Қайырымдылық ісіңнен көрінеді

Бейсенбі, 11.08.2021

Қайырымдылық – адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Қайырымдылық мұқтаж жандардың қажетін өтеудегі ізгіліктің нақты көрінісі болып табылады. Сондықтан да əрбір жан иесі қайырымдылық істеріне араласып, Жаратушының разылығын аңсаған халде бар ықыласымен мұқтаж жандарға қол ұшын беруі дұрыстың дұрысы.

 

Асыл дінімізде қайырымдылық істері 4 бағытта өрбиді. Ықыласты түрде, мәжбүрсіз – сыйлық, қайырмалдық, құрмалдық және садақа беру. Қарыз алған мұқтаж адамның қарызын қайтарымсыз, өсімсіз өтеп беруі. Жылдық жинаған кірісінен – зекет беру.

Уақп – үзілмейтін садақа беру. Яғни, белгілі бір мал-мүлікті көп мәрте қайырымдылық жолында пайдалану үшін ұзақ мерзім жұмсамай ұстап тұру арқылы жүзеге асады. Осылайша қайырымдылық түрлері жөнінде сөз ете отырып, қайырымдылық істерін исламның мызғымас жүйесі ретінде қарастырамыз.

Қасиетті Құран Кәрім аяттарына көз жүгіртетін болсақ, жомарттық пен қайырымдылық жасаудың маңыздылығы – парыз етілген намаз сөзімен қатар жүретінін байқаймыз. Хақ Тағала Құран Кәрімнің Бақара сүресінің 3-аятында: «Олар ғайыпқа иман келтіріп, намазды толық орындап, өздеріне берген рызығымыздан жұмсайды» деген. Аят жолындағы «рызығымыздан жұмсайды» дегені – Алланың берген ризығын – Алланың разылығы үшін жұмсауға бұйырады. Көптеген тәпсір еңбектерінде Алланың берген рызығын Аллаға жақындау үшін мал-мүлік сарып қылу жөнінде баяндалады. Сондай-ақ, шариғат бойынша қайыр-садақаға лайықты мұқтаж адамдардың санаты реттілікпен көрсетілген. Олар: Ата-ана, ағайын, туған-туысқандар, жетімдер, кедейлер және сапардағы мүсәпір жандар қайырымдылық көмегіне лайықты екені мәлім.

Осы орайда Әбу Һұрайра (р.а.) риуаят еткен хадисінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Адам баласы дүниеден өткен соң оның амалы тоқтайды. Тек мына үш амалдың сауабы иесіне үздіксіз жетіп тұрады. Олар: Садақа жария, пайдалы ілім, артынан дұға қылатын ізгі ұрпақ» дегенін жеткізеді. Яғни, пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы амалдарды орындаған адам, тіпті, о дүниелік болып, амал дәптері жабылса да – осы үш амалдың сауабы үздіксіз жалғаса беретіндігін хабарлайды. Осы аталмыш амалдардың біріншісі «Садақа жария», яғни Алла разылығы үшін жұмсалған қайырымдылық, қайыр, садақа істері. Бұл садақа жарияға – мешіт салу, мектеп, медресе, емхана тұрғызу, көпір салу, жол салу, құдық қазу деген сынды тағыда басқа көпшіліктің пайдалануына арналған қайырлы да, қайырымдылық істерін жатқызуға болады.

Сонымен қатар, қайырымдылықтың ең абзалы – мұқтаж жандардың қажетін өтеу. Мәселен: қарызы көптің қарызын өтеп беру, жетімдерге, мүгедектерге, қарттарға т.б. қайыр-садақаға лайықты жандарға материалдық көмек көрсету. Осы орайда, ҚМДБ-ның бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы да өзінің «Дін мен Дәстүр» атты еңбегінде қайырымдылық жөнінде: «Қазақ халқында сақталған игі дәстүрлердің бірі – жылу жинау. Ағайынның, ауылдастың немесе кез келген адамның басына күн туғанда оған жанашырлық танытып, қаржы, көмек жинап береді. Мысалы, су тасқыны, зілзала, өрт сияқты табиғи апаттарда, не бір адам ауыр науқастан емделуге қаржы таппағанда және тағы басқа да жалғыз өзі шеше алмайтын қиындықтарға тап болғанда қоғам болып бірге көтерісіп, жәрдем берген. Зардап шеккен отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетіп, мал жинап беріп, ыдыс – аяқ, киім – кешек, көрпе – төсек апарып, қол ұшын созған», – деп дәстүріміздегі қайырымдылық қасиетіне тоқталған еді.

Қорыта келгенде, қазақ халқы қайырымдылықты қастерлі ұғым санап, әрдайым өзара жақсылыққа, адалдыққа үндеген бабаларымыз ізгі істі үлкенді-кішілі бөлмей, қоғамда өзара қайырымдылық пен ынтымақ ортасының орнауына ерекше назар аударған. Сондай-ақ, қайырымдылық жасаған адам ешқашан кедейленіп қалмайды «қолы ашықтың – жолы ашық», – деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Сондықтан да Алланың берген рызығынан аз да болса бір бөлігін Хақ Тағаланың разылығы үшін қайырлы істерге жұмсасақ, қоғамға тиер пайдасы мол болатыны сөзсіз.

Серік ТƏЖІБАЕВ,

«Нұр-Мүбарак» Египет ислам

мәдениеті университетінің докторанты

Оқылды 350 рет
JoomShaper
Top