Діни «иммунитетті» күшейтуге қатысты пікірге министрдің жауабы

Сәрсенбі, 11.01.2022

Астана. 11 қаңтар. E-ISLAM – Бүгінде танымал дінтанушылар мен саясаткерлердің ойынша, жастарды жат діни ағымдардан қорғау үшін алдымен қазақ халқы ұстанатын діни бағытты оқыту жұмыстарын күшейту керек. 

Айта кетейік, Астанада өткен жиындардың бірінде Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев «радикалды ағымдарға қарсы күресудің бірден-бір жолы ол - өз идеологиямызды күшейту» деген пікірін білдірген болатын. Осының нәтижесінде жастардың бойында діни «иммунитет» қалыптасады, деген пікір білдірген болатын. Бұл пікірге қатысты ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында өз ойын білдірді.

«Қазақстан - көпұлтты әрі көп конфессиялы мемлекет. Бізде басқа конфессиялардың көп екенін бәріміз жақсы білеміз. Ал солардың ішінде мұсылмандар жайында айтатын болсақ, олардың ішінде дінге қызығатын және қызықпайтын адамдар да бар. Бұл - зайырлы мемлекетке тән нәрсе. Сондықтан дінге қызығушылығы бар адамдарға, әрине, міндетті түрде өзіміздің дәстүрлі діни ұстанымымызды дұрыс жеткізуіміз керек. Алайда зайырлы мемлекеттің басты қағидаттарына сәйкес, дінге қызығушылығы жоқ адамдарға жасанды түрде дінді насихаттаудың қажеті жоқ, оларды міндеттеуге болмайды»,  дейді Н.Ермекбаев.

Оның айтуынша, бүгінде дінге байланысты мемлекеттік саясат саласында тұжырымдама әзірленіп жатыр. «Қазір оны жан-жақты талқылап жатырмыз. Онда жалпы теориялық мәселелер қамтылып, дін саласындағы негізгі қағидаларға түсініктеме берілетін болады»,  деп атап көрсетті министр. 

Оқылды 410 рет
JoomShaper
Top