Ғалым ШОЙКИН: «Діни білімнің негізін өз елімізде алған абзал»

Дүйсенбі, 29.06.2021

   Мәдениет және спорт министрлігі  Дін істері комитетінің төрағасы  Ғалым ШОЙКИНМЕН әңгіме

   – Құрметті Ғалым Нұрмағамбетұлы, қазақстандықтардың көпшілігі өз балаларын түрлі шетелдік  оқу орындарына оқуға жіберетіні үйреншікті үдеріске айналды.  Кешегі мектеп түлектерінің алдында  енді университет таңдау міндеті тұр. Дегенмен, бүгінгі күнде әлем елдерінің көбінде жағдай тұрақсыз екендігі аян. Осыған қарай, шетелдік жоғары оқу орындарын таңдаған болашақ студенттер мен олардың ата-аналары әлемнің түрлі елдеріндегі діни ахуалдың ерекшеліктері туралы нені білгендері абзал?

   – Әрине, мемлекет  жастардың шетелдерде білім алуын, олардың елге қажет мамандықтарды игеруін және басқа елдерден оң тәжірибе жинауға деген құштарлығын құптайды. Сондықтан, қазіргі күнде біздің елімізде жастардың «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында және, сонымен қатар, әртүрлі гранттар мен ата-аналарының жеке қаражаты есебінен  шетелдерде білім алуына барлық жағдайлар жасалған. Өкінішке қарай, соңғы уақытта жастарымыздың шетелдерде оқып жүріп әртүрлі келеңсіз оқиғаларға тап болуы орын ала бастады. Сондықтан, мемлекет біздің жастарымыздың шетелдерде әртүрлі сипаттағы қақтығыстарға ұшырамауына, олардың жапа шекпеуіне және басқа елдердің заңдарына қатысты мәселелер туындамауына мүдделі. Жалпы, бұл мәселеде Еуропа елдері мен Америкада жағдай тыныш болса, араб мемлекеттері мен Азияның кейбір және Таяу Шығыс елдерінде жағдай  мезгіл сайын тез өзгеріске түсіп отырады және көп жағдайда діни фактор басымдыққа ие.

   Өкінішке қарай, кейбір мемлекеттерде, атап айтқанда, Таяу Шығыс елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, сондай-ақ, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделеніп кетті. Бұған қоса, қазіргі күнде  әртүрлі жалған және деструктивті ұйымдардың қызметі ашық жүргізіліп, олар басқа елдерден білім алу мақсатымен келген шетел азаматтары арқылы өз қатарларын толықтыруды көздейді. Сондықтан, ел азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елін таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алғаны жөн. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана шетелдерде білім алудың кейбір тұстарына мұқият назар аудармас­тан,  өз балаларының  басқа елдерде оқуын қуана құптайды. Олар балалары білім алғысы келген елдің ыңғайына бейімделуі үшін уақыт керек екенін, басқа мәдениет пен өзге менталитеттегі адамдармен қатар өмір сүріп, араласатынын білулері тиіс.

   Қиындықтардың басқа да жағы жоқ емес. Шетелге білім алуға кеткен жастарымыздың бес немесе одан да көп жыл өткен соң Қазақстанға қайта оралуы кезінде күтпеген жағдайлар орын алуы мүмкін. Елге қайтқан жастар мұндағы қоғамға қайта үйренісуі қажет, бәсекеге қабілетті жұмыс тауып, туған топырақтың игілігі үшін өзгелермен қатар қызмет етуі керек. Аталған жағдайдың бәрінде де ата-ана көмегінің маңызы өте жоғары. Әсіресе, шетелге шығу кезінде қазақстандық жастар тап болуы ықтимал төмендегідей қауіп-қатерлерге ерекше тоқталғанды дұрыс деп есептеймін. Біріншіден, сол білім алуға барған елде немесе оқу ордасында жат діннің ықпалына түсу қаупі. Әдетте, адам мұндай келеңсіздіктерге аты беймәлім ұйымдар, бауырластық, достық атын жамылған түрлі діни қауымдастықтар мен хұжыралардың (ордендер) тарапынан қаржылай көмек алатын түрлі шет тілдерін үйрету орталықтарына қатысу, мемлекет бақылауынан тыс ғибадат ету орындарын аралау, сенімсіз дін лидерлерінің жеке сабақтары мен дәрістерін тыңдау кезінде тап болуы мүмкін.

   Екіншіден, балаңыз шетелде діни білім алатын болса, онда ата-ана баласының қандай діни мекемеде немесе діни орталықта оқып жатқанын білуі керек.  Мүмкіндігінше жиі бақылауда ұстап,  балаларының ресми медреселер мен жоғары оқу орындары қабырғасында оқып жатқанын анықтағаны жөн. Сондай-ақ, сенімсіз «хұжыралар» мен «марказаларға» (діни мектептер) байқамай түсіп кетпеуін де жіті қадағалап отырғаны абзал. Және балаларының бос уақытын қалай және кіммен өткізетіні аса маңызды. Үшіншіден, ата-аналар мен жастар шетелдің кейбір діни ұйымдары аттарын әртүрлі зайырлы немесе ресми атаулармен жасыратынын білулері керек. Мысалға, ағылшын немесе араб тілдерін, бизнес жүргізу негіздерін тегін үйрету курстары, өзін өзі дамыту, танымал психология, шешендік өнер курстарының артында шетелдік азаматтарды арбаумен айналысатын деструктивті ұйымдар тұруы мүмкін. Барлық аталған факторлар деструктивті, соның ішінде діни идеялар мен көзқарастардың елімізге енуі мен таралу қаупін тудыратынын естен шығармаған жөн. Олар діндарларымыздың арасында ой мен көзқарас қақтығыстарының, қоғамымыздың азаматтық, әлеуметтік-экономикалық және моральдық-этикалық өмір сүру аяларында теріс қоғамдық көзқарастың туындап, дамуына әсер етуі ықтимал.

   Мұның бәрі, әрине, бізді қатты толғандырады, әрі шетелдегі азаматтарымыздың қауіпсіздік шараларын терең зерттеуге мәжбүрлейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 11-бабына сәйкес, мемлекетіміз өз азаматтарының қорғанысы мен қамқорлығын ел шекарасынан тыс жерлерде де қамтамасыз ететіні белгілі. Сондықан, еліміздің мемлекеттік органдары қаақстандықтарды шет мемлекеттердегі түрлі даулы жағдайларға немесе жат діннің идеологиялық арбауына түсу жолдарынан шеттетуге бар күш-жігерін жұмсап отыр. Алайда, мұндай жағдайлардың алдын алуда ата-аналар мен студенттердің рөлі ерекше екенін тағы да атап өту керек.

   – Дін саласындағы білім беру туралы айта кетсеңіз.

   – Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі алғашқы жылдары қазақстандық жастардың бір бөлігі теологиялық білім қуып көптеген шет мемлекеттерге оқуға кетті. Осы орайда менің бірнеше мәселеге тоқталғым келіп отыр. Әуелі айтарым, діни білімді отандық діни оқу орындарында алған маңызды. Ата-аналар мен студенттер сапалы діни білім алу үшін Қазақстанның да мүмкіндіктері жоғары екенін білулері керек.

   Бүгінгі күні Қазақстанда бір ислам университеті мен тоғыз медресе, бұдан өзге православие мен католиктік діни семинариялар жұмыс істейді. Президентіміз Н.Ә. Назарбаев елдің қиын экономикалық жағдайларына қарамастан, 1993 жылдың өзінде Алматыда «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетін ашқызды. Алғаш құрылған 2000 жылдан қазіргі кезге дейін университет елдің белді діни оқу ордасына айналып үлгерді. Бүгінде аталған білім ошағы қазіргі күннің талаптарына жауап беретін жоғары білімді әрі білікті дінтанушы, исламтанушы, араб және ағылшын тілдерінің аудармашысы мамандарын даярлаумен айналысады.  Осы оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.

   Сонымен қатар, зайырлы білім берудің бөлігі ретінде елімізде алты жоғары оқу орнында – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ мен «Нұр Мүбәрак» университетінде және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті мен Шет тілдері және іскерлік карьера университетінде  дінтану мамандары даярланады. Аталған жоғары оқу орындарында мемлекеттің тапсырмасымен 800 студент – болашақ дінтанушылар мен исламтанушылар білім алуда.

   Түйіп айтқанда, болашағын дінтану мен теологиялық ілімдерді зерттеуге арнаған қазіргі жастарға өз Отанында кәсіби білім алудың барлық мүмкіндіктері жасалған. Бүгінде мемлекет пен отандық оқу орындарының тарапынан шетелдің діни оқу орындарынан Отанға қайтып оралған қазақстандық студенттердің діни білімдерін жалғастыруын қамтамасыз ету үшін бірлескен шаралар қолға алынып отыр. Осы орайда, біз ата-аналардан тағы да балаларының шетелдің қандай діни орталықтарында білім алып жатқанын қадағалауды өтініп сұрар едік. Себебі, мұның жастар мен тұтас Қазақстан қоғамының рухани қауіпсіздігіне ықпал ететін мәселе екенін атап көрсеткім келеді.

   Шетелде діни білім алуды мақсат еткен жас отандастарымызға айтарым, діни білімге Қазақстанның дәстүрлі конфессияларының бағытына сай оқытатын әрі олар ұсынған елдердегі жоғары оқу орындарын таңдаңыздар.  Әдетте, бұлар – тексерілген, білім беру мен оқу-тәрбие үдерісін қадағалау саласында ынтымақтастық туралы келісім­шартпен негізделген жоғары оқу орындары. Атап айтқанда, қазіргі кезде Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы мен Дін істері комитетінің атсалысуымен Түркия, Мысыр және Ресейдің бірқатар беделді жоғары оқу орындарымен келісімшарт әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

   – Азаматтарымызды шетелде діни білім алудың ерекшеліктері туралы ақпаратпен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар тарапынан қандай іс-шаралар қолға алынуда?

   – Азаматтарымызды шетелде діни білім мен өзге де салаларда білім алу кезінде ақпараттандыру және қорғау үшін Дін істер комитеті 2014 жылы «Қазақстан Республикасының шетелге білім алуға шығатын азаматтарына арналған дін мәселелері бойынша жадынама» атты құжат жариялады. Құжат қазақстандық жастарға шетелде жүріс-тұрысын реттеуге, әртүрлі жағдайларда дұрыс әрекет етуді үйретуге арналған. Атап айтқанда, жадынамада азаматқа шетелде болған кезінде сол елдің мемлекеттік тәртібін, заңдарын, дәстүрлері мен салтын құрметтеу керектігін еске салады. Сонымен бірге, оларға Қазақстан Республикасының азаматы екенін, өзіндік мәдениетіміздің, тарихымыз бен рухани құндылықтарымыздың ешқандай елден кем емес екенін әрі оларды оқу жылы барысында берік ұстану керектігін ескертеді.

   Азаматтарымыз шетелде болған кезінде Қазақстанның әлемдік қоғамдастық алдындағы беделі мен шетелдіктердің еліміз туралы түсінігін өздерінің іс-әрекеті мен мінез-құлқы арқылы қалыптастыратынын еш ұмытпаған жөн. Сонымен қатар, мемлекетіміз шетелдің жоғары оқу орындарында оқитын жастардың еліміздің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктерімен тұрақты байланысқа шығып тұрғанын қалайды. Шет мемлекетке барып орналасқаннан кейін студент уақытты бір айдан асырмай Қазақстан Республикасының елшілігі немесе консулдығына консулдық есепке тұруы керек. Сонымен бірге, дипломатиялық өкілдіктерімізбен мүмкіндігінше тұрақты байланыста болып, олар ұйымдастыратын қоғамдық-мәдени іс-шараларға қатысуы шарт. Бұл – отандық жаңалықтардан хабардар болу, туған жермен байланысты үзбеу үшін маңызды.

   Дегенмен, жадынаманың басты артықшылығы: онда деструктивті діни ұйымдар мен ағымдар қызметінің әдістерін анықтау белгілері көрініс тапқан. Яғни, деструктивті ұйымдармен қатынасқа түскен азаматтан алғашқы белгілерді танып, тиісті шара қолдану үшін келелі кеңестер берілген. «Жадынама…» елдің барлық аймақтарына таратылған әрі Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің, сонымен қатар, Білім және ғылым, Сыртқы істер министрліктерінің ресми сайттарында қолжетімді. Сондықтан, студенттер мен олардың ата-аналары жадынаманың мазмұнымен танысып, күнделікті өмірінде пайдаланып, бағыт-бағдар есебінде қолданғаны жөн деп білемін.

   – Шетелдерде оқып жүрген Қазақстан жастарына қандай тілек айтар едіңіз?

   – Еліміздің келешегі білімді жастарға тікелей байланысты. Сондықтан, жастарымыз қайда оқыса да сапалы білім алуға ұмтылсын, Қазақстан азаматы деген асқақ аттың беделін төмендетпесін, ата-ана мен елінің үмітін ақтасын дегім келеді. 

Әңгімелескен Самат МҰСА,

«Егемен Қазақстан»

 
Оқылды 760 рет

E-islam газеті

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Шілде 2015 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Аудио

JoomShaper