«Ислам - татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні»

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев

Басты бет Интервью Асыл дініміз адастырмайды

Асыл дініміз адастырмайды

АСТАНА. 1 мамыр. E-ISLAM.KZ -  ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының директоры, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяғанның бүгінгі қазақ қоғамындағы діннің рөлі тұрғысынан берген сұқбаты


АСЫЛ ДІНІМІЗ АДАСТЫРМАЙДЫ

Қазақстан тәуелсіздігін алып, азат ел атанған соң, дін бостандығы да жаңа арнаға түсті. Ұлт билігі барша әлемге өзін зайырлы мемлекет деп жариялады. Конституциямызға: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген жолдар жазылды. Сондықтан, Қазақстан Республикасы зайырлы мемлекет ретінде өз азаматтарының діни сеніміне, таңдауына және ұстану құқығына заң жүзінде кепілдік береді. 

Біздің бастамамыз көпке үлгі болуда

Егемендігімізді алғаннан кейін ел ағалары қабылдаған алғашқы құжаттың бірі - 1992 жылғы 15 қаңтардағы «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» арнайы заң. Мұның негізін жасауға еліміздің аумағындағы барлық конфессиялардың өкілдері белсенді қатысқанын баса айту қажет. Заңда республикамыздағы барлық діни бірлестіктердің діни сенім бостандығы мен өзара сыйластық қарым-қатынастары барынша көрініс тапты. Заң қазіргі кезге дейінгі біршама өзгерістер мен толықтыруларға қарамастан, еліміздегі діни жағдай мен үйлесімділікті реттеп келеді. 

2005 жылы Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының екінші cессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұсылмандардың Құрбан айт мерекесі мен Православие Рождествосының алғашқы күндерін демалыс күндері етіп жариялауды ұсынғаны есімізде. Халық қызу қуаттаған тарихи бастаманы осы жылғы желтоқсан айының басында Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары қолдап, жалпы отырысқа жолдаған. Онда «Мерекелер туралы» заңға жедел өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде мәселе көтеріліп, кейін қайта қаралып, мерекелік демалыс күндері болып бекіді. Бүгінде бұл діни мерекелер халқымыздың дәстүрлі думанына айналып, жылда республикалық деңгейде аталып өтуде. 

Президент бастамасымен қолға алынған іргелі шаруалардың легі мұнымен тоқтап қалған жоқ. Айталық, 2003, 2006, 2009, 2012 жылдары Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі өтті. Бүгінде еліміздің дін және мәдениеттер арасындағы сұхбатты қамтамасыз етудегі бірегей тәжірибесі әлемдік қауымдастық үшін ерекше қызығушылық тудырып, көптеген дамушы мемлекеттерге үлгі болуда. Бізден бастау алған этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісі Қазақстанның жалпы әлемдік даму үрдісіне қосқан үлесі өзара түсіністік пен сыйластық орнатудан және ғаламдық қауіпсіздікті қолдаудан айқын көрініп отыр. 

Келеңсіздіктің салдарын іздейтін кез келді

Бұрын-соңды тарихымызда болмаған дінге қатысты бүгінгі келеңсіз жайттардың бой көрсетуінің бірнеше себептері барын айту керек. Өкінішке қарай, біз кешегі жетпіс жылдық дінсіздендіру саясаты кезінде ислам дінінің тамырынан біршама ажырап қалдық. Ол кездері ислам діні тек тұрмыстық деңгейде ғана қолданылып келді. Дәстүрлі діни түсінік пен бүгінгі діни тіршіліктің арасында сабақтастық пен сұхбат үзіліп қалғаны жасырын емес. Оның үстіне елдегі білім беру жүйесінде күні кешеге дейін діни білім беру мәселесі ескерілген жоқ. Елімізде дін саласының мамандары жеткіліксіз, тіпті, саусақпен санарлықтай деп айтсақ та болады. Біз қазір қоғамды дін саласында білімі мықты мамандармен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Жалпы, елдегі діни кадрлардың ахуалы бір ғасырға жуық уақыт қордаланып қалған күрделі мәселеге айналды. Білікті дін мамандарын атүсті, бар-жоғы 4-5 жылда дайындай салу да мүмкін емес. Білімді діни маман дайындау үшін кем дегенде 5-10 жыл уақыт керек. 

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жастарымыз топ-тобымен шетелге оқуға жіберілді. Ол кезде азаматтарды қай елге жіберуге болатыны немесе болмайтыны жайлы мәселе күн тәртібіне қойылған жоқ еді. Оқуға кеткен жастардың ертеңгі тағдыры көпшілікті толғандырмаған. Бұл мәселеге ең алдымен мемлекет көңіл бөліп, алдын ала жоспар жасалуы керек болатын. Өкінішке қарай, біз бұл мәселеге дер кезінде дұрыстап мән беріп, шетелге кеткен жастарды бақылауда ұстамағандықтан, олардың біршамасы радикалды топтардың ықпалында кетіп, елге келген соң, шетелдік діни топтардың қолшоқпарына айналды. Ал бұл орын алып жатқан шиеленісті жағдайға себепкер болып, елді ертеңгі күні қанды қырғынға ұшыратып, қазақ халқын өзінің рухани мәдениетінен айырып, бірнеше этникалық топқа бөлуі мүмкін нәрсе. Сырттан белгілі бір мүддемен келген діни ағымдар халқымыздың руханияты мен мәдениетін түкке қажет етпесі хақ. Бұның астарын кейбір мұсылман елдерінде діни білім алып келген өзіміздің азаматтарымыздан әбден іздеуге болады. 

Тағы айта кетерлігі, діни кітаптар, аудио, бейне материалдарға және шетелдік діни топтардың қолдауымен ашылып отырған ғаламтор сайттарына отандық дін мамандары тарапынан жіті сараптама жасалып, құзырлы органдар үнемі бақылауда ұстап отырған жоқ. Кітап дүкендерінде, көше бойындағы базарларда радикалды діни ағымдардың іріткі тудыру мақсатындағы дүниелері әлі де ретін тауып сатылуда. Нәтижесі жоғарыдағыдай келеңсіздіктерге душар етуде. Десе де, Қазақстандағы діни ахуалдың соншалықты алаңдатарлық жағдайда емес. Әрине, алаңсыз отыруға тағы болмайды.

Ислам тарихын екшеуіміз керек

Қазақ халқы әу бастан әр түрлі дінге бөлінбеген және бір ғана дәстүрлі ислам дінін ұстанған. Ал ислам діні өз тамырын қазақ жеріне он екі ғасыр бұрын жайған және оның өміршеңдігі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келді. Араб халифатының VІІ ғасырда ислам дінін тарату мақсатындағы Орта Азия мен Қазақстан жеріне жасаған әскери қимылдары 633 жылдан басталады. Бір ғасырдан астам уақыт үздіксіз жүргізген бұл жорықтың нәтижесінде арабтар оңтүстікте Солтүстік Африкаға ие болды, батысында Францияның Бубонне аймағына дейін, шығысында Синт (Үнді) өзеніне дейінгі жерлерді бағындырып, үлкен империяға айналды. Қылыш пен Құранға қатар сүйенген арабтар солтүстікке де ұмтылып, Палестина, Сирия, Ирак, Иран, Ауғанстанды жаулап алып, 705 жылы Мауреннахр жеріне басып кірді. Атақты араб қолбасшысы Құтайба ибн Муслим 710-712 жылдары Бұхара мен Самарқандты, 714 жылы Ташкент пен Фарабты алды. Осыған қарап, Ислам дінінің аталмыш аймақта таралуы сонау алғашқы халифалар, яғни сахабалар мен табиғиндер дәуірінде болғанын білеміз. Әсіресе, Хорасан аймағының әміршісі болған Құтайба Мүслим әл-Баһилидің билігі тұсында Бұхара, Самарқанд, Шаш (Ташкент), Нефижаб өлкелері мұсылман билігіне қосылды. Кейбір деректерде Құтайбаның Қашғарға дейін жорыққа аттанғаны туралы айтылып жүр. 775-875 жылдары Қарлұқ қағандығы хақ дін Исламды қабылдап, ел арасында мұсылманшылық сенім кең тарайды, қалаларда мешіттер салынып, медреселер ашылады. 751 жылы болған Талас соғысын Ислам тарихының, оның ішінде түркі тарихының ең маңызды кезеңінің бірі деп айтуға болады. 

Деректерді саралай келе, Ислам дінінің қазақ жеріндегі тарихы ХІІІ ғасырдан астам уақытты қамтып, дамудың бірнеше кезеңдерінен өткеніне көз жеткіземіз.  Бірінші кезең – VІІІ-ХІІІ ғасырлар аралығындағы исламның түркі халықтарының арасына алғашқы таралуы. Екінші кезең – ХІІІ-ХV ғасырлар аралығындағы Шыңғыс хан бастаған моңғол шапқыншылығы жылдары. Үшінші кезең – ХV ғасырдың орта шенінен ХVІІІ ғасырдың орта шеніне дейінгі Қазақ хандығының өмір сүрген дәуірі. Төртінші кезең – ХVІІІ ғасырдың орта шенінен 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейінгі Орыс патшалығының бодандығындағы жылдар. Бесінші кезең – Кеңес өкіметі тұсындағы таңдарымыз. Алтыншы кезең еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бергі уақыт аралығын қамтиды. Осы кезеңдердің тарихы түбегейлі зерттеуді, саралауды, тақырыптарға жіктеуді қажет етеді. Бұл бүгінгі күннің өзекті деген мәселелерінің қатарына кіреді. Себебі, кез келген нәрсенің түп-тамырын анықтайтын – тарих. Сондықтан біз ислам дінінің еліміздің аумағына таралу тарихын толыққанды бір жүйеге түсіріп, өзіміздің қалай мұсылман болғанымызды анықтап алуымыз керек. Алдағы уақытта тарихшылар мен теолог ғалымдардың басын қосып, Қазақстандағы ислам дінінің таралу тарихын жүйелеп, жоспарын жасап, тиісті орындар арқылы арнайы гранттар бөлдіріп, осылай өзіндік руханиятымызды арашалап алуымыз қажет сияқты. 

Дініміз – Ислам, мәзһабымыз – Ханафи

Осы кезге дейін қазақ халқы бір ғана Ислам дінінің Ханафи мәзһабы мен Матуриди мәзһабының ақидасын ұстанып келді. Бүгінде әлемдегі мұсылмандар екі миллиардқа тақады. Оның 53 пайызы Ханафи мәзһабын ұстанады. Қазақ топырағына Ислам дінінің таралуына бабаларымыз ұстанған осы мәзһаб өкілдерінің қосқан үлесі зор. 

Қазіргі кезде мұсылман әлемінде үлкен төрт мәзһаб бар: Ханафи мәзһабы – алғаш құрылған сунни фикх мектебі. Бұл Имам Ағзам Әбу Ханифаға тән болғандықтан, «Ханафи мәзһабы» деп аталады. Шын аты Нұғман болған Әбу Ханифа 699 жылы Куфада туып, 767 жылы сол жерде қайтыс болады. Әлем мұсылмандары Әбу Ханифаны «Имам Ағзам» (ұлы имам) деген. Ол кісінің тақуалығы, әділдігі, адалдығы, қайырымдылығы, ғұламалығы, ойшылдығы, намаз, Құран оқудағы өзіндік ерекшеліктері туралы аңыз-әңгімелер көп. 

Әбу Ханифадан «Ілім соңында жүріп ренжіме», «Өзге діндегілермен де сыпайы қарым-қатынаста бол», «Кісінің қателігін көріп тұрып, сен де оны қайталама», «Бейшараларға зорлық жасама», «Патша алдында көп сөйлемеңдер және оған шақырғанда ғана кіріңдер», «Егер көршіңнің бір кемшілігін көрсең, өзгелерге жария етпе» деген сияқты нақыл сөздер қалған. Ханафи мәзһабы Иракта пайда болып, Аббасилер дәуірінде оның шәкірттерінің бірі Әбу Жүсіп бас қазы болған кезде ресми мәзһабқа айналды. Ханафи мәзһабы шығысқа қарай кеңінен таралып, Хорасан мен Мәуренахрда барынша дамыды. Осман мемлекетінде де Ханафи мәзһабы мемлекеттің құқықтық тұрақтылығын және ортақ үкімнің шығарылуын қамтамасыз ету мақсатында ресми мәзһаб ретінде қабылданады. Қазіргі таңда Ханафи мәзһабы Түркия, Пәкстан, Үндістан, Ауғанстан және Орта Азиядағы түрік мемлекеттерінде, Қазақстанда кеңінен қолданыста.  

E-islam.kz

ең көп оқылғандар

Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ
Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ
Әбу Насыр Әл-Фарабидің әдеби-ғылыми мұрасы
Әбу Насыр Әл-Фарабидің әдеби-ғылыми мұрасы
 Қожа Ахмет Яссауи. Диуани хикмет
 Қожа Ахмет Яссауи. Диуани хикмет
Тренинг – практикалық оқуды ұйымдастырудың жаңа құралы
Дінім – ислам, өзім – қазақпын 
13.05.2022 246 рет қаралған
Рахим Бобохонов
Дәстүрлі дінді уағыздайтын орындар көбейсе, радикалды ағымдардың құрамына кіретін жастар азаяды
26.04.2022 161 рет қаралған

Намаз уақыты

Астана
  • Астана
  • Алматы
  • Ақтау
  • Ақтөбе
  • Арқалық
  • Атырау
  • Жезқазған
  • Қарағанды
  • Көкшетау
  • Қостанай
  • Қызылорда
  • Орал
  • Өскемен
  • Павлодар
  • Петропавл
  • Семей
  • Талдықорған
  • Тараз
  • Түркістан
  • Шымкент

Онлайн консультация

Аталған форма көмек орталығының маманымен онлайн сөйлесуге арналған.

Онлайн консультация

Аталған форма көмек орталығының маманымен онлайн сөйлесуге арналған.
Ведите сообщение: