«ИШИМ» – алдын ала жан-жақты әзірленген жоба!

Сәрсенбі, 01.07.2021

Күн өткен сайын қағынан жеріп, еңку-еңку жер шалған, «жиһад» деп аттандап, бейтаныс жерде ажал құшқан қандастарымыздың қатары көбеймесе, азаймай тұр. Құзырлы орындар содырлыққа соқтырар шетін көзқарастарды жегенелеуге бар күш-жігерін жұмсап бағуда. Алайда, көкіректі қарс айырған алалай да бұлалай қан-шеңгел үдерісті ірку мүмкін болмай тұр. Олай болса, отандастарымызды шарқ ұрып Шам жеріне, аласұрып жырақтағы Иракқа сабылтқан не сиқыр? Қандай күш? Қараниет күштер қандастарымызды тұзаққа қалай түсіруде? Қандай айла-тәсілдермен арбауда?

Осыдан бес жыл бұрын орын алған «Араб көктемі» атты дүлей боран солтүстік Африкадағы бірнеше елдің шаңырағын ортасына түсіріп, шат-шәлекейін шығарды. Әйткенмен, «Араб көктемі» дүмпуінің Сириядағы «Асад» династиясын құлатуға шамасы жетпеді. Алпауыт күштер көтерілісшілерге болысып, Башар Асадты тақтан тайдыруға тырысқанымен, БҰҰ-ның Қауіпсіз Кеңесінде Ресей мен Қытай мемлекеттері Солтүстік Альянс әскерінің Шам жеріне аяқ басуына қарсы тұрды. Алайда, алпыс айлалы алпауыт күштер өз дегендеріне жету үшін келесі кезектегі «ИШИМ» атты ойынын іске қосты.

Стратегиясы жүз жылдарға иек артатын алпауыт күштер өз мұратына қол жеткізу үшін ештеңеден шіміріккен емес. Жемтігін жемсауына қылғытқанша жобаларын бірінен кейін бірін іске асыра беруге әзір. Яғни, «ИШИМ» бір күнде пайда болған жоба емес. «ИШИМ» – «Араб көктемі» және НАТО әскерін Сирияға енгізу жобасы іске аспағаннан кейін қолға алынған құйтұрқы нән ойынның бірі.

Сыртқы күштер ИШИМ-ді жасақтау үшін бірнеше жыл дайындық жүргізгені анық. Өйткені, алдын-ала ұйымдастырылмастан тоқсан елдің террористері бір уақытта Сирия мен Иракта бас қосып, үлкен көлемдегі әскери іс-қимылдарды жүзеге асыруы әсте мүмкін емес. Мұсылман мемлекеттерімен қоса Ислам діні аз таралған елдерден әп-сәтте  содырлардың пайда болып, Таяу Шығыста бір мезгілде бас түйістіруі осыны әйгілесе керек. Ал, сыбдырын білдірмей, осындай үлкен ойынды ұйымдастыру үшін қараниет күштер адамдарды арбаудың ең озық технолгогияларын пайдаланғаны хақ.

Қарақұйын пәлекетті ұйымдастырушылар кіл жанкештілерден тұратын жасақты құру үшін кәтібас пенденің өзін иліктіретін не түрлі айла-амалға жүгінген. Олар бірінші кезекте ел ішіндегі әлеуметтік әлеуеті төмен, қаржы тапшылығы жан алқымнан алған жандарды ақшаға қызықтырумен «жиһадқа» азғырады. Кедейшілік өтіп кеткен әлеуметтік топтар қаржы қыспағынан шығу үшін амалсыздан жалдамалы әскер (легионер) ретінде айқайға сүрең (жиһад ұранына) қосады. Жоқ-жітікті ақшамен «жиһадқа» еліктірсе, керісінше бай-бағланды бар жиған дәулетін «жиһадқа» сарп етуге шақырып, жомарттық жасағаны үшін жәннатты сүйіншілейді.   

Лаң салуға үндеушілердің қоғамда орын алып жатқан әділетсіздікті жазғырып, өрескелдіктің орнын «жиһад» жасаумен ғана толтыруға болады деген насихаттары да өз жемісін берген. Айталық, ИШИМ-нің сапында әлеуметтік теңсіздік көрген содырлардың саны анағұрлым көп. Сондай-ақ, саяси көзқарасты ашық айтуға қысым жасайтын елдердің азаматтары қарсылық (протест) танытудың баламасы ретінде «жиһад» ұранын көтеруге дайын тұрады. Әсіресе, әлі империалистік пиғылынан бас тартпаған РФ мен ҚХР және т.б. алпауыт елдердің езгісіндегі ұлт өкілдері қарсылық көрсетуді «жиһад» жасаумен алмастыруға бейім болып келеді.

Қазір қоғамда отбасы құруда жолы болмаған және өмірден өз орнын таппай психологиялық күйзеліске ұшыраған азаматтардың саны өте көп. Олар ішкі күйіктің орнын басар баламалы жол іздейді. Өмірден қатты теперіш көрген жандар үшін таңсық бір істі жасау, өзін әбден меңдеп алған психологиялық дерттен оңай арылу секілді болып көрінеді. Арбаушы топ осындай өз-өзін кем сезінген бейбақ жандарды тұзаққа тез түсіреді. Әлбетте, ол үшін арбаушылар адамдармен арнайы жеке-жеке жұмыс жасайды.

«Жиһадқа» үндеушілер мұсылманшылдық сезімді қоздыру арқылы да жанкешті содырлардың сапын арттыруда. Мысалы, олар «Таза Исламды тек Сирия көтерілісшілері ұстанады» деген жалаң идеологияны құрал етеді. Сириядағы үкімет армиясының адам айтқысыз зорлық-зомбылығын алға тартып, олардан кек алуға үндейді. Башар Асадтың шииттік сенімін ұстанатынын алға тартып, «Сирия халқы залымдар мен мүшріктердің қорлауында болмауға тиісті» деп, сүннит мұсылмандарды «жиһадқа» желіктіреді. Жалған хадистерді дәлел ретінде ұсынып, шахид белбеуін тағуға шақырып, оның есесіне жұмақты уәде етеді.

Ислам шариғаты уақытша некеге (мута) ада-күде тыйым салса да, азғырушылар жыныстық жиһад жасауға өздерінің ойдан шығарылған хадистері мен негізсіз тұжырымдарын пайдаланады. Қаза тапқан содырлардың жесір әйелдерін өзгелермен күштеп некелестіріп, интимді қатынас жасауға мәжбүрлейді. Қыз-келіншектердің махаббат сезімін де өз мақсаттарына пайдаланады. Осы тұрғыда талай бейбақ қыз-келіншектің опық жеп қалғандығы БАҚ-та жиі жарияланды.

Ислам елдерінде «жиһадқа» үндейтін арнайы топтар жұмыс істейді. Олар көбінесе ірі қалалардағы мұсылмандар көп бас қосатын орындарда өз үгіт-насихаттарын жүргізеді. Өздеріне қарай иіліккен азаматтарды арнайы дайындықтан өткізетін лагерьлерге аттандырады. Ал, Батыс елдерінен ИШИМ-ге адам тарту үшін негізінен интернет ресурсын пайдаланады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде тартысты тақырыптардың қоламтасын үрлеп, шетін көзқарастарды жақтауға пейілді азаматтарды өз қатарларына оңай қосып алады. Яғни, қаныпезер азғырушылар әрбір индивидпен жеке-жеке жұмыс жасауының арқасында исламофобтық сипаттағы әлемді қанға бөктірген «ИШИМ» ойынының қызығына батуда.

Мұхан ИСАХАН,

Дін мәселелері жөніндегі

ғылыми-зерттеу және талдау орталығы

Исламды зерттеу бөлімінің басшысы

Оқылды 180 рет

E-islam газеті

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Шілде 2015 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Аудио

JoomShaper