Бұл – Ислам әлемінде мұсылмандардың арасында кейбір жағымсыз жайттардың орын алып, көптеген ғалымдардың қуғын-сүргін көріп, азап тартуына себеп болған тақырыптардың бірі[1].
Бұл тақырып Әбу Ханифаның кезеңінде әлі терең талқыға түспегенімен, кейбір кісілер «Құран махлұқ», яғни жаратылған, деген әңгіме тарата бастаған. Олар: «Құран Пайғамбарымыздың ең үлкен мұғжизасы, бірақ, Аллаһтың жаратқаны (махлұқ)», – деді. Бұны тарихта алғаш айтқан адам – Жағд ибн Дирхам. Оны Хорасан әкімі Халид ибн Абдуллаһ өлім жазасына кескен.
Имам Ағзамға өз кезеңінде дұшпандары жала жауып, Құран махлұқ, яғни, жаратылған деген көзқарасы үшін екі рет тәубе етуге шақырылған деген секілді жалған хабарлар тараған. Әбу Захра бұл хабарларды оның дұшпандарының таратқандығын, алайда, бұл мәселеге қатысты басқа сенімді кісілер арқылы келіп жеткен хабарлардың дұрыс екенін айта отырып, мына екі мысалды береді.
Біріншісінде – «Тарихул-Бағдатта» «Әбу Ханифа, оның достары Әбу Юсуф, Зуфар, Мұхаммед және басқалары да халқул-Құран мәселесіне қатысты еш нәрсе демеген. Құранның жаратылғандығы мәселесіне қатысты Бишр, Мәриси, Ибн Әбу Дуад секілді кісілер көзқарастарын білдірді. Міне, осылар Әбу Ханифаның достарына күйе жақты»[2].
Екіншісінде – Ибн Абдулбәррдің «Интиқа» атты кітабындағы бір мәліметті келтіреді. Ол бойынша Әбу Ханифа жоқ кезде бір кісі келіп Құран жайлы сауал қойып, шәкірттері әр түрлі пікір айтып, ақыры әлгі кісіге ұстаздары жоқ кезде ешқандай нақты жауап бермеуге бекінгендіктерін айтып, шығарып салады. Әбу Ханифа келген соң бастарынан өткен жағдайды баяндап, ұстаздары жоқ кезде қандай да бір ой-пікір білдіруден тартынғандықтарын айтқан кезде ол: «Аллаһ жақсылығын берсін. Менің өсиетімді құлақтарыңа құйып алыңдар. Бұған қатысты, ешнәрсе демеңдер де сұрамаңдар да. Бірақ, мынаны да біліп алыңдар. Құран – Аллаһтың сөзі деп айтыңдар. Басқа ештеңе демеңдер. Мұсылмандар бұл мәселені қозғаған сайын қоздап, ертең сөндірілуі қиын өртке айналады»,– деп, бұны қозғай бермеудің жөн екенін айтқан әрі өзі де бұл мәселені көп қаузамаған[3].
Әбу Ханифа Құранды дыбысқа салып оқудың махлұқ екенін алғаш айтқан болар, алайда, оның бұл сөзі «Құранды махлұқ» деді дегенге бұрмаланған. Егер Әбу Ханифа Құранды махлұқ деген болса, Бұхари осы тақырыпқа жазған «Һалқу әфғалил ибад» атты еңбегінде мұны сөз еткен болар еді. Әшғари да «Мақалатында» Құранның махлұқ екенін айтушылардың кімдер екенін атағанымен, олардың арасында Әбу Ханифа көрсетілмеген[4].
Имам Ағзам осы тақырыпқа қатысты «әл-Фиқһул-акбар» мен «әл-Уасияда» өз көзқарасын «Құран – ұлық Аллаһ тағаланың сөзі. Ол жаратылған емес... Кімде кім Аллаһтың сөзін махлұқ десе, Аллаһ тағаланы жоққа шығарған болады»[5] деп, кесіп айтқан.
[1] Хижраның 212 жылы халифа әл-Мәмун Құран кәрімнің жаратылғандығы туралы пікірді алға тартқан муғтазилилердің ықпалына еріп кетеді. Ол ортодоксалды мұсылман ғалымдары мойындамаған көзқарасты қолдап, оны тіпті, мемлекеттің ресми идеологиясы ретінде жариялайды. Бұл жайт ғалымдардың келіспеушілігіне әкеліп соққандықтан, халифа әл-Мәмун бұл көзқарастарды мәжбүрлі түрде енгізуге әрекет қылады. Нәтижеде, ол пікірін қолдамаған ғалымдарды қудалай бастады. Оның жолын кейін халифа болған бауыры әл-Муғтасим (218-227) жалғастырды. Осы үрдіс одан кейінгі кезеңдерде әл-Уәсиқтің (227-232) халифалығы тұсында да жалғасын тауып, халифа әл-Мутәуәккилдің (232-247) билігі кезінде аяқталған болатын. Бұл оқиға ислам тарихында «михнат» деген атпен орын алды. Ахмед ибн Ханбәл сынды көптеген танымал мұсылман ғалымдары жапа шекті., Қ. Құрманбаев, Хадис ілімі, 103-104-б.
[2] Бағдади, Тарих, 13-т., 377-378-б.
[3] Әбу Захра, Әбу Ханифа, 160-161-б.
[4] Ю. Шевки Явуз, Ебу Ханифенин итикади гөрүшлери ве сунни келамын олушумуна еткилери, Имамы Ағзам Ебу Ханифе ве дүшүнже системи, 2-т., 146-б.
[5] Беязизаде, 98-б.