Равиль ГАЙНУТДИН: «Алла атынан адам өлтіруге, қан төгіп, террорға жол беруге болмайды»

Дүйсенбі, 15.06.2021

Жастарымызды дін атын жамылған террористік ұйымдардан сақтау, конфессияаралық сұхбаттың пайдасы, исламдағы әйелдің орны мен дін көшбасшыларының жанжалды жағдайларды реттеудегі рөлі жайлы Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының V Съезд қорытындыларына арналған брифингте Ресей мүфтилері кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдин әңгімеледі.

- Кейбір экстремистік топтардың «Ислам мемлекеті» деп аталуына қалай қарайсыз?

- Егер террористік әрекеттер ислам атын жамылса, онда бұл исламға жат, сондықтан ислами террористік мемлекет бар деген көзқарас қисынсыз. Бұл – нонсенс. Ислам – бейбітшіліктің діні, бұл туралы  Дүниежүзілік ислам лигасы атынан да, дүние жүзінің 57 мемлекетін біріктірген Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы тарапынан да сан мәрте қайталанды. Біз терроризмге қарсы күресте саясаткерлер мен дін қайраткерлерінің жұмылып әрекет ету қажеттілігін түсінуіміз керек. Бірауыздан пәлендей ислам мемлекеті бар деген тұжырымға қарсы шығуымыз қажет. Ислам террор жасауға шақырмайды, адам өлтіруді жақтырмайды,  қалалар мен ауылдарды, мәдениет пен тарих ескерткіштерін қиратуды талап етпейді. Жаратушымыз бен қасиетті Құран, пайғамбарымыз жер бетінде бейбітшілік таратуды қалағанын ұмытпағанымыз абзал. Адам Алланың қалауымен жаратылған. Хақ тағала бізге өмір мен жан сыйлады. Сондықтан құдайдан басқасы адам өмірін қиюға еш хақысы жоқ. Егер адам Жаратушы ісіне араласса, Құдай рөлін өз қолына алса, онда оны кәпір атағаннан басқа амал жоқ. Алла атынан адам өлтіруге, қан төгіп, террорға жол беруге болмайды. ҚР Президентінің осы орайда Қасиетті Құранның мынандай аятын еске алғаны орынды. Н.Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезінде «егер кімде-кім жазықсыз біреудің өмірін қиса, онда ол барша адамзаттың өмірін қиғанымен тең, ал бір пенденің өмірін сақтап қалса, бүкіл адам баласын сақтап қалғанымен тең» екенін атап көрсетті.

- Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының астаналық съезі қарсыласушы тараптарды татуластырудың тиімді алаңы бола ала ма?

- Түсінесіз бе, жоғары мәртебелі Президент Назарбаевтың жанжалдасушы тараптарды бір ортаға жиып, Астана төрінен осынау тамаша сұхбат алаңын орнатқаны – аса парасатты іс. Осы жерде иудаизм, ислам, католик, православие дінжерінің көшбасшылары – барлығы дүние жүзін алаңдататын көкейкесті жаһандық мәселелерді талқылауға жиналды. Сондықтан әлем бойынша беделі зор Нұрсұлтан Әбішұлының жанжалдасқан тараптарды ортақ үстел басына жиып, олардың келісім тауып, татуласуына жәрдемдесетін мүмкіндігі мол деп санаймын.

- Аталған мәселелер бойынша дін қайраткерлерінің рөлі қандай?

- Әлемде саясаткерлердің, мемлекет, яғни зайырлы билік пен діннің ықпалы бар. Егер зайырлы биліктің бейбіт  өмір сүрудің игі жағдайларын қамтамасыз ету мәселелерін реттеуге қауқары болмаса, олар діннен көмек сұрауы керек. Себебі діннің беделі өте күшті. Экономикалық соғыстар бірер уақыттан соң тоқтап қалатын болса, діни қақтығыстар ғасырлар бойы жалғаса береді. Осы орайда, дін көшбасшылары араласпайынша, белсенділік танытпайынша мұндай күрделі даулы жағдайдардың оң шешім табуы қиын. Саясаткерлер осыны түсінулері керек. Міне, осыны жіті түсіне білген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының жиналысын өткізіп тұру ұсынысын білдірген еді. Қазір болса, дін көшбасшылары саясаткерлерге, соның ішінде Ислам ынтымақтастық ұйымы мен БҰҰ Бас хатшыларына өз ұсыныстарын білдіруде. Олардың барлығы ескеріледі деп ойлаймын.

- Соңғы кезде дінді саяси құрал ретінде пайдалану тенденциясы басым сияқты емес пе?

- Дінді саяси құралға айналдыру ерте дәуірлерде басталған. Әр түрлі мемлекет билеушілері мен саясаткерлері өз мақсаттарында, жиі арандатушылық мақсатта пайдаланып қалуға тырысқан. Ол саясаткерлер – шебер ойыншылар екенінің айғағы. Алайда саясаткерлер дін қайраткерлерінің рөлі аса жоғары екенін түсіну керек. Яғни, ғаламдық дау-жанжалдарды шешу үшін олардың беделін пайдалану қажет.

- Исламның әйелдерге қатысы қандай және Астананың дінаралық форумында әйелдер санының аздығы неліктен?

- Мұнда мұсылмандарға кінә тағуға болмайды. Егер залда әйелдер аз болса, онда бәрі ислам әйелдің еркектің жанында отыруына тыйым салады деген ойды әдетке айналдырып алған. Олай емес. Себебі бүкіл әлемде дін көшбасшылары болып негізінен ер адамдар сайланады. Исламда да дін қайраткерлері ер адамдарынан құралған. Алайда, католик діні болсын, христиандықтың лютерандық тармағы мен басқа да конфессияларының ішінде де әйелдерді шіркеу басшысы етіп тағайындамайды. Неге екенін білмеймін, бірақ аталған конфессиялардың көш басында еркектер тұр, егер, керісінше, конфессиялар әйел адамымен басқарылтын болса, онда олар міндетті түрде қазір арамызда отыратын еді деп санаймын. Мұнда әртүрлі федерациялар мен діни конфессиялар президенттері, иудаизм, католицизм, православие, ислам, буддизм дін көшбасшылары отыр, олардың бәрі дерлік – ер адамдар, ал бүгінгі құрылтайға тек көшбасшылар ғана қатысуда. Мүмкін, көп көшбасшыларды – саясаттағы әйелдерді де қатыстыру керек болған шығар. Өз басым жұмақ анамыздың аяғының астында екеніне кәміл сенемін. Ислам дінінің де әйелдерге қатынасы сондай. Олай болса – егер біз жұмақ анамыз аяғының астында екенін білсек, онда әйелдеріміздің ризалығына ие болғанымыз дұрыс. Тек солар арқылы ғана еркектер жұмаққа жетпек. Исламның әйелдерге деген қатынасы осы, біз әйелдерімізді қадір тұтамыз.

- Бүгінде адамдарды террористік ұйымдардан қайтаруға байланысты өз тараптарыңыздан қандай шаралар қолға алынған?

- Біз «ИШИР» деп аталатын топ орналасқан жерге күштеп әкетілген немесе арбау ықпалына шалдыққан адамдарды кері қайтару жұмыстарына араласпаймыз. Онымен дүние жүзінің, соның ішінде Франция, Ұлыбритания, Ресей және басқа мемлекеттердің құзырлы органдары шұғылданады. Бірақ барлық елдер арнайы қызмет өкілдерін мұндай адамдардың соңынан ертіп, іздетпейді. Бұл – мүмкін емес.

Егер де олар Париж, Берлин, Лондон немесе Ресейге қайта оралып, келген жерінде жасақтау шараларын жүргізетін болса, оларды ұстау мен шара қолдану амалдарын жасауға болады. Оларды табу мен бетін қайтару өте қиын. Ең дұрысы, алдын алу жұмыстарын жүргізу керек. Оларды тағаттылық, діни төзімділік, діндер мен халықтар арасындағы инабатты қатынас бағытында тәрбиелесек, жақсы болар еді. Олардың ақиқат дінін білгені жақсы. Өкінішке қарай, қазіргі жастар бір кітапты оқып алады да, өзінше білгіш болып, дінді жақсы танитын адам ұқсап дін маманымен таласқа түседі. Осының арқасында дау-дамай туындап, қақтығыстар пайда болады. Біз қоғамымыз діни білім алуға мұқтаж екенін түсінуіміз керек. Онымен діни қайраткерлердің айналысқаны жөн. Алайда қолға қару-жарақ ұстау, тау мен тасты аралап, террорист іздеу дін адамының жұмысы емес. Біздің қаруымыз – қасиетті кітап, пайғамбар сүннеті. Бұларды қару етіп, қасиетті Құран арқылы адамдарға дұрыс жол көрсетуіміз керек.

- Сұхбатымыздың соңында Құрбан айттың Ресейде атап өтілуін айтып өтсеңіз...

- Ресейде Құрбан айт исламның басты мейрамы ретінде аталып өтеді. Телеарналардан көрген шығарсыз, Ресейдің билік өкілдері мейрамымызды барлық Ресей Федерациясы территориясы бойынша хабарлауға мүмкіндік береді. Яғни 146 млн адам Қүрбан айт мейрамын қалай атап өтетінімізді көре алады деген сөз. Сонымен бірге біз ғаламшар серіктері арқылы ТМД елдері мен қашық жатқан шет мемлекеттерге де хабар таратамыз. Құрбандық шалуға келер болсақ, біздің құрылымдар санитарлық-эпидемиологиялық станциялармен алдын ала келісіп, құрбандық шалуға арнайы орын бөлгізеді. Жалпы алғанда, мемлекетімізде Құрбан айтты қатты құрметтейді. Жыл сайын Президентіміз, Үкіметбасы, жетекші саясаткерлер мұсылман жұртын Құрбан айт, Ораза айт мейрамдарымен құттықтайды. Яғни Құрбан айт пен Ораза мұсылмандар үшін ғана емес, Ресей Федерациясының мемлекеттік деңгейде аталып өтетін қоғамдық мерекесі.

E-islam.kz

Оқылды 642 рет

E-islam газеті

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Шілде 2015 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Аудио

JoomShaper