Садақа беру – сауабы мол игі іс!

Бейсенбі, 14.08.2021

Шариғат бойынша әл-ауқаты жоғары мұсылмандардың садақа беріп-бермеуі өзінің еркіне қалдырылған. Алайда, аят-хадистерде жоқ-жітік пен кедей-кепшікке қарайласудың сауабы мол екендігі айтылады. Құран-Кәрімде садақа беру туралы: «Сонсоң (олардың кім екеніне қарамай) жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жолаушыларға, қайыршыға садақа бергендер және құлдарды азат етуге шын ниеттерімен көмегін аямағандар, намаз оқу, зекет беру, уәдеде тұру, кедейлікке, кемтарлыққа және (Алла үшін) күреске шыдау, міне, осылар нағыз ізгілік» (Бақара сүресі, 177) деп бұйырылады. 

Ибн Кәсир осы аятқа жасаған түсіндірмесінде Фатма Винт Кайстың Алла Елшісі (с.а.у)-ға: «Дүние-мүлікте зекеттен басқа хақ бар ма?» деп сұрағанда, Оның (с.а.у) жоғарыдағы аятты оқып, соңынан: «Дүние-мүлікте зекеттен басқа да хақ бар», деп садақаға ишара жасағандығын алға тартады. 

Алла Елшісі (с.а.у) тәуелсіз мұсылман мемлекетін құру мақсатында Меккеден Мәдинаға бет алған сапарындағы Куфа мешітінде жасаған алғашқы уағыз-насихатында: «Бір құрманың жартысындай болса да садақа беріңіз», деп мұсылмандарды бір-біріне қайырымды болуға шақырды. Пайғамбармыз (с.а.у)-ның осы хадисін негізге алған ғұламалар Ислам мемлекеттілігінің басты функциясы мұсылмандардың бір-біріне көмек беруге негізделгенін, яғни, ислами жоғары саяси ұйымның әлеуметтік тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында пайда болғанын айтады. 

Шынында да Мұхаммед (с.а.у) 622 жылы Мәдина қаласында негізін салған Ислам мемлекеті қазынадан қаржы бөліп әрбір жыл сайын белгілі-бір мөлшерде әлеуметтік жағдайы төмен жоқ-жітік пен кембағалдарға көмектесуді қолға алды. Тіпті, құл-құтанды азат ету үшін де мемлекет бюджетінен арнайы қаражат бөлініп отырды. Адамзат  тарихында осылайша тұңғыш рет мемлекеттің тұрақты әлеуметтік функциясы белгіленген еді. Тарихқа көз жіберсек, Өмер бин Абдулазиз билік құрған шақта Ислам мемлекеті өзінің әлемеуттік функциясын қалтықсыз атқарғаны соншалықты, мұсылмандар садақа беретін адам таппай қалған еді. Әл-Фарабидің «Нағыз кемел мемлекет - қайыршысы жоқ мемлекет» деген сөзі, мемлекеттің осы әлеуметтік сипатының беріктігін негізіге алған тәмсіл болатын. 

Ислам ғұламалары адамдардың бір-біріне қарайласа жүруінің рухани пайдасы зор екенін алға тартады. Пайғамбарымыз (с.а.у) мұсылмандардың періштедей пәк күйге бөленуі үшін садақа беруден тартынбауға үндеген. «Бір құрма болса да садақа беріңіз. Өйткені (садақа) кедейді қуандырады, сондай-ақ, судың отты өшіргені секілді, (садақа) күнәларыңызды жоқ қылады» деген хадис-шариф, садақа берудің мұсылмандардың рухани тазаруына жол ашатын ізгі амал екенін әйгілеуде.    

Иса (с.а.у): «Қайыршының қолын қаққан жанның үйіне періштелер жеті күн бойы келмейді», дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у) табиғатынан мынадай екі нәрсені өз қолымен жасайтын: Дәрет алғанда ешкімге су құйдырмайтын, сондай-ақ, кембағалға садақаны өз қолымен беретін. 

Пайғамбарлардың осы өнегесі ақжал толқын сахабалардың өмірлік ұстанымына айналған еді. Айша (р.а) анамыз жоқ-жітікке елу мың алтын садақа беріп, өзі жамау-жамау киім киіп жүретін. Ибн Масуд: «Бір адам жетпіс жыл бойы құлшылық қылды. Соңынан жаза басып сондай бір күнә істеді, жасаған ғибадатының мүлде сауабы қалмады. Бір күні қол жайып алдынан шыққан міскінге бір тілім нан беріп қайырымдылық жасады. Сол замат жасаған күнәсі кешіріліп, жетпіс жылдық ғибадатының сауабы қайта берілді» дейді. Ал, Абдуллаһ бин Омар садақағы тек тәтті беретін. Өзінің бұл ісінің себебін: «Қатты жақсы көрген нәрсеңізді садақа етпейінше жақсылардың қатарына қосыла алмайсыз» (Али Ғимран, 92) деген аятпен түсіндіретін.

Мұхан Исахан

Оқылды 5429 рет
JoomShaper
Top