«Ислам - татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні»

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев

Сұхбат

АСТАНА. 12 тамыз. Е-ІSLAM.KZ. – Діни мәселелер күрделене түскен дәл қазіргі кезеңде еліміздің барлық аймақтарындағы ахуалдың барысы да салмақтылықпен қарауды қажет етеді. Осындай ойды негізге алып, Әулиеата өңіріндегі Жамбыл облыстық Һибатулла Тарази мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаевты әңгімеге тартқан едік. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірдегі өкілі ондағы исламның тыныс-тіршілігімен қоса, өзге де тақырыптар төңірегінде әңгіме қаузады. – Данияр Әлимұхамедұлы, әңгіме басында алдымен Жамбыл облысындағы діни ахуалдың тыныс-тіршілігі, жат ағымдармен күресудің бағыт-бағдары жайында, нақты қандай шаралар қолға алынып жатқанын баяндап берсеңіз...– Әрине, өңіріміздегі діни ахуалды тұрақты деп айта аламыз. Жамбыл облысы – діні мен тілі, мәдениеті сақталған аймақ. Облысымыз еліміз бойынша мешіт санының көптігі жағынан екінші орында тұрады. Осы мақтанышымызды тарқатып айтар болсам, өңірде 275 мешіт бар, олардың әрқайсысында бірнеше имам, молдалар қызмет атқарады. Әрине, олардың арасында әлі де болса діни сауатын көтеруді қажет ететіндері баршылық. Әсіресе, ауылдық жерлердегі молдалардың деңгейін көтеру мәселесі бірінші орында тұр. Бүгінгі күні облыстық мешіт тарапынан жоспарлы түрде жылына бірнеше оқыту семинарлары ұйымдастырылып, біліктіліктері мен білімдері жетілдіріліп тұрады. Сондай-ақ, облыстық мешіт жанынан білімді имамдар топтасқан ақпараттық-насихаттық топ құрылған. Аталған топ құрамы аудандарды, ауылдарды аралап, халық арасында діни экстремизмнің алдын алу бағытында кездесулер, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіп, халықтың көкейлерінде жүрген сұрақтарына тұщымды жауаптар беріп, діни ахуалдың жандануына өз үлестерін қосуда. Соның нәтижесінде білімді имамдарымыз ел арасына шығып, уағыз-насихат жұмыстарын күшейтіп, елдің діни сауатын ашуда, бұл бастама өз нәтижесін берері сөзсіз.Сонымен қатар, облыстық мешіттің жанындағы «Һибатулла Тарази» медресесінен бөлек, медресе жанынан жалпы сауатын ашқысы келетін жамағатқа бірнеше санаттағы діни сауат ашу курстары ашылып, өз жұмысын жүйелі жүргізіп келеді.Бұлан бөлек, халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруына қарамастан, біздің қоғамда қамқорлыққа зәру, баса көңіл аударуды қажет ететін азаматтар бар. Әлеуметтік осал топтардың қатарында өзін қамтамасыз ете алмайтын мүгедектер, көп балалы аналар, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар, жалғыз басты еңбекке жарамсыз азаматтар мен жетім және мүмкіндігі шектеулі балалар жеткілікті. Қоғамның осындай мүшелеріне көмек қолын созуды Һибатулла Тарази орталық мешіті дәстүрге айналдырған.– Әулиеата өңіріндегі мешіттерде кадр мәселесі, білікті мамандарды тарту жұмысы қалай шешімін табуда?– Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қызметіне кіріскелі дін саласы бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Діни басқарманың алдына қойған басты жұмыстарының бірі – имам-молдалардың сауатын жетілдіріп, оларды қайта сараптаудан өткізу арқылы діни қызметтің сапасын арттыру. Әлбетте,  мемлекетімізге сауатты, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, кез келген діни мәселені байыппен, байсалдылықпен шешуге тырысатын білімі мен білігі толысқан имам-молдалар қажет. Сондықтан біз діни мамандарды дайындауды бірінші орынға қойып отырмыз. Еліміздегі тоғыз медресенің бірі, «һибатулла Тарази» медресесінің облыстық мешіттің жанынан ашылғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Биыл үшінші оқу жылына талапкерлер қабылдамақпыз. Қабылдау барысында өң-әлпеті, жүріс-тұрыс, тәртібіне жіті мән береміз. Себебі, ертең халықтың алдындағы имам болғаннан кейін, міндет, талап та ауыр болатыны хақ.  Болашақ имамдар медреседе Құран, хадис ілімі, араб тілі қатарлы білімдерді үйренеді. Арнайы Мысыр елінен келген ұстазымыз да бар. Сондай-ақ, медресемізде шәкірттер діни біліммен сауаттанып қана қоймай, дүнияуи ілімді де меңгереді. Себебі, тарихты, әдебиетіміз бен мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді терең білу қоғамда имамның дәрежесін арттырады. Алла қаласа, ертең осы медресенің түлектері ауылды жерлерде, қалаларымызда қызмет жасайтын білікті де білімді дін қызметкері болады деген үміттеміз.– Еліміздегі діни білім берудің қазіргі жай-күйіне көңіліңіз толады ма? Жастардың бойында радикалды ағымдарға қарсы тұрарлық иммунитет қалыптастыру үшін, халықты дәстүрлі дінімізбен сауаттандыра түсу үшін қандай амалдарды қолға алған жөн деп санайсыз?– Әлбетте, бүгінгі еліміздің діни білім беру саласы көңіл қуантарлық жағдайда деп айта аламын, Аллаға шүкір! Бұлай деуімнің негізі – қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты бір университет, бір институт және екі қарилар дайындау орталығы, тоғыз медресе жұмыс жасайды. Таратып айтар болсам, Алматы қаласында орналасқан «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті мен «Республикалық имамдардың білімін жетілдіру» ислам институты, Ақмола облысы Қосшы елді мекенінен ашылған «Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани» республикалық қарилар дайындау орталығы мен Шымкент қаласындағы «Ықылас» қарилар дайындау орталығы және еліміздің солтүстік облыстары үшін «Астана» медресесі, Алматы мен Талдықорған облыстары үшін «Әбу Ханифа», «Үш қоңыр» медреселері, Оңтүстік Қазақстан облысы үшін «Шымкент», «Сарыағаш» медреселері, Жамбыл облысы үшін «Һибатулла Тарази» медресесі, Қызылорда, Ақтөбе облыстары үшін «Ақтөбе» медресесі, Батыс Қазақстан облысы үшін «Орал» медресесі, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары үшін «Әбу Бәкір Сыддық» медресесі қызмет етуде. Бұл аталған діни оқу орындарының барлығы ресми тіркелген, Білім және ғылым министрлігінен лицензия алған. Барлық медреселер жатақхана, асхана, оқу залдарымен қамтылған. Компьютер бөлмесі мен интернет желісі, медициналық пункттер жұмыс істейді. Медресе бағдарламаларының күрделілігіне сәйкес, шәкірттердің оқу пәндерін игеруіне, әсіресе, Құран жаттау мен араб тілін меңгеруіне өте көп уақыт жұмсалады. Кітапхана қорларын Құран, тәпсір және фиқһ кітаптары мен мемлекеттік мүддеге сай отандық әдебиеттер және қазақ тілді оқулықтар құрайды. Медреселердегі білім деңгейін шәкірттер өте жоғары бағалауда. Осы діни оқу орындарында білім алған түлектер асыл дініміз – Исламның дәстүрлі ұстанымы Әбу Ханифа мәзһабын насихаттауда, жастарымыздың мысықтілеулі, деструктивті идеологияларға төтеп бере алатын рухани иммунитетін қалыптастыруда елеулі қызмет етеді деп сеніммен айта аламын.Сондай-ақ, дәстүрлі ұстанымымызды өркендету, халқымыздың рухани иммунитетін жандандыру мақсатында еліміздің көптеген облыстық, аудандық, қалалық мешіттері жанынан көпшілікке арналған діни сауат ашу курстары ұйымдастырылған. Бұдан бөлек, діни басқарманың қолдауымен мектеп жасындағы балалар үшін жыл сайын жазғы діни сауат ашу курстары ұйымдастырылып, жұмыс жүргізуде.– Данияр Әлимұхамедұлы, бүгінде Қазақстанның қай аймағында да суицид өзекті түйткілге айналып тұр. Осы орайда, сарапшылар «Мешіт имамдарына психологтық қасиет жетіспейді» дегенді жиі айтады. Бұл пікірге уәжіңізді білдірсеңіз.– Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен еліміз бойынша барлық мешіттердегі имам-молдаларды аттестациядан өткізді. Аттастациялық сұрақтар бойынша имам-молдаларға психологиялық тест жүргізілді. Мақсат – дін қызметкерлерінің қарым-қабілетін, мінез-құлқын, психологиясын анықтау әрі олардың жігерін ояту, қызметке деген құлшынысын арттыру. Психологиялық тест жүргізген мамандардың айтуына қарағанда, имам-молдалар өзіне сеніммен қарайды, ұстамдылық танытады. Олардың басым көпшілігінде көшбасшылық, тұлғалық қасиеттер байқалған. Суицид дертінің емі – иманда. Анығырақ айтқанда имани тәрбиеде. Осы тұрғыдан алып қарағанда, жасөспірімдер отбасында, мектеп қабырғасында имани тәрбиеге мұқтаж. Демек, ата-ана, мектеп мұғалімдері және психологтар бірлесе жұмыс атқаруы қажет. Жауапкершілік те теңдей бөлінгені жөн. Бұл проблемада ата-ананың кінәсы басымырақ секілді. Ата-ана «баламды жұрттың баласынан кем етпеймін» деп тек тамағын тауып, киім-кешегін бүтіндеумен әлек болудың салдары. Тіпті, шаңырағына бір мезгіл уақыт бөліп, перзентімен ашық-жарқын сөйлесу ұмыт қалған тәрізді. Баласының киімі көк болғанымен, көңілі күпті, жаны құлазып, ата-анасының мейіріне мұқтаж күй кешуде екендігін көп жағдайда ұғына бермейді.Алла елшісі (с.ғ.с.): «Әкенің балаға берген ең бағалы мұрасы – тәрбие» деген сөзінің мәні осында жатқандай. Әке перзентіне берген имани тәрбиеден артық дүние қалдыра алмас. Ал, ата-ана баланы дүниеге әкелумен ғана шектеліп, имани тәрбие бере алмаса, қоғамға үлкен қасірет әкелері сөзсіз.«Имансыз білім – ақсақ» дегендей, мектеп қабырғасында біліммен сусындап жүрген жасөспірімдерге имани және рухани тәлім-тәрбие беру ауадай қажет. Ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білім қоғамға апат әкеледі» деп айтқанындай, білімнің көзі тәрбиеде болғандықтан, негізгі ұстаным имани тәрбие жұмысын жандандыру, жетілдіру деген міндеттен туындау керек.Имани тәрбие алған адам қандай қиыншылық болса да белін бүкпей, қасқайып қарсы алады. Сансыз сынақ сенімі берік жанның сағын сындыра алмайды. Керісінше, шыңдай түседі. Өйткені, иманды жан күндер кезегімен ауысатынын жақсы біледі. Қиын күндердің артынан шуақты күндер келетініне кәміл сенеді.– Орта білім беретін, арнаулы орта және жоғары оқу орындарындағы дінтану пәнінің оқытылуы қазіргі қоғамға қаншалықты пайдасын тигізуде? Әлде, көңіл көншітпейді ме?– Еліміздегі мектептерде дінтану факультативтік пәні жылына 34 сағат оқытылатын болса, оның көбірек сағаты Ислам дініне берілуі, оқу-әдістемелік құрал бағдарламасында Ислам дінінің негіздері, Құран мен хадистер, пайғамбарлар, мәзһабтар, және басқалар туралы кеңінен қамтылатыны жоспарланған. Демек, бұл пәннің рухани өмірімізге пайдасы болады.– «Шет мемлекеттерден діни білім алып келген жастар жат ағымның дәнін елімізде сеуіп жүр. Олар оқыған елінен білім ғана емес, сол мемлекеттің идеологиясын да қоса сіңіріп келіп, жұрт ішіне жік салуда». Осы мағыналас әңгімелерді діннің төңірегінде жандардан арагідік естіп қаламыз. Бұл пікір шындыққа сая ма?– Шетелде діни білім алып келген жастардың кейбір қылығына көңіліміздің толмайтыны рас. Алайда, шетелде оқып келгендердің барлығы түгелдей халқымыздың әдет-ғұрпына, бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген Ханафи мәзһабына қарсы емес. Сол шет елде оқып келген бірталай білімді, көкірегі ояу азаматтар бүгінде Ханафи мәзһабын дәріптеп, әдет-ғұрпымыздың озығын насихаттауда. Иә, кейбір шет елде бір жақты әрі радикалды тәлім алып келгендердің де бар екенін мойындауымыз керек. Алдымен шетелде діни білім алып келгендер туралы бірер сөз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары шетелде оқуды қызық көріп, талғамай, сол елдің өзінде де қадірі жоқ оқу орындарына өз бетімен барғандар көп болды. Кейбір мұсылман елдерінің тау қуысындағы медресе-сымақтарында жүргендер де аз емес-ті. Оның бірқатары сол жерлердегі теріс ағымдар жетегіне түсті. Мен дін мамандарының шетелдерде емес, өзімізде білім алуын қолдаймын.– Данияр Әлимұхамедұлы, соңғы сауалымыз: бүгінгі ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеп, отансүйгіштік қасиетін арттырып, рухын асқақтата түсу үшін Исламның қай бағытын немесе қандай тұлғаларын көбірек оқытып, насихаттау керек? – Халқымыздың имандылығы мен рухани деңгейін өсіру үшін адамгершілікке тән қасиеттерге жетелейтін, әділдікті, шындықты, адалдықты уағыздайтын, елін, халқын, Отанын сүюге тәрбиелейтін, басқа ұлт, басқа діндерге құрметпен қарайтын, ең жақсы әдет-ғұрыптарды уағыздайтын Ислам дініндегі дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып, насихаттауымыз қажет.Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен оның қарауындағы бүкіл мешіттер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша шариғат ұстанып, соған орай амал етеді. Бұл – ел бірлігі мен ынтымағын, достығы мен ұйымшылдығын сақтап, оны одан әрі күшейте түсуге қызмет ету деген сөз.«Әбу Ханифа» (Ханифаның әкесі) – оның шын есімі емес, өйткені, оның Ханифа атты перзенті болмаған. (Имам Ағзамның Хаммад есімді жалғыз ұлы болған. Хаммадтан екі ұл қалады, біреуінің есімі – Омар, ал екіншісі – Исмаил). Ғалымдардың айтуынша, «ханифа» — мәзһабтың сипаты болып, ол «хақ, тура жол» деген мағынаны білдіреді. «Әбу» сөзінің түп мағынасы «әке» болғанымен, сонымен қатар оның «иесі, өкілі, басшысы, жетекшісі» деген баламалары да бар. Сонда, «Әбу Ханифа» деген сөздің мағынасы «хақ жолдың бастаушысы, тура жолдың жетекшісі» дегенге саяды.Алла Тағала ғибадаты мен ғибраты мол, жомарт, жұмсақ мінезді, тақуа, ұлы имамымыз Әбу Ханифаны рақымына бөлесін. Бүкіл дүние мұсылмандарының ынтымағы мен бірлігін нығайтып, дау мен алауыздық жойылсын. Әлемде тыныштық пен сыйластық орнықсын. Әмин!– Әмин, әңгімеңізге рахмет!Сұхбатты жүргізген – Асхат РАЙҚҰЛ
АСТАНА. 7 тамыз. Е-ІSLAM.KZ. – Әдебиеттің қашан да көштің жүгін көтергені мәлім. Арғы-бергі тарихымыздан белгілісі - әдебиеттің қазақтың салт-дәстүр, тұрмыс тіршілігімен қатар, ата-бабамыз ұстанған ислам діні тақырыбын да ұдайы көтеріп отырғаны. Осы орайда Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі Төрағасының кеңесшісі, шығыстанушы-түрколог, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызы "Әдебиет - имандылықтың күретамыры" деген сұқбатын оқырман, өздеріңізге жолдап отырмыз. Сұқбаттан Жүсіп Баласағұн еңбектеріндегі дін тақырыбының қозғалу жайын толығырақ біле аласыздар! Оқи отырыңыз!– Айнұр Әбдірәсілқызы, ортағасырлық түркі әдебиетінің маманы ретінде ең алдымен осы кезең әдебиетінің әлем әдебиеті тарихындағы орны жайлы айтып өтсеңіз?– Ежелгі түркілердің құрылымдық жағынан да, мазмұндық жағынан да айтарлықтай дамыған төл поэзиясы болды. Тамырын тереңнен тартқан ортағасырлық түркілік поэзияның жанрлық жүйесі де барынша жетілген болатын. Шығыс поэзиясынан енген деп саналатын әрбір әдеби жанрдың дерлік төл әдебиетімізде өзіндік даму тарихы, даңғайыр дәстүрі болды. Араб-парсы поэзиясымен өзара әсерлесу арқылы бұл поэзиялық жанрлар мазмұн, пішін тұрғысынан байыды, жаңа белеске көтерілді. Дегенмен оларды шеберлік шыңына жеткізген де өзіміздің түркі топырағынан шыққан ғұламалар болатын. Ұлы өркениеттердің – араб, парсы, түркі өркениетінің үздік нәтижесін саралап сіңірудің арқасында біздің төл түркілік мәдениетіміз әлемдік руханиятқа Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Йасауи тәрізді есімі алтын әріптермен жазылатын ұлы тұлғаларды берді. Олардың кесек-кесек туындылары әлем әдебиетінің алтын қорына қосылып, руханият қазынасын молайтты. Адамзаттың мәдени тарихын аталмыш тұлғаларсыз елестету мүмкін емес. Олардың әрбірі ақындығы мен ғалымдығы, өнері мен парасаты тең түскен тұлғалар ретінде тарихта қалды.– Сұхбатымызға арқау еткелі отырған «имандылық» ұғымы өзіңіз атап өткен түркі даналарының шығармашылығының негізі болғаны белгілі. Алдымен жиі қайталанса да, түрліше түсінілетін осы ұғымның басын ашып алсақ.– Баршаға таныс ұғым жайлы ойымды барынша қысқа қайырайын. «Имандылық» деген ұғымның аясына бір Аллаға деген сеніммен бірге адам бойындағы барлық ізгі қасиеттер жатады. Имандылық – біздің ұлтымыздың адамгершілікке қатысты негізгі өлшемі. Қазақ жері Ресей мен Қытай секілді қос алып мемлекетпен бағзы замандардан іргелес болып келеді. Діндердің аралас-құраластығы, сенімдердің шарпысуы, белгілі бір кезеңдерде белгілі бір діндердің басымдық алуы тарихымызда талай болған. Бірақ не орыстың, не қытайдың дінін түгел түркі төл діні ретінде қабылдаған жоқ. Дүниенің екінші бір түкпірінен тау асып, тас басып жеткен ислам дінін таңдап, ұлт діні етіп қабылдауында үлкен мән бар. Өйткені ұлтымыздың жан дүниесімен, рухани құндылықтарымен, табиғи сенімдерімен барынша үйлескен бірден-бір дін – ислам діні. Исламның мәйегі болып табылатын «имандылық» ұғымы ұлтымызбен бірге жасасып, әдебиетімізде үнемі көрініс тауып отырған. Өйткені әдеби туындылар – ұлт рухының айнасы.– Сөзіңіз аузыңызда, бір сұхбатта бүкіл ортағасырлық әдебиет өкілдерін қамти алуымыз  мүмкін емес екені анық. Сондықтан бүгінгі әңгіме жүйесін Жүсіп Баласағұн тұлғасына бағыттасақ. Имандылық тақырыбы Баласағұнның «Құтты білік» дастанында қай деңгейде көрініс тапқан?– Ислам дінінің біздің өлкемізге VІІІ ғасырдың орта тұсынан дендеп ене бастағаны белгілі. Қарахан мемлекетінде Х ғасырда ислам мемлекеттік дін болып жарияланды. Осы кезеңде дүниеге келген Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны – ислам дінінің нәрін бойына сіңірген, имандылық туын берік ұстаған парасатты туынды. Ең алдымен дастанның басталуынан-ақ исламның негізгі әдеби-рухани дәстүрлері көрініс бере бастайды. Ортағасырлық дастандарға тән үрдіспен Жүсіп Баласағұн да өз дастанын Алланың атымен бастайды. Он сегіз мың ғаламның Жаратушысы Аллаға мадақ айтады, оған мінәжат етеді, қателіктеріне кешу сұрайды, көмек сұрап жалбарынады. Одан кейін Мұхаммед пайғамбарға мадақ айтылады. Дастанның бүкіл өн бойында ақын үнемі Алла есімін еске алып отырады. Имандылық идеясын негізгі өзек етіп алынған дастандағы кейіпкерлердің бүкіл болмысы, іс-әрекеті имандылық таразысымен өлшенеді. – Аса көлемді туынды – «Құтты білік» дастаны жайлы сипаттама сөз көп айтылғанымен оның негізгі мазмұны жайлы тұщымды әңгіме аз. Мұның себебін немен түсіндірер едіңіз?– Өйткені дастанда ең алдымен ортағасырлық әдебиетке тән дидактизм басым. Оқиға өрбітуге емес, ой айтуға көбірек мән берілген. Сюжетінен идеясы басым туынды жайлы сипаттама сөздің көбірек болуы заңды да. Дастанның негізгі мазмұнына келсек, мұнда да ең басты желі жоғарыда айтылғандай, имандылық тақырыбына тартылған. Дастанда төрт кейіпкер бар. Күнтуды патша – әділдіктің, Айтолды уәзір – дәулеттің, уәзірдің ұлы Өгдүлміш – ақыл мен білімнің, діндар сопы Одғұрмыш қанағаттың, басқаша айтқанда имандылықтың символы. Қазақ барын қанағатпен пайдаланып, сабыры мен шүкірін тең ұстаған адамды «иман таразысы түзу» деп айтады. Дастандағы ел-жұрттан жырақта тағат-ғибадатқа беріліп, тақуалық ғұмыр кешетін Одғұрмыш – имандылықты жүрегіне берік орнатқан, ғұмырын Алла жолына арнаған жан. Жаңағы аталған төрт қасиетті автор мемлекеттің, елдің негізгі ұстын-тірегі ретінде алып отыр. Сол төрт тіректің бірі имандылық болуы көп нәрсені аңғартады. Осы арқылы автор «әділетті, дәулетті, білімді елдің міндетті түрде иманы түзу болуы керек, онсыз ел ел болмайды» деген ұғымды бере білген. – Билік жолы мен дін жолын ортағасырлық қаламгер сәтті тоғыстырған тәрізді...– Бұл тоғысу исламның тіректік ұстанымдарынан туындаған. Мұны дастанның сюжетінен танып-түсінуге болады. Дастанда Күнтуды патша Одғұрмыш тақуа туралы естісімен онымен дидарласуға қатты құштар болып, бірнеше рет шақырту жібереді. Бірнеше шақырудан кейін ғана Одғұрмыш патшаға келіп дидарласып, әңгімелеседі. Одғұрмыш – дүние тіршілігінен аулақтап, біржола Алла жолына түскен адам, яғни тариқаттың өкілі. Ал патша – иман таразысы түзу, елді дін исламның жолымен, шариғат жосығымен басқарып отырған шариғаттың өкілі. Ислам дінінде әмірші тұлғасының ерекше дәріптелетіні, оның әміріне мүлтіксіз бағыну қажеттігі де осы имани жолмен басқару идеясына тікелей қатысты туындаған. «Патшаңыз залым болса (яғни имансыз болса), сіздерге жердің үстінен асты жақсы» деген хадис те бекер айтылмаған. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» атты трактатында да әділетті патша бейнесі сомдалады, оларда ел басқарушылар «имам» деп аталады. Баласағұн дастанында да осы ұстаным негізге алынған. – Тариқат өкілінің дүнияуи билікке көзқарасы дастанда ашып көрсетілген бе?– Дастандағы Одғұрмыш тақуа Күнтуды патша қанша шақырғанымен, сарайға қызметке келмейді. Ол дүние тіршілігіне алаңдап, тағат-ғибадатын азайтып алғаннан гөрі бес күн жалғанды бір Аллаға ғана бағыштап өткізуді жөн көреді. Бір сәт де ғибадаттан қол үзуді қаламайды. Сол үшін үйленбейді де, дүние ісіне араласпайды да. Сөйте тұра ол патшаға өзі секілді тақуалық жолына түсуді насихат етпейді. Патшаның шариғат жолымен, әділдікпен, парасатпен ел басқарғанын, билік жүргізгенін жөн көреді. Өйткені елдің несібесі үшін, игілігі үшін иманды, әділ патшалардың ел басқарғаны қажет. Сондай патша ғана халыққа қызмет ету арқылы Хаққа қызмет ете алады, екі дүниенің ісін тең ұстайды. Баласағұн дастанында «имандылықты сүйген жандардың бәрі бірдей дүниені тәрк етіп, тариқат жолында жүруі шарт емес» деген ой айтылады. Бұл Абайдың: «Күллі адам тәркі дүние болып, «һу» деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді?» деген ойымен үйлеседі. Яғни әр пенденің Алла белгілеген жүрер жолы бар, біреудің несібесі – тариқаттан, біреудің несібесі – шариғаттан. Екеуі де «иман» деген ұғымға байлаулы. Баласағұн дастанында осы екі жол барлық сипаттарымен айқындалып берілген. Ешбірі мансұқталмайды, ешбірі асыра дәріптелмейді. Қайсысымен жүрсе де пенде адаспайды, таңдау еркі – әр адамның өз еншісінде. – Демек, ұлт әдебиетінде соңғы кезеңде ғана тереңдеп зерттеле бастаған сопылық ілімнің тамыры Қожа Ахмет Йасауи шығармашылығынан да тереңде болғаны ғой?– Шегініс жасап айта кетелік, кей зерттеушілер пайымдап жүргендей Йасауи ілімін бірыңғай сопылық-мистикалық ілім ретінде бағалау орынды емес. Йасауи ілімі – ең алдымен рухани-моральдық ілім. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл Йасауи жасаған ілім өз бастауын түбі бір түркі жұртының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Қожа Ахмет Йасауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Йасауи өз ілімінің барлық қағидаларын ханафи мазхабы ұстанымдарының аясында дамытты. Йасауи ілімі барша түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген өлкенің иесі – қазақ халқының да ислами дүниетанымына негіз болып қаланды. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Йасауи ілімінің аясында қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі ролін атқарған Йасауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Мұның нақты мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз. Қожа Ахмет Йасауи – түркі жұртына дін тарата келген Ысқақ бабтың он бірінші ұрпағы. Тариқатта кең қолданылған қылуетке түсу үрдісі де Ысқақ баб кезеңінен басталған – оның немере ағасы Абд ар-Рахимнің (Сатұқ Боғрахан) осы дәстүрді ұстанғаны жөнінде мәліметтер сақталған. Көрнекті түркітанушы Зәки Уәлиди Тоғанның еңбегінде еске алынатын, Йасауиге телініп жүрген жаңадан табылған хикметтерде кездесетін «Сұлтан Сатұқ Боғрахан Пірмұған емес пе?» делінген жолдардың негізінде осы дерек жатыр. Йасауидің өз әкесі Ибрахим шайхтың да қылует ұстағаны белгілі. Баласағұн дастанындағы парасатты, бақытты қоғам тіршілігінің бір ұстыны – қанағат сезімінің Одғұрмыш тақуа бейнесі арқылы көрініс табуы,  өзін біржола Хақ жолына арнап, елден жырақ жалғыздықта – қылуетте күн кешкен тақуаның тарапынан айтылатын барлық үгіт-насихат сөздерде түркі сопылығына тән негізгі ұғымдар мен ұстанымдардың астаса өріліп жатуы шығарма авторының осы рухани іліммен етене таныстығын аңғартады. Ал тақуа Одғұрмыш бейнесіне ерекше мән берілуі, ел билеушілерінің тарапынан оған ыстық ықылас, зор құрмет көрсетілуі, оның әрбір сөзінің, іс-әрекетінің өнеге ретінде қабылдануы – сол тұста біздің халқымыздың сопылықпен жақсы таныс болғанын, бұл ілімнің мемлекет өміріндегі жетекші институтқа айналып үлгергенін көрсетеді. Түркі сопылығының бастауында тұрған Сатұқ Боғрахан негізін қалаған Қарахан мемлекетінде өмір сүріп, сол елдің билеушісіне арнап дастан жазған Жүсіп Баласағұн шығармашылығында осындай сарындардың айқын көрініс табуы – заңды құбылыс. – Баласағұн дастанындағы осы бағыттағы ойлар бертінгі әдебиет өкілдерінің пікірімен толық қабыса ма? Әсіресе «қанағат» ұғымының мәні қаншалықты сәйкеседі?– Бұл рухани дәстүр ел өмірінде ғасырлар бойы жалғасын тауып келеді. Имандылық, тақуалық тақырыбы, осы орайдағы қалыпты ұғым-түсініктер әдебиетімізден де, тұрмыс-тіршілігімізден де шет қалып көрген емес. Имандылық идеясы – әдебиетіміздің күретамыры. Ал «қанағат» ұғымына келсек, бәрімізге белгілі, бес асыл істің бірі ретінде Абай да қанағатты атаған. Ақын «Қарасөздерінде»: «Ғаламнан жиылсын, маған құйылсын, отырған орныма ағып келе берсін деген ол не деген нысап?» дей келіп, қанағатсыздықты, шүкірлік етпеуді күнә ретінде айыптайды. Ал Шәкәрім өлеңдерінде: «Нәпсі үйінде байлаулы ынсап жатыр, Мұның емін тегінде сол аша алған» деген жолдар бар. Қанағат, ынсап тірліктегі талай түйіннің шешімі екенін Шәкәрім де таратып айтады. Жалпы қанағатшылдық сезімі барлықтан гөрі жоқтықта көбірек танылады. Қазақтың адамзаттық деңгейдегі даналығы болып табылатын «Барға – мәзір, жоққа – қанағат» деген сөзінде де осы мағына жатыр. Мұның сонау ортағасырлардан жеткен түсініктемесі Қожанасыр қалжыңынан да танылады. Берекесіз өмір кешіп, қайыршылық хәлге түскен бір ауылдасынан Қожанасыр: «Тұрмысың қалай?» деп сұрайды ғой. Ауылдасы болса: «Не тапсам, соған қанағат етемін» десе керек. «Қанағатың біздің қаланың иттеріне ұқсайды екен» депті сонда Қожанасыр. Демек, тапқанына қанағат ету хайуанда да бар, ал адамның  қанағаты – барға емес, жоққа қанағат болуға тиіс. Осы ойды бұдан да терең аша түсетін тағы бір тәмсіл бар. Атақты бұхарлық дін ғұламасы Жүсіп Хамадани өзінің басқа шаһарда тұратын тақуа замандасынан: «Кәсіптеріңіз не?» деп сұрапты. «Тапсақ – қанағат етеміз, таппасақ – шүкіршілік етеміз» дейді әлгі кісі. Сонда Хамадани: «Бұхараның иттері де солай істейді» депті. Таңданып қалған тақуа: «Ал сіздер қалай етесіздер?» деп сұрағанда, Хамадани: «Біз тапсақ – бөліп береміз, таппасақ – қанағат етеміз» деген екен.– Иә, өзіміз жиі естісек те мән бермейтін Қожанасыр қалжыңдарының астарында талай дүние тасада қалып барады екен.  Соңғы сауалды әйел-аналар тақырыбымен байланыстырғым келіп отыр. «Бала тәрбиесі – бесіктен» дейміз, имандылық ұғымын ұрпақ бойына сіңіруде ару аналардың ролі қандай? – Осы тақырыпта көбірек мәлімет алғысы келетін замандастарыма «Е-islam» ақпараттық-ағартушылық порталында орналастырылған «Қоғамдағы рухани құндылықтарды қалыптастыру мен дамытудағы қазақ әйелінің ролі» атты мақаламды оқуды ұсынар едім. Ал сұхбатты менің басқаша аяқтағым келеді. Соңғы сұрағыңызды тыңдап отырғанда ойыма бірден Шыңғыс Айтматовтың  «Боранды бекетіндегі» Найман-ана аңызы оралды. Жау қолына тұтқын болып, тері құрсаудың қысымымен санасынан айырылған перзентін іздеп барған ана мәңгүрт ұлының қолынан ажал құшар сәтінде: «Елің кім? Тегің кім? Сенің атың Жоламан! Сенің әкең Дөненбай еді ғой!» деп шырылдап, ақ құсқа айналып кете барушы еді ғой...  Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйел-ананың адам бойындағы рухты қорғаудағы жанайқайы маған сол ақтық демі біткенше «Елің кім? Тегің кім?» деп шырқырайтын Дөненбай құстың шырылы тәрізді елестейді. Имандылық тәрбиесіндегі әйел-ананың ролін бұдан артық бейнелеп жеткізу мүмкін емес тәрізді. – Әсерлі әңгімеңіз үшін үлкен рахмет!E-islam.kz
АСТАНА. 23 шілде. Е-ІSLAM.KZ. – Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қоғамдағы тұрақтылықтың негізгі арқауы дәстүрлі құндылықтар екені белгілі, ендеше «құндылық» сөзінің заманауи тұжырымдамасын таратып айтып берсеңіз...– Адамзат қоғамының алғашқы кезеңінен бастау алып, ғасырлар бойы әртүрлі қоғамдарда түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар. Дәстүрлі құндылықтар дәстүрлі қоғаммен үндестікте – соның аясында қалыптасады, оның ішкі тұрақтылығына қызмет етеді және сол қоғам арқылы сақталады. Дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыруға қоғамның бірнеше буыны атсалысып, оларды қолдау және қолдану арқылы тұрақтандырады.«Құндылық» ұғымының мәнін жинақтай алғанда қоғам өмірінде қалыптасқан жасампаз идеялар мен этикалық категориялар, моральдық-эстетикалық нормалар мен стереотиптер жиынтығы, маңызды мақсат-мұраттар мен оларға жету жолдары, мінез-құлық мәнері туралы жинақталған түсініктер деуге болады. Яғни құндылық дегеніміз тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт немесе адамзат мәдениетінің мәні болып табылады.Құндылықтар қоғамның даму бағдарлары мен өмір сүру мәнерін белгілейді. Құндылықсыз қоғам – бағдарсыз қоғам. Құндылық – қондырма емес, ол қоғамның өзі ішінен қайнап шығады, мемлекеттік билікке тәуелсіз қалыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында. Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ.Өйткені, дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.Дәстүрлі құндылықтардың басым бөлігі ұлтына, дініне, жасына, жынысына қарамастан барша адамзатқа ортақ. Рухани дағдарыс басымдық ала бастаған қазіргі әлемдік қауымдастықта дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту мәселесі табиғи түрде өзекті тақырыпқа айналып отыр. Бір ерекшелігі, бәлкім, кемшілігі – барша қоғам мүшелерінің алаңдаушылығын туғызуы тиіс бұл тақырып негізінен дін қызметкерлерінің және белгілі бір дәрежеде мәдениеттанушылардың зерттеу-насихаттау нысаны болумен шектелуде.– Осы ретте бүгінгі қазақ қоғамын дәстүрлі қоғам деп атауға негіз бар ма?– Әрбір қоғам мәдениетіне тән өзіндік құндылықтар кешені болады. Дәстүрлі қоғам өзгеріске ұшыраған жағдайда да дәстүрлі құндылықтар өз маңызын жоймайды. Оның айқын мысалы – бүгінгі қазақ қоғамы.Тиісті анықтамаларға сәйкес дәстүрлі қоғам дегеніміз – саяси, әлеуметтік және мәдени дамуы дәстүрлі құндылықтарға, салт-санаға, ата-баба мұраларына негізделетіндігімен ерекшеленетін әлеуметтік орта. Бұл тұрғыдан алғанда қазіргі қазақ қоғамын толық мәнінде дәстүрлі қоғам деп атау қиын. Дәстүрлі мәдениеті, саяси жүйесі, құқықтық санасы тиісті деңгейде қалыптасқан қазақ қоғамы тарихи үдерістер салдарынан елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір ол өз дамуын заман талабы тудырған құндылықтармен көбірек байланыстыруда. Дегенмен ұлттың дәстүрлі құндылықтық жүйесі, соның ішінде рухани құндылықтары жаңа қоғамның бағдарын айқындауда негізгі реттеушілік роль атқарып отыр.Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, ары қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам керітартпа қоғамға айналады. Өткенді мансұқтап, тарихты өзінен бастаған буын мемлекетті рухани дағдарысқа ұшыратады. Оның жекелеген көріністері де, өкінішке орай, қазіргі Қазақстан қоғамында бой көрсетуде.– Дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту табиғи үдеріс пе әлде оның астарында қандай да бір идеологиялық тегеуріндер бар ма?– Қазір елімізде дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген табиғи құлшыныс пен оны қоғам өмірінен ысырып тастауға деген жасанды талпыныс қатар жүруде. Дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген құлшыныстың алғашқы серпіні тәуелсіздік алумен тікелей байланысты болды. Үш ғасырлық отарлық және кеңестік саясат қысымында ұлттық мінезінен, санасынан, құндылықтарынан көз жазып қала жаздаған ұлт тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде тілін, тарихын, дәстүрін және дінін жаңғыртуға құлшына ұмтылды. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, тіл төңірегінде атқарылған сан салалы жұмыстар, ұлттық мектептер мен балабақшалар ашу, ұлттық сайыстар ұйымдастыру, «Наурызды» халықтық мерекеге айналдыру, тарихи туындыларды жарыққа шығару, ұлт зиялыларын ақтау үдерісі, мешіттер мен медреселер жұмысын жандандыру, діни басылымдарды көбейту – тағы басқа сан жеткісіз іс-әрекеттер мен нәтижелер ұлттың өз болмысына оралуды аңсаған табиғи құлшынысынан туындап жатты.Бірақ бұл құлшыныстарды нарықтық қатынастардың алғашқы ауыр кезеңі біршама көмескілендірді. Осы сындарлы сәтті тәуелсіздікпен бірге орныққан ашық шекара саясаты мен ашық ақпарат кеңістігін пайдаланып сыналап ене бастаған сыртқы күштер тиімді пайдаланды. Барлық ақпараттық және заңнамалық мүмкіндіктерді қалт жібермей қолдана отырып, жұртшылыққа жат идеологиялық бағдарлар мен құндылықтарды таңудың, дәстүрлі құндылықтарды өзгертудің белсенді әрекеті басталды. Қоғамдық құрылымның өзгеріп, нарықтық қатынастардың тереңдеуі салдарынан құндылықтық бағдарлардың дәстүрлі қалыптан ауытқуы үдерісіне қолдан қосылған ұлттық руханият саласында теріс мазмұнды ақпараттардың басымдық алуы үстелді.Қоғам қажеттілігінен туындаған табиғи үдерістер мен сыртқы ықпалдың әсерінен қалыптасқан жасанды үдерістердің өзара қақтығысы қарапайым қоғам мүшелерінің санасында ақ пен қараны ажырата алмайтын сарсаң хәл туындатты. Мұндай жағдайда идеологиялық саланың мемлекет тарапынан толық бақылауға алынуы және ұлт зиялылары, зерттеуші ғалымдар, талдағыштар мен сарапшылар күшін біріктіре, тиімді пайдалана отырып, ортақ идеологиялық мақсатқа жегілуі, сол арқылы басымдық берілетін рухани-идеологиялық бағдарлардың айқындалып, қоғамға белсенді түрде енгізілуі қажет болатын.Бұл тұрғыда бірқатар шаралар атқарылғанымен, бүгінге дейін мемлекеттің стратегиялық-саяси жүйесінің қоғамның негізгі тұғыры саналатын дәстүрлі құндылықтар құбылысын жете бағаламауы және толық пайдалана білмеуі аңғарылуда. Соның салдарынан ғылыми қауымдастық пен мемлекеттік мекемелер арасындағы байланыс шартты қатынастар аясында қалып отыр. Кез келген шетін құбылысқа қатысты мемлекет – реалды-саяси тұрғыдан, ал ғылыми қауымдастық құндылықтық-прагматикалық тұрғыдан пайымдап, әрекет етуде. Мемлекеттің саяси жүйесін ғылыми қауымдастықпен біріктіретін ортақ тұғырнама қалыптасқан жоқ. Тұжырымдамалық ұстанымдарды нақты айқындап алмаудың салдары әртүрлі науқандық идеялардың жетегінде кетуге себеп болып отыр.- Заңды сұрақ: тығырықтан шығудың жолы қайсы?– Өз саясатына мығым өркениетті елдерде ғылым саясаттың алдында жүреді. Ішкі-сыртқы саясаттағы бағдарлар мен басымдықтарды дүниежүзілік тәжірибені сарапқа салып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесетін» ғылыми институттар айқындайды. Біздің еліміздің жағдайында адам факторының басымдық алуы, яғни белгілі бір тұлғалардың дербес зерттеулерінің, сыннан өтпеген сараптамаларының, объективтілігі мен субъективтілігі аралас талдамаларының негізінде идеологиялық-саяси көзқарастардың қалыптасуы және қоғамға кеңінен ұсынылуы орын алуда. Бұл ғылыми орта тарапынан да наразылық тудырып, соның салдарынан ғылыми пікірлердің бірнеше жікке бөлініп, ортақ ұстанымдардың орнықпауына соқтыруда.Айтылғандардың салдарынан көптеген шетін құбылыстарға, радикалды ағымдарға қатысты мемлекеттің кесімді сөзі айтылған жоқ. Дін саласындағы рухани бағдардың халыққа ұсынылмауы сенімсіздікпен, наразылықпен қоса адасушылықты да күшейтуде, басқаша айтқанда тыйым салмағанның бәрі рұқсат етілген нәрсе ретінде қабылдануда. Теория мен тәжірибе сәйкестендірілмеген және бірдей дәрежеде әрекет етпеген жағдайда оның нәтижесі әрекетсіздікке тең болып шығатынын ескеру қажет.Бұл орайда да біз тарихи тәжірибемізден сабақ ала алмай отырмыз. Кешегі қазақ қоғамында да рухани-идеологиялық бағдарды айқындауда ұлт зиялылары мен рухани ұстаздары шешуші роль атқарды. Дін, ғылым, руханият сласындағы қажырлы ізденістерінің нәтижесін сана сүзгісінен өткізіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде ел жүрегіне жеткізіп беріп отырғандар солар еді. Ал халық бұл ілімді «жаман болады», «ұят болады», «обал болады», «сауап болады» деген қысқа да нұсқа тыйымдарының аясына сыйғызып, ұрпақтан ұрпаққа шашау шығармай жеткізе білді. Дәстүрлі қоғамның дәстүрлі құндылықтары осылай қалыптасқан болатын.Бүгінгі экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылға келгенде біз көп жағдайда құбылыстың себебімен де, өзімен де емес, салдарымен күресудеміз. Бұл – күрестің ең нәтижесіз жолы. Мемлекет өзінің ұстанымын тікелей емес, азаматтық қоғам өкілдері арқылы жеткізетіні және жүзеге асыратыны белгілі. Бұл орайда тағы да ғылыми қауымдастықтың ақыл-ой әлеуеті жеткілікті деңгейде пайдаланылмай отырғанына назар аударуға тура келеді. Радикалды идеологияның алдын алудағы және жалпы дін саласын реттеудегі негізгі назарды тұжырымдамалық-сараптамалық негізде идеологиялық бағдарды нақтылауға шоғырландыру – кезек күттірмейтін мәселе.– Соңғы кездері дін мен зайырлылықтың арақатынасы жиі талқыға түсе бастаған тәрізді. Бұл орайда қандай түйткілдерге тоқталар едіңіз?– Тағы бір сыннан өтпестен тәжірибеге ене бастаған сенімсіз қадам – дінге деген мемлекеттік көзқарасты ғылыми тұрғыда бекітудің орнына назардың зайырлылықты күшейуге аударылуында болып отыр. Бұл екеуі (дінге көзқарасты ғылыми тұрғыда бекіту мен зайырлылықтың күшейтілуі) бірінің орнына бірі жүргенде немесе бірі басыңқы, екіншісі бағыныңқы болғанда емес, тең дәрежеде әрекет еткенде ғана жемісін беретінін ұмытпау қажет. Қоғам құндылықтарды өзі сұрыптайды. Оның екі үдеріске бірдей сұранысы бар. Зайырлылықты күшейту – дінді әлсірету деген сөз емес, өйткені зайырлылық – дінсіздік емес, ол – дүниетанымдар мен пікірлердің көптүрлілігіне мүмкіндік бере отырып, құқықтық және рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделетін жүйе. Сондықтан зайырлылықты қанша күшейтсек де, діни қызмет оның аясында белсенді түрде жалғаса береді. Діни қызметпен санаспауға болмайды, оны жай ғана қадағалау емес, сапалы және нәтижелі түрде қадағалау қажет. Дін саласындағы қызмет бағыттарын күшейту – дінді күшейту емес, діни қызметті сапалы және нәтижелі түрде қадағалауды күшейту деп ұғынылуы қажет.Дін мәселесі – рух мәселесі. Сондықтан дін мәселелерін дінилендіру де, зайырлыландыру да емес, руханиландырып қабылдау анағұрлым маңызды. Бізде осы мәселеге қатысты біржақты көзқарастар белең алуда. Дін мәселесін руханиландыру орнына зайырлыландыру кері нәтиже береді. Әр құбылысқа өз табиғатына сәйкес әдістеме қажет. Дінді руханиландыру арқылы мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы – дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпауымыз қажет.Зайырлылық қағидаттарын жете түсіндіру діннің рухани мәдениет феномені екенін мойындаудың міндеттілігін тудырады. Яғни «Дін мемлекеттен бөлінген, ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді, барлық діни бірлестіктер заң алдында тең – зайырлылық дегеніміз осы» деген таптаурын анықтама жаһандану үдерісіне дендеп енген қоғамды қанағаттандырмайды. Дін мәселесін дінді сезіне отырып қана шешуге болады. Дін қоғамдық сана негіздерінің бірі, адам өміріне мағына мен руханилық дарытушы күш, рухани мәдениет феномені, адамзат болмысының айнымас қажеттілігі, ажырамас бөлшегі, табиғи болмысы ретінде толық мойындалғанда ғана оған қатысты стереотиптер мен әдістер өз-өзінен өзгереді, жанды, қоғаммен байланысы бар, рухтандырушы және руханиландырушы әдістемеге айналады, мемлекеттік институт пен дін институты арасындағы психологиялық кедергі жойылады. Дәл осы психологиялық кедергінің радикализацияға тірек болып отырғанын, сол мақсатқа белсенді түрде пайдаланылғанын есте тұту қажет. Радикализацияға тірек болатын құбылыстардан арылу – шын мәніндегі оның алдын алу шарасы болып табылады. Бұл орайда да дәстүрлі құндылықтарды тірек еткен кешегі қазақ қоғамында діннің діл (менталитет, болмыс, мәдениет) ретінде танылғанын, сондықтан да мемлекеттік мүдде мен діни мүдденің арасында қайшылық болмағанын назарда ұстау қажет.– «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген екен Мырзатай Жолдасбеков. Діннің дәстүрлі құндылықтармен байланысын таратып берсеңіз...– Дін мен дәстүрлі құндылықтардың байланысы терең тамырлы. Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, моральдық нормалар, қарым-қатынас әдебі, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Бір сөзбен айтқанда дін – рухани мәдениет феномені, ол қоғамдағы кез келген феноменнен анағұрлым бай, маңызды және ықпалды.Ислам ілімі бойынша адам баласының бүкіл іс-әрекеттері үш топқа бөлінеді: ибадат, муамалат, ахуалу-шахсия. Ибадат (ғибадат) діндегі бүкіл ғибадат-құлшылықтарды қамтиды, ол толығымен сенім негіздеріне қатысты болады. Ал муамалат (мәміле) қаржылық, сауда-экономикалық, еңбек және басқа да қоғамдық қатынастарды, ахуалу-шахсия (жеке бас жағдайлары) отбасылық және жеке басқа қатысты басқа да азаматтық хал-ахуалдарды қамтиды. Ислам ілімінде бұл аталғандар ақида, фикһ және ахлақ салаларына жіктеліп қарастырылады. Соның ішінде соңғы екеуі – фикһ және ахлақ толығымен рухани-моральдық құндылықтарға негізделеді. Демек, дін тек сеніммен ғана емес, рухани құндылықтармен де тығыз байланысты. Сондықтан да қазақ «иманды» деп барлық адами ізгі қасиеттерді бойына жинақтаған рухани деңгейі жоғары тұлғаны айтады. Мұхаммед пайғамбардың: «Мен көркем мінез-құлықтарды кемелдендіру үшін жіберілгенмін» деген хадисі де рухани-моралдық құндылықтардың діндегі ерекше орнын айғақтайды.– Қазақы діни сана қалай қалыптасты? Жалпы «діни сана» ұғымы қазақ менталитетінде қандай аяда қолданылғаны жөн?– Орынды сауал. Тақырыбымыздың тұрғысынан келсек, дәстүрлі діни сананың ерекшеліктерін зерделеп, танымай тұрып, оған қатысты тиімді ықпал ету тетіктерін қалыптастыру мүмкін емес. Зерттеушілер діни сананы тұрмыстық, тәжірибелік, кәсіби деген үш түрге бөліп қарастырады. Ал қазақы болмысқа келсек, тұрмыстық және тәжірибелік діни сананың астасып жатқанын, олардың кәсіби діни санадан бастау алып, күнделікті тіршілікке тереңдей енгенін аңғаруға болады. Яғни қазақ үшін дін – дүниеден тыс тұрған әлдебір тылсым күш емес, қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі бүкіл тұрмыс-тіршілігін, дәстүрін, дүниетанымын көктей өтіп жатқан негізгі арқау болатын.Бұл жерде өздері қол жеткізген кәсіби діни сана арқылы исламның негізгі қағидаларын халықтың жүрегіне жақын, санасына қонымды тілмен түсінікті етіп жеткізе білген ұлттың ағартушы ұстаздары мен дін ғұламаларының үлесі зор. Солардың ерен еңбегінің нәтижесінде қазақ халқы исламның рухын сезініп, жанымен қабылдады. Дін қағидаларын халқымыз әрбір мақал-мәтеліне, аңыз-әңгімесіне, жыр-дастанына, ертегісіне, шешендік сөзіне, даналық нақылына, тұрмыс-салт өлеңдеріне сіңіріп, күнделікті тұрмысында басшылыққа алар рухани және имани құндылықтарына айналдырды. Қазақ халқының діни-ислами түсініктері оның рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты.Осы орайда бір нәрсені ескеру қажет. Егер ислам қазақ даласына қазіргі радикалды ағым өкілдерінің: «Құран мен сүннеттен басқаның бәрін тәрк етесің, тарихыңнан тамырыңды үзесің, мәдениетіңе балта шабасың, дәстүріңді дінсіздік деп танисың, тарихың бізден басталады» деген агрессияшыл ұстанымдарымен келген болса, ондай дінді ешбір халық қабылдамас еді. Ислам қазақ жеріне өзінің шынайы болмысымен – кеңдігімен, ізгілігімен, мәмілегерлігімен, бейбітсүйгіштігімен және ең бастысы – тазалығымен келді. Сонысымен де ол ұлт болмысына сіңді, оның құндылықтар жүйесін құраған рухани өзекке айналды.– Дін мен дәстүр байланысына кері әсер етіп отырған құбылыстар көп. Қайсысын қатерлірек санайсыз?– Дін атын жамылып, дәстүрлі құндылықтарға сына қағып жүрген қазіргі жат ағымдардың ең қатерлісі – дін тазалығын өздерімен ғана байланыстырып, радикалды шетін көзқарастарды насихаттап жүрген, қазақтың дәстүрін дініне қарсы қойып, мұсылмандығын жоққа шығарғысы келетін ислам атын жамылған ағымдар. Радикалды ағымдардың бұл бағыттағы әрекеттері мың жыл бойы халықтың өзімен бір жасасып келген, тұрмысына, санасына, болмысына сіңіп, рухымен тұтасып кеткен дінді қол жетпес күрделі дүниеге ұқсатып, қилы-қилы тәпсірмен түсіндіріп, халықтан қасақана алыстату үдерісінен көрініс табуда. Исламға дейінгі жетістіктерді жоққа шығару, халықты дінсіздікке шақырып жүрген «тәңіршілдік» деген ағым бар екені туралы жалған дақпырт тарату, қазақ салт-дәстүрлері мен ырым-тыйымдарын терістеу, қабір зияраты әдебін Аллаға серік қосу күнәсімен байланыстыру, кеңестік кезеңді рухани тұлдыр дәуір ретінде таныту – осының барлығы қазақты исламға жаңа кірген ел секілді көрсетіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді, ғұламалар жүрген жолды мансұқтап, қазақ руханиятының күре тамырын қырқуға бағытталған астыртын арандатушы әрекеттер болып табылады.Бұл әрекеттерді жүзеге асырушы салафилік өкілдері қазір өздерінің діни негіздегі алауыздық тудыратын осындай шетін ұстанымдарын және содан туындаған тәкфіршілік-жиһадшылық идеяларын тек тәкфіршілік ағымына аударып, тәкфіршілікті бастауы бөлек басқа ағым ретінде танытуға, ал өздерін ақида мәселесімен ғана шектелетін бейбіт те байсалды ағым етіп көрсетуге әрекет етуде. Яғни барлық шетін көзқарастар мен экстремистік идеяларды тәкфіршілікке аудару арқылы өздерін ақтап алудың жаңа әдістемесін жүзеге асыруда. Бірақ жоғарыда санамаланған шетін ұстанымдарды былай қойғанда, қазақ қоғамының мың жыл бойы орныққан ақидасына (сенім негіздеріне) ауыз салғысы келетін салафилік дәстүрлі қоғамға іріткі салатын алауызшыл ағым болып табылады. Мұндай ағым ешқашан бейбіт те, байсалды да бола алмайды.- Ал, тәкфіршілікке тыйым салудың соңы не болмақ?– Тәкфіршілікке тыйым салу талпынысы саяси ойындарға алдануға соқтырады. Мұндай тыйымның радикалды ағымдарды бөлшектеп болса да еңсере беруге ықпал етуі мүмкін, бірақ ол болашақта басқа шетін көзқарастағы ағымдарға, негізінен салафилікке тыйым салуға мүмкіндік қалдырмайды. Себебі барлық айыптар мен іріткі салушы көзқарастар тәкфіршілікке аударылғаннан кейін салафилікке сын айтуға негіз қалмайды. Тәкфіршілік – салафиліктің бел баласы. Баласын соттап, оны солай тәрбиелеген әкесінің емін-еркін басқа да лаңкестерді тәрбиелей беруіне жол беру, «қалыпты» салафилер бар деп білу – ішкі тұрақтылыққа нұқсан келтіру мақсатында жасалған арнайы жобаның астыртын идеологиясына илану болып табылады. Тәкфіршілікті салафиліктен бөліп алып, жеке-дара үкім шығаруға болмайды. Салафилік және онымен тамырлас тәкфіршілік, мадхалиттік, сурурилік, т.б. радикалды ағымдар бір өлшеммен қаралуы қажет.Осы орайда айта кету керек, салафиліктің жаңа бір әдістемелік көзқарасы – күні бүгінге дейін өздері мойындамай келген қазақ халқының ежелден мұсылман екенін тану (мойындау), соның негізінде исламнан тыс өмір сүрудің мүмкін еместігіне сендіре отырып, исламдық мемлекет формасын насихаттау болып отыр. Сонымен бір мезгілде исламның жергілікті өмір сүру формасын надандық ретінде танытатын идеяларды астыртын сіңіре отырып, дін тазасын салафилер әкелгендігіне деген сенімді орнықтыру жалғастырылуда. Бұл орайда олар «мұсылман қазақ, христиан қазақ болып қатар өмір сүру мүмкін болмайды, бұл міндетті түрде ішкі соғысқа, апатқа алып келеді» деген идеяны сіңіруге тырысады. Мұндай құбылыстың салдарын оң бағалау расында да мүмкін болып табылмайды, бірақ бұл идеяны олар қазақтың мұсылмандығын сақтау мүддесіне емес, көпдінділік апатымен үркіту арқылы исламдық мемлекет формасын идеалдандыруға пайдалануда.– Радикалды идеологияға қарсы күрес Қазақстанда белсенді түрде жүргізіліп келеді деуге негіз бар тәрізді. Дегенмен жеткілікті назар аударылмай келе жатқан тұстарымыз да бар болар?– Иә, елімізде діни радикализмнің алдын алудың дәстүрлі әдістері, соның ішінде тиісті органдар тарапынан ақпараттық-ағарту және бейтараптандыру шаралары өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Ал осы күрестегі ең маңызды тетіктердің бірі – дін және дәстүр сұхбаты мен оның жемісі болып табылатын рухани құндылықтар әлеуеті әзірге толық игерілген жоқ.Дін атын жамылған радикалды ағымдардың белсенді әрекеті салдарынан дәстүрлі қазақ қоғамын қалыптастырған рухани құндылықтар күйреуге ұшырап, ішкі тұрақтылыққа қауіп төнуде. Үздіксіз және астыртын, ең бастысы ел санасын оңай жаулайтын әдіспен – дін атын жамылып жүргізілгендіктен мұндай әрекеттер тұрғын халықты ай-күннің аманында иманынан жаңылдыратын аса қауіпті әрекеттер болып саналады. Осы типтегі ағымдар әдетте діни бірлестік ретінде тіркелмей идеология ретінде әрекет ететіндіктен оларға қарсы күрестің негізгі жолы да идеологиялық ағарту шаралары болып отыр.Радикалды ағымдар идеологиясының алдын алу жолдары олардың өз әдістемесіне сәйкес қалыптасуы қажет. Кез келген жаңа діни ағым қоғамдағы қалыптасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға жол ашады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Рухани ізденістердің дәстүрлі арнаға бағытталуы және ұлттық құндылықтар аясында дамуы қоғамның рухани жаңғыруына серпін береді. Ал оның радикалды идеологияға арбалуы тұлға болмысының құлдырауынан бастап, ішкі тұрақтылық пен мемлекет тұтастығының бұзылуына дейін алып келетін қауіпті салдарларға соқтырады. Сондықтан біз үшін уақыт сынынан өтіп, ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау – елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады. «Уды у қайтарады» ұстанымы бойынша, радикалды ағымдардың ауыз салатыны дәстүрлі құндылықтар болғандықтан, алдын алу жұмыстарының ең белсенді әрі ықпалдысы – дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болмақ.– «Не істеу керек?» деген дәстүрлі сұраққа толымды жауап берудің орайы осы тұста келіп тұрған тәрізді...– Бұл орайда біріншіден, ұлт бойындағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білудің маңызы зор. Ислам жайындағы үстірт түсініктерге, жат мәдениет ықпалына көзсіз еруге, радикалды идеологияның жетегінде кетуге қарсы тұра алатын бірден-бір күш – біздің қазақы мұсылмандығымыз. Біздің қоғам ең алдымен өзінің мың жылдық мұсылмандық тәжірибесін – халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған рухани құндылықтарын жаңғыртып, жандандырып, қоғам өміріне кеңінен енгізуі қажет. Жан тазалығына, ар тазалығына негізделген, сыртқы көріністегі емес, жүректегі иманды қасиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы радикалды идеологияға тосқауыл қоюға болады.Екіншіден, әрбір ұлттың дәстүрлі рухани құндылықтарының сан ғасырлық уақыт сынынан өтіп, дәстүрлі қоғамды қалыптастырғаны, оның рухани бағдарларын айқындап, идеологиялық тұтастандыру және қоғамдық реттеу қызметін атқарғаны белгілі. Жасампаз дәстүрлі құндылықтардың алдағы уақытта да қазақстандық қоғам тұрақтылығына тірек болып, оның өміршеңдігіне септесері сөзсіз. Дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғырту жалпы жұртшылықтың, әсіресе жастардың теріс пиғылды ағымдардан берік қорғалған, психологиялық өңдеуге берілмейтін, қорғаныс қабілеті мен қарсы тұру иммунитеті мықты болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды идеологиялық құрал болып табылатыны сөзсіз. Сонымен қатар бұл тек діни саланы реттеу қажеттілігіне ғана емес, жалпы қоғам өміріне бағдар болатын көнермейтін, мәңгілік адамгершілік-өнегелік құндылықтарды қайта сараптап, жұртшылыққа ұсыну, қолданысқа енгізу қажеттілігіне де қызмет етеді.Үшіншіден, кез келген тұлға дінді жеке-дара сенім күйінде емес, барша рухани құндылықтармен, тұлғалық ұстанымдармен, өмір сүру салтымен тұтастықта қабылдайды. Осы негізде діннің өмір сүру формасы болып табылатын дәстүрлі рухани құндылықтарды жаңғыртуды мектеп қабырғасынан бастап жүзеге асыру рухани деңгейі жоғары, зайырлы, зияткер (интеллектуал), толыққанды тұлғалардың қалыптасуына мүмкіндік береді. Мұндай аудитория ел халқының басым көпшілігін құрайтындықтан олар қоғамдық ойдың қозғаушы күші саналады. Олар берік идеологиялық шеп ретінде қалыптаса келе өздерімен салыстырғанда аз санды болып табылатын теріс пиғылды, радикалды идеологияны ұстанушыларды сіңіріп алатын негізгі басымдыққа айнала алады.Төртіншіден, діни кітаптарға канондық мәтін ретінде емес, рухани тәрбие көздері ретінде қарау қажет. Осы тұрғыдан оларды шығаруға мемлекеттің мүдделі болуы және үлес қосуы – ішкі саясат тұрғысынан болсын, зайырлылыққа тән рухани-моральдық қағидаттар тұрғысынан болсын – заңды құбылыс. Тұрғын халықта тұрақты діни сана қалыптасқанға дейінгі таяу онжылдықтарда бұл мәселені мүдделі емес мекемелердің немесе діни бірлестіктердің қолына беріп қоюға болмайды. Ұлт руханиятын қалпына келтіруді мемлекет қана жүзеге асыра алады.Бесіншіден, рухани тәрбие ошағы болып табылатын діни оқу орындарын дамытуды рухани тәрбиені сапалы негізге көшіру ретінде қарастырған жөн. Оларға мән бермеу және негізгі бақылауды мүдделі мемлекеттік орган назарынан тыс қалдыру – қолдағы үлкен күштен айрылу және сол күшті мүдделі тараптардың еркін пайдалануына, мүдделі емес тараптардың немқұрайды халге түсіруіне жол ашу болмақ. Дінге ықылас уақыт өткен сайын күшейе түспек – өйткені ол адам болмысында бар қажеттілік әрі қасиет. Осы ықыласты тиісті арнаға бұрудың пәрменді тетігі ретінде діни оқу орындарын пайдалану қажет. Олардың қызметін реттеу – мемлекеттің мүддесін бекіте түсу деген сөз.Алтыншыдан, дін мәселесін тіл мәселесінен бөлек қарастырмау керек. Тіл – мәдениеттің жемісі. Тіл жоғалса ұғымдар жоғалады, ұғымдармен бірге құндылықтар күйрейді, құндылықтармен қоса мәдениет жоғалады. Тілді тірілтсек, дәстүрлі рухани құндылықтарды тірілтеміз. Дәстүрлі құндылықтар ұлттық болмысты, ұлттық мінезді тірілтеді. Қазақ өз мінезіне оралса, ешқашан шетін діни көзқарастарға бой алдырмайды. Себебі қазақ – мәмілегер (толерантты) халық, оның болмысында шетін көзқарасқа бейімділік жоқ.Жетіншіден, қазақтың мәмілегерлігі – шарасыз көнбістік емес, парасатты мәмілегерлік; ғасырлар тәжірибесі негізінде қалыптасқан өмір сүру өнері, әдебі, мәдениеті. Мәмілегерлік келісімге қарай бір қадам артық жасаудан танылады. Бірақ мәмілегерлік – момындық та, төзімділік те емес. Ол – кеңдік (дүниетанымның, ой-өрістің, пайымдау қабілетінің кеңдігі), келісімпаздық, бейбітсүйгіштік, дархандық, жан жомарттығы секілді абзал қасиеттердің жиынтығы. Оның шегі «Ашылып келгенге алақан, жұмылып келгенге жұдырық» қағидатымен белгіленген. Біздің толеранттылық туралы идеямыз – тың идея емес, ұлт болмысына сіңіп, тамырланған өміршең идея. Бірақ толеранттылықты төзімділікпен шатастырып, жасампаз идеяны жаттың мүддесіне қызмет ететін жалған идеяға айналдырудан сақ болуымыз қажет.– Тобықтай түйініңіз?– Қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы ретінде дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың маңызы өлшеусіз. Дәстүрлі құндылықтарынан – рухани тамырынан қол үзбеген қазіргі қазақ қоғамының ішкі әлеуеті – біздің радикалды ағымдармен күрестегі негізгі күшіміз әрі үмітіміз.Сұхбаттасқан Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ, арнайы «Е-Islam.kz» үшін
Зайырлылық ұғымының қоғамдық мәні қандай? Зайырлылық пен діни құндылықтардың қатар аталу себебі неде? Сенім еркіндігіне шектеу қойылмайтын елімізде зайырлылықты өз пайдасына асырап отырған кей ұйымдарға қарсы нендей шаралар атқарылуда? Осы орайда мәселеден шығудың төте жолы ретінде қолға алынған дін мен дәстүр сабақтастығын айшықтайтын шаралардың радикалды топтардан ел азаматтарын арашалауда ықпалы қандай? Міне осы және өзге де сұрақтар төңірегінде өрбіген келелі әңгіменің көрігін  Дін істері агенттігінің төрағасы Марат Әзілханов қыздырмақ. Оқи отырыңыз...– Марат Алмасұлы, исі мұсылман жұртының мүбәрак мерекесі – Ораза айы құтты болсын! Әңгімемізді осы тақырыптан бастасақ. Біздің зайырлы мемлекетіміз үшін мұндай діни ғұрыптар мен мерекелердің маңызы қаншалық?– Әлбетте, маңызы ерекше. Себебі, зайырлы мемлекет «дін­сіз мемлекет» деген сөз емес. Зайырлы мемлекетте дін теріске шығарылмайды, керісінше, діни сенім бостандығы қамтамасыз етіледі. Әркімнің өз қалауына сәйкес діни сенімді ұстануға немесе ұстанбауға еркі бар.Біздің Қазақстан қоғамы руханилыққа ерекше жақын, ол халықтың дінге деген ықыласынан да көрінеді. Еліміздегі мемлекет құраушы қазақ халқының ата діні ислам екені баршаға белгілі. Мемлекет азаматтары болып табы­латын еліміздегі өзге ұлт өкіл­дерінің де басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Сондықтан халық үшін маңызды болған мереке мемлекет үшін де маңызды.Ораза айын исі мұсылман баласы асыға күтеді. Бес парыздың бірі – отыз күн оразасын ұстап, сенімін қуаттандырады, рухани нәр алады. Күн сайын ауыз­ашарда бас қосып, бата жасаған, тарауих намазын оқып, тілеуін бірге тілескен жамағаттың бірлігі бекиді, ынтымағы артады. Ислам – бірлік пен бейбітшіліктің діні, ал бірліктің бастауы – осындай мерекелер.– Осы тұста көптің көңілінде жүрген бір сұрақты қоюдың орайы келіп тұрғандай. Дін саласындағы мамандардың дінге жақындығы қаншалық? Агенттік қызметкерлері де ораза тұта ма?– Сұрағыңыздың астарын түсіндім. 2011 жылы діни қыз­мет саласындағы жаңа заң қабыл­данғанда 7-тармақтағы «мем­лекеттік мекемелерде діни рәсімдер мен жоралар атқарылмайды» деген ережені бірқатар азаматтар жаңсақ түсінгендіктен, «мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне дін ұстануға рұқсат етілмейді екен» деген мазмұнда түрліше қате пікірлер туындаған болатын. Бұл мәселені әлі де дұрыс түсінбей жүр­гендер үшін айқындай кете­йік, мемлекеттік қызметкер, ең алды­мен, мемлекеттің азаматы, қоғам­ның өкілі. Оның да адам ретінде, азамат ретінде діни сенім бос­тандығына құқығы бар. Сон­дықтан Дін істері агенттігі мамандарының арасында да өз қалауы мен сеніміне сәйкес ораза ұстап, намаз оқып жүргендері баршылық.Жалпы, дін саласында ру­ханиятқа бір табан жақын жандар­дың жүруі де жазылмаған заңдылық деуге болады. Бұл белгілі бір дәрежеде тиімді де, өйткені, дін мәселесін дінді сезіне отырып шешу анағұрлым дұрыс болмақ. Тек ең бастысы – сенім ерекшелігін қызмет барысына араластырмау, себебі, Агенттік мамандары – мемлекеттік дін саясатын жүзеге асырушылар, олар бірінші кезекте діни бірлестіктер мен дінге сенушілердің дінге көзқарасына қарамастан заң алдында теңдігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, әрине, діни құлшылықтарын, яғни намазды заңмен белгіленген орындарда қызмет барысына кедергі келтірмейтін жағдайда орындай алады.– «Қазақстан қоғамы руха­нилыққа ерекше жақын», деп атап өттіңіз. Осы орайда зайырлы мемлекеттегі руханилықтың орнын қалай бағалар едіңіз?– Баршамызға белгілі, Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан хал­қына Жолдауында ел бола­ша­ғының іргетасын қалаған бас­ты құндылықтар қатарында зайырлы қоғам және жоғары руханиятты атап көрсеткен болатын. Бұл аталған құндылықтардың ажырағысыз байланыста екенін қалтқысыз пайымдаудан туындаған тұжырым болып табылады.Ерекше назар аударатын жайт – жоғарыда айтылғандай, зайырлылық дегеніміз дінсіздік немесе дінді терістеушілік емес, ол – мемле­кеттің діни емес, құқықтық қағидат­тармен басқарылуы, мемлекеттің дінге деген ұстаны­мының демократиялық, құқықтық сипатта болуы және діни сенім бостандығының қамтамасыз етілуі.Зайырлылық түсінігінің ауқы­мы кең. Конституциялық негіз­дегі «зайырлы» ұғымы мемле­кеттің барлық салаларында, соның ішінде дін саласында да ашық, айқын саясат ұстанатынын, азамат­тардың ар-ұждан бостан­дығын қам­тамасыз ететінін, дін мен мем­­­лекеттік саясатты араластыр­­май­тынын білдіреді. Қазіргі заман­ғы зайырлылық, ең алдымен, гу­ма­нистік құндылықтарды, соның ішінде, адамның ар-ұждан және наным-сенім бостандығын еркін жүзеге асыруын қамтиды.Зайырлылық – әр адамның дүниетанымдық еркіндігін құптай отырып, рухани саладағы ой-сананың көптүрлілігін мойындау. Мемлекеттің зайырлы сипаты оның діннен ажыратылғанымен ғана емес, сонымен қатар, атеистік, секуляристік идеологияның немесе басқа да бір дүниетанымның басымдылығын мойындамайтынымен де сипатталады.Зайырлы мемлекетте діннің өзіндік орны бар. Дін мемлекеттен бөлінгенімен, қоғамнан, халықтың болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен бөлінбейді. Дін – ішкі саясаттағы және қоғам азаматтарының рухани өмірі мен мәдение­тіндегі аса маңызды факторлардың бірі. Зай­ыр­лы мемлекет, сонымен қатар, азаматтық қоғам­ның құрамдас элементі ретіндегі діни бірлестіктердің қызметін де реттеп отырады.Мемлекет пен қоғам үшін діни алауыздық пен тағатсыздықтың өршуі қаншалықты қауіпті болса, заңдардың, адам құқықтары мен бостандықтарының аяққа басылуы да соншалықты қауіп туғызады. Сондықтан, зайырлылық сұхбатқа, өзара ынтымақтастық пен түсіністікке негізделеді. Ал зайырлы мемлекет заңдылық пен құқықты негізге алады. Соның нәтижесінде біздің зайыр­лылы­ғымыз – мемлекеттілік пен ұлттық қауіпсіздіктің берік тұғырына айналып отыр.– Ал руханилықты, соның ішінде жоғары руханият ұғымын дінмен қаншалықты байланыстыруға болар еді?– Жоғары руханият ұғымының да дін саласына тікелей қатысы бар. Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз – исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, т.б. көптеген құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни, дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды.Аталған рухани құндылықтарды тарихи дәуірлерде халқымыздың бойындағы шығар­машылық қабі­лет, өнерпаздық, ізден­­гіштік қа­сиеттер толықтырды. Өнердің сан саласы – сөз өнері, саз өнері, қол өнері, сәулет өнері туған топырағымызда өркендей дамыды. Далалық дүниетанымның сан-ғасырлық сүзгісінен өтіп, мәңгілік құндылықтарға негізделген дана дәстүрлер қалыптасты. Ұлты­мыздың ұлы тұлғалары дүние­жүзілік ғылымға өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе, соңғы жүзжыл­дықтар қазақ ғылымы мен мәде­ниетін қарыштап дамытты. Ал тәуел­сіздіктен кейінгі кезең өрке­­ниетті дамуға даңғыл жол ашты. Бұл жетіс­тіктер ұлт дүниета­нымында орныққан рухани құн­дылықтар кешенімен сабақтасып, бүгінгі біздің жоғары руханиятымызды құрады.– Осы орайда, бір ритори­­­ка­лық сауал тіл ұшына оралып тұр. Қоғам тұрақтылы­ғын сақтау үшін зайырлы­лық­­­ты күшейту қажет пе, әлде дінді ме? Дін саласындағы ақпараттық-ағартушылық жұ­мыстар соның қайсысына жатады?– Қоғам құндылықтарды өзі сұрыптайды. Оның екі үдеріске бірдей сұранысы бар. Зайырлылық – біздің еліміздің жағдайында бірден-бір ыңғайлы, әмбебап әрі тарихи тұрғыдан қалыптасқан мемлекет сипаты болып табылады. Оның насихатталуы мен нығаюы қоғам тұрақтылығына сөзсіз игі әсер етеді.Зайырлылықты күшейту – дінді әлсірету деген сөз емес. Зай­ырлылық қанша күшейтілсе де, діни қызмет өз арнасымен жалғаса береді. Діни қызметпен санаспауға болмайды, жай ғана санасу емес, оның сапасы мен нәтижесін жіті назарға алып отырған жөн. Дін саласындағы қызмет бағыттарын күшейту – дінді күшейту емес, діни қызметті назарда ұстауды күшейту деп ұғынылғаны абзал.Дін дегеніміз тек сенім жүйесі емес, ол – өмір сүру мәнері, қарым-қатынас әдебі, моральдық нормалар жиынтығы, жақсы мен жаманды, адал мен арамды ажыратушы рухани қағидалар жүйесі. Сондықтан, дін мәселесі – рух мәселесі. Дінге руханият негізі ретінде қарап, оның жасампаз құндылықтарын, рухани әлеуетін басты назарға алған жөн. Діннің рухани әлеуетін мәңгілік идеяларға, зайырлылық идеяларына пайдалануға болады. Сол арқылы барлық жоғалтқанымызды түгендеп, мызғымас құндылықтар қалыптастыра аламыз. Дәстүрлі рухани құндылықтардың негізінде де дәл осы дінді руханиландыру үдерісі жатқанын ұмытпаған жөн…– Сөзіңіз аузыңызда, діннің жасампаз құндылықтары мен рухани әлеуеті туралы ойыңызды тарата айтсаңыз, оның оқырманға да ой салатыны анық.– Көзі ашық, көкірегі ояу оқыр­манның бәріне белгілі жайт – шынайы дін жасампаз құн­ды­лықтарымен танылады, тамыр жаяды. Исламдағы адамгершілік, өзара құрмет, татулық пен бірлік, адал еңбек, әділеттілік, теңдік, ақыл-парасат, ғылым-білім секілді қастерлі құнды­лықтар әлемдік діндердің барлығына ортақ. Адамзат қоғамын өркениетке жеткізген де осы құндылықтардың салтанат құруы болатын.Құндылықтар кешені бір-бірі­мен тығыз байланысты. Бір ғана мысалға жүгінейік. Дін құн­дылықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені, бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұрат­тарға жетелейді. Себебі, тыныш­тық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да, исламда: «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет – елге қызмет деп бағаланады.Осы жерде бір жайтқа ерекше тоқталған жөн. Исламдағы «ғибадат» ұғымы бес парызды орындаумен шектелмейді. Әрбір ізгі іс, жақсы сөз, дұрыс ниет, абзал дұға, көркем мінезді болу, ғылым-білім үйрену және үйрету, адал еңбек ету, елге пайдаңды тигізу, отанға қызмет ету, жамандықтан тыйылу, жақсылыққа жан салу – бәрі-бәрі ғибадаттың түрлерінен саналады. Діннің рухани әлеуеті мен шынайы мазмұны адамзат өміріне терең рухани мағына дарытатын, оны өркениет шыңына жетелейтін осындай кең өрісті дүниетанымнан бастау алады. Осыны дұрыс ескермей, діннің тек формалық жағына мән беріп, мазмұнын назардан тыс қалдыру – дін туралы ұғымды шектеу, дін институтының аясын тарылту, оның өміршеңдігін, икемділігін қолдан құлдырату болып шығады. Сондықтан діннің рухани құндылықтары мен әлеуетін дұрыс бағалап, жете насихаттасақ, қоғамның рухани деңгейі де көтеріледі, зайырлылығымыз да өміршең бола түседі.– Әңгімені соңғы кездері жиі көтеріле бастаған дін мен дәстүр бірлігі тақырыбына ойыстырсақ. Зайырлы мемлекет үшін бұл тақырып несі­мен маңызды?– Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Баршаға белгілі, ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кетті. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Сондықтан дін мен дәстүр бірлігі – өткеніміздің тарихы, болашағымыздың кепілі.Дәстүрлі құндылықтар – қазіргі зайырлы қоғамдардағы әлеуметтік-саяси қатынастарды реттеуші және ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырушы негізгі фактор­лардың бірі. Бұл факторға Қазақ­стан қоғамы ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық, соның ішінде, әсіресе, тарихи тағдыры өзіміз­бен ортақ ТМД елдері баса назар аударуда. Қазір кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ел тұтасты­ғын сақтау мақсатында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртудың қарқынды үдерісі жүруде.Осы орайда радикалды діни ағымдар идеологиясының ең жағымсыз ықпалы дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды ыдырату арқылы діни сананы өзгерту үдерісі болып отырғанын атап айту қажет. Өйткені, кез келген жат ағым қоғамда қалып­тасқан құндылықтарды күйрету арқылы өзін орнықтыруға ұмтылады. Ал бұл өз кезегінде дәстүрлі құндылықтармен бірге ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау елдің ішкі тұрақтылығы мен мемлекет іргесінің бүтіндігін қорғау болып табылады.– Демек, дәстүрлі құнды­лықтарды жаңғырту радикалды идеологияның алдын алуға септеседі деуге негіз бар ғой?– Әрине. Баршаға белгілі, елімізде діни радикализмнің алдын алудың дәстүрлі әдістері тиісті деңгейде қолданылуда. Ал осы күрестегі маңызды тетіктердің бірі – дін мен дәстүр үнқатысуы және оның жемісі болып табылатын рухани құндылықтар әлеуеті әзірге толық игерілген жоқ.Дәстүрлі құндылықтардың әлсіреп, рухани жұтаңданудың күшеюі, діни сауаттың төмендігі радикалды идеологияның таралуына түрткі болатын басты факторға айналуда. Басқа халықтарға тән дүниетанымды қазаққа таңу арқылы ұлттық дәстүрлерге деген көзқарасты өзгерту, оның даналық ғибраты мен даралық сипатын жоққа шығару, жат дүниетанымның көшірмесі етіп көрсету радикалды идеология өкілдерінің негізгі құралы болып отыр. Осындай әрекеттер арқылы ұлттың рухани-мәдени қорғаныс қабілетін әлсіретіп, қолдан жасалған құндылықтарды орнықтыруға талпыныс жасалуда.Радикалды ағымдардың бас­ты шабуылы дін мен дәстүр бірлігіне, сол бірліктен туындаған дәстүрлі рухани құндылықтарға бағытталып отыр. Сондықтан, радикалды идеологияның алдын алу жұмыстарының ең бел­сендісі әрі ықпалдысы дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту болмақ. Бұл орайда ұлт бойын­дағы жоғалмаған рухани әлеуетті пайдалана білу­дің маңызы зор. Жан тазалығына, ар таза­лығы­на негізделген, сыртқы көрініс­тегі емес, жүректегі иманды қа­сиет тұтқан ұлттық рухани құндылықтарымызға оралу, оларды кеңінен насихаттау арқылы радикалды идеологияның таралуына тосқауыл қоюға болады.– Соңғы кездері қоғамда «дәстүрлі ислам» ұғымы жиі қолданыла бастады. Базбіреулер бұл ұғымның дұрыстығына күмәнмен қарайды. Сіз қалай ойлайсыз?– Әрине, таза ұғымдық тұр­ғыдан алғанда, «дәстүрлі ислам» деген қолданыс тосындау естілуі мүмкін. «Ислам – бір ғана ислам, оның «дәстүрлі», «дәстүрлі емесі» бола ма?» деген сауалдар қойылып жатады.Бірақ бір нәрсені ескергеніміз жөн: ұғымды жасайтын, қолд­а­натын, оның мағынасын кеңейтетін немесе тарылтатын өзіміз. Әрбір қоғамның сұранысына орай жаңа ұғымдар туындап, бұрыннан бар ұғымдардың қолданыс аясы кеңеюі немесе тарылуы мүмкін. Мысалы, күні кешеге дейін «миссионер» деген ұғымды біздер тек батыстан келген христиан дінін таратушыларға ғана қолданып келдік. Ал қазір бұл ұғымның аясы кеңіді. Өйткені, дінді насихаттаушы, таратушы тұлғалардың қызмет ерекшелігінің ұқсастығына орай оларды бір атаумен біріктіру және соның аясында барлық құқықтары мен міндеткерліктерін белгілеу қажеттілігі туындады. Сондықтан қазір «миссионер» сөзі әмбебап әрі заңдық ұғымға айналып, оған қатысты заңнамалық құжаттар қалыптасты.Сол секілді «дәстүрлі ислам» ұғымы да бүгінгі қоғамның қажеттілігіне орай туын­даған қолданыс болып табылады. Ислам негіздеріне қатысты діни сенім барлық жерде бірдей болғанымен, діни таным исламды қабылдаған әрбір ұлттың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен ұштаса отырып, түрліше қалыптасады. Дін мен дәстүрдің кірігуі нәтижесінде исламның жергілікті өмір сүру формасы пайда болады. Ғалымдар оны «дәстүрлі қазақ мұсылмандығы», «қазақ мұсылмандық мәдениеті» секілді түрліше ұғымдармен атауда. Осы ерекшелікті нақты бір атаумен белгілеу үшін соңғы жылдары «дәс­түрлі ислам» деген жинақы әрі біртекті ұғым қолданысқа ене бас­тады. Яғни, бұл «дәстүрмен астаса отырып қалыптасқан, дәстүрлі арнада дамыған, шетін көзқарастарды қабылдамайтын шынайы ислам» деген ұғымды білдіреді.– Жауабыңыз өте ұғынықты шықты. Соңғы сауал: барша діндерге ортақ рухани аңсар-мұрат ретінде нені айтар едіңіз? Жалпы, ел болып еңсерер қандай қажетті қадамдар бар?– Адамзат қоғамы өзінің бүкіл даму бары­сында рухани кемелденуді мақсат тұтты. Сондықтан, «кемел адам» идеалы барлық қоғам­ға, барлық дінге тән. Өйткені, руха­ни тұр­ғыдан кемелденген адам дін тұрғысы­нан алсақ, күнәдан, заң тұрғысынан алсақ, қыл­мыстан аулақ болады, ол ең ізгі адамгер­ші­лік мұ­рат­тарды көздейді, адамзат қоғамы­ның ортақ игі­лігіне, жоғары руханиятқа қызмет етеді.Осы орайда мен діни бірлес­тіктерді барлық діндерге, ұлттарға, жалпы адамзатқа ортақ рухани құндылықтарды жан-жақты насихаттауға шақырар едім. Сонымен қатар, «Заманына қарай – амалы» демекші, әрбір уағыз-насихатты, ақыл-кеңесті бүгінгі қоғамның ерекшеліктерін, даму деңгейін ескере отырып жеткізу қажеттігін айрықша назарға алған жөн. «Дінде осылай, соны істе­месең болмайды» деген үзілді-кесілді тыйымдар бір жағынан пікір қайшылығына, көзқарастар қақтығысына итермелесе, екінші жағынан, діннен алыстатады. Бүгінгі қоғамның деңгейін, талабын, сұранысын еске­ріп, діннің формалық жағымен қатар, маз­­­мұндық жағына да баса мән беретін кез жетті.Отбасы институты тұрғысынан алғанда, өскелең буынның рухани тәрбиесі әйел-аналарға тәуел­ді. Дәстүрлі рухани құнды­лық­тарды қашанда ұрпақтан ұрпаққа әйел-аналар жеткізіп отырған. Сондықтан да, атамыз қазақ: «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле», деген ұлағатты сөз қалдырған. Бүгін де әйел-аналар тәрбие ісінің алдыңғы сапында. Әркім өз отбасының тәрбиесін түзеп, ғасырлар сынынан өткен ата дәстүрді, қастерлі құндылықтарды ұрпағына сіңіре білсе, бүкіл қоғамның тәрбиесі түзелмек.Ал бүгінгі жастар алдында айтары бар аға буын, берері мол қазыналы қарттары бар бақытты ұрпақ екенін сезініп, кешегі «елім» деп еңіреп өткен ұлт зиялылары қалдырған мол мұрадан тәлім ала білсе, рухани ізденістерінде ұлттық бағдардан жаңылмас еді.– Тобықтай түйініңіз.– Біз сеніммен айта алатын бір нәрсе бар – елімізде орныққан дінаралық татулық пен келісім – қазақ халқының дәстүрлі рухани құндылықтарын ұлықтауы мен мемлекеттің дін саласындағы салиқалы саясатының жемісі. Осы жетістікті тұғырландырып, мызғымастай берік етуді ұлы мақсатқа айналдыра білсек, өткеннің алдындағы қарызымыз бен келешек алдындағы парызымыз сол мақсатты жүзеге асыру арқылы орындалмақ.– Әңгімеңізге рахмет.Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан».
АСТАНА. 20 шілде. E-ISLAM.KZ - «Намазда оқылатын сүрелер мен айтылатын дұғаларды жаттау қиын» дейтін мұсылман бауырламыз аз емес-тін. Енді бұл «сылтаудың» жауабы дайын. Алматылық Алханбай Сатыбалдыұлы электронды жайнамаз ойлап тапты. Әлемде теңдесі жоқ жаңалықты құлағымыз шала, өнертапқышты іздеп, аз-кем тілдескен едік. Жаңа жайнамаз туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. – Алханбай Сатыбалдыұлы, алдымен өзіңіз ойлап тапқан электронды жайнамаздың артықшылықтары жөнінде айтып өтсеңіз...– Ең басты айтарым, әдеттегі жайнамаздардың ұзындығы көбінесе 110 сантиметр болады. Ал менің жайнамазым 140 сантиметрге лайықталған. Бұл жайнамаз арқылы намаздың үркіндерін шариғатқа сай толымды орындауға болады. Яғни, намазхан сәждеге жығылып, рукуғқа тұрғандағы барлық қимылын қалыптасқан үлгіге сай физиологиялық тұрғыда денсаулыққа да пайдалы етіп жасай алады. Арнаулы құрылғы орнатылған жайнамаздың көмегімен жаңадан намаз оқи бастаған намазхандар да құрылғыға ілесіп оқу арқылы намаз үркіндерін мұқият орындап үйренбек.Біз намаз оқып Алла тағаладан шексіз сауап аламыз, соған сай намаздың үркіндерін де толық, дұрыс орындай алсақ, теңдессіз шипаға қол жеткіземіз. Намаз оқығанда құран сүрелерін дұрыс оқу қаншалықты маңызды болса, намаздың үркіндерін де дұрыс орындау сондай маңызды. Тағы ескерерлігі, электронды жайнамаздар түгелдей әртүрлі бояуда, қазақы нақышпен безендірілген.– Бұл жаңалығыңыз тек қазақстандықтарға ғана арналған ба, әлде?..– Құран тілінің барлық мұсылманға ортақ екенін білеміз. Бұлш жайнамаздың да дүниежеүзіндегі өзін мұсылманмын деп есептейтін кез келген адамға қажет екендігі сөзсіз. Осы орайда, электронды жайнамаз мүмкіндігінше әлем мұсылмандарының назарына ілігіп, бір мақсат, бір ниетте болсақ, ұлттық үлгіде тігілген Қазақстан жайнамазы шартарапты шарласа, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. Өйткені, біз бұл арқылы намазда оқылатын сүрелерді дұрыс оқуға, намаздың үркіндерін дұрыс орындауға, тиісінше ұлттық ою-өрнектерімізді ұлықтауға да қол жеткізе аламыз.– Әрине, дұрыс-ақ. Дәстүрлі Ислам құндылықтарын заманауи технологиялардың көмегімен насихаттау – бүгінгі заман талабы. Десе де, жайнамаздың осы түрін ойлап табуыңызға не түрткі болды? Әдепкі де өнертапқыштардың дені физик, математик болып келеді. Ал сіздің мамандығыңыз қандай?– Құран сөздері, намаздағы аяттар, барлығы араб тілінде екенін, адамзатқа ортақ екенін айттық. Бірақ біз араб емеспіз ғой, сондықтан оны жаттау арамыздағы жасы егде бауырларымызға қиынға соғады. Мұны өзім мешітте көп болатындықтан замандастарымнан көп естимін. Осыдан кейін құран, намаз сөздерін үйренудің оңай жолын іздестіре бастадым. Негізгі мамандығым спорт саласына жақын. Алайда, қазір ғылыми техниканың қарыштап дамыған заманы. Нақты идеяңыз болса, оны жүзеге асырудың түрлі жолдарын табуға болады. Мәселен, көлікке қажетті бір бөлшекті жасату үшін токорьға барамыз ғой, ол бөлшекті айнытпай жасап береді. Бұл да сол сияқты, интернет арқылы жолдарын іздестіріп, оларды жүзеге асырдым. – Жаңа жайнамаздың бағасы қандай және нарыққа қаншасын шығардыңыздар?– Бүгінде электронды жайнамаздың он үш мыңнан аса данасын саудаға қойдық. Бағасы да қолжетімді, 4500 теңгемен пұлдануда. Он данадан артық алған намазхандарға 4000 теңгемен ұсынып отырмыз. – Мұндай жайнамаз әлі ешбір елде жоқ көрінеді...– Әзірге бұл жайнамаздың жер бетінде баламасы жоқ. Бұлай дейтінім, мен өз жайнамазымды саудаға шығарғаннан кейін, нарықтағы басқа да жайнамаздарды саралап көрдім. Ағылшын тілінде электронды бір жайнамазды кездестірдім, бірақ оның өзінің мүмкіндіктері менікінің жиырма пайызын ғана қамтиды. Және жинап алып жолға шығуға, қолдануға қолайсыздығы тағы бар. Электронды жайнамазды жеткілікті қаражат болса, бұдан да жақсы қылып жасауға болар еді. Ал маған айналамдағы ағайындар ғана Алланың разылығы үшін қол ұшын созды. Еліміздегі белгілі қалталы азаматтарға телефон шалып, осындай жаңалығымның бар екенін айтқанмын. Мұның жоғары деңгейде шығып, мұсылмандарға кең, қолжетімді бағамен таралуы үшін қаржы қажет екенін жеткізгенмін. Алайда, әзірге ешкімнен көмек көргенім жоқ. Барымызбен жасап шығарғанымыз осы болды. Егер мұсылман бауырларымыз әлі де болса септессе, жайнамаздың бағасын бұдан да төмендетіп, сапасын арттыра түсуге болады. – Әңгімеңізге рахмет! Алла жаңалығыңыздың игілігін көруге жазсын!Сұхбатты жүргізген – Асхат Райқұл
ҚЫЗЫЛОРДА. 18 шілде. E-ISLAM.KZ - Құрылғанына жыл тола қоймаса да, Қызылорда облысы Дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығы талай шаруа тындырып үлгерді. Халықтың әртүрлі топтарымен кездесіп, дәстүрлі емес және деструктивті діни ұйымдардың қоғамға зияны туралы айтумен келеді. Қала және аудан әкімдіктері жанындағы терроризмге қарсы комиссия аппаратының мүшелеріне тоқсан сайын семинар өтіп тұрады. «Жыл басынан бері облыс орталығында жүзден астам шара ұйымдастырылып, оларға 5 мыңнан астам адам қатысты. Біз осылайша дәстүрлі рухани-діни құндылықтарды насихаттауға тырысамыз», - дейді орталық директоры, дінтанушы Тұрар Әбуов.     - Қасиетті Рамазан айы құтты болсын, аға! Біреулер «ораза ұстаған адам намаз оқу керек» деп жатады. Осы дұрыс па өзі?     - Кейбір көзқарастар бойынша ораза жеке діни парыз болғандықтан намаз оқымағандардың оразасы есептеледі. Бірақ намазды тәрк еткендері үшін өздері жауап береді. Қазір намаз оқып жүргендердің көбі құлшылықты оразадан бастаған. Сонымен бірге ораза ұстаған адамның амалы оны ұстауға шамасы келе тұрып, қасақана ауыз ашып жүргеннен абзалырақ. Алайда ол келешекте намаз оқуға ниет етіп, оны тезірек меңгеріп алғаны жөн.     - Қоғамда титімдей жақсылығын айтып, дабыра қылатындар көп. Рамазан айында кейбіреулердің тіпті ауызашар жасағанына дейін «жарнама». Қазақ «істеген жақсылығыңды судағы балық білсін» деуші...     - Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген хадистерде ауызашар беруге қызықтырып, ауыз аштырған адамға ораза ұстағанның сауабындай сауап жазылатынын уәде еткен. Ал ауызашар бергенін «жарнамалау» мәселесі адамның ниеті, көздеген мақсатымен байланысты. Бір адамның жасаған ауызашары басқаларға да түрткі болуы мүмкін. Исламда жақсылық жасауда жарысу деген ұғым бар. Сондықтан ауыз аштырушының ниеті түзу болып, оны Алла ризалығы үшін жасаса, нұр үстіне нұр. Ал мақтану үшін ауыз аштырса, онда күнә екені айтпаса да түсінікті.     - Талас-тартысқа толы хиджаб тақырыбына қандай пәтуа айтуға болады? Қысқа шалбар киіп, шоқша сақал қойғандардан да қорқатын болдық қой қазір. Олардың көксегені не?     - Мұсылман әйелдер әуретін жабатын кең киім киюге міндетті. Алланың парызы болғандықтан, бұл – талқыланбайтын мәселе. Сонымен бірге әйелдердің де бетін жауып, тұмшаланып, Араб еліне немесе Пәкістанға еліктеуі де дұрыс емес. Дұрысы ұлттық үлгіде, шариғат талаптарына сәйкес киінуі. Өкінішке орай кейбір бауырларымыз жан дүниесі, жүрек тазалығынан гөрі сыртқы көрініске көбірек мән береді. Нәтижесінде әдеп, ахлақ сынды рухани қасиеттері кенжелеп қалады. Онсыз да дінді түсіне алмай жүргендерге діндарларымыздың кейбір «қылықтары» кәдімгідей салмақ түсіреді. Қорқыныш та, түсінбеушілік те осы себептен болса керек. Қысқа белдемше киген қыздардың барлығы жеңіл жүрісті деп айта алмаймыз ғой. Сол сияқты орамал таққанның барлығын өзге ағымның мүшесі деп айту тағы әбестік.    - Сіз басқаратын орталық мамандары Шәкәрім айтқан «шатақ діндердің» елге зияны туралы бір кісідей-ақ айтып келеді. Олар төрімізге озғалы қашан бірақ. Исламның өзі қырық бөлінді. Ақ пен қараны қалай ажыратамыз сонда?      - Өкінішке орай тәуелсіздігіміздің алғашқы жиырма жылында жат ағымдардың елімізге дендеп еніп, таралуына жағдай жасап, оларды қолдамасақ та, жұмыс істеп, күшеюіне кедергі бола алмадық. Мұның көптеген себептері бар. Дегенмен, дін істері агенттігі құрылғалы бері діни ахуал біршама түзеліп қалды. Атқарылған жұмыстар аз емес. Ал ақ пен қараны, шындық пен жалғанды ажырату үшін елімізде дәстүрлі дінімізді насихаттаушы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бағытын негізге алу керек. Бұл талас-тартыстың алдын алу және ауызбіршіліктің кепілі деп үміт етеміз.     - Дін қызметкерлерінің шет елдерде оқуына қалай қарайсыз? Қанша дегенмен, әр елдің салты басқа ғой...     - Бабаларымыз қанша діндар болса да, күрделі білімдерді сырттан, нақтырақ айтсақ, Бұқара, Хиуа жақтардан алып қайтатын. Діни мәртебеге ие болу үшін оқуды Бұқарада тәмамдау керек еді. Бұқарада оқу бітірген ахун, ишандарымыздың елге әсері де, ықпалы да өте жоғары болатын. Шет елде білім алудың адам дүниетанымының қалыптасуына көптеген пайдасы бар болса да, қазіргі таңда шет елге барып, діни білім алу тәртібі реттелмегендіктен, кейбір жастарымыздың пайдасынан зияны көбірек болды. Ал басқа жағынан алып қарасақ, мүфтиятта отырғандардың көбі, мүфтиден бастап шет елде оқып келген. Басқа мемлекетте оқу мәселе емес. Мәселе – кімнің оқығанында. Сондықтан мектепті енді бітіріп, ұлттық дүниетанымы қалыптаспаған жастарымызды оқуға жіберу сау басымызға сақина тілеумен бірдей. Олардың қайтып келуі, келген жағдайда елге сіңісуі екіталай. Демек, шет елде оқитындардың елімізде діни білімді меңгерген, отаншыл, қазаққа жанашыр жастар болғаны жөн.     - Әлемдік сарапшылар ислам іліміне реформа керектігін айтып жүр. Бұған не дейсіз?     - Шынымды айтсам, қай реформаны меңзеп отырғаныңызды түсібедім. Бірақ елдің реформадан шаршағаны жасырын емес. Ислам діні – қиямет-қайымға дейін барлық елдерді мекендеген ұлттарға барлық уақытта ұстауға жарамды дін. Реформа жаңалық енгізу, бір нәрсені өзгерту емес пе?! Егер дін Құран мен сүннетке негізделіп, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі жолмен насихатталса, ешқандай реформаның қажеті жоқ. Елдің дәстүрлі дініне қайтуын реформа деп айтпайды. Әлемді жаулаған исламофобия да осындай «реформалардың» сәтсіз жемісі болса керек.    - Имамдардың діни сауаттылығына дауымыз жоқ. Ал интернетті меңгеру, көшке ілесу деңгейі қалай?     - Имам жамағатының көш басшысы болу керек. Жамағатқа сөзі өтетін, ықпалы мен беделі бар тұлға болу керек. Одан бұрын тақуалығы мен діндарлығы болса, өз ісіне зор жауапкершілікпен қарары сөзсіз. Әрі діни білімінен бөлек психология, педагогика және басқа да салаларды меңгергені абзал. Сол кезде ол адамдардың рухани басшысына айналып, олардың түзелуіне, жақсаруына себепші бола алады. Бұлай болмаған жағдайда діни рәсімдерден нәпақасын тауып отырған қатардағы молда болып жүре береді.    - Тұшымды ойларыңызға алғыс айтамын.      Сұхбаттасқан Назерке САНИЯЗОВА
АСТАНА. 14 шілде. E-ISLAM.KZ - Өткенін білмеген, бүгінін бағамдамаған болашақтың парқын біле ме? Елбасы нақтылағандай, біздің арғы бергі тарихымызда ұялатын тұсымыз жоқ! Қазыналы дәстүріміз, бағаналы ғұрпымыз өнегелі, өрелі ұлттың өкілінен екенімізді айғақтайды. Осы ретте дін тақырыбында толғамды ой айтып жүрген журналист Тоғанбай қажы Құлманұлы мен тілшіміз Назира Сайлауқызының арасында өрбіген салиқалы  сұқбатты ұсынып отырмыз. Өткенінен сабақ алып, бүгінінен берекет іздеп, болашаққа бет алған санасында сәулесі бар жандардың жүрегіне қозғау салар деген ойымыз бар... Оқи отырыңыз...–Ата-бабамыздың асыл арманының асқары болған Тәуелсіздік – бүгінде еліміздің тірегі. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген текті бабалардың өсиеті саналы жандарды, зиялы қауымды толымды ой, елдік ортақ идея төңірегіне топтастыра түсті. Зиялы қауым өкілдері жастарға үлгі боларлық бабалар өмірін насихаттауда белсенділік танытуда. Ондағы мақсат – өткеннің тәлімі болашаққа ұмтылыстың негізін қалайтынын түсіндіру емес пе?–Дұрыс айтасыз. Сан жылдар бойы санаға сіңіп, қанымызда қалыптасқан елдік мақсат-мұра бүгінгі – «Мәңгілік ел» идеясының өзегі болып отыр. Ол тарих тағлымын, бабалар арман-мүддесін бүгінмен шебер қабыстырған идеясымен, оң бағыт ұстанған өрелі шешімімен қымбат. Атам заманнан бергі дәстүріміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қайта түлеп, жаңғыруы, дініміз бен тіліміздің өркендеуіне кең жол ашылуы  – Елбасымыздың барша қазақстандықтарды ортақ игі іске жұмылдырып, елдік кемел істерді жүзеге асыруға бастаған кешенді бағдарламасы. Зерделеп қараңызшы, «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» құжаты әлемдегі ең  дамыған 30 елдің қатарына ену жолдарындағы бағыт-бағдарымызды айқындап берді. Ғылым мен білімге зор көңіл бөлінуде, білмекке құлшынған жастарға қамқорлық жалғаса береді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) үмбетіне рухани құндылықтарды байытуға, адамдар арасында мейірімділікті жаюға, саналы ғұмырын ізгілікке арнауды өсиет еткеніндей, Елбасымыздың әр игі бастамасы имандылық пен ізгілікке толы. Ол сонысымен де құнды, сонысымен де халықтық сипатқа ие.  –Дүниежүзілік ғылым мен мәдениетте көрнекті із қалдырған ортағасырлық ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «нағыз поэзия еркіндікте ғана туады» деген тұжырымы – қазіргі әлем әдебиетінің ұранына айналды. Өкініштісі, сол бабамызды жастар әлі танып-білуде кенжелеп жатқан сыңайлы. Оның басты себебі неде? –Сауалыңыздың астары тым тереңде екенін ұқтым. Мұнда ескеретін үш жай бар сияқты. Назар аударып көрейік.Біріншіден: Әл-Фараби бабамыздың ірі тұлға болып қалыптасуына басты себеп: оның  шыққан тегінің мықты болуы. Нақтылай түссек, ол асыл текті – Қазақ ұрпағы! Оның өскен-өнген ортасы, қазақ жері киелі, қасиетті.  Қандағы тектілік тексізге тән жат қылықтан – тәрбиесіздіктен, имансыздықтан білімсіздіктен, мәдениетсіздіктен, әдепсіздіктен, парықсыздықтан бойын аулақ салады. Қазақ неге «Іріген ауыздан – шіріген сөз шығады» дейді? Демек, «Жаны саудың – тәні сау». Сол себепті Әл-Фараби бабамыз келешек ұрпаққа қатысты ойын: «Әуелі балаға тәрбие беру керек, содан кейін ғана білім беру қажет» деп түйіндеген. Осында мол ғибраттық мағына бар. Одан арғы тірлік өзіміздің қаншалықты сауатты, салауатты, тәрбиелі, саналы болуымызға тікелей байланысты. ІХ-Х ғасырда Ислам тағлымы менен қазақтың салт-дәстүрінің шебер ұштауы елімізге рухани шамшырақ болып, ерекше нұрланғанына тарихтың өзі куә.Екіншіден, Әл-Фараби бабамыздың «нағыз поэзия еркіндікте ғана туады» деген тұжырымы – елдің, халықтың тәуелсіздігі екені айдан анық. Мұның өміршеңдік сипаты осы. Осыны лайықты бағалай алмау – қасірет. Сондықтан саналы қазақ қауымы білімге ұмтылуда. Елдің абройын асқақтату мақсатында ұзақ мерзімдік жоспарлар іске асырылуда. Фараби поэтикалық туындылардың алты түрі бар екенін айта келіп, олардың үшеуін – «мақтауға тұрарлық, қалған үшеуін құптауға жатпайтын түр» деп бөледі. Алғашқысына парасатты болуды, санада биік идеалдар қалыптастыруды, адамның рухани сапалық қасиеттерін жақсартуды, қабілет-қасиеттерді ізгі іске бағыттауды жатқызады...Осы жерде ойға оралатын мәселе, қайырлы істі қайырсыз әрекетке балап, өңін теріс айналдыру деген сұрқия саясат өнер адамына, ірі тұлғаларға ұдайы кедергі-қырсығын тигізіп отыратыны. Әл-Фарабидің да әлі күнге жарқырап ашылмай жатқан бір қыры – күйшілік өнері. Ол туралы қыпшақ даласы да, шығармашылық ізі қалған араб елі де аңыз етеді. «Музыканың ұлы кітабын» жазған ғалымның бұл қасиеті табиғатынан жұғысқан, туған жер топырағының қасиеті қанында бары рас. Мұны ұлы ғалым Әлкей Марғұлан: «VІІ–Х ғасырларда оғыз-қыпшақ  дәуірі әдебиет, музыка (күй) ... өркендеген бір сәулетті кезі болса, Қорқыт, Әл-Фараби сияқты генийлер – соларды жасаушылардың ұлы басы» деп нақтылай түседі. Ұлы бабалардың қай-қайсысының да ғылыми еңбектері ислам дінімен қабыса өрілетіні, «Әл-Фараби, Абай үштіктерінің» сырлары жайлы бұрын да жазған едім. Сондықтан оған тоқталмай-ақ қояйын.  Атап кетерім, бұрынғы өткен бабалар еңбегіне енжарлық, салқын қандылық, жат бауырлыққа тәрбиелеген «жат ағымдардың» ықпалы екені анық.  –Ондай әрекеттерден жастарды арашалаудың жолы қайсы?–Ол үшін өткен тарихымызбен, бабалардың еңбегімен, ұлылардың өсиет-арманымен жастарды жақынырақ қауыштыруға мол күш салу қажет. Осы жерде ойға оралатын бір жай, кейбір жастарымыз, тіпті ересектеріміз де ана тілімізді білмейтінін желеу етіп, пәлсапалық ойлардың түсінікке ауырлығын алға тартады. Демек, тарихи деректердің шешуі күрделілігінен бой сақтайды. Сөйтіп, қазақ  дүниетанымынан тайсақтай береді. Одан да екі-үш ауыз жеңіл тіл қатысатын «шала-қазақ тірлігін» қолайлы көреді. Әйтседе, одан шығар оңай жол бар. Әр ел, аймақ та, өз еліне танымал тұлғалар бары мәлім. Соларды жинастырып, қағазға қаттап, кітапқа басып, елдік жүйеге келтіру қажет. Сонда «ру»-ды танудан «қашпайтын», «рушылдықтан» бой тартатын қалыпты жағдайға ораламыз. Қазақ тарихына, болмысына, дүниетанымына жүйелі түрде қарауға қалыптасатын боламыз. Сөйтіп, жік-жікке бөлінуге емес, қоғамдасуға бейімделіп, елдік қалпымыз сақтайтын боламыз. Бұл бір жағынан «өлкетану», «аймақтану» ісіне қосқан үлесіміз болады. Әр өлкенің өз тарихи ерекшелігі, қалыптасу кезеңі болғанына көз жеткіземіз. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылғы желтоқсандағы  Қазақстан халқына Жолдауындағы: «Ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі. Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі. Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді», – деген ұлағатты сөзінің кімге де болса үлкен ой саларына күманданбаймын. –Дегенмен, көпшіліктің «рушылдықты» дерт деп мойындайтыны бар ғой...–Ондай сөздерді айтатындардың әр қайсысының өзіндік ұстанған «саяси астары» бар. Мәнісі: жершілдік, рушылдықты «өзінің бас пайдасына» жаратпақ болса, әркім өзін бай-манаптың ұрпағы етіп көрсетіп, өзгені кемсітуге талпынса, ол – қоғамның қауіпті дерті екені рас. Өйткені оның бәз біреулерге «шенеунік жағалап» лауазымдық қызметке көтерілуіне жәрдемдесетін де шығар... Бірақ, адал ниеттегі елдік тарихымызды, ілгері де өткен тұлғалы азаматтарымыздың өнеге-өсиетін, үкілеген үмітін «әлдекімдер үшін» тарих  сахнасынан алып тастау – күнә.Өйткені, әлі күнге мемлекеттік тілімізге мұрынын шүйіре қарағысы келетіндердің, мұсылман ғалымдарының көптеген жаңалықтарды көне дәуірлерде-ақ ашуға ат салысқанына күмәнмен қарайтыны басымдыққа ие екені ойландырмай қоймайды. Олар К.В.Бодлейдің: «Қазіргі батыс мәдениеті ренессансқа, ренессанс өз кезегінде исламға қарыздар» деген ұлағатты сөзінің байыбына бара бермейтін сыңайлы. Мәселен Батыста орын тепкен Андалусия (қазіргі Испания)  ол кезде мұсылмандардың қолында еді. Басқасын айтпағанда  Андалусияның Кордова қаласының кітапханасында алты жүз мыңға жуық кітап болыпты. Салыстырмалы түрде айтсақ, ХІ ғасырда батыстың ең бай деген Сенегалдағы кітапханасындағы кітап бар 400-дей ғана екен. Бертінде ара салмақтың алшақтауына тарихи түрлі себептер әсер етті. Отырардың бай кітапханасының өртелуі, білім орталығы болған Бағдаттағы кітапханалардың жойылуы, ғылым мен өнердің мақтанышы – Андалусияның мұсылмандар уысынан шығуы, Осман империясының күйреуі – рухани мәдениетке орасан зор қасірет әкелді. Бір ғана Гырнатаны қолға түсірген уақытта қаладағы мұсылмандардың сексен мыңға жуық кітабы өртелді. Кітапханалардағы құнды қағаздар, қолжазбалар, т.б., рухани құндылықтарды талан-таражға салып, елдеріне тасып әкетті...Сол еңбектерді жазған кімдер еді, олар тегін адам ба еді, олар кімнен кем? Оларды сынауға, кемсітуге кім пәрмен бере алады? Сол себепті өткенге құрметпен қарауға дағдылану қажет.–Сіздің негізгі мамандығыңыз–журналист. Не себепті дін тақырыбында мақалалар жазып, діни кітаптарға ықылас білдіріп, діндар саналған жандарға айрықша көңіл бөліп деректерін жинастырдыңыз? Жақында, ( «Ертағы, Кертағыны жайлаған жұрт», биыл «Ұлы даладағы Кішітаудың қырандары» деген көлемді зерттеу-кітап жазып аяқтадыңыз. Мұнда да тіл, діл, дін мәселесін қатар өрбітіпсіз. Бірнеше тақырыпты қатар өрбітуге неге талпыныс жасадыңыз? Әр қайсысын жеке алып қарастыру тиімді, әрі жеңіл емес пе?–Дұрыс айтасыз, ел-жер, өткеннің сан тарау тарихын сөз еткенде бірқатар ғалымдар «ізімен» тек тіл, діл, дін мәселесін жеке алып қарастыру тиімді, әрі жеңіл болар ма еді, кім білсін? Бірақ, осы елдік мәселеде жігі айырылмайтын үш егіз ұғымды бөлшектеп тастау ақылға қонымды ма? Біз көбіне осындай көзқараспен көп істе ақсап жататын сыңайлымыз. Қараңыз, қазіргі заман талабына сай «тар шеңбердегі мамандық» деген ұғым бар. Ол белгілі бір мамандыққа ғана бейімделіп, қалыптасады. Мысалы: тек қана көз, құлақ дәрігері, т.с.с. алайық. Әлдеқалай опатқа ұшыраған жағдайда, сізге жолыққан дәрігер: «Кешіріңіз, сіздің дертіңіз жол апатынан болған бас, аяқ сынығы. Құлағыңыз аман екен.... Мамандар келгенше күтерсіз. Мен сізге қайырым жасамаймын десе... қайтпексіз? Қансырап өлесіз бе?.. Сол сияқты қазақи ойлайтын, бүйрегі бұратын, жетік білетін иманжүзді кәсіби тарихшы жетіспейтіні шындық қой. Сонда тарихшылардың жаңа буынын қалыптастырғанға шейін қаңтарулы тұрмақпыз ба? Дін мәселесінде де дәп солай ғой. Егер уақытты өткізіп алып, дінді де саясиландырып алсақ не болмақпыз? Онсыз да біз Кеңес кезеңінде («Кеңес дәуірі» деген сөзге келісе қоймаймын») дін мен тілді алшақтатып тасталдық. Нәтижесінде халық қалай зардап шеккені мәлім. Тәуелсіздіктің алғашқы кезіндегі жат дінділер тұралатып кеткен олқылықтарды қалпына келтірудің де оңайға түспегені өзіндік мәселе. Шынтуайтқа келгенде, байтақ далада ғұмыр кешкен бабаларымыздың жұбанышы да, сенім-нанымы да ұлттық осы үш ұғым негізінде қалыптасқанын ұмытуға бола ма? Діндарлар мен ақындар жыры, әңгіме, аңыз-күйлері тұтас халықтың жүрек жұбанышы емес пе еді? Ендеше, тыныс-тірлік деген тіркестің «тынысын» алып тастасақ, тірлігі қалай болмақ?Мәселен, қазіргі Ұлытау мен Кішітаудың арғы атаулары «Ертағы, Кертағы болыпты. Содан бері қаншама тірлік ауысты. Небір ұлылардың өсиеті, Әл-Фарабидің табан ізі қалды емес пе? Сондықтан дін мәселесін, діндарларды, қажыларды жырлаған Қожабай ақынды, елінің зар-мұңын күйге «Ақсақ құланға» өзек еткен Кетбұға абызды, елі үшін дертке шипа іздеген Бибісара мен әкесі Ахмет ишанды жастар танып-біліп құрметтесе, несі мін? Осыны қоғамның қозғаушы күшінің бірі кәсіби журналист ретінде ат салыспай шет қалуым лайық болар ма еді? Мен діндар ортада қалыптастым. Иманда болу менің де болмысым, сол себепті мен өзгенің ауласына кіріп кеттім деп санамаймын. Жақында маған бір жас жігіт «мен дінтанушымын, ал дінге араласатын сен кімсің?» деді. Осы сауатты сауал ма? Ол сірә, дінді өзінің «жеке фирмасы көретін» сыңайлы. Дін – ғылым, көптің – ортақ қазынасы. Мен – иншалла мұсылманмын!.. –Кетбұғы – танымал тұлға ғой. Оған арнайы оралуыңыздың себебі не? –Орынды сауал. Кетбұғы төңірегінде даулы мәселе өте көп, аса күрделі тұлға. Оның туған жері, өскен ортасы, ұстанған діні, шығармашылығы, бәрі-бәрі жұмбақ. Бір өзінде бірнеше лақап ат бар. Ара-жігін тарқату аса қиын. Мен өскен орта – сол Кетбұғы өмір сүрген жер, бабамның табаны тиген топырақта дүниеге келгенмін. Қумола өзені – менің кіндік қаным тамған жер. Ол – тарихи орын. Жошыхан баласы  сол жерде ақсақ құланнан ажал құшты. Аңызды айтылатын «Жалғыз шынышық» жерленген биік саң да сол Қумола өзенінің ұшар басында. Кетбұғының дінін «жат» деп қарастыру ел арасына іріткі тудыратын қате пікір болғандықтан, шындыққа жүгінуге, бірқатар ғалымдар еңбегін саралап, көптеген ғылыми деректерді талдауға күш салынды. Еліне қызмет еткен қайраткерге «күйе жағудың» қиянат екеніне көз жеткізу – ел азаматарының парызы, соны қайталап еске салдым. Қазақ халқы – мың жыл бойы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) салған жолмен жүріп келе жатқан мұсылман. Ұлтымыздың ұлы діндар-ғұламалары қалдырған ата дініміз – ислам. Дәстүріміз бен дүниетанымымыз Исламмен тамырласып кетті. Кетбұға бабам да сол ұлы дүбір ортасында елі үшін басын қатерге тіккен ұлы тұлға. Сондықтан оны, туған жерім, өскен елімді зерттеп-зерделеуге менің де, әркімнің де құқығы бар. Тек қана оны «жат ниеттілердің» қаралап­күйе жағуына құқы жоқ. Кім болса да, осыбір қарапайым қағиданы жадына түйе жүрсе болғаны. Бір анық нәрсе, мемлекет тағдыры – баршамыздың және әр қайсысымыздың тағдырымыз. Оған бейқам, немкетті қарауға болмайды..–Сіздің кітап кейіпкерлеріңіз несімен ерекшеленеді?–Халықшылдығымен, өз елін жан-тәнімен сүйген өршілдігімен ерекшеленеді. Қарабайыр бір ғана мысал: сонау Жоңғар шапқыншылығы жылдарында Құттымбет батыр қапияда қолға түсіп қалады. Сонда анталаған жау тірідей кеудесін қанжармен кесіп, жүрегін жұлып алғанда «екі тал қыл» шығыпты. Құтан әулие, Құттымбет батыр елін әскери өнерге баулып, елін қорғауға, жастарды білім-ғылым үйренуге шақырыпты. Досдәуірқожа, Қожабай ақын қажылардың имандылық жолындағы өнегесін паш етіпті. Қаперіңізде жүрсін, Айша анамыздан (р.а.) жеткен бір риуаятта сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) науқасқа дұға жасағанда: «Алланың атымен. Жеріміздің топырағы, аузымыздың суы. Ауруымыз Раббымыз қалауымен жазылсын», – деп, саусағын сілекейімен ылғалдап, туған жердің топырағына тигізіп, науқастың ауырған тұсына басыпты. Демек, «туған жерге деген махаббат – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті». Әр иманды жанның қасиетті борышы – Отанын сүю, қастерлеу, қызғыштай қорғау! Отаныңды, жеріңді қорғай алмайтын болсаң, жерің азады, елдңғ берекесі қашады.  Өткен ғасырдың басында Қумола өзені маңайын алып зауыттың газ-құмы басып, шоршыған балығынан айрылып, аққу-қазынан ажырап қалады. Сол экологиялық апатты одан бір ғасырға таяу уақыт бұрын Қашарбай әулие болжаған-ды. Үзінді келтірейік.Көде де көде, көде екен,Көрерің көде көп екен.Көкорай шалғын қуарып,Өзеннің суы суалып, Соры шығатын күн екен.Балығы шоршыған өзенім,Қаңсығалы тұр екен.Қарасуды құм басып, Жаншығалы тұр екен.Қаңырап далам бос қалып,Ел қашқалы тұр екен.Қаптаған қалың киігің,Бел асқалы тұр екен.Төбеңнен түскен жай оғыЖайратқалы тұр екен.Сөйтіп, бір зауал замандыОрнатқалы тұр екен, – дегенін «әшейін, айтыла салған сөз болар» деп әркім өз-өзін жұбатса керек! Бірақ, олай болмады.  Қумола өзеніне жіберілген улы газ өзен арнасын қаңсытқаны шындық. Беткейінде жыртылып айырылатын қисапсыз аң-құстарының, киіктердің жер ауып, жайылымдар жойылып, мал өрісі тарылғаны, жалпақ елдің жан бағар жай таппай  Жезқазған бағытына жөңкілгені анық. Төбеден зымыранның бөлшектері жауғаны ақиқат. Тіпті, «Протон» зымырағышы құлап, апат төндіргені де рас. Ендігі қалғаны сол шындықты мойындау ғана! Өкінішке орай, сол балардың есімі көпшілік жадынан шыға бастап еді. Бірақ, шүкір, тәуелсіздік таңы атты... Ел тағдырын танып-білмеу – жастарға қасірет болар... Оларға дер кезінде ұғындыра алмау ересектерге сын...Қожабай ақын, Досдәуір қожа, Қашарбай әулие, Сармолда, Хамза молда, т.б. жырлары рухтың кемелденуі үшін білгенін ортаға салып бақты, имандылыққа шақырады. «Рухтың асыл мұраты – Алланы тану» жолында бірлікте болуға бағыт береді. Ағайын-туыс татулықтың қадірін біліңдер, «әр мезетті адалдық ізденіске толтырыңдар» деді. Сол үшін ел жадынан «аласталды». Мұның астарында қандай қиянат бар? Солай етсек те, не терістік табар едік? Есіңізде болар, профессор Ханғали Сүйіншәліұлы «Ғасырлар поэзиясы» кітабында: «Тектер тегін табу – жаратылыстың түп қазығын білуге ұмтылу – философияның негізгі нысанасы» демеп пе еді?  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандықтардың діни санасын елдің салт-дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес қалыптастыру міндетін атап көрсетті. Міне, көрегендік, ел жанашыры осылай істесе керек.Отанға деген ыстық сезім, адамзатқа деген айрықша ықылас – жалпы адамзаттық адамгершілік қасиет, адамдар арасында қалыптасқан табиғи сипат. Сондықтан да Ислам діні адам бойында болатын ізгі қасиеттердің барлығын қолдайды. Адамдарды татулыққа, бірлікке, сүйіспеншілік сезімдерін қастерлеуге шақырады. Біздің елдің «Мәңгілік мұраты» осыны ұғындыруға бағытталған. Мен сол үшін білгенімді елге жинастырып табыстаумен келемін.Әңгімелескен Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ, арнайы «Е-ислам» үшін. .
АСТАНА. 9 шілде. E-ISLAM.KZ - Араб елдерінде бүлік бұрқ еткенде, батыс елдері бұл құбылысқа «араб көктемі» деп ат берген еді. Сириядағы ахуалға қандай баға берілуде? Бұл әлгі батыстың білгіштері ат қойып, айдар таққан сол "Араб көктемінің" заңды жалғасы ма, әлде сыртқы күштердің ықпалымен тұтанған өрт пе? Басқа араб елдеріндей мұнайы, газы жоқ бұл Сирияда әлем алпауыттары не жоғалтты? Білдей бір мұсылман еліне жиһад жариялаған кімдер? Осынау қанқұйлы қықтығыстың артында кімдер тұр? ТілшімізНұрбек Бекбау мен белгілі ислам зерттеушісі, ғалым, "E-islam" сайтының меншікті сарапшысы Мұхан Исахан арасында өрбіген келелі сұқбат осы сұрақтарға тұшымды жауап беруімен құнды деп білеміз, оқырман. Оқи отырыңыз...- Сирия дағдарысы. Қазір радикалдық күштер Башар Асадтың билігін құлатамыз,-деп соғысып жатыр. Қайсібір террорлық ұйымдар билікке қарсы «жиһад» жариялап жібергені де бар.  НАТО елде тыныштық орнату үшін әскер кіргізу керек деп отыр. Ал, Қытай мен Ресей «жоқ» деп көнбейді. Батыс пен Ресей Сирия үшін неге таласып жатыр? - Әдетте, мынау әлемдегі алпауыт мемлекеттердің тайталасы қазба-байлығы мол елдерге қатысты болып жатады. Бірақ Сирияны қарайтын болсаңыз, өзге араб елдерімен салыстырғанда географиялық орналасуы болсын немесе қазба байлығы болсын, потенциалы әлдеқайда төмен мемлекет болып саналады. Дегенмен, білесіздер әлемдегі ең құдіретті болып саналатын АҚШ және оның сапындағы солтүстік Альянс. Ал оған қарсы лагерде Ресей мен Қытай Сирияда бір-біріне қарама-қарсы келіп отыр. Не себеп дегенде оның біріншісі –әуелден келе жатқан қырғи-қабақ соғыстың жалғасуы. Ресей Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бірнеше жылдар өзінің әскери әлемдік деңгейі төмендегенмен, соңғы 10-15 жылдағы экономикалық деңгейін түзеп алғаннан кейін бұрынғы айбарын көрсете бастады. Бірінші себебі – менімен ақылдаспай («мен» деген тырнақша ішінде) Менсіз әлемде ешқандай өзгеріс болмайды деген талаптың салдары Сириядағы дағдарыс. Екінші осы қарасаңыз, Қытай болсын, Ресей болсын, АҚШ бастаған Батыс мемлекеттері болсын, бұлардың ешқайсысы Исламдық мүдденің жоқтаушылары емес. Ал соғыс мұсылмандардың арасында болып жатыр. - Әлем алпауыттарының Сирия үшін, неге бір-бірінің жағасынан алып жатқаны түсінікті болды. Енді мынау бір дүниені түсіндіріп берсеңіз. Радикалды ұйымдар, Башар Асад билігін кәпірге балап, бұл жүйеге қарсы жиһад жариялап жіберді. Неге? Соғысып жатқанның екеуі де мұсылман емес пе?Діни қарама-қайшылық неде десеңіз, бұл жердегі тарихтан келе жатқан тартыс. Шиғалар мен суннилердің арасындағы кикілжің. Сирия мемлекеті 10 пайызға жетпейтін шиғалық ағымдар өмір сүреді. Алауиттер және дүрзия ағымдары өмір сүреді. Ал 80 пайыздан астам халық сүннетті ұстанады. Қалғандары христиан өкілдері. Сирия халқының басым көпшілігін мұсылман сүннилер құрайды. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін, Сирия Франциядан тәуелсіздігін алып шыққан кезде, бұл ел өзінің тәуелсіздігін қорғау үшін, әртүрлі саясаттарға ұрынды. Бір уақытта Мысыр екеуі бірігіп, бір мемлекетті құрған кезі болды. Еуропаның демократиялық жолына түсеміз деп, партиялық сайлауды алып келді. Дегенмен, 50-ші жылдардың ортасында, араб мемлекеттерінің басшылығына әскери адамдар келді. Ол да бір сырттан жасалған ойын. Сирияға да сол ойынның нәтижесінде, мынау алейиттердің көсемі Хафез әл Асад қазіргі Басар Асадтың әкесі, билікке келді 1972 жылы. Ресми түрде Сирияның президенті болды. Осы кезден бастап Сирияны алавиттік, шиғалық империясы деп атай бастады. Бұл әрине сунниелер тарапынан таңылған бояу деп айтуға болады. Бірақ шын мәнінде, Басар Асад немесе оның әкесі Хафез Асад болсын, оның ешқайсысы Сирияның мүмкіндігін шиғалық ілімді насихаттауға жұмсаған емес. Әрине демократиялық принциптерге қайшы дүние: Діни бір азшылық топтың бүкіл Сирияның қаймағында, уысында ұстап отыруы, бар билікті тізгінге алуы бұл батыстың көзімен қарасаң дұрыс емес. Дегенмен Сирияда сүнниттік ілімнің насихатталуына, қанат жаюына Хафез әл-Асадтың кезінде барынша мүмкіндік жасалды. Кешегі Басар Асадтың авторитарлы режимін құлатуға батыс от тастаған кезде, соны жиһадқа ұластырған радикалды-такфириттік, салафиттік кейбір саяси күштер іліп алып кетті. Мақсат – Сириядағы мектепті құлату. Себебі – Ислам әлеміне қарайтын болсаңыздар, мұсылман құқығының теориялық методологиясы ең дамыған ел бұл Сирия болатын, әлемдегі фиқх ғылымының білгірлері осы Сирияда болатын. Әлгі Рамазан әл Бути сияқты ірі ғұламалар осы елде еді. Бұл ғалымдар, сунниттік ілімді тереңірек меңгергендіктен, такфириттік-салафилік мектептің адымын аштырмай қойды. Катардың, Сауд арабиясының ғалымдары Сириядағы ғұламалардың қарсы тұжырымдары тұрғанда, олар уахабилікті кеңінен насихаттай алмайтын еді. Әрине әскердің күшімен, қаржылай, ақпараттың күшімен насихаттауға тырысып жатыр. Өзіне діни һәм ғылыми тұжырымдарымен қарсылық көрсетіп жатқан Сирия мектептері болғандықтан, ол жердегі соғыстың болуына, ол жерде мұсылмандардың басына қара бұлт үйірілуіне уахабилік мектептердің шейхтары ықпалды болды. Және Сирияда жиһад бар дегенде уахабилік шейхтар. - Сауд Арабиясы демекші. Бұл корольдік өз ішінде қандай да бір толқу болса басып тастайды. Бүлік, билікке қарсы шығу – харам деп пәтуа шығарған. Солай бола тұра, Сириядағы Асад билігімен күресіп жүрген радикалистерге, қаржылай да, қару-жарақ, моральдық тұрғыдан көмек беріп жатыр. Бұл басқа жерде билікке қарсы шығуға болады, ал үйде болмайды дегенді білдіре ме? Сириядағы соғыс жиһад па? Жиһад дегеніміз не өзі?Мұсылмандық түсінікте жиһад мәселесі аса ыждаһаттылықты талап ететін тақырып. Өзге мемлекетке барып, жиһад жасау – көп ізденісті керек ететін бір жағдай. Ислам әлемінде жиһад қалай жасалады дегенде, қазіргі «жиһадшылар» пайғамбарымыз с.а.с-нан кейінгі кемел халифтар мен одан кейінгі әмірлердің "ФАТХ жорықтарын" негізге алады. "Фатх жорықтары" дегеніміз не? Ислам әлемдегі ең соңғы дін болғандықтан ол дін тіршілік бар, жұмыр басты пенделер өмір сүретін барлық өлкеге таныстырылуы керек. Енді сол Хақ дінді насихаттайын десе, қайсібір саяси күштер сол дінді өзінің территориясында насихаттауға қарсы болды. Мәселен, Омар ибн Хатабтың кезінде, Сасанидтер Иран елінің басшылығындағы топ, Ислам дініннің таралуына бірден-бір қарсылық білдірген болатын. Фатх жорықтары қалай жасалады дегенде, тек қана, Хақ діннің насихатталуына кедергі болып тұрған саяси қалқанды құлату үшін ғана жасалады. Ол саяси қалқан құлатылады. Ар жағындағы халыққа жиһад жасалмайды. Ол жерге барып, мешіт ашып, құтпа оқылып, дін таныстырылады. Дінді ары қарап, қабылдау-қабылдамау халықтың еркіне, ырқына қалдырылады. Яғни "фатх" деген тек қана саяси қалқанға, соны құлату үшін ғана жасалады. Енді саяси қалқан дегеніміз не? Жалпы Исламда екі ғана саяси жүйе бар. Ол "Дарул Ислам" және "дарул куфр". "Дәрул Күфрдің" ішінен "дәрүл сүлх" және "дәрүл ахт" деген екі жүйені шығарады. Соңғы кезде ғалымдар, "дар әс-салам" деген категорияны шығарып жүр. "Дәрүл Ислам" дегеніміз не? Бұл баршамызға белгілі – бүкіл мемлекеттік құрылым, жүйе, өмір сүру қағидасы Ислами негізден тұрады. "Дәрүл Куфр" дегеніміз не – ол Исламға қарсы саяси жүйені айтамыз. Мүлде, Исламдық құндылықтарды өзінің территориясының аймағына енуін қаламайтын жүйе. Немесе оны кейде "дәрүл харф" деп атайды. "Харф" деп айтатыны соғыс аймағы. Исламмен соғысушы ел деген мағынаны береді. Енді осы жерде мынандай ашатын дүние. Мен "дәрүл сулх" пен "дәрүл ахтты" не үшін айттым?"Дәрүл сулх" дегеніміз Ислами негіздерден тұрмайды. Бірақ Исламның құндылықтарын өзінің территориясында сақталуына, исламдық ритуалдардың орындалуына рұқсат беретін жерлерді айтады. Мәселен пайғамбарымыздың заманында Хабашстанға ауып барған сахабаларға ол елдің (эфиопия) патшасы исламдық ритуалдарды ұстануға мүмкіндік берген. Бірақ бұл елдің мемлекеттік жүйесі христиандық жүйе еді. Мұны "сулх" яғни Исламға бейбіт ел деуге келеді. Исламмен бейбіт қарым-қатынас орнатқан ел. "Дәрүл Ахт" деген де сондай. Мұсылмандармен келісім шарт жасаған. Мұсылмандарға жиза салығын төлеу арқылы, бағынған ел болып саналады да. Ол да пайғамбардың заманында Табук соғысында бағындырылған арба және изрух деген аймақтар болған. Немесе араб түбегіндегі еврейлер мұсылмандарға жиза салығын төлеу шартымен мұсылмандардың қармағында өмір сүреді. Бірақ өздерінің өмір сүру қағидасымен, өздерінің діни сенімімен өмір сүруге мүмкіндік алды. Осыны "дәрүл ахт" деп айтамыз.- Осы арада, Исламға қарсы немесе Исламмен дос жүйелер деп айтып жатырсыз. Қайсібіреулер, Қазақстанды Исламға қарсы бір жүйеге, өзіңіз айтқан "Дәрул Куфрге" жатқызғысы келеді. Бұған не дейсіз? Қазақстанда да соңғы кезде жиһад шақпағы әр жерде шағылып көрініс беріп жүр. Бірақ Қазақстанда жиһад жариялау үшін, бұл елді дәрүл куфр деу үшін, азан шақыруға да рұқсат берілмейтін ел болуы керек. Қазақстанда азан шақыруға рұқсат бар ма? Бар. Біздің бес уақыт намаз оқуға рұқсат бар ма? Бар! Бұдан басқа, ораза ұстауға, зекет беруге, қажылыққа баруға рұқсат бар ма? Бар! Ішкі, сыртқы 40 парыздың барлығын орындауға мүмкіндік берген ел. Демек, Қазақстан бұл жерде "Дәрүл Харф" немесе "Дәрүл Куфр" аймағына жатпайды. - Енді Сирияға қайта оралсақ. Бұл жерде жарылыстар ұйымдастырып, үкімет әскерімен соғысып жатқандар өздерін жиһадта жүрміз. Фатх жорығында жүрміз дейді. Бұл қаншалықты дұрыс немесе олар қаншалықты қателесті? Және айтайын, фатх кімге жасалады? Исламның насихатталуына мүлдем қарсы бір саяси жүйеге жасалады. Сондай жүйе әлемнің қай жерінде бар? Бар шығар, атеистік бірнеше мемлекетте. Ал негізінен көп елдерде, мұсылман болып өмір сүруге ешқандай тиым жоқ. Сондықтан жиһад ұғымы, яғни, әскери жиһад – ислам түсінігіне сай беріліп отырған жоқ. Және Хәнафи мәзхабында әскери жиһадты тек қана мемлекет басшысы бере алады. Ат төбеліндей, жиырма адамның басын қосқан бір ұжымның шейхтары жиһад деп пәтуа берсе, бұл дұрыс емес. Біздің Хәнафи мәзхабында тек қана саяси басшы бере алады. Әрине оның кеңесшісі дін ғұламалары болуы мүмкін. Бірақ әскери сипаттағы жиһадты мемлекет басшысы ғана бере алады. Сондықтан Саудтың, Катардың немесе Мысырдың кей шейхтарының Сирияда жиһад бар деп айтуы бұл біздің мәзхабтың дүрбісімен қарайтын болсақ дұрыс емес болып табылады. - Сирияға кеткен қазақтар туралы ақпарат интернетті жарғаны есіңізде. Жалғыз өздері кетсе бір сәрі. Бесіктегі бала-шағасын, әйелін қоса алып кетіпті. Шынын айту керек, майдан даласына бала-шағасымен бару деген Ислам тарихында болмаған жағдай. Керісінше, "Меккелік мүшриктер әскер аянбай соғыссын деп, әйелдерін, балаларын соғыс болып жатқан жерге апарып қаңтарып қоятын" дегенді оқыдық. Бұл қалай болғаны? Қазақстаннан 8 мың шақырым қашықтықта орналасқан  Сирия жерінде жүрген қазақ жігіттеріне не жорық? Қателік неден кетті?Біздегі болып жатқан қателіктердің астында сауатсыздық жатыр. Діни білімнің жоқтығы себеп болып жатыр. Осы діни сауатсыздықтың салдарынан біз осындай сойқандардың құрбаны болып кетіп жатырмыз. Білесіздер, Пайғамбарымыз с. ғ. с. "Ухуд соғысынан қайтып келе жатқан кезде, кіші жиһадтан ұлы жиһадқа келе жатырмыз" деген. "Соғыстан келе жатырмыз. Сонда мұнан да ауыр тағы соғысқа кіреміз бе?" деп сахабалар сұрайды. "Жоқ" дейді. "Үлкен жиһад ол нәпсімен күрес. Сондықтан бұл әскери жиһадтағы соғыстар екінші деңгейдегі амал болу керек". Оның өзі мұсылмандық шарттарға сай, шын мәнінде мұсылмандардың өз наным-сенімен сай өмір сүруіне мүлдем тиым салатын болса, мұсылмандарға тыныштық бермесе сондай жағдайда ғана, ар-ожданын қорғау үшін, иманын қорғау үшін жиһад болуы мүмкін. Ал кешіріңіздер, Сирия демократиялық тұрғысынан қарағанда айттым. Діни азшылық топ бүкіл билікті өз уысында ұстап отыр. Бұл дұрыс емес. Ал сүнниттік тұрғыдан қарасаң, ол жер суннизм өркен жайған жер. Онда қалай сіз ол жерде жиһад бар деп айта аласыз? Әлемнің мүйізі қарағайдай ең ұлы ғұламалары Сириядан шықты. Сириядағы мектептерде жетілді, өсіп-өнді. Енді суннилік мектептің кеңінен өркен жаюына мүмкіндік берген саяси жүйені қалай сіз "Дәрул харф" деп айта аласыз?  - Сирияда жиһад жоқ. Мұны түсіндік. Өз сөзіңізде, сіз "діни азшылық Сирияны билеп отыр. Демократиялық тұрғыда, суннилердің ренішін түсінуге болады" дегенді айттыңыз. Ат төбеліндей алавиттер тобы билікке қалай келді?Алавиттердің билікке келуінің басқа бір сыры бар. Жалпы алавиттер бір қарағанда дін негіздерін өте берік ұстанбайды. Ескі жаһилдік дәуірдегі салт дәстүрлерді әлі де сақтап келе жатқан діни бір тобыр. Екінші Жаһан соғысынан кейін араб әлемінде вестернизация, еуропалық мәдениетке бейімделу басталды ғой. Сүннилік мұсылмандар жаңа бір құндылықтарды бидға деп жүргенде, алавиттер сол еуропалық дүниелерді бірінші сіңірді бойына. Мысалға кинематография саласын бидға, ширк жеп жүргенде алавиттер ерте меңгеріп алды. Осы саланың тізгіні негізінен алавиттердің қолында. Сириядағы алавиттердің билікке келуіне тек қана Асад әулетінің әскери төңкеріс емес, еуропаның мәдениетін бірінші иелену, бірінші бойына сіңіру, сонымен қаруланудың нәтижесінде билікке келді.- Әңгімеңізге рахмет!Нұрбек Бекбау
АЛМАТЫ. 30 маусым. E-ISLAM.KZ - Қасиетті Рамазан айы басталды. «Лә-иләһа ил-Алла» деген мұсылман жұртшылығы оразаның алғашқы күнін қарсы алып, ауыздарын бекітті. Қайыры шексіз қасиетті отыз күнде бауырларымыздың сауабы еселеп артсын деген ниет бар әр кеудеде. Осындай игі пиғылды біз де ұстанып, көңілдегі бірнеше сауалымызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына жолдаған едік. Дінбасы мен тілші арасындағы әңгіме былай өрбіді…– Ержан қажы Малғажыұлы, қасиетті Рамазан айы мүбәрак болсын. Мұсылмандардың ұлық айына діни басқарманың дайындығы, ұйымдастырылатын шаралар төңірегінде әңгімелесеңіз алдымен.– Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Құдайға шүкір, қасиетті Рамазан айына да аман-сау жеттік. Ұлық айға есендікпен жеткеннің өзі үлкен нығмет. Жаратқан Ие баршамызға осы айдағы жауапкершілікті лайықты түрде атқаруға медет берсін, жәрдем етсін.Бұрынғы мұсылмандар осынау мүбәрак аймен қимай қоштасып, ал келесі жылы құдды қырық жыл көрмеген қонағын күткендей құшақ жая қарсы алады екен. Өйткені, бұл ай – әрбір жанға иләһи мейірімнің бір сынығын сыйлайтын сауабы мол маусым. Бұхари мен Мүсілімнің Әбу Һурайрадан (р.а) жеткізген риуаятында Алланың Елшісі (с.ғ.с): «Кімде-кім рамазан оразасын шынайы иманмен сауабынан үміт еткен түрде тұтса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» деген.Рамазан – қайырымдылық айы. Рамазанға бір ай қалғанда барлық өкіл имамдардың қатысуымен төралқа мәжілісін өткіздік. Діни басқарма жыл басынан бері үш бағыт бойынша жұмыстарға басымдық беріп келеді. Соның бірі – қайырымдылық шаралары. Рамазанның құрметіне қоғамдық орындарда халыққа құрма таратылуда. Өткен жылы қалаларда оразаның бірінші күні автобуста тегін жүру акциялары ұйымдастырылды. Биыл да осы үрдіс қайта жалғасын табуда. Асханаларда ауызашар уақытында қайырымдылық шараларын өткізу жоспарда бар. Түнгі тарауих намаздарына келген жамағат үшін үйлеріне дейін жеткізетін арнайы автобустар тағайындалды.          – Рамазан – сауаптар еселеп жазылатын, қайырымдылыққа шақыратын ай. Осы орайда, еліміздегі мұсылман бауырларымызға не айтар едіңіз?– Дұрыс-ақ, Рамазан – сауап айы. Биыл мұсылман қауымына, халыққа Үндеуімде құрылыс салаларында, шахталарда, кәсіпорындарда, заводтарда ауыр жұмыс істейтін ауыз бекіткен отандастарымызға басшылық тарапынан жеңілдіктер жасалса деген өтінішімізді айттым. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде әр адам өз қарамағындағы адамдарға жауапты екенін жеткізген.  Сонымен қатар, Рамазан айында жасалатын Құдайы тамақтар, той-томалақтар сынды іс-шаралар ауызашар уақытында жасалса деген ұсынысымызды білдірдім. Халықтың күнделікті тұтынатын заттарына жеңілдіктер жасалса, тіпті, нұр үстіне нұр болар еді.Ораза ұстаудан босатылған науқас, жүкті, омырауында сәбиі бар әйелдер қарттарды, жағдайы жоқ кедей адамдарды бір рет тамақтандыруы қажет. Бұл – дініміздің талабы. Алла тағала өз құлдарына ауырлық қаламайды, керісінше, жеңілдік қалайды. «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Алла тағала сендерге оңайлық қалайды, ауырлық қаламайды...» делінген.Рамазан – ағайынның арасын жақындататын ай. Осы айда туған-туыстармен байланысты күшейтіп қалуға әрекет еткеніміз абзал.– Еліміздегі дінтанушылар, теологтар, имамдар арасында орысша сауатты уағыз айта алатын қызметкерлердің тапшылығы жиі әңгіме болады. Тіпті, орыс тілінде діни сауаты мығым мамандарға сұраныс та баршылық екеніне көзіміз анық жеткен. Өйткені, жат ағымдардың жетегінде кеткендердің дені орыс тілді жастар екенін жасыра алмаймыз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл бағытта қандай шараларды қолға алуда?– Кейбір облыстарға, әсіресе, Солтүстік Қазақтан аймағына барғанымызда орыс тілді бауырларымыздың тарапынан «Бізге орысша уағыз айтылса» деген ұсыныстар, өтініш-тілектер түсіп жатады. Еліміздің кейбір аймақтарында орыс тілді жамағатымыз имамдардың қазақ тілінде айтқан насихаттарын түсінбей жататын жағдайларды байқаймыз. Солтүстік аймақтарда орыс тіліндеге уағыздарға сұраныс көп. Осыны ескере келе, бауырларымызға ұғынықты болу үшін арнайы насихат тобын жасақтау жайында ұйғарым жасадық. Насихат тобының құрамына орыс тілін жетік меңгерген, діни һәм дүниеуи сауаты жоғары, халыққа даналықпен көркем уағыз айта алатын дінтанушылар мен имамдар енді. Республика бойынша бес-бес адамнан тұратын екі топ жасақталып, аймақтарда уағыз айтуға кірісті. Жуырда «Әзірет Сұлтан» мешітінде орыс тілді уағызшылар тобына алғашқы семинар-тренинг өткізілді. «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам Мәдениеті университетінде де болашақ имамдарды орыс тілінде уағыз айтуға бейімдеу жоспарымызда бар. Мүфтият дін қызметкерлерінің білімі мен тәжірибесін арттыру мақсатында бірнеше елдермен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастық меморандумын қабылдады. Атап айтқанда, Мысырмен, Түркиямен, Мәскеумен білім саласы бойынша ынтымақтастық келісімдер жасалды. Жуырда Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Ғайнутдин біздің ұсынысымызды қабыл алып, Мәскеу Ислам институтында имамдарымызды оқытуға рұқсат берді. Институт ректоры Дамир Хайретдиновпен кездесіп, еліміздің діндарларын үш және алты айлық курсқа жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. – Ержан қажы Малғажыұлы, діни басқарманың бастамасымен соңғы кездері қайырымдылық, спорттық, әлеуметтік шаралар жиі ұйымдастырылады. Солардың ішінде қай бағытына басымдық берілгенін қалайсыз?– Әрине, қайрымдылық шаралары мен жобалардың бәрі біз үшін қымбат әрі қайырлы. Бізге бәрінен биік нәрсе, ең алдымен адамдардың ары мен иманын кірлетпесе, күнәдан сақтанса, бірлігіне сызат түсірмесе. Жетім мен жесірдің, мүгедек пен қарттардың, тағы басқа адамдардың көңілі қымбат біз үшін. Жобалар мен қайырымдылық шараларды бөле-жармай-ақ қояйын, ең бастысы Алланың разылығына бөленуге жетелейтін әрбір қайырлы амалды жүзеге асыру маңызды. Өйткені, пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Амалдардың жақсысы – аз да болса, үнемі жалғасын тауып отырған амал» деген. Сауап – ол біздің айналамызда. Қамыққанға жанашырлық таныту, жетімнің басын сипау, адамдарға кедергі келтірген жолдағы тасты алып тастау – ол да сауап. Адамдар Ислам туралы дұрыс түсінікте болса деймін. Оның ақиқат дін екенін дұрыс түсінсе. Исламды қаралаған ақпараттар мен жағымсыз әрекеттерге алданып, соған сеніп қалмаса деймін.        – Ислам дініне қадам басқан мұсылман алдымен мешіттің табалдырығын аттайды. Осындайда мешіт қызметкерлерінің көркем мінезі көп рөл атқарады. Қазақстандық имамдардың, жалпы, дін қызметкерлерінің этикасын биіктету, адамдармен қарым-қатынасын жақсарту бағытында қандай да бір шараларды қолға алдыңыздар ма?– Иә, дұрыс айтасыз. Бауырларымыз мешітке келгенде, имамнан мейірім, әдеп, жылышырай күтеді. Әркім әртүрлі сұрақтармен келеді. Оларға бірдей көңіл бөлуіміз қажет. Осы ретте дін адамы жұмсақ, сыпайы, иманды, сабырлы, бір сөзбен айтқанда, көркем мінез иесі болу қажет. Біздің имамдар осынау талап-тілек деңгейінен көріну керек. Абыройлы атымыз бен қызметімізге қылау түсірмей, ізгі істерде жарыса білуіміз қажет. Халық мешіттен Исламды іздеп келеді. «Жайылып жастық, иіліп төсек бол». Тамаша теңеу. Құдды осы мақал бізге, дін қызметкеріне қатысты айтылса керек. Мешіттің күзетшісі, мейлі имамы болсын, Құран оқытуға, кеңес алуға, жәрдем сұрай келген кез келген кісіге кішіпейіл мінез көрсетуі тиіс екенін жиналыстарда жиі ескеріп келеміз. Жамағаттың, жеке тұлғаның іш-бауырына кіріп, оларға шынайы жанашырлық таныту – имамдардың суапты да жауапты жұмыстары.Жамағатқа, мешітке келген жалпы жұртқа жанашырлық таныту – иілу емес – игі іс. Жағымпаздық емес – жанашырлық. Демек, Алланың хақ жолын таңдаған адамға рухани демеу деген сөз. Мұны рухани дағдарыс пен күйзеліске түскен жанға көрсетілген алғашқы ем-дом, тұңғыш таңу дейміз. Медицина тілімен айтқанда, жедел жәрдем. Жауапты да сауапты қызмет деп отырғанымыз – осы.Құлшылық үйіне қадам басқан әр адамның жүрегіне ізгілік дәнін себу – үлкен жеңіс. Керісінше, келген кісінің хақысы берілмей, қанағаттанбай кетуі – үлкен қасірет. Мүфтият басшылығы бүкіл имамдарды осыны ұмытпауға шақырады. Ендеше, әуелі өзімізден бастайық. Сауап еселенсін. Иә, имамға имамдық қызмет аз. Оның атқарар саласы сан алуан: психолог, тәрбиеші, ұстаз, кеңесші, уағызшы, ұйымдастырушы, т.б. Алматыда имамдардың білімін жетілдіру Ислам институты жұмыс істейді. Біз осы инстиутыттың бағдарламасын қайта қарап, жаңа пәндер енгіздік. Олар – шешендік өнер, қазақ тілі, Қазақстан тарихы, информатика, Қазақстан Заңдары, уағыз әдебі, психология, адамдармен қарым-қатынас әдебі, т.б. Әр имам психолог болу қажет. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан имамдарға қосымша көмек ретінде психологтарды мешітке жұмысқа қабылдау туралы мәселені Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде талқылайтын боламыз.  Асхат Райқұл 
АЛМАТЫ. 20 маусым. E-ISLAM.KZ - Қазіргі таңда екпе жасау керек пе, жоқ па деген тақырып қоғам арасында қызу талқыланып жатыр. Екі түрлі көзқарас бар. Жақтаушылар да, қажет емес деп даттаушылар да өз сөздерін түрлі фактілермен дәлелдеуде.  Не істеу керек? Жұқпалу ауруға қарсы баланы егу керек пе әлде жоқ па? Біздіңше, екі жақтың келтірген деректерін салмақтап барып, ата-ана өзі шешу керек. Алайда, ата-ананың шешімі – баланың денсаулығы мен өмірінің қалай болмағын шешетінін ұмытпаған ләзім. «Е-Ислам» порталының поштасына екпе мәселесіне байланысты мұсылмандардан түрлі сауалдар келіп түсіп жатыр. Қоғамның қызу талқысына түскен тақырып жайында белгілі теолог, ҚМДБ-ның Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, "E-islam" порталының меншікті сарапшысы Ершат Оңғаровтан сұқбат алған едік. - Екпе жасау қаншалықты пайдалы деген сұрақ, қазіргі таңда ең көп талқыланып жатқан мәселе десек те болады. Екпе жасау дұрыс емес дейтіндердің біраз бөлігі, бұл қарсылығы шариғатпен тікелей қатысы барын айтады. Сондай қарсы тараптың көп қолданатын ұрандарының бірі: - «Ислам екпе жасатуға тиым салады», «Екпе жасату - тағдырға қарсы шығу», «Вакцинация шайтанның зәрі» және т.б. Ал, медицина саласының мамандары ғылыми тәжірибелерге сүйеніп, екпе жасату дұрыс әрі қажетті шаруа дейді. Екі тарап та түрлі аргумент, дәлел келтіріп жатыр. Медициналық терминдерді түсіне бермейтін, діннің талаптарын енді орындай бастаған адам үшін, екі жақтың таласы түсініксіз талас. Сондықтан да мен, медицинаның соңғы жаңалықтары мен шариғаттың негіздеріне сүйене отырып «екпе жасау керек пе, жоқ па» деген сауалға жауап беріп көрейін...Біздің ағзамыз жұқпалы ауруларға екі жолмен қарсы тұра алады. Оның біріншісі – белгілі бір ауру түрімен ауырып, жазылып кету. Бұл кезде біздің ағзамыз әлгі ауруды есінде сақтап қалады да, ендігіде сол дертпен қайта ұшырасып қалса, организм қарсы жасушаларды бөліп, адам ол аурумен ауырмайды. Алайда, бұл ауырлау жол. Егер, ағза дер кезінде әлгі антитела-ларды бөлмесе, адам мүгедек болып қалуы немесе дерті өліммен аяқталуы мүмкін. Мәселен, сіреспе ауруын тудыратын бактериялар болады. Ол адам ағзасына енген бойда, өте улы токсиндерді шығара бастайды. Бұл у  адамның жүйке жүйесіне әсер етіп, науқастың аяқ-қолы сіресіп, тыныс ала алмай қалады. Сіреспе ауруымен ауырған әрбір 4-ші адам өледі. Екінші жол бар – ол екпе жасау. Адамның азғасына әбден әлсіреген немесе жартылай өлтірілген аурудың бактериялары егіледі. Мәселен, түберкулезге қарсы егілсе адам ауырмайды. Бірақ ағзасы өкпе құртына қарсы жасушаларды өндіріп шығара бастайды. Адам болашақта түберкулезбен ауыратын кісімен ұшырасып қалса да, ауырмайды. Мұның сыры неде дейсіз бе? Әлгі жартылай өлтірілген бактериялар, адам ағзасына егілгенде, дене оларды тірі ауру деп қабылдайды да, көп көлемде сол аурумен күресетін бөлшектерді жібереді. Әлгі бөлшектер, жартылай өлген бактерияларды әп-сәтте жәукемдеп тастайды. Әлсіз ауруды жеңіп, біраз тәжірибе алған, күшейіп алған жасушалар, адамның денесінде мәңгілікке қалады. Бұл бөлшектер бар кезде, адамға ауру қауіп төндіруден қалады. Қасиетті Құранда һәм пайғамбарымыздың сүннетінде вакцинацияға анық тыйым салынбаған. Керісінше, аурумен күресудің бұл тәсілін қолдаған көптеген дәлелдерді табуға болады. Осыдан 16 ғасыр бұрын өмір сүргендер, бүгінгінің адамдары ауырып жатқан дертті білмейтін. Себебі қазіргі аурулардың көбісінің пайда болуына нашар экология, қоғамдық көлік, қоғамдық тұтыну орындары себеп болып жатыр. Құран мен пайғамбар сүннетінде – аурудың алдын алуға қатты көңіл бөлген. Тиісінше, вакцинацияға қарсы тараптың шариғаттан алдық деп, келтіріп жүрген дәлелінің барлығы бос сөз. " Егерде Раббың қаламаса олар ондай әрекеттерге бармас еді. " (Құран 6:112). Осылайша әр пайғамбарға адамдардың және жынның шайтандарынан дұшпан қылдық. Олар алдап бір-біріне жалтыраған сөздерді сыбырлайды. Раббың қаласа еді, олар оны жасамас еді. Оларды жасанды сөздерімен қойып қой. (112)Аурудың алдын алу Жаратушының белгілеп қойған тағдырына қарсы шығу деп жүргендердікі дұрыс емес. Себебі бұлай айтатындар, Құранның анық аяттарына қарсы келуде. Себебі жер бетіндегі ешнәрсе Алла Тағаланың қалауынсыз болмайды. Медицина ғылымындағы соңғы жетістіктер талай жылғы тәжірибенің арқасы ғана емес, бұл Алланың өз құлдарына жасаған қамқорлығы:«Егер мен ауырсам, (Алла) мені аурудан айықтырады...» (Құран 26:80)«Алла барлық ауруға шипаны қосып жаратқан» (Әбу Һурайрадан жеткен хадис) Ал имам әл Бухари мынадай хадистің барын айтады: «Медицина аурудан айығуға көмектесер құрал». Тағы бір хадис бар: «Ауруды жаратқан, сол ауруға емді де қоса жаратқан еді», бұл хадисті де Әбу Һурайра жеткізіпті бізге. Мұнан да бөлек, сахих хадистердің барлығында, «ауру бар болса, сол аурудың емі де бар» деген сөздер айтылған. Сондықтан да, адамның өміріне медицинаға араласпауы (вакцинацияны қоса айтып отырмыз) керек деген сөз, барып тұрған антұрғандық, адасу. Имам Муслимнен жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп айтты: «Барлық ауруға дәрі бар. Дәрі ауруға сәйкес келсе, жаратушының әмірімен ол кісі айығады». Осыны алға тарта отырып Муслим «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аурудан емделуге дәріні қолдануға рұқсат берген( дейді. «Алапеспен ауыратын адамнан арыстаннан қашқандай қаш» (Әбу Хурайра жеткізді). Егер, осы хадисті жақсылап оқысаңыз, аурудың алдын алуға, жұқпалы дертке шалдықпаудың бар қамын жасауға шақырып тұр. Хадисте: «Белгіленген тағдырың орнауы үшін, алапес адаммен отыр» делінбеген. Дәл осындай тағы бір хадис Усама ибн Зайд жеткізеді; «Қандай да бір жерде жұқпалы ауру тарады дегенді естісеңдер, ол жаққа бармаңдар. Егер оба ауруы сендер тұрған жерде тарай бастаса, ол жерден кетпеңдер». Бұл хадисте «аурудан абайла және ауру басқа жаққа таралып кетпесін!» деген ескертулер жатыр.  «Кім аджуа дейтін құрманы таңғы асқа жетеуін жесе, оны сол күні у алмайды әрі сиқырлық оған өтпейді.» Бұл хадис – «дәрі» арқылы аурудың алдын алуға шақырып тұр.Екпеге қарсылар, өздерінің қарсылығында көбіне статистиканы келтіреді. Пәленбай адамға екпе жасалыпты, оның түгеншесі ауырып қалған деген сияқты деректерді айтады. Бірақ сол, статистикасында адамның саны 200-300 ден аспайды. Кішкене ғана топ пен бүкіл қауымды салыстыруға болмайды емес пе? Сондықтан да, миллиондарға егілген екпенің әсерін, оншақты адам арқылы анықтау дұрыс емес дүние. Дүние жүзілік Денсаулық сақтау Ұйымының мәліметтеріне қарасақ, осы екпе жасаудың арқасында, ауырып қалатындар саны бірнеше миллионға шегерілген. - 2000 жылмен 2003 жылдың аралығында қызылша ауруына қарсы егілудің арқасында, 2000-2012 жылдары аралығында қызылшадан өлетіндердің саны 78%-ға азайған.-Екпе жасатқан адамдардың тек 5%-ы ғана дифтериямен ауырады екен. (вакцинация аурудың өте жеңіл түрде өтуіне көмек береді);-Иммунизация жасаудың арқасында жыл сайын қызылшадан, көкжөтелден, дифтериядан, сіреспе ауруы салдарынан өлетін адамдардың 2-3 миллионға азайды.  - Обаға қарсы егілудің арқасында, адамзат «қара өлімнен» мәңгілікке құтылды.  Медицина ғылымдарының кандидаты, В.С.Ганин «Наука и жизнь» (№7, 2006 год) атты газетте мынадай қызықты деректер келтіреді.Мәселен, Моңғол халықтық республикасында, обаның тарауын тоқтату үшін, 115 мың 33 адам егіліпті. Сол егілгендердің ішінде тек екеуі ғана жаман аурумен ауырған.Қазір, интернет кеңістігінде, екпенің зиянын есептеген статистика өріп жүр. Ақпараттардың жалған екенін бірден білуге болады. Сол ғылыми зерттеусымақтар, медициналық журналдарда емес, біреулердің блогында ілулі тұрады. Блог деген, кім не жазғысы келсе, соны жазатын жер емес пе? Көптеген мемлекеттердің тәжірибесінен көріп отырмыз. Халыққа екпе жасауға бірнеше жыл кедергі жасалса, жұқпалы аурулар үлкен бір аумақтарға таралып кетеді. Жаппай иммунизация жасау, кедей, тұрғылықты жері онша жақсы емес аумақтар үшін де жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Екпенің пайдасы бір сөзбен айтқанда ұшан теңіз.Екпе – ғалымдар мен медицина қызметкерлерінің бірнеше ғасыр бойы іздеп, тапқан дәрісі. Мен күллі мұсылмандарды арандатуға ермеуді, вакцинация жасауға қарсы болмауға шақырамын. Жақын күндері, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы, вакцинация туралы арнайы пәтуа шығарады. 
1 2 ... 5

Онлайн консультация

Аталған форма көмек орталығының маманымен онлайн сөйлесуге арналған.

Онлайн консультация

Аталған форма көмек орталығының маманымен онлайн сөйлесуге арналған.
Ведите сообщение: