Пайғамбар қабірін зиярат ету мәселесі

Сенбі, 13.08.2021

Алланың таңдаулы құлы болған Мұхамед (с.ғ.с.) пайғамдардың қабірін зиярат етудің өзі бүгінде кейбір мұсылмандардың басты мәселесіне айналды. Мұндай мәселелер ілгерідегі саңлақ сахабалардың арасында үлкен дау тудыра қоймаған еді. Себебі, олар пайғамбардың (с.ғ.с.) шәкірттері әрі діни мәселеде талас-тартыстың болдырмауын қатты қадағалайтын.

Қазіргі уаһабшылар керісінше өздерін дінді қайта жаңартушымыз, барлық жаңашылдықтың көзін жоюшымыз деп ұрандау арқылы өздерінің діни көзқарастарын басқа мұсылмандардың арасында талас-тартыс арқылы танытып жатады. Бұл уаһабшылардың бүгінгі басты проблемасы десе артық айтқандық емес. Осындай көзқарастың ішінде қабірді зиярат етуге соның ішінде ардақты пайғамбардың (с.ғ.с.) қабіріне арнайы сапармен баруға   байланысты қисынсыз үкімдер шығаруда.

Уаһабшылардың көсемі Ибн Таймия өз кезегінде қабірлерді зиярат етуге байланысты өзінің көзқарасын [Мажмуатул фатауа 27/243] кітабында былай білдіреді: «Мұхамед (с.ғ.с.) пайғамбардың және басқа да ізгі салихалы адамдардың қабірін арнайы зиярат ету төмендегідей қате амалдардан болып саналады:

-         Пайғамбар (с.ғ.с.) (қабірінен бөлек) мешітін ғана зиярат ету шариғи амалдардан рұқсат етілген.

-         Пайғамбар қабірін тікелей ниетпен барып зиярат етуге тыйым салынған.

-         Егер пайғамбар (с.ғ.с.) қабірін зиярат етуге рұқсат етілгенде онда Мәдина қаласының тұрғындары күнделікті сауап үшін сол қабірге барар еді.

Осылайша пайғамбар (с.ғ.с.) мешітінен бөлек қабіріне барып салауат айтуға болмайтыны туралы ілгерідегі бүкіл ахли сүннә ғұламалары бірауыздан мақұлдаған. Мұндай зияратты Мәлик өз кезегінде бидағат деп үкім шығарған.  Сондықтан егер кімде кім пайғамбар с.а.у. қабірін зиярат етуді тоқтатпаса ол барлық мұсылман ғұламалары бірауыздан келіскен шешімге қарсы шыққан болып саналады».

Адамның ардақтысы Мұхамед (с.ғ.с.) қабірін зиярат ету, етпеуге байланысты сұрақтың өзі арнайы жаупты қажет етпейтін дүние. Егер де кез-келген философ маманынан «Аллаға не үшін сену керек?» деп, сұрақ қойсаң ол соған дәлел ретінде Құраннан не сүннеттен ешбір дәлел келтірмей-ақ, «Біз Жаратушыға мұқтаж болғанымыз үшін Аллаға сөзсіз сену керекпіз» деген сөздерді айтады. Сол сияқты жоғарыдағы қабір мәселесі де ешбір дәлелді қажет етпей ақылмен түсінетін дүние. Дегенмен де, ақыл жүгіртуге ерінетін, ғаламтордағы түрлі дайын уағыз-насихаттан сусындап, ешбір тұлғаның көзқарасын қабылдамайтын осындай қабір мәселесінде бірбеткей болып кеткен бүгінгі уаһабшыларға бірнеше дәлелдер келтіріп кетелік.

Алла Тағала Ниса сүресінің 64-ші аятында былай дейді: «Егер олар өздеріне бір кесір істеген уақытта саған келіп, Алладан жарылқау тілесе, әрі Пайғамбар да олар үшін жарылқау тілесе, әрине олар Алланы тәубені қабылдаушы әрі ерекше мейірімді екенін білер еді». Бүгінге дейінгі өмірден өткен барлық Ислам ғұламалары пайғамбар с.а.у. қабірін зиярат етіп оның көмегімен Алладан жарылқау тілеу керетігіне байланысты осы аятты дәлел етіп келеді. Бірде бір ғалым бұл аятпен амал етуге болмайтыны туралы пікірлер айтып қалдырған емес.      

Осыған байланысты Әл-Қади әл-Аъяд өзінің [Шифа – 2/68] кітабында былай дейді: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) қабірін зиярат ету ол сүннет амалдардан».

Сонымен қатар Шафиъи мәзхабының өкілі Атаби есімді кісі бір күні пайғамбар с.а.у мешітінің жанында отырғанда бір бедеуин пайғамбар (с.ғ.с.) қабіріне келіп жүзін бұрып  былай дегенін көреді: «Ей, Алланың елшісі (с.ғ.с.) Жаратушы өзің туралы: «Егер олар өздеріне бір кесір істеген уақытта саған келіп, Алладан жарылқау тілесе, әрі пайғамбар да олар үшін жарылқау тілесе, әрине олар Алланы тәубені қабылдаушы әрі ерекше мейірімді екенін білер еді» деген еді, осыған байланысты мен өзің арқылы Алладан жарылқауды сұрап келдім», деген. Мұны көргеннен кейін Атаби мешіт қабырғасына сүйеніп ұйқыға кетеді. Сонда түсінде пайғамбар (с.ғ.с.) келіп «Ей, Атаби, әлгі бедеуинге барып Алла оны кешіргенін айтып  сүйіншіле», деген екен. Танымал Атабидың бұл әңгімесін бүгінге дейін қабырды зиярат етуге болатыны жайлы көптеген Ислам ғұламалары дәлел ретінде айтып келген. Солардың ішінде тәпсір саласында [Имам әл-Құртуби – 5/265], [Ибн Кәсир – 1/560], [Имам Насафи – 1/230], сондай-ақ, фақиһ ғалымдары [Камал ибн әл-Һамам – «Фатх Қадир» 3/179], [Имам Науауи - «Мажмуъа» 8/202], [Жалал ад-Дин ас-Суюти -  «Дурар әл-Мансур» 1/570].   

Ал, Ибн Таймия өз кезегінде бұл аят жайлы [Мажмуатул фатауа – 1/159] былай түсініктеме береді: « Алланың «Егер олар өздеріне бір кесір істеген уақытта саған келіп, Алладан жарылқау тілесе, әрі пайғамбар да олар үшін жарылқау тілесе, әрине олар Алланы тәубені қабылдаушы әрі ерекше мейірімді екенін білер еді», деген аяты пайғамбар (с.ғ.с.) көзі тірісінде ғана амал етілген аят болып табылады. Себебі, Ол (с.ғ.с.) өмірден өткеннен кейін ешбір сахаба немесе табиғин бұл аятты жүзеге асырған деген деректер жоқ. Егер кімде кім пайғамбарлар (с.ғ.с.) қабірлеріне барып жалбарынантын болса ол Алла Тағала рұқсат етпеген амалды жүзеге асырған болып саналады және ең қауіпті ширк амалын жасағанмен тең. Сонымен қатар, қабірлерді зиярат жасау христиан өкілдері секілді өлілерді құрметтеп олардан көмек сұраумен тең». Ибн Таймияның бұл сөзіне былай жауап беруге болады:

Бір күні Омар ибн Хаттаб Мәдинада мінберге шығып халық алдында былай дейді: «Расында бір жәннәт болады. Онда бір зәулім сарай болады. Ол сарайдың бес жүздей есігі бар және әр есігінде бес жүз мың хор қыздар тұрады. Бұл жәннәтқа пайғамбарлар ғана  кіреді», деді де Мұхамед (с.ғ.с.) пайғамбардың қабіріне қарап «Ей, қабірдің иесі, сенің барар жерің қандай керемет еді!», деді [Табарани риуаятынан – «әл-Аусат» 9/163]. Бұл риуаят біріншіден пайғамбар с.а.у. өмірден өтсе де оған бет бұруға болатыны жайлы, екіншіден бұл ешбір ширк амалына жатпайтынына дәлел бола алады.

Сонымен қатар, қабірді зиярат етуге байланысты пайғамбардың мынадай танымал хадісі бар: «Мен сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім. Енді зиярат етулеріңе болады» –  [Муслим, жәнәйз – 106]».

Егер пайғамбар (с.ғ.с.) өзі қабірлерді зиярат етуге рұқсат етсе онда адамдардың асылы болған Оның қабырын зиярат ету басқа қабірлерге қарағанда ең лайықты жер болып саналатыны айдан анық. Бұған қоса пайғамбардың с.а.у. өзі де мұны іс жүзінде көрсетіп, соғыста қайтыс болған сахабалардың қабірлерін зиярат етіп, оларға дұға еткендігі тағы бар. Осындай сенімді қайнарларды ешбір уаһабшылар бүгінде жоққа шығара алмайды. Соған қарамастан олар қабірге байланысты өз ұстанымдарынан таймай бейбіт халықтың арасында діни кикілжің тудыруларын тоқтатар емес.          

Дайындаған: Жалғас АСХАТҰЛЫ

Оқылды 264 рет
JoomShaper
Top