБ адам денсаулығының сақталуына қамқорлық жасайды, зиянды кез-келген түрдегі әрекетті азаматтардың білім арттыруына, олардың заң мен ата заң алдындағы міндеттерін атқаруына көмек көрсетеді керісінше адам денсаулығына қажет алғышарттарды насихаттайды;

- шариғат нормаларына сәйкес мешіттерде діни рәсімдердің орындалуын қадағалауды қамтамасыз етеді;

- Қазақстан Республикасы заңнамалары нормаларына сәйкес басқа да орындарда діни  рәсімдерді жүргізеді;

- елді мекендердегі мұсылман қауымдарының діни  мәселелерін шешуге көмек көрсетеді;

- діни қызметкерлерді дайындауды және оларды қайта даярлаудан өткізуді  ұйымдастырады;

- шетелдік исламдық діни ұйымдармен, бірлестіктермен және оқу орындарымен қарым-қатынас орнатады;

- исламды насихаттау мақсатында республикалық, облыстық, аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, Құран Кәрімді жатқа оқу  жарыстарын, діни кештер және т.б. іс-шараларды өткізеді;

- баспа қызметімен айналысады;

- бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып, діни-ағарту жұмыстарын жүргізеді;

- қажылықты ұйымдастырады және өткізуге басшылық жасайды;

- Қасиетті Құран Кәрім мен сүннетті басшылыққа ала отырып, шариғат үкімдеріне сәйкес қайырымдылық қор құру және оның жұмысын ұйымдастыру;

- мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер мен ұйымдарда Қазақстан мұсылмандарының мүдделерін білдіру.

ҚМДБ жекелеген қызмет түрлерін заңнамалық актілерге сәйкес тек лицензия негізінде іске асырады.

 

3. ҚМДБ филиалының (мешіттің) қызметінің мақсаты мен мәні

3.1. ҚМДБ құрылымы кіретін мешіт әділет органдарында филиал ретінде тіркеледі. Ол ҚМДБ-ның құрған мүлкіне ие болады, және бекітілген Ереже негізінде жұмыс істейді.

3.2. Мешіт өздерінің рухани қажеттіліктерін өтеу үшін ерікті негізде жиналатын Ислам дінін ұстанатын азаматтардың құлшылық ететін орны болып табылады.

3.3. Мешітті Бас мүфти 5 (бес) жыл мерзімге тағайындайтын имам басқарады. Имам өз міндеттерін лайықты дәрежеде дұрыс атқара алмаған жағдайда немесе қажетті жағдайда қызмет мүддесіне орай мерзімінен бұрын босатылуы, ауыстырылуы немесе басқа қызметке тағайындалуы және қызметтік сұранысқа сәйкес мерзімі ұзартылуы мүмкін.

3.4. Имам мешіттің бірінші басшысы ретінде заң алдында және ҚМДБ алдында жауапты. Имамдар әрбір 5 (бес) жылда бір рет діни оқу орындарында немесе арнайы семинарларда білімін жетілдіруі тиіс. Мешіттің барлық қызметкерлері өз қызметінде имамға бағынышты.

3.5. ҚМДБ филиалы ретінде тіркелген мешіт өз жұмыстарын, қолданыстағы заңнамаға, ҚМДБ бекіткен Жарғыға және Ережеге сәйкес атқарады.

3.6. Мешіттерде ішкі тәртіп мәселелерін қарайтын, мешіт көлеміндегі арыз, дау-жанжалдарды шешетін 11 адамнан кем емес Алқа мәжілісі болады. Алқа төрағасы имам болып табылады. Алқа мүшелігіне жұртшылық арасында беделі бар, мешіт жұмыстарына белсенді түрде араласатын, ислам дініне жанашырлық танытатын азаматтар сайлана алады.

3.7. Мешіттің садақа жәшігі Алқа мүшелерінен сайланған бес адамнан құралған Комиссия алдында ашылады және солардың қолы қойылып жабылады. Мешітке түскен қаражаттар Комиссия мүшелерінің алдында саналып, хатталады. Есепші саналған ақшаны банкке өткізіп, олардың алдында есеп береді. Сондай-ақ садақа және басқа да қайырымдылық көмектерді заманауи құралдар арқылы қабылдай алады.

3.8. Мешіттің имамдары өз кезегінде:

- Әбу Ханифа мазһабы мен Матуруди ақидасын басшылыққа алады, ислам құндылықтарын уағыздайды, шариғат заңдарына сай (бес уақыт намаз, жұма намаз, неке қию және т.б.) діни рәсімдерді жүргізіп отырады;

- ислам дінінің теориялық және тәжірибелік мәселелері бойынша мұсылмандарға имандылық төңірегінде бағыт-бағдар береді, олармен тығыз байланыста болады.

3.9. Филиалдың шығын ақшаларына қатысты барлық мәселелер, оның ішінде қозғалмайтын мүліктерді, көліктерді пайдалану мен сату алдын-ала мешіт алқасында қаралады және ҚМДБ-ның жазбаша рұқсатымен шешіледі. Керісінше болған жағдайда мешіт алқасының кез келген шешімі заңсыз болып табылады, әрі оның жауапкершілігі имамға жүктеледі.

3.10. Филиалдың барлық материалдық жауапкершілігі имамға, іс басқарушыға, есепшіге, кассирге жүктеледі.

3.11. Ауыл мешіттерінің үйлестіру қызметін аудан мешітінің бас имамы, аудан мешіттерінің үйлестіру қызметін облыстың Бас имамы жүзеге асырады.

3.12. Аудан, қала, ауыл имамдары қызмет бабында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы Бас имамына тікелей бағынады және оның талап нұсқауларын орындауға әрі тиісті құжаттарды көрсетуге міндетті.

3.13. Облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың (бұдан әрі -облыстық) орталық мешіті – облыс (қала) аумағындағы мешіттердің қызметін үйлестіріп отырады. Облыстың орталық мешіттерінің бас имамдары сол облыстың, Астана мен Алматы қалаларының орталық мешіттерінің бас имамы сол қаланың Бас имамы және ҚМДБ-ның аймақтағы өкіл имамы болып есептеледі.

3.14. ҚМДБ мешіттерінің облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық имамдары Бас мүфтидің бұйрығымен қызметке тағайындалады және босатылады.

3.15. ҚМДБ облыстардағы, қалалардағы, аудандардағы, ауылдардағы имамы арнайы діни жоғары немесе орта білімі бар, халықтың арасында беделді және ұйымдастырушылық қабілеті жеткілікті имамдардан тағайындалады.

3.16. Бас имамдар өз қарамағындағы наиб-имам, есепші, іс басқарушы, азаншыны қызметке алу үшін ҚМДБ-ға ұсыныс береді.

3.17. Облыстық, қалалық, аудандық имамдар өз кезегінде:

- облыс, қала, аудан аумағындағы ҚМДБ тарапынан құрылған заңды тұлғалардың (медресе т.б.), филиалдар мен өкілдіктердің қызметін үйлестіреді;

- өздеріне қарасты аумақтағы мешіттердің тиісті органдарда заңды тіркелуін қамтамасыз етеді;

- мешіт имамдары Құрылтай, Төралқа, Бас мүфти, ҚМДБ орталық аппаратының өзге де органдарының шешімдерін, пәтуаларының орындалуын қамтамасыз етеді;

- мешітке түскен қаржыдан мешіт шығындарына жұмсалатын ақшадан тыс ай сайынғы түсімінің 30%-ын ҚМДБ-ға уақтылы аударылып отыруын қамтамасыз етеді.

 

4. Басқару органдары

4.1. Филиалдың жоғары басқару және басшылық ету органы ҚМДБ болып табылады.

4.2. ҚМДБ діни бірлестігінің Филиалға қатысты  құқықтары мен міндеттері:

- Филиал ашу туралы шешім қабылдайды;

- Филиал туралы Ережені бекітеді және оған өзгерістер мен  толықтырулар енгізеды;

- ҚМДБ өкілі болуға құқық беретін сенімхаттар береді;

- Филиал басшысын, бас бухгалтерін қызметке тағайындау, ауыстыру және жұмыстан босату туралы бұйрықтар шығарады, еңбек ақы төлеу жүйесі мен қызметтік жалақы, жекелеген қосымша ақы мөлшерлерін белгілейді, сыйақы мәселелерін шешеді, марапаттау және тәртіптік жазаға тарту шараларын жүзеге асырады;

- Филиал қызметіне байланысты кез-келген шешім қабылдайды;   

- Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдарына қайшы келмейтін басқа да құқықтар мен міндеттерге ие болады.

4.3. Филиалдың күнделікті қызметін жедел басқару ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти шешімімен қызметке тағайындалатын және босатылатын басшы (имам) тарапынан жүзеге асырылады.

4.4. Филиал басшысының құқықтары:

- ҚМДБ төрағасы тарапынан берілген сенімхат негізінде Филиалдың  бүкіл істерін келісім жасасу, келісім-шарттарға отыру, қызмет көрсетуші банк бөлімшесінде ақшаны инкассациялауға қатысты филиал құжаттарына қол қою және бұл қызметтің жеке жауапкершілігін көтеру құқығымен басқарады;

- Кез келген басқа ресми іс-әрекеттер ҚМДБ келісімімен ғана жүзеге асырылады.

4.5. Филиал басшысының (имам) міндеттері:

- Мемлекеттік, қоғамдық және басқа да ұйымдарға құжаттар ұсыну;

- діни ғибадат ету ғимараттарынан тыс орындарында (намазхана, зәбия мешіт) діни ғұрыптардың орындалуына бақылау жасауды қамтамасыз ету;

- Филиалдың қызметі туралы жасырын ақпараттарды жарияламау;

- Осы ереженің шарттарын сақтау;

- Заңды және жеке тұлғалармен келісім-шарт жасасу, оның орындалуын қамтамасыз ету.

4.6. Филиал басшысы (мешіт имамы) болмаған жағдайда оның құқықтары ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти шешімімен қызметке тағайындалатын және босатылатын найб имамға жүктеледі.

 

5. Мешіт алқасы

5.1. Филиал қызметіне қатысты күнделікті мәселелер бойынша шешім қабылдауға қоғамды қатыстыру мақсатында мешіт жамағаты филиал басшысы басқаратын кемінде 11 адамнан тұратын мешіт алқасын сайлайды.

5.2. Алқа мешіт жұмысының сапасын арттыруға бағытталған ақылдасу-кеңес беру қызмет атқарады.

 

6. Филиал (мешіт) мүлкі

6.1. Филиалға ҚМДБ мүлкі бөлінеді.

6.2. Филиал өзіне бөлінген мүлікті осы Ережеде белгіленген шарттар шеңберінде пайдаланады және жұмсайды.

6.3. Филиал ҚМДБ рұқсатынсыз мүлікті иеліктен айыра алмайды, кепілдікке қоя алмайды және мүлікті иеліктен айыратын өзге де істерді жүзеге асыра алмайды.

 

7. Тексеру, есеп алу мен есеп беру

7.1. Филиал қызметін тексеру актілерін ҚМДБ тексеру комиссиясы атқарады.

7.2. ҚМДБ ұсынатын есепте көрсетілген мәліметтердің дұрыстығына қатысты жауапкершілікті Филиал және оның басшысы көтереді.

 

8. Филиал (мешіт) қызметінің тоқтатылуы

8.1. Филиал қызметі оны есептен шығару жолымен тоқтатылады.

8.2. Филиал төмендегі негіздерде есептен шығарылады:

- ҚМДБ Құрылатайының шешімімен;

- Соттың шешімімен.

8.3. Филиалды есептен шығару заңдарда белгіленген тәртіп бойынша жүзеге асырылады.

8.4. Филиалдар мемлекеттік реестрге бұл туралы жазба енгізілгеннен бастап есептен шығару аяқталған, ал филиал өз қызметін тоқтатқан болып саналады.

ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫРЕСПУБЛИКАЛЫҚ

ИСЛАМИ ДІНИ  БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, 

БАС МҮФТИ ӘБСАТТАР ҚАЖЫ ДЕРБІСӘЛІ

 

Оқылды 7432 рет
JoomShaper
Top