Күң әйелдің оқиғасы

Дүйсенбі, 05.12.2021

Әділ шешім шығарсаң, жақтаушыларың артады

(Хазіреті Әли)

Бұл оқиғаны Ибн Аббас (р.а.) былай деп келтіреді:

Бір күң Омарға келіп:

– Қожайыным зина істедің деп кінәлап, мені қып-қызыл шоққа отырғызды, сол себептен әурет жерім күйіп қалды – деп шағымданды.

Халифа Омар (р.а.):

–  Қожайының сенің зина істегеніңді көзімен көрді ме? – деп сұрайды.

Күң:

–  Жоқ, – деп жауап береді.

Халифа Омар:

–  Жоқ, зина жасағаныңды өзің мойындадың ба?

Күң тағы да:

–  Жоқ – дейді.

Халифа Омар:

–  Олай болса, қожайының менің алдыма келсін, – деп бұйырады.

Күңнің қожайыны халифаның алдына келгенде, Омар (р.а.):

–  Демек, сен мына күңіңді Алланың от азабымен азаптаған екенсің, солай ма? – деп сұрайды.

Әлгі кісі:

–  Ей, мүміндердің әміршісі, одан күмәнданған едім, – деп жауап береді.

Халифа Омар одан:

–  Оның зина жасаған кезінде үстінен түстің бе? – деп сұрайды.

–  Жоқ – дейді қожайын.

Омар тағы да:

–  Жоқ, зина жасағанын өзі мойындады ма? – деп сұрайды.

Қожайын тағы:

–  Жоқ, мойындаған жоқ – дейді.

Сонда Омар (р.а.):

–  Аллаға ант етемін, егер мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Құлы үшін қожайынынан, баласы үшін әкесінен кек алынбайды», – деп айтқанын естімегенде, мына күңге істегеніңді дәл өзіңе де істер едім, – дейді дауыстап.

Сөйтті де әлгі қатыгез кісіге жаза ретінде жүз рет дүре соқтырды. Күңге қарап:

 – Басыңа бостандық бердім, бұдан былай Алланың разылығы үшін азатсың. Мен Алла елшісінің: «Отқа күйдірілген немесе көзі ойылған, құлағы, мұрны кесілген адам азат. Ол – Алла мен Оның елшісінің азаты», – деп айтқанын өз құлағыммен естіген едім» деді.

Әңгімеден алатын пайдалы сабақ:

Исламда адам құқығы қорғалған. Шариғатта сотқа шағымданып келген адамның дініне, нәсіліне, әлеуметтік статусына қарап үкім шығарылмайды. Шариғат барлығына тең және бірдей.

«Ей, мүміндер! Алла үшін куәлік бергенде туралыққа берік болыңдар және бір елдің өшпенділігі сендерді әділсіздікке тартпасын. Әділдік істеңдер. Сол тақуалыққа жақынырақ» (Мәйда: 8).

Пайғамбардың (с.ғ.с.) дәуірінде болған мына оқиға баласының тәрбиесі мен қамқорлығына таласқан ата-ананың сәбиге қатысты тартысын баяндайды.

Пайғамбарға (с.ғ.с.) бір сәбиге таласқан ата-ана келеді. Бұлардың бірі оның әкесі болса, екеншісі оның анасы еді. Сөйтіп, баланың әкесі:

– Уа, Алланың елшісі! Бұл бала менің белімнен шықты – деп балаға құқылы екенін айтты.

Сәбидің анасы:

 – Уа, Алланың елшісі! Ол бұл сәбиді белінде ұстады, қиналған жоқ.  Ал  оны менің жатырыма салғанда шаһуатпен салды. Мен болсам сәбиді қарнымда тоғыз ай көтердім, босанған кезімде қатты толғаттым. Сөйтіп, оны екі жыл бойына үздіксіз еміздім, түндерімді үйқысыз өткіздім – деп өзінің уәжін айтады.

Екі жақтың уәжін таңдығын пайғамбар (с.ғ.с.) сәбиді анасының қолына береді. Сөйтіп, анасы мен жаңа туылған сәбидің құқығын қорғайды.

Ал енді басқа риуаятта сәбидің анасы:

– Уа, Алланың елшісі! Менің қарным бұл сәбиге үй болды, құшағым – сәбидің қорғаны, ал кеудем оның шөлін басатын сусыны болды. Ал әкесі болса, бұл сәбиді менен тартып алғысы келеді – деген екен (Ахмад, Әбу Дәуіт).

Осылайша Ислам адам құқығын қорғаудың жоғарғы идеалдарын көрсетеді. Бұлай дейтініміз, Ислам алғаш болып әйел құқығын қорғады, оған қоғамда тиісті өз орнын берді. Себебі, бұл дәуірде басқа мәдениеттердің қоғамдық өмірінде әйел заты екінші қатарда еді. Олардың қоғамдағы орны мен дауысы жоқ болатын.

Екінші пайдалы сабақ

Ислам жәбірлікке жолбермейді. Ззұлымдық қылған адамның өзі жазаланады. Әңгімеде көргеніміздей Омар патша:

–  Аллаға ант етемін, егер мен Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Құлы үшін қожайынынан, баласы үшін әкесінен кек алынбайды», – деп айтқанын естімегенде, мына күңге істегеніңді дәл өзіңе де істер едім, – дейді дауыстап. Сөйтті де әлгі қатыгез кісіге жаза ретінде жүз рет дүре соқтырды.

Үшінші пайдалы сабақ

Мұсылман адам пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне сәйкес амал қылады. Омар патша Ала елшісінің (с.ғ.с.): «Отқа күйдірілген немесе көзі ойылған, құлағы, мұрны кесілген адам азат. Ол – Алла мен Оның елшісінің азаты» – деген риуаятына сәйкес амал етті. Сөйтіп, күң әйелдің ақысын қайтарып, оның басына бостандық берді.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ. филос.ғ.к., дінтанушы.

Оқылды 675 рет
JoomShaper
Top