Балғабек Мырзаев

Теология ғылымдарының докторы (PhD)

Өмірбаяны Арнау сөз Мақалалары Сұрақ қою

Өмірбаяны

Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің шығыстану факультетін «Философ-дінтанушы және араб тілі оқытушысы» мамандығы бойынша бітірген. Дінтану саласы бойынша магистратура және докторантурада оқыған.

1995 жылдан 2003 жылға дейін өзі түлеп ұшқан ЖОО-да ғылыми қызметкерліктен бастап, университет Президентінің көмекшісі лауазымына дейін көтерілді. 2003-2005 жылдары аталған университеттің «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған.

Мемлекетіміздің дін саласындағы саясатын жетілдіру жолында жинаған тәжірибесі де жеткілікті. Атап айтқанда, 2006-2009 жылдар аралығында ҚР Әділет министрлігіне қарасты Дін істері комитетінде бас маман, І санаттағы сарапшы, бас сарапшы лауазымында мемлекеттік қызметтерде болған. 2010 жылы ҚР Мәдениет министрлігі Діни істер комитетінің Діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының бастығы қызметін атқарған.

2010- 2013 жылдары аралығында еліміздегі ислам дінінің өсіп-өркендеуі жолында көптеген жұмыстарға өз үлесін қосқан. Оның ішінде, «Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры» корпоративтік қорының атқарушы директоры, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аппаратының басшысы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғылыми сараптау және талдау бөлімінің меңгерушісі лауазымдарында болды.

2013 жылдың маусым айында мемлекеттік қызметке қайта оралып, ҚР Дін істері агенттігінің Конфессияаралық қатынастар департаменті Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының бас сарапшысы қызметіне тағайындалды.

Қазіргі уақытта ҚР Дін істері агенттігі Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының басшысы қызметін атқаруда.

Арнау сөзі

Сәлеметсіздер ме, құрметті оқырман қауым! Бүгінгідей жағдайда діни ахуалды дұрыс түсініп, тура жолды таба білу қай-қайсымыз үшін де маңызды болып отыр. Осы ретте Сіз бен біздің жалған діни ағымдардың жетегінде құрбан болып кетпеуіміз үшін діни сауаттылығымызды арттыра түсуіміз қажет.

Адам баласына нендей зауал туса да, ол - сауатсыздықтан. Егер Сіз исламды дұрыс таныған болсаңыз, онда бүгінгі заман тудырған лаңкестіктен, діни экстремизмнен, жат әрекетті ұстын еткен топтардан бойыңызды аулақ салар едіңіз. Адасып, ата-бабаларымыз ұстанған мұсылмандықты дұрыс зерделемей бұрыс ағымға кетіп жатқандар өкінішке орай қоғамымызда бар. Теріс жолға кетіп жатқан және оны білместікпен таңдаған азаматтар қауіпті топтың құрамына кіргеннен кейін ғана оның ішкі сырына қанығып мың пұшайман болады.

Сондықтан бүгінгі күні мың жылдан астам уақыттан бері қазақ топырағына тамыры терең таралған исламның шынайы құндылықтарын Сіздермен бөлісу, мемлекетіміздің дін саласындағы ұстанған бағытын көпшілік қауымға жеткізу, тұрғындарымыздың діни қажеттіліктерін анықтау, діндарларымыздың діни ғибадаттарын еркін атқаруына қажетті шарттарды айқындауына көмектесу және ислам діні туралы дұрыс ақпарат алу бағытындағы жұмыстарға өз үлесімді қоса алсам, өзімнің егеменді еліміздің алдындағы азаматтық парызымды өтегенімді білдіреді.

Көкейлеріңізде жүрген сұрақтарға толыққанды жауап беруге маңдай терімді төгіп жұмыс жасауға дайынмын.

Еңбектері

  • Кітап №1
  • Кітап №2
  • Кітап №3

Мақалалары

  • Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың принциптері
  • «Діни терминдер сөздігі», Астана, 2008 ;
  • «Орта Азиядағы Исламның рөлі, Ош, 2003;
  • Ваххабизмнің шығуы, таралуы және оның әсері, Анкара, 1999;
  • «Қазақстандағы дінтану мәселелері», 2002;
  • Түркістан; «Қазақстанның тәуелсіздігінің 7-ші жылында», Анкара, 1998;
  • «Жұма мінбері», 2012 жыл, Алматы;
  • «Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар мәселелері», Астана, 2007;
  • «Наурыз – діни мереке емес», Астана, 2014;
  • «Ислам – бейбітшілік пен келісім діні», Астана, 2011;
  • «Қазақстандағы ислам», Астана, 2011;
  • «Діни білім берудің мәселелері», Алматы, 2005;
  • «Қазақстан – дінаралық диалогтың бесігі», Алматы, 2007;
  • «Бейбітшілік пирамидасы», Астана, 2008;
  • «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қажылық жұмыстарын ұйымдастырудағы кейбір мәселелері», Алматы, 2012;
  • «Дін уағызы және үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыруда жаңа технологияларды меңгерудің маңыздылғы», Қызылорда, 2012;
  • «Исламның Орта Азияға таралуы және қазақ даласының ғұламалары», Түркістан, 2012;
  • «Исламның тууы және VII-IX ғасырлардағы араб-түркі халықтарыынң байланысы», Анкара, 1998;
  • «исламның Орта Азияда таралуында «Ұлы Жібек жолының» рөлі», Анкара, 1999;
  • «Исламдағы саяси, сенімдік және құқықтық мазхабтар», Түркістан, 2004;
  • «Қожа Ахмет Иасауи және сопылық жолы», Түркістан, 2003;
  • «Қазақстандағы дәстүрлі діни танымдық үрдіс» Алматы, 2003;
  • «Бүгінгі дінтану мәселелері», Түркістан, 2004;
  • «Исламдағы дәстүрлі діни ұғымдар», Анкара, 2004;

Қазақ жерінде таралған исламның қандай ерекшеліктері бар?

Сенбі, 30.08.2021

Қазақ жерінде таралған исламның өз ерекшеліктері бар делінеді. Бұл ерекшеліктер неден танылады?

Ескеруге тиіс басты мәселе сонда – ислам қағидаларының сенімге (ақидаға) қатысты тұстары өзгермейді (пайымдау ерекшеліктері – бөлек мәселе). Ал тұрмыс-тіршілікті, қарым-қатынасты реттейтін құқықтық нормаларға (фикһқа) қатысты бөлігінде уақытқа, мекенге (ортаға) сәйкес өзгерістер орын алуы мүмкін. Осындай өзгерістер ислам тарихында бірнеше мазхабтың қалыптасуына негіз болды. Бүгінде әлем мұсылмандарының басым бөлігі ұстанатын, Қазақстан мұсылмандары үшін де дәстүрлі болып табылатын ханафи мазхабының іргесін қалаған имам Ағзам Әбу Ханифа ілімінде ислам дінін қабылдаған жергілікті халықтардың салт-дәстүріне баса мән берілді. Ханафи мазхабында әдет-ғұрыптар исламдағы пәтуа шығарудың, яғни белгілі бір мәселеге қатысты діни үкім берудің бір негізі ретінде саналады. Демек, жергілікті халықтың дәстүріне тән қандай да бір әдет немесе ғұрып ислам шариғатына қайшы келмесе, оны қолдануға, сол бойынша іс-әрекет етуге ешбір шектеу қойылмайды. Құран үкімдерінде, хадистерде, ислам ғұламаларының пәтуасында қарастырылмаған қандай да бір жағдайға қатысты жергілікті халықтың әдет-ғұрпы арқылы шешім берілген болса, сол әдет пәтуа ретінде қабылданады. Ханафи мазхабы бойынша сонымен қатар исламға дейінгі шариғаттар да пәтуа шығарудың негізі бола алады. Бұл жағдайда да белгілі бір халықтың исламға дейінгі ұстанған сеніміне сәйкес қалыптасқан дәстүрлер мен іс-әрекеттердің ислам шариғатына қайшы келмеуі басты өлшем болып саналған. Осының барлығы Әбу Ханифа негізін салған мазхабтың икемділігін, жергілікті жағдайларға бейімделгіштігін, дәстүрдің озығы мен тозығын ажырата отырып, ақыл-парасатқа негізделгендігін аңғартады. Осы мазхабты ұстанған қазақ халқының бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері ислам қағидаларымен үйлесіп, кірігіп кетті. Халқымыздың дәстүрлі құқығы болып табылатын әдет-ғұрып заңдары өз бастауын сонау ерте кездегі тайпалық дәуірлерден алатыны белгілі. Мемлекет басқару жүйесінен бастап, азаматтық қарым-қатынастарға дейін толығымен дерлік әдет заңдарымен реттелді. Ғасырлар бойы ауызша қолданыста болған заңдардың бертінде жазбаша нұсқалары да қалыптасты. Көк Түріктердің «Төре бітігі», Шыңғыс ханның «Ясасы», Өзбек хан мен Едіге бидің «Низам» жүйесі, Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, әз Тәукенің «Жеті жарғысы» заманалар бойы қолданылған әдет заңдарын жүйелеп, жаңғыртып, ішінара өзгертіп жеткізіп отырған құқықтық құжаттар болды. Жергілікті жағдайларға, басқару жүйесі мен құқықтық қатынастарға сәйкес туындаған әдет заңдарына ислам шариғаты күрт өзгеріс әкеле қойған жоқ. Керісінше әдет заңдары ислам дінімен қатар даму барысында мазмұндық жағынан бірте-бірте бейімделуге ұшырады деуге болады. Ал ислам арқылы түбегейлі өзгерістер енгізілген тұстар негізінен ғұрыптық жерлеу рәсімдері секілді нақты діни сипатқа ие жораларға қатысты орын алды. Жоғарыда айтылған ислам діні мен қазақ дәстүрінің ғасырлар бойғы астасу үдерісінің нәтижесінде шариғат пен әдеттің қатар өмір сүру формалары қалыптасты. Қазақ жерінде Ресей отарлық саясаты нәтижесінде құрылған сайлау жүйесі мен кеңестік кезеңдегі заң билігі дәстүрлі әдет-ғұрып институттарының күшін жоюдың негізгі сатылары болды. Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында ресми дін өкілдерінің өз қызметін жүзеге асыруына мүмкіндік беруге мәжбүр болған кеңестік билік органдары сонымен бір мезгілде шариғат пен әдет үндестігіне балта шабудың барлық шараларын қарастырып отырды. Осы мақсатта ресми дін өкілдері атынан әдетке бейімделген тариқаттарға қарсы үкім шығарғызылды. Шариғатты әдетке қарсы қою – дінді өмір сүру формасынан айыру, дінді өлтіру арқылы ұлтты өлтіру әрекетінің бастауы еді. Кезінде бірқатар ориенталистік зерттеулер де осы мақсатқа бағытталды. Өкінішке орай, әлі де сол арандатушы саясаттың, негізсіз пікірлердің әсері жойылған жоқ. Осыны ескере отырып, рухани тарихты зерделеуде осындай ақтаңдақтар қайта қаралып, өскелең буынға орнықты бағыт берілуі қажет деп санаймыз.

Оқылды 5809 рет
Жауап берген:
JoomShaper
Top