Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ: «Дінтану білімі ширек ғасырлық белесті бағындырды»

Сенбі, 14.05.2022

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірәсілқызымен сұхбат

− Армысыз, Айнұр Әбдірәсілқызы! Таяуда Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының тағы бір айтулы шарасына куә болдық. «Қазақстандағы дінтану білімі мен ғылымының даму үрдістері және өзекті мәселелері» атты қызу талқылауға толы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция сәуірдің соңын ала Астанада өтті. Бұл игі істің бастамашысы кім болды?

- Бұл біздің Орталықтың жылдар бойы күн тәртібінен түсірмей зерттеп-зерделеп, соның нәтижесінде арнайы жылдық жоспарына қосып, бекітіп алған шарасы. Бастамашы да, жүзеге асырушы да – өзіміз.

Көзі қарақты оқырман қауым ұмытпаған болуы тиіс, өткен жылдың наурыз айында біздің орталық еліміздегі барлық дінтану кафедраларымен және ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтымен ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасасқан болатын. Сол жолғы іссапар аясында дінтану білімі мен ғылымына қатысты көптеген көкейтесті жайттарды көңілге түйіп қайтқан болатынбыз.

Өз кезінде дінтанулық білім жүйесіндегі талай түйткілдерді қозғап, жиі-жиі хат жазып, жиналыс ұйымдастырып, Білім және ғылым министрлігін тәуір-ақ мазалағанбыз. Дегенмен ол тараптан қозғалыс болмай, «Баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала берген соң, «Мың сіз-бізден бір шыж-быж артық» деп, осы іргелі зерттеуді өзіміз жүзеге асыруды жөн көрдік. Сөйтіп, биылғы ақпан-наурыз айларында дінтану кафедраларын табанымыздан тозып шарлап, сұхбат өткізіп, сауалнама жүргізіп, оқу бағдарламаларын, кітапхана қорын, білім беру үдерісін, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, тәлімгерлер мен білімгерлердің, бітіруші түлектердің жай-күйін зерттеп-зерделеп, айдан аса уақыт зерттеу қорытындыларын талдап-саралап, нәтижесінде көздеген уақытымызда жоспарлаған конференциямызды өткізіп те алдық.

- Үлкен есеппен алғанда бұл білім саласындағы мемлекеттік органның жұмысы болуы тиіс қой?

- Дәл солай. Дегенмен үлкен есептен де үлкен мүдде бар – ол мемлекет мүддесі. Сол ұлы мүдде жолында «сенікі-менікі» деп бөлмей, керісінше «Біз болмасақ, кім?» деп, ауыздықпен алысып, жер тарпып тұруға тура келеді. Тарпынған тірліктің бірі – осы.

Екінші жағынан Білім және ғылым министрлігі мамандарына да түсіністікпен қараған жөн. Олар үшін дінтану – білім жүйесіндегі мыңдаған пәндердің, жүздеген мамандықтардың бірі ғана. Ал біз үшін ол – маңдайымызға басқан жалғызымыз. Сондықтан шешім қабылдау тетігі өзге министрліктің құзыретінде тұрса да, қолдан келгенше әрекет ету – біздің азаматтық парызымыз.

- Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дінтану кафедралары меңгерушілерінің, ұстаздарының осы шараға дән риза болып, жоғары баға бергенін көзіміз көрді. Көптің көңілінен шыққан зерттеудің негізгі қорытындыларына тоқталсаңыз.

- Әңгімені мақсаттан бастағым келеді. Біздің ең басты мақсатымыз тақырыпқа сай еліміздегі дінтану білімі мен ғылымының даму үрдістері мен өзекті мәселелерін зерттеп-зерделеу болса, одан кем емес тағы бір негізгі мақсатымыз – дінтану кафедраларын бір-бірінің іс-тәжірибесімен, жай-күйімен, оқу-әдістемелік материалдарымен, зерттеу еңбектерімен, мамандандыру бағыттарымен, кадрлық әлеуетімен көрнекі түрде таныстыру еді. Екі мақсатымыз да толығымен жүзеге асты. Көптің көңілінен шыққаны да сондықтан.

Ал негізгі нәтиже не дегенге келсек – ширек ғасырлық тарихы бар отандық дінтану білімі жүйесінде тұңғыш рет динамикалық күйдегі толыққанды зерттеу жасалды. Статистикалық мәліметтер нақтыланды, даму үрдістері сараланды, өзекті мәселелер айқындалды.

Таратып айталық. Елеулі жетістіктердің бірі сол – қазір дінтану кафедраларында оқытушы-профессорлар құрамының кадрлық әлеуеті жоғары дәрежеде қалыптасты. Алты кафедрада барлығы 95 ұстаз қызмет атқарса, оның 19-ы – ғылым докторы, 28-і – ғылым кандидаты, 11-і – PhD доктор, 37-сі – магистрлер.

Кафедраларда мемлекеттік білім стандарттарына сәйкес бекітілген бағдарлама бойынша 10 базалық, 170 таңдау пәні оқытылады. Бұл әрбір кафедраның өзіндік тәжірибесі мен мамандарының жеткілікті деңгейде қалыптасқандығының арқасында мүмкін болып отыр.

Атап айту қажет, дінтанулық білімнің сапасы мен мазмұнын көтеруде шетелден мамандар шақыру үдерісінің жолға қойылғаны өзіндік септігін тигізуде. Білім және тәжірибе алмасу мақсатында дінтану кафедраларына соңғы 2-3 жылда шамамен 150-ге жуық шетелдік мамандар шақыртылған.

Кітап қорына келейік. Зерттеу қорытындыларына сүйенсек, қазіргі уақытта дінтану мамандығына арналған оқу-әдістемелік әдебиеттер қорының жалпы саны 38496 дананы құрайды, оның ішінде қазақ тіліндегісі – 5938, орыс тіліндегісі – 4119, өзге тілдердегісі – 28386. Бүгінге дейін отандық авторлар тарапынан жалпы дінтанулық білім мен арнайы курстар үшін 60-тан астам оқулықтар мен оқу құралдары әзірленген.

Дегенмен бұл бағыттарда өзіндік кемшіліктер де жоқ емес. Ол біздің бұған дейін де көпшілік назарына ұсынып жүрген пікірлерімізбен ұштасады.

Біріншіден, кафедра оқытушыларының мамандану бағдарының әртүрлілігі себепті таңдау компоненті ретінде ұсынылатын пәндер кафедраның оқытушылар ұжымының әлеуетіне орай жасақталған. Сондықтан кей кафедрада таңдау пәндері негізінен ислам бағытында болса, кейбірінде философия, мәдениеттану немесе дінтану әдіснамасы мәселелеріне негізделген. Оқытушылардың танымдық көзқарасының әркелкілігі салдарынан кейде ислам дүниетанымы тұрғысынан, кейде секуляристік тұрғыдан білім беру байқалады.

Негізгі оқу құралдары мен қосымша әдебиеттердің әр алуан болуы да кафедралардағы дінтанулық білім саласының бірыңғай нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік бермейді әрі болашақ дінтанушылардың кәсіби даярлығының әртекті болуына ықпал етеді. Бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының мазмұндық және әдістемелік тұрғыдан ескіріп үлгергені де байқалып отыр.

Білімгерлердің халі нешік? Көрсеткіштері қандай?

- Дінтану мамандарын даярлау үдерісі жыл санап қарқын алып келе жатқаны баршаға белгілі. Бүгінгі күні бұл салада 526 бакалавр, 200 магистрант, 14 докторант, барлығын қоса алғанда 771 болашақ маман білім алуда.

Соңғы жылдары елімізде жыл сайын орта есеппен 200 маман бітіріп, ел қызметіне араласуда. Жалпы алғанда, дінтану мамандығы ашылған уақыттан бері 967 түлек өндіріске жіберілген екен. Бұл, әрине – елеулі көрсеткіш.

Дегенмен, маман даярлау бар да, дайын кадрлық ресурсты тиімді пайдалану мәселесі тағы бар. Елімізде дінтанушыларға деген сұраныс жоғары болғанымен, бүгінге дейін бітірген дінтанушы түлектердің мамандық бойынша жұмыспен қамтылу деңгейі 58%-дың айналасында қалып отыр. Бұл жерде көптеген бітіруші түлектердің өздері оқыған моноқалаларда жұмысқа қалуды мақсат ететінін, сол жолда неше жыл тер төгіп оқыған мамандығынан да бас тартып жататынын назарға алу керек. Әрине, жоғары білімді маман ретінде оларға өзге салалардан да жұмыс табылады, дегенмен қазіргі діни ахуал жағдайында мемлекеттің күш-жігерімен даярланған дінтану мамандарының өз саласына қызмет етуі айтарлықтай маңызды. 

Бір мысал келтірейін. 2012-2013 оқу жылында Дін істері агенттігі тарапынан жұмысқа тарту мақсатымен бітіруші түлектер арасында сауалнама жүргізілген болатын.  Өкінішке орай, түлектердің 70%-ға жуығы Алматы және Астана қалаларынан басқа өңірлерге барғысы келмейтінін, сондықтан басқа салада жұмысқа орналасып болса да, осы қалаларда қалуға ниет ететінін ашық мәлімдеді. Бітірушілердің елеулі бір бөлігі мектептерде ұстаздық етуге бармай, жалақысы жоғары болғандықтан жеке мекемелерге жұмысқа орналасатынын айтты. Аталған жылдағы жүздеген бітірушілер арасынан біздің үгіттеуімізмен бір ғана түлек өзінің туған жері – Солтүстік Қазақстан облысына жұмысқа орналасуға келіскен болатын.

Осыған ұқсас көзқарастардың бітіруші түлектер санасында әлі де кездеетініне зерттеулер барысында көз жеткіздік. Мемлекеттік идеологиямен ұштасатын, жауапкершілігі мол дінтану мамандығына оның қиындығына төзіп, қыр-сырын игергісі келмейтіндердің кездейсоқ келуіне жол беру жөн болмайды. Осы мақсатта дінтану мамандығын таңдаған талапкерлер үшін 2015 жылдан бастап шығармашылық емтихан тағайындалғанын да атап өткім келеді.

- Сөзіңіз аузыңызда, таяуда ғана Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде дінтану пәнінен ұйымдастырылған тұңғыш олимпиадаға қазылық етіп қайтқаныңыздан БАҚ беттерінен хабардар болып едік...

- Иә, бұл аталмыш университеттің кәсіби тұрғыдағы маңызды бір қадамы болды. Олимпиада 11 сынып оқушылары арасында өтті. Еліміздің барлық өңірлерінен дерлік жиналған 52 талапкер ауызша және жазбаша екі турдан тұратын білім сайысында бақ сынады. Жүзден жүйрік шыққан 6 оқушыға – университет гранты, 10 оқушыға квота табыс етілді.

Сөйтіп, университет бір жағынан мамандықтың жағымды жарнамасын жасады, екінші жағынан өздеріне білімді де талапты шәкірттерді іріктеп алды. Еліміздегі дінтану мамандығы сонау 1992 жылы дәл осы университетте ашылғанын ескерсек, мұның өзі бұл білім ордасының ширек ғасырлық тәжірибесіне жарасымды игі іс болды.

Біз өз тарапымыздан жыл сайын осындай олимпиаданы алдымен барлық өңірлерде өткізуді, соның негізінде республикалық олимпиадаға әр өңірден ең озық екі талапкерден қатыстыруды ұсындық. Ал қазір ойыма келіп отырғаны – республикалық қорытынды олимпиаданы алты дінтану кафедрасы бірлесе өткізіп, әр университет өз гранты мен квотасын тағайындаса, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналатын талапкерлер үшін өте тиімді болар еді. Яғни жеңімпаздардың әрқайсысы өзіне ыңғайлы өңірдегі оқу орнына түсуге мүмкіндік алар еді. 

- Білімгерлердің жай-күйі туралы тақырыпты түйіндесек...

- Қазір жеке білім беру траекториясы негізінде болашақ дінтану мамандарын «дінтанушы – дінтану пәнінің оқытушысы», «дінтанушы – ислам теологиясы бойынша сарапшы», «дінтанушы – христиан теологиясы бойынша сарапшы», «дінтанушы – жаңа діни ағымдар бойынша сарапшы», «дінтанушы – мемлекет-дін қатынастары бойынша сарапшы» бейіндік бағыттарымен даярлауәл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде қалыптасқан. Осы озық тәжірибені өзге кафедралар да жалғастырса, білім үдерісіне өзіндік серпін берер еді.

Зерделеу жұмыстары барысында бұған дейін де айтып, жазып жүргеніміздей, түлектерді жұмыспен қамту мәселесін тиімді түрде шешу үшін әрі мамандардың кәсіби даярлығы мен жан-жақтылығын арттыру мақсатында дінтанушыларға қосымша мамандық беру қажеттілігі айқындала түсті. Сонымен қатар қазіргі заманауи даму қарқынын ескере отырып, дінтану мамандарын бакалавриатта ғана емес, магистратура деңгейінде де «дін социологиясы», «дін психологиясы», «дін феноменологиясы» секілді белгілі бір салаларға мамандандыру қажеттілігі өзекті күйінде қалып отыр.

Зерттеу нәтижелері қазіргі дінтануға маманданушы жастарда кәсіби сана мен отансүйгіштік тәрбиенің, мемлекетшілдік мінездің жетілдіріле түсуі қажет екенін көрсетті. Бұл орайда болашақ жұмыс берушілердің талаптарымен айқынырақ танысу мақсатында білім алушылардың дін саласындағы уәкілетті орган мен оның ведомостволық мекемелерінде өндірістік тәжірибеден өтуінің маңызы зор.

Осы тұста айта кетелік, біздің орталық ынтымақтастық жөніндегі меморандум негізінде болашақ дінтанушыларды – тәжірибеден, ал дінтану мамандарын машықтанудан өткізіп отырады. Дегенмен бұл орайда әзірге  Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті ғана белсенділік танытуда.

- Дінтану ғылымының жай-күйі туралы бірер сөз айтудың кезегі келген тәрізді...

- Дінтану білімі мен ғылымы – бір-бірімен астаса өріліп жатқан егіз арна. Көп жағдайда дінтану ғылымын дамытуға осы салада ұстаздық етіп жүрген мамандар күш салуда. Бүгінге дейін ғылыми зерттеулермен тұрақты түрде айналысып, 150-ге жуық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырған, 900-ден астам бакалаврлық, магистрлік зерттеу жұмысына бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп келе жатқан – сол ұстаздар.

Мазмұндық жағынан іс-шаралар мен зерттеу жұмыстары ислам дініне, дәстүрлі емес діндер және дінаралық қатынастар мәселесіне, діни экстремизм және терроризмнің алдын алу тақырыбына, дінтанудың әдіснамалық мәселелеріне негізделген.

Ал дінтану ғылымымен дербес айналысатын ұжым ретінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының Дінтану бөлімін атап айтуымыз қажет. Осы бөлім тарапынан жүргізілген қазіргі қазақстандық қоғамның зияткерлік және рухани-адамгершілік әлеуетін дамытуға бағытталған дінтанулық зерттеулер айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді.

Бөлім тарапынан 2011-2015 жылдар аралығында дін тақырыбына арналған 22 басылым әзірленіп, жарық көрді. «Қазақстан Республикасы этностық және діни топтарының азаматтық қауымдастыққа топтасуының құндылықтық-мағыналық және рухани-адамгершілік негіздері», «Ислам фобиясы және стереотиптер», «Возможности религии в снижении уровня вызовов и угроз современности: философско-политологический анализ», «Тренды новой религиозности в современном Казахстане (опыт социогуманитарного измерения)» секілді монографиялар аталмыш ұжым еңбегінің елеулі нәтижесі болып табылады.

Аталмыш ұжым кеңестерден кейінгі кеңістіктегі діни үдерістерді, еліміздің тарихи және рухани-мәдени дамуындағы діннің рөлін,  қазіргі Қазақстан аймағындағы діндер тарихын, соның ішінде  ислам мәдениетінің тарихын, қазақ халқының рухани өмірін зерттеу жұмыстарын дербес ғылыми жобалар аясында жүзеге асыруда. Ендігі мәселе сол зерттеу нәтижелерін ғылыми айналымға кеңінен енгізіп қана қоймай, білім үдерісіне тиісті деңгейде қосуда болып отыр.

- Әңгіме түйінінің «Қандай қорытынды ұсыныстар жасақталды?» деген сауалға ойысуы заңды секілді...

- «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, бұл ұсыныстар бұрынғы ұсыныстардан қомақтырақ. Өйткені ол – биылғы ізденістердің ғана емес, жылдар бойғы зерттеулердің нәтижесі, дінтану білімі мен ғылымы саласында қайрат етіп жүрген көптеген танымал тұлғалардың тұжырымды ойлары. Сондықтан қорытынды ұсыныстардың шып-шырғасын шығармай, жинақталған күйінде «E-islamның» «Дінтанушы бұрышына» ұсынайын. «Қазақстандағы дінтану білімі мен ғылымының даму үрдістері және өзекті мәселелері» атты зерделеу жұмысының қысқартылған нұсқасымен де көпшіліктің сол айдар арқылы танысқаны жөн болар.

- Сұхбатыңыз бен сүбелі материалдарыңыз үшін үлкен рахмет!

- Игіліктеріңізге жарасын!

Әңгімелескен Шарафат Рысбайқызы

Оқылды 499 рет
JoomShaper
Top