Күмәнді діни кітаптар ғаламторды «кезіп» жүр

Сейсенбі, 07.10.2021

Ғаламтор шынайы ақпарат көзі болып саналмайтыны белгілі.   Осы мүмкіндікті, әсіресе теріс пиғылды топтар белсенді түрде пайдалануда.

Мәселен, заң талаптары бойынша ел аумағына діни әдебиет әкелінетін болса, ол шекарадан өтпей тұрып дінтану сараптамасының оң қорытындысын алуы міндетті. Бірақ, соған қарамастан мұндай кітаптарды таратудың  интернет арқылы түрлі жолдары көбейді.  Атап айтқанда,  «Play Market» электронды дүкенінен  күмәнді діни кітаптарды тегін жүктеп алушылардың көбейгені алаңдатады. 

Әлеуметтік желілерде діни әдебиет пен діни мазмұндағы сипат алатын кітаптар мен журналдарды  тарату, сату немесе өткізу жүйесі қарқынды ұйымдастырылуда. Олардың жарнамасының өзі назар аудартады.  «Арзан бағамен кітаптар сатамын», «Қыркүйек айының соңына дейін кітаптар 70 % жеңілдікпен сатылады», «Жеткізілуі тегін» секілді хабарландырулар көпшілікті өздеріне еріксіз тартуда.   

Айта кеткен жөн, діни әдебиеттерді таратуда  діни сайттар да белсенді. Әсіресе, сәләфилiк бaғыттағы дәcтүрлi eмec дiндi ұcтaнушылaрдың  caйты бұған мықтап кіріскен.  Аталмыш сайттарда  ұялы тeлeфондaр мeн cмaртфондaрғa aрнaлғaн кiтaптaрды көшіру,  тaрaту жүйесі жaқcы жолғa қойылғaн. Егер, олардың кітапханасына бас сұғып, көз жүгіртер болсаңыз, алғашқыда ешқандай күмәнді нәрсе таба алмайсыз. Алайда, аталмыш кітаптардың аты  затына  мүлде сай емес.  Мәселен,  «Иманның алтын тірегі», «Мұсылманды жәннәтқа жетелейтін себептер», «Менің намазым», «Сен білесің бе, Әбу Ханифа білмей ме?», «Ғалымдар және олардың исламдағы орны» секілді  жүздеген кітаптарда дәстүрлі танымға сәйкес келмейтін, қарама-қайшы пікірлер толып жатыр. Ал, мұның барлығы электронды интернет-дүкендер арқылы көпшілікке қолжетімді болып тұр. Кітаптар қазақ және орыс  тілінде жеңіл әрі түсінікті етіп жазылған. Сонымен қатар  жоғары деңгейде тамаша безендірілген.

Бұл ретте философия ғылымдарының кандидаты, танымал дінтанушы  Кеңшілік Тышқан мырза қазіргі заманда техниканың мүмкіндіктерінің дамуы көптеген оң өзгерістерге себеп болумен қатар жағымсыз тұстары да бар екенін алға тартады.

Осы зиянды тұстарының бірі кез-келген ақпараттың шексіз, бақылаусыз таратылуы болып саналады. Осы орайда, дін саласында да кейбір бізге, біздің дүниетаным мен нанымымызға қайшы келетін ағымдардың еркін түрлі азаматтарымызға түрлі кітаптар мен ақпараттарды таратуы болып отыр. Қазіргі елімізде дәстүрлі емес исламдық ағым өкілдері де осы жетістікті тиімді пайдаланып жатыр десек болады. Тіпті Әбу Ханифаның атын жамылып та діни кітаптарды таратуды жалғастырып жатқаны анық байқалады. Өйткені елімізде, ханафи ұстанымы жөнінде ашық айтылып, одан тыс көзқарастардың дәстүрге сай келмейтіндігі кеңінен насихаттала бастады. Осы діни кітаптарды таратумен айналысатын ақпарат көздеріндегі кітаптарға шолу жасағанымызда , оладың діни көзқарастарында радикалды топтардың ұстанымына сай келетін пікірлер көптеп кездеседі. Тіпті ондағы, діни теологиялық мәселелерде шәйхтардың көзқарастары мен пәтуалары басымдықта екендігі анық. Құран аяттарынан дәлел көрсеткен сияқты пайдалана отырып, өз мүдделеріне сай бұрмалаушылық жасағандығы нақты көрінеді. Әсіресе Қазақстан қоғамының діни сауаттылық деңгейінің әлі де толық жетіле қоймағандығын назарға ала отырып, адамдарды ресми дін өкілдерінен, халықтың салтынан үркітуге бағытталған үндеулер де көптеп орын алған. Бұл қазірден бастап, діни салада ақпарат тарататын интернет көздеріне бақылау жасауды бастамасақ, басқа дін туралы заңдармен теріс ағымдардың алдын алу мүмкіндігі аз болатындығын көрсетеді. Сондықтан, арнайы мониторинг жасау арқылы діни интернеттегі діни әдебиеттерге сараптама жасауды, теріс көзқарастар таратқан сайттар мен парақшаларға қажетті шара қолдануды қазірден бастау дұрыс болады, –дейді ғалым.

Шынында, діни мазмұндағы кітаптардың басым көпшілігінің мұқабасында дайындаған «Əбу Ханифа мирасы сайтының редакциясы» деп көрсетілген. Бірақ, баспа туралы, қайда орналасқаны жөнінде ешқандай деректер келтірілмеген. Тек соңында сәләфилік бағыттағы кейбір сайттарға сілтеме жасалған. Олардың діни кітаптарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанған саясатына қарсы әрекеттер мен көзқарастар ашықтан ашық беріліп отыр. Аталмыш кітаптардың мазмұны уахабизм туралы үгіттеулер мен уағыз-насихаттардардан және пәуалардан тұрады.

Бұл өз кезегінде жастарымызды дәстүрлі дінімізді дәріптеп жүрген  имамдарға құлақ аспай, сәлафи шейхтарына көбірек сенуге итермелейді. Жастар теріс  ағымдардың ықпалына еріп, «отыр десе отырып, тұр десе тұратын»  құлақ кесті құлына  айналып кетпесіне кім кепіл?!

 

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

 

 

 

 

Оқылды 1210 рет
JoomShaper
Top