Мұхамеджан ТАЗАБЕК: «Рамазан – 30 күндік медресе, рухани мектеп»

Бейсенбі, 18.06.2021

Барша мұсылман қауымы асыға күткен рамазан айына санаулы-ақ күндер қалды. Мың айдан қайырлы саналатын айда қандай амалдар жасаған дұрыс? Ораза туралы не білеміз? Ауыз бекітудің рухани және медициналық тұрғыдан пайдасы қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабекпен әңгімелескен едік.

 

Ораза – Алла мен құлының арасындағы сыр

-Мұхамеджан аға, Құран Кәрімнің асыл аяттары түсе бастаған қасиетті Рамазан айы келді. Осы ретте  қасиетті айдың сипаты мен ерекшелігі жөнінде тарқатып айтып берсеңіз...
–Әскерде сапта тұрған сарбаздарға санаулы секунд еркін тұруға бұйрық берілсе, арқаларын кеңге жайып, шаттана кетпей ме? Сол секілді, Алла Тағала да өзінің құлдарына оны екі айдың арасынан жанының тыныштығы, рухының рахаты болатын Рамазан деген үлкен нығмет айын сыйлаған. Рамазан – қадірін түсініп аяқ басқан адамға рухани бау-бақша!
Ораза – құлшылық амалдардың ішіндегі ең бір құрметтісі әрі ізгі амалдардың ең бір қадірлісі. Себебі, ораза Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіне дейін өмір сүрген барлық қауымға парыз болған. Егер ораза адамзат үшін мұншалықты маңызды болмаса, бәріне бірдей парыз етілер ме еді?! Алла Тағала Құранда: «Ей, иманға келгендер! Тақуалық етулерің үшін, сендерден бұрын өткендерге парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді», - деп бұйырады.
Рамазан оразасын Алладан сауабын үміт етіп ұстаған адам осы күнге дейінгі бүкіл күнәларынан тазарады делінген хадисте. Бұл айда адамзаттың хас жауы – шайтан кісенделіп, бізге жақсылыққа өзгеруге, ағайын-туыстың жүрегіне ізгіліктің дәнін егуге зор мүмкіндік туады. Рамазанның күнінде де, түнінде де Аллаға алақан жайған адамның ешбір тілегі қайтарылмайды. Құны 83 жылға тең келетін адамның бір жылдық несібесін бойына көтерген Қадір түні осы айдың ішінде жасырылған. Рамазан әр шаңыраққа береке мен бақыт тарту етеді. Қаблиса жыраудың әйгілі жырында Бақытқа «қайда барасың?» деген сұрақ қойылғанда былай деп жауап беруші еді ғой:
–Бақыт қайда барасың?
–Тарауық намаз оқыған,
Көңіліне аят тоқыған,
Ниетті елге барамын.
–Бақыт қайда барасың?
–Сәресі, сахар ішетін,
Хақ жолына түсетін,
Иманды елге барамын.
Кім Рамазанның оразасына шын ықыласымен ниет қылса, ол адам хадисте келгендей Тозақтан құтылды деген мәртебеге ие болады. Кім Рамазанға жетіп, үмітін үкілеп, сауабына деген үлкен сеніммен оразасын өтесе, оған ешкім ойламаған қайтарым мен есепсіз сый бар. Кімнің соңғы амалы ораза болып, жан тапсырса, оны Жәннат күтіп тұр.
Ертең Қияметте адам нағыз көмекке мұқтаж кезде Рамазан ораза ұстаушыға шапағатшы болады әрі Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ораза құлдың өзін оттан қорғайтын қалқаны деген.
Рамазан айы келгенде аспаннан арнайы бір үндеуші періште түсіп: «Ей, жақсылық жасаушы! Міне саған, мүмкіндік! Ей, күнәға ниеттенген, тоқта!» деп айтады екен.
Оразаның өзге құлшылықтардан үстемдігі сол, оның сауабын Алладан өзге ешкім білмейді. Өйткені, ораза – Алла мен құлының арасындағы сыр. Адамның Раббысымен арасындағы сырына сырт көздің сыны араласпайды. Ал, пенденің Алла үшін ораза ұстаймын деген ықыласына Құдайдан өзгенің назарына ілігу сынды риякерлік – бөтен ниет кірісе алмайды. Сол үшін де Алла Тағала барлық ғибадат ішінен оразаны атап: «...Ал, ораза Мен үшін, оның сыйын Өзім беремін», - деп, ешбір жаратылыс біле алмайтын ерекше сыйды уәде еткен.

«Ниет нақты, ықылас қатты болмай, Рамазан сәтті болмайды!»

-Алла Тағала пенделерге міндет еткен бес парыздың бірі – ораза тұту. Оразаны дұрыс ұстаудың белгілі шарттары бар ма?
-Кез келген құлшылық қабыл болу үшін талап етілетін екі шарт бар. Бірі – Алла разылығы үшін болу керек, екіншісі – Құран мен сүннетке сай атқарылуы тиіс. Ең алдымен, оразамызды Алла разылығынан басқа нәрселерден тазартайық. Яғни, біз оразаны денсаулықты жақсарту немесе адамдарға жақсы көріну үшін емес, Алланың бұйрығы, Оттан қалқан болатындығы, Жәннатқа жеткізетіндігі үшін ұстаймыз. Ниет нақты, ықылас қатты болмай, Рамазан сәтті болмайды!
Оразаның сыртқы шарттары – таңнан кешке дейін ас пен судан, жыныстық қатынастан тыйылу болғанымен, бұл құлшылықтың даналығы тереңде жатыр. Нәпсілер кісенделіп, шақуаттар тізгінделетін Рамазан айының ең үлкен мәні де, шарты да – өзіңді тәрбиелеу.
Мына бір қызықты қараңыздар, әншейінде, бір сағат темекі тартпаса тұра алмайтын, насыбай атпаса назданатындар Рамазанда бір апта немесе бір ай бойына нашар әдеттерін тастап жатқанын көреміз. Неге? Себебі, лағынеті шайтанның азғыруы азаяды. Сондықтан, Рамазанның сауабын толық алудан тосатын тақуалыққа таңсық әрекеттерді тастауға туып тұрған мүмкіндікті жіберіп алмайық.
Адам ораза ұстағанда ішіп-жеуден ғана бас тартпайды, оның тәні күнәдан, харамнан тыйылады. Көз тыйым салынғанға қараудан, құлақ өсек-аяң, жала, жаман сөз, өтірік естуден, қол арамды ұстаудан, күнә жасаудан, аяқ тыйым салынған жерге барудан, асқазан тамақтан, тіл өтірік пен ғайбаттан, ой жамандықтан, жыныстық ағзалар зинадан бас тартады. Яғни, мұсылман тек жақсы сөйлеп, оразасын бұзбауға барын салады.
Ел арасында «Рамазанда той өткізбейік» деген пікір қалыптасып жатыр, мұның өзі қасиетті айға деген құрметтен туындап отырған түсінік. Әрине, Рамазанда той жасауға болмайды деген қағида жоқ, бұл жерде дастарқанда адал астың болуы көзделеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза кезінде кім өтірік айтуын және өтірікті амалға асыруын тоқтатпайтын болса, ондай адамның тамағы мен сусынынан бас тартқанының Алла үшін қажеті жоқ» (Бұхари), «Сендерден біреу ораза болған күні жаман сөздер айтпасын, даусын көтермесін. Ал, егер біреу оны балағаттаса немесе төбелескісі келсе, ондайға: «Расында, мен оразамын!», - десін» деген (Бұхари, Муслим).
Парыз етілген оразаның құндылығын сипаттауға тіл, кереметін сезінуге сана жетпейді. Әрбір секунд сайын әлемде алты адам қайтыс болады екен. Ал біз өткен Рамазаннан биылғы Рамазанға қарай адымдап қадам жасап келеміз. Рамазандай ұлы айға жетіп тұрып әрі шамасы келе тұра, оның оразасын ұстаудан құр қалған адам барша жақсылықтан да мақрұм қалу қаупі бар.

«Оразаны өткізіп алу – орны толмас өкініш»

-Халық арасында «Оразаның басында үш күн, ортасында үш күн, соңында үш күн ұстаса болады» деген пікір жиі айтылады. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Бір қызық әңгіме есіме түсіп отыр. Бір имам бауырымызға жас жігіт келіп: «Аға осы оразаны жеңіл ұстаудың жолдары бар ма өзі?» деп сұрақ қойыпты. Сөйтсе әлгі имам: «Иә бар ғой, әрине, басында он күн, ортасында он күн, сосын соңында он күн ұстайсың болды. Арғы жағында не қалды дейсің?!», - деген екен.
Иә, осындай пікірді құлағымыз шалып жатады. Бұл оразаның жаздың аптапты ыстықты күндеріне тап келуіне байланысты болса керек. Жүрексінген көп адамның рухы сынып, нәпсісі назданып, ниеттері құбылады. Дегенмен, Рамазан қарсаңындағы жұма уағыздарында имамдарымыз бұл әдістің жансақ екендігін айтуда. Яғни ешкім айдың басында, ортасында, соңында үш күн ұстап Рамазанның орнын толтыра алмайды. Себебі, ғалымдар «егер адам оразаның бір күнін орынды себепсіз қаза қылып алса өмірінің соңына дейін лайықты түрде өтей алмайды» деген. Бұл дегенің өтеу мүмкін емес деген сөз емес, бірақ, қанша қазасын өтесе де дәл Рамазан айындағы сауапқа тең келе алмайды деген сөз.

Пайғамбарымыздың хадисінде Қияметте аузын ерте ашып қойған адамдардың қан тамырларынан ілініп, азап шегіп жатқандағы жан-айқайы баяндалады. Егер, ауыз ашуға немқұрайлылық танытқанның жағдайы осындай болса, орынды себепсіз Рамазанның басында, ортасында, аяғында үш күн ұстап, қалған күндерін қаза еткен адамның халі не болмақ?
Оразаны өткізіп алу – орны толмас өкініш. Ораза тұтпауға өзіңді алдап, түрлі себеп-сылтау тауып алуға болады. Мысалы, «кешке дейін жұмыста отырамын, аш болсам, басым істемей қалады» деген сылтаулар бар. Кофе ішіп, маңдайың жіпсіп отырғанда да басың істемейтін уақыттар болады. Он сағат ұйықтап тұрсаң да, миың мең-зең болып жүретін кездер болады. Сылтау бітпейді ғой, ал келесі оразаға аман жетеміз бе, жоқ па, оны Алла біледі. Күннің ыстықтығы үшін уайымдап, оған бола ыстығыңыз көтерілмесін. Ыстық күннің алпыс градус аптабында да салқындатқышы мен желдеткіші жоқ сахабалар еш шағым айтпай оразаны ұстаған болатын. Бірақ, оларда біздегідей «кондиционер», «душ», қысқасы «комфорт» жағдай болған жоқ. Сөйтсе де, олар Рамазан айын аңсап күтетін. Басқа жағынан алсақ, «Жәннат қиындықтармен қоршалған» делінген хадисте. Қиындық күшейген сайын сауаптың да еселенетінін біліңіз.
Ал кейбірімізге «биыл ораза ең ұзақ мерзімге түсіп тұр, әй шыдай алмаймын-ау» деген ой маза бермей жатқан болар. Ғалымдар адамның қарнында өз денесін 2 тәулік бойы алып жүруге жеткілікті деңгейде тамақ болатынын дәлелдеген екен. Осы тұста «онда неге адамның қарны ашады?» деген заңды сұрақ туады. Расында, неге? Естеріңіз де ме? Әлгі итке жасалған тәжірибе бар еді ғой. Күніге бір кәнденге жүйелі түрде бір уақытта тамақ беріледі. Бірде иттің тамағын тесіп, ішіне түтік салады да, күніге дәл сол уақытта беретін тамақты әкелмей қояды. Сол кезде ит тыпыршып, мазасыздана бастайды. Ал әлгі түтіктен сөл тамшылайды. Яғни адам белгілі деңгейде бір уақытта жүйелі түрде тамақтанып үйреніп қалғандықтан қарны аш болмаса да, асқазанына сөл бөлініп, ол миға қарнының ашқандығы туралы жалған ақпарат береді екен. Демек адам ашығып бара жатқандықтан емес, ең әуелі жүйелі келетін тамақтың келмей қалғандығынан қиналады. Ең бастысы «тамақ ішуім керек еді» деген ой аштыққа шыдатпайды екен. Асылында, Алла Тағала адамға шамасы келмейтін нәрсені жүктемейді!
Негізі жоғарыда айтқанымыздай мұндай пікір оразаның ұзақ әрі ыстық уақытқа тап келуінің салдарынан туындаған болса керек. Сондықтан мен өз тарапымнан оразаны жеңіл өткізуге арналған бірнеше кеңес айта кетейін:
Біріншіден, оразаның алғашқы 3-4- күні ғана шамалы ауырлау тигенімен, адам ағзалары аштыққа үйреніп кетеді де, кейінгі күндері жеңіл өтеді. Ең бастысы, Алла разылығы үшін деген ниетті тураласаңыз, Алла оңайластырады.
Екіншіден, Рамазанда сіз мүлде аш жүрмейсіз, тек күндіз ішетін тамағыңыздың режимі түнге ауысатынын ескеріңіз.
Үшіншіден, құлшылық айында еш нәрсеге алаңдамай, оразаны жеңіл өткізу үшін жаздық кезекті еңбек демалысын осы айға алып, басқа шаруаларды кейінге шегеруге тырысыңыз.
Төртіншіден, денсаулығында ақауы бар адамдар алдын-ала ем-дом қабылдасын.
Бесіншіден, қатты ыстықта салқын су құйынып, денені салқындатып алуға болады.
Алтыншыдан, тұзды тағамдардан алыс болып, сәресіде суды көп ішіңіз.
Жетіншіден, тамақтардың калория тепе-теңдігін сақтаңыз.
Сегізіншіден, сапардағы адамдардың, егер баланың денсаулығына зиян келетініне қауіптенсе жүкті әрі емізулі балалары бар әйелдер және басқа да үзірлі себебі бар адамдардың Рамазанда ораза ұстамауына рұқсат етілген. Олар қазасын кейін салқын күндерде өтей алады.

–Жалпы, ораза тұтқан адам аузын немен ашқан дұрыс? Біреулер құрмамен ашу керек десе, енді біреулер сумен ашқанның сауабы мол екенін айтады. Құрманың қасиеті туралы не айтасыз?
–Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) оразасын ашқанда бірнеше (жаңа піскен) құрма жейтін, егер ол табылмаса, аузын кепкен құрмамен ашатын, ол да болмаса, ауыз ашарда бірнеше жұтым су ішетін болған.
Құран түскен ғасырдан бүгінімізге дейін сүннет боп жеткен құрма мен су ‒ өзара керемет үйлесетін нәр көздері. Оразаны ашқан кезде құрма немесе суды пайдалану ‒ оттегіні миға дереу жеткізіп, адам ағзасын зақымданудан (шок халіне ұшыраудан) сақтап, қан қысымының бірден түсіп кетуін болдырмайды екен.
Сондай-ақ, ораза кезінде адамның асқазаны бос болады емес пе? Қарынның қатты ашуы себепті, ораза ұстаушы адам, егер, күн батысымен көп тамақ жейтін болса, өз денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Демек, ораза ұстаған адамға аз мөлшердегі, бірақ жылдам күш-қуатын беретін әрі тез қорытылатын тағам қажет болады. Міне, осы тұрғыда құрма жемісі ең құнды саналады. Себебі, құнарлылық көзі болып табылатын құрма ‒ ағзаны (глюкоза мен фруктоза түріндегі) қантпен қамтамасыз етіп, адамға қуат береді. Егер, асқазан бос болса, құрма ‒ тағамның орнын алмастырады, ал қарын бос болмаса, құрма ‒ асқазаннан тағам қалдықтарын шығарады.
Медицина тұрғысынан қарағанда, ауыз ашарда дәл осы құрманы пайдалану өте пайдалы. Себебі, аш қарында құрманы жеу ‒ асқазанды келесі тағамдарды қабылдауға жұмсақ түрде дайындайды, яғни, келесі тағамдарды жеңіл қабылдауына жағдай жасайды екен. Жаңа піскен құрма құрамында су мөлшерінің көп (65-70%) болуы ораза ұстаушының ауыз ашар уақытта көп су ішпеуіне жағдай туғызады. Дәрігер мамандар құрамы фруктозаға бай құрманы жеген әлсіремейді әрі шаршамайды деп те айтып жатады.

«Рамазан – 30 күндік медресе, рухани мектеп»

-Оразаның медициналық тұрғыдан және рухани тұрғыдан пайдасы қандай?
-Рамазанның рухани құндылықтарына келсек, бұл– еңбек пен сабырлылық айы. Нағыз күш пен жігерліліктің көрініс табатын кезі. Бұл –мұсылманның жерге иілген мәуелі ағаштай жеміс беретін маусымы. Әлсіздік пен жалқаулықтың, ұйқы мен тән тыныштығының айы емес. Рамазан – 30 күндік медресе, 30 күндік ем-дом қабылдау, рухани мектеп секілді. Кім Құранға жақындап, құлшылығын арттыратын болса, медресені үздік бітіргенмен тең. Қазақтың «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген сөзінде бір шындық бар. Адам 30 күн арнайы, әрі жүйелі түрде өзін тәрбиелейтін болса, ол әрекеттер адамның әдетіне айналып кетеді. 30 күннен кейін әрі қарай сәл демеу білдірсеңіз, сол 30 күндік тәрбие нәтижесін келесі оразаға дейін сақтап жүре аласыз.
Күндізін Алланың бақылауында екенін ұмытпай әрі ынта-жігермен қарулана отырып, оразасына кір шалдырмай, көзінің қарашығындай сақтау, тілінен жаман сөз шықпауын барынша қадағалау, жақсы сөзге үйір болуға дағдылану, болмаса үндемеу, түндерін Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне сай, намазбен, зікірмен және Құран оқумен өткізу – мұсылман рухын тәрбиелейді.
Жалпы, жамандыққа бастайтын – адамның нәпсісі ғой. Нәпсің ашкөздікке, артық сөйлеуге, тәкаппарлыққа, менмендікке, өзімшілдікке итермелейді. Ал нәпсінің тізгіні – ораза. Себебі, аштық секілді нәпсіге қатты тиетін нәрсе жоқ. Аш болса, рахаттанып күнә жасайтындар сирек. Біліңіздер, көбіне күнә тоқшылықта жасалады. «Жоқтық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» дегендей ғой. Кімде-кім «тұлғамды қалыптастырамын, өзімді тазалап, ішкі-сыртқы дүниемді түзету ретінде Алланың маған жіберіп отырған нығметі» деп осы ораза кезінде тыйылатын болса, ол адам міндетті түрде пайдасын көреді.
Екінші қырына, яғни, медициналық тұрғыдағы пайдасына да тоқталайын. Ғылым мен медицинаның дамуымен оразаның адам ағзасына тигізер сансыз пайдасы күн сайын ашылып жатыр. Негізінде, ашығу – адам ағзасына серпін беретін қуат. Жалпы, адам ағзасына сырттан тағам түспеген жағдайда бойдағы барлық қуат организмді зиянды микробтардан, қалдықтардан, ісік ауруларынан тазалауға бағытталады. Және адам миының ең жақсы жұмыс істейтін кезі –аш болған сәті екен. Қазақ «Ауру – астан» деп текке айтпаған.
Ораза кезінде ішкі құрылысқа жиналып қалған майлар еріп, адамның иммунитеті күшейеді. Сонымен қатар, қан қысымы төмендеп, жүрек тынығады және қандағы холестерин мөлшері төмендеп, жүрек-қан тамырлары ауруларына деген қауіп-қатер азаяды. Ғалымдар ашығу арқылы қан құрамындағы қанттың, асқазан сөлі қышқылы мөлшерін ешқандай дәрі-дәрмектің көмегінсіз төмендетуге болатындығын толық зерттеп шықты. Бүгінгі дамыған медицина көптеген аурулардың басты себебі – дененің ауруға қарсы тұру иммунитетінің әлсіреуі негізінен бауырға күш түсу деп біледі. Ал ораза болса, бір ай бойы бауырдың баяу жұмыс істеп, тынығуына мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар, оразаның қант диабеті, асқазан жарасы, бүйрек-қуық, буын ауруларына таптырмас ем екендігін бүгінгі медицина дәлелдеп отыр.
Алайда, біз оразаны, денсаулықты жақсарту немесе артық салмақтан арылу үшін ұстамаймыз. Ораза ниеті тек бір Алла разылығы үшін болып, оның ертеңгі сауабын үміт етіп, Алланың азабынан қорқа отырып ұсталынғанда ғана қабыл болып әрі денсаулығыңызға да өздігінен әсер ете түседі.
Өзімнің ораза ұстап келе жатқаныма жиырма жылдай боп қалды. Рамазан айында, өзімді өте тың сезінемін. Басым өте жақсы жұмыс істейді. Себебі, қуат бір Алладан екенін сезінемін.

-Ораза айында пітір садақа, зекет берудің маңыздылығы неде?
-Күнә мен қателіктен пәк әрі әділ Раббымыз мұқтаждарды айт күндері тіленіп жүруден құтқару үшін және ол ораза кезінде жіберіп алған қателерді өтеуі үшін Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмметіне пітір садақаны міндеттеген. Мұсылман намазында бір қателік жіберсе, қосымша ретінде тағы екі рет кемшілігін толтырып, сәһу яғни, кешірім сәждесін жасайды ғой, пітір садақаны да сәһу сәждесіне ұқсатуға болады. Сәһу сәжде намаздың кемшіліктерін толтырғандай пітір садақа да оразаның кемшіліктерін толтырады. Есесіне, оразадан шыққан мұқтаждар да азық-түлікпен қамтамасыз етіледі. Әрі пітір садақасының ұлы даналығы сол, кедей -кепшіктер мен жарлы-жақыбайлар да оразадан кейінгі айт мейрамында дастархан жайып шаттыққа бөленеді.
Яғни, пітір садақасын Рамазан айының аяғына таман берген абзал. «Кім оны айт намазына дейін берсе, қабыл болған зекет болады. Ал кім оны (айт) намаздан кейін берсе, онда ол тек садақа сияқты ғана болады», - делінген хадисте.

-Биыл пітір садақаның мөлшері қанша теңге болмақ?
-Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Төралқасының шешімімен, биылғы жылғы пітір садақаның ең төменгі мөлшері 200 теңге болып бекітіліп отыр.
Рамазан – жомарттық үшін ең жақсы маусым. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл айда жақсылықпен садақа жасауда желден де жылдам болған. Садақаны Алла разылығын іздеген әрбір адам жылдың кез келген уақытында бере алады. Ал зекет шамасы жеткен адамнан белгілі бір мөлшерде талап етілетін құлшылық саналады. Бірақ, мұсылман сауаптар еселенетін, Алланың рахымы жауатын Рамазанда зекетімді немесе садақамды беремін десе, бұл құптауға, қызығуға болатын амал дер едім.
Мамыр айының жиырма бірінде Астанада өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төралқасының жиынында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы: «Әр пенде сауапты амалымен, тақуалығымен Алланың алдында дәрежесі артады. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, мәселен, су тасқынынан үйсіз, шарасыз қалған отандастарымызға қайырымдылық жасауға, табиғи апат салдарынан бұзылған көпір мен жолды жөндеуге үлес қосуға, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын», - деген болатын. Ержан Маямеров атап өткен осындай игі істер қасиетті Рамазанда кең етек алса екен деген тілегім бар.

«Бір Рамазаны екінші Рамазанға ұқсаған адамның халі қалай болмақ?»

-Алланың рақымына бөленуге мүмкіндік беретін басқа қандай игі істер жасаған дұрыс?
-Рамазан – құлшылықтың науқаны. Мұсылман осы айда иман кемесімен сауаптардың теңізіне саяхатқа шығады. Себебі, Алла қадірлі еткен айда құлшылық үшін берілетін сауаптар еселенеді. Сондықтан, ең алдымен дұға етуге және өте көп тәубе жасауға тырысқан жөн. Парыз намаздарға ыждағаттылық танытып, тарауық, түнгі намаз секілді қосымша құлшылықтарға да көңіл бөлсе жақсы. Құран мен Рамазан – тығыз байланысты, Рамазан айтылғанда Құран қатар аталады емес пе? Бұхари мен Муслимдегі хадисте Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі) осы айда адамдардың ең жомарты болатындығын және әсіресе, оған Жебірейіл келгенде ерекше жомарт болатындығы айтылады. Ал Жебірейіл Рамазанның әр түнінде келіп, Алла Елшісіне Құран үйрететін.
Яғни, осы айда Құран оқуды білмейтін бауырларымыз үйренеді, оқи білетіндер Алланың сөзін толық оқып шығумен айналысады, садақа береді. Құлшылықта тоқмейілсу танытпай, өзінен жоғарыларға қарап өсе беру керек. Ақыретте нұрдан тәж кигісі келген ата-ана балаларына Құран үйретсе, ислам талаптарын түсіндірсе, туыстарымен қарым-қатынасты нығайтып, көршіге жақсылық жасаса, аурудың халін сұраса, ренжіскендерді татуластырса, Алланың құлшылықтағы бірлігін туған-туыстарына жеткізсе, нұр үстіне нұр. Намаз бастауға дауаламай жүрген адамдар дәл осы маусымда сәждеге бас қойса жеңіл болмақ. Жұмағы не Тозағы күйеуі болған әйел кісілерге жарымен қарым-қатынасын түзеудің орайы келіп тұр. Әсіресе, балаларымыз үшін барымызды салайық! Өйткені сәби әсері – ең тәтті, ең күшті. Олардың болашақтағы құлшылықтары, исламға деген көзқарасы осы алғашқы әсерден басталады.
Жер бетіндегі әрбір адамның арманы, орындалмай жүрген тілегі бар. Бұл ай тілектер қайтарылмайтын үлкен қасиетке ие болғандықтан, Аллаға қол жайып, сырласудан шаршамаңыздар. Қадір түні жасырылған Рамазанның соңғы түндерін құр өткізіп алу да қасірет. Адамның бір жылдық ризығы белгіленіп, тағдыры жазылатын түнді жолы болмай жүрген бауырларымыз пайдаланса екен.
Кейде Рамазанды ұшақ алаңына балаймын. Әдетте ұшақ жерден қуат алып, жоғары көтеріледі ғой. Сол секілді адам да Рамазаннан нәр алып, шайтандар кісенделген уақытта құлшылықтарын бір жүйеге келтіріп алса, жыл бойы сол қалыпты сақтап қалмақ.
«Бір күні екінші күніне ұқсап өтіп жатқан мұсылман ұтылып» жатыр деген екен ғалымдар. Ал енді бір Рамазаны екінші Рамазанға ұқсап, құлшылықта ешбір өсусіз өтіп жатқан адамның халі қалай болмақ? Ойланып көріңіз. Тек үздік жеңіске жететін, бақытсыз жеңіліс табатын бірнеше күндер мен түндерден тұратын қасиетті айдың сауабынан құр қалмасақ игі... Талай үмітті ту етіп келетін Рамазан зу етіп өте шығады.
-Тағылымды әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ
BNews.kz

Оқылды 2858 рет

E-islam газеті

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Шілде 2015 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Аудио

JoomShaper