Әділ АҒЫТАЕВ: Алла, шынында, сабырлылармен бірге

Жұма, 26.08.2021

– Әділ Сахиұлы, қазіргі таңда адам бойындағы ең құнды қа­сиет­тер азайып бара жатқан секіл­ді. Сол құндылықтардың бірі сабыр­лылық. сұхбатымызды осы сабыр жайында өрбітсек...

– Асыл дінімізде сабырлылық үш топқа бөліп қарастырады екен. Алғашқысы – ғибадат пен құл­шы­лықта сабырлы болу; екіншісі – Ал­ланың қайтарған күнәларынан тыйылуда сабырлылық таныту;

үшіншісі – Алланың пендесіне жіберген қиын­дықтары мен тағдыр жолындағы сы­нақтарына сабыр ету. Егер пенде Алла жолындағы құлшылықта сабыр­лы болса, Алла ол пендесінің мәр­тебесін 300 дәрежеге, кім күнә жасаудан қайтып, шыдамдылық, са­быр­лылық танытса, ол пендесінің мәр­тебесін 600 дәрежеге көтереді. Ал, Алланың сынағы мен тағдыр жо­лын­дағы қиындықтарға разы болып, сабыр қылса мәртебесі 900 дәре­жеге көтеріледі екен. Ондағы әр дәре­женің арасы аспан мен жердің кең­дігіндей.

Сабырлылық – адам жараты­лы­сын­дағы ең ауыр және ең қиын уақыттарда ұстамды болу, нәпсіні тізгіндеу. Алла Тағала Құран Кәрімде сабыр турасында жетпістен астам жерде насихаттайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде де сабыр жайлы көптеп айтылған.

Жалпы алғанда, сабыр – адам баласына ғана тән сипат. Періштелерде және хайуандарда сабыр болмайды. Періштелерде сабыр болмауының себебі: оларда нәпсі жоқ. Ал хайуандарда ақыл болмағандықтан, олар сабырды қажет етпейді. Сол себепті, адам баласы – барлық жара­тыл­ғандардың  ең абзалы.

Алланың рахымына бөлену үшін әр нәрсеге сабыр арқылы қол жет­кі­зетініміз анық. Құран Кәрімнің «Шура» сүресінің 43-аятында: «Әри­не, кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің маңыздысы осы» делінген.

Адам баласына бұл өмірде ден­сау­лық, байлық, қалыңдық сынды көңіл қошы қалаған нәрселер беріледі. Алайда, оны көтеретін адам бар, көтере алмай, дүние қызығына кенеліп, біржола астамшылыққа беріліп, Жаратушысын ұмытатын адамдар да бар.

– Көркем мінез бен сабырлылық Алланың берген сыйы емес пе?

–  Әрине, бұл – Алланың пендесіне берген ең үлкен сыйы. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Кімде-кім сабырлы болуға тырысса, Алла оған сабыр береді. Адам баласына сабырдан артық қайырлы әрі үлкен сыйлық берілмеген» дейді. Ал сахаба Мұғаз ибн Жәбәлдың (р.а) мынадай өсиеті бар: «Ұлым қайтыс болғанда Алланың елшісі (с.ғ.с) маған хат жолдады.

Ол хатта былай делінген: «Мұхаммедтен (с.ғ.с.) Мұғаз бин Жәбәлға. Әуелі өзінен басқа ешқандай тәңір жоқ Аллаға мақтау болсын! Алла сауабыңды арттырсын! Саған сабыр берсін! Бізге әрі саған шүкір ете білуді нәсіп етсін! Расында, біздің жанымыз бен малымыз, әйел, бала-шағамыз және олардың малдары – Алланың бізге берген тәтті сыйлары әрі уақытша жаны­мызда қалдырған аманаттары. Алла саған ол баланы беру арқылы қуанышқа бөледі. Ал қазір үлкен сауап бере отырып, оны сенен алды. Егер сабыр етсең, үлкен сауапқа кенелесің. Байқағайсың, қайғы-қасіретің сауабыңды жойып жібермесін. Кейін өкінетін боласың. Біліп қойғын! Жылап-сықтау өліні кері келтірмейді. Қайғыңды да кетірмейді. Болар іс болды».

Міне, көңіл айтудың тамаша үлгісі. Сондықтан, әрбір адам жақынынан, туысынан айырылған кезде пайғамбардың (с.ғ.с) Мұғаз бин Жәбәлға жолдаған осы хатын есіне алып, соны өзіне айтылғандай сезінсе, игі еді.

Өмір болғаннан кейін әртүрлі жағдай кездеседі. Қандай ахуалға да тосқауыл болып, дем беретін қасиет – тек сабыр. Басқа түскен қасіретке шыдап, келер күннен үміт күту мұсылманның ең көркем мінезі болса керек.

Алла елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Сынақтың ең ауырына алдымен пайғамбарлар ұшырайды» дейді. Ибраһим (а.с.) ең үлкен пайғамбар және пайғамбарлардың атасы болғандықтан, оған келген сынақты заңғар таулар да көтере алмайтындай ауыр еді. Ол өз өмірінде көптеген қиыншылықтарға душар болды. Бірақ соның бәріне сабырлық сақтай білді. Осалдыққа берілмеді. Өмірін­дегі ең үлкен сынағының бірі – бала­сы Исмайылды құрбандыққа шалу жө­нін­дегі аян еді. Ол осы сынақтан да сү­рін­бей өтіп, Раббысының құзырына шы­найы құлшылығы мен асқан мойын­сұн­ғыштығын, иманының беріктігін көрсетті.

Ибраһимнің (а.с.) – пайғамбарлардың әкесі, тақуалардың имамы, иманның рәмізі, сыналғанда сабыр еткен, жеңгенде шүкір еткен, Жаратқанға ең жақын құл еді.

Ибраһимнің жасы сексеннің алтауынан асқанда, жұбайы Ажардан ұлды болып, Исмайыл дүниеге келді.

Хазірет Сара да оның қуанышын бөлісті. Бірақ Ол ерінің өзге әйелден бала сүйгеніне ешқандай қарсылығы жоқ екендігін, қайта қуанышына ортақтығын, бірақ оларды көрген сайын өзінің де ана болғысы келетіндігін, алайда, ана бола алмайтындығын ойлаған сайын, жаны жай таппай, жүрегі сыздайтындығын айтты.

Егер ана мен бала көз алдында жүрсе, осыған сабырлық таныта алмай, сынақтан сүрінуі мүмкін-ді. Сол себептен ана мен баланы өзінен ұзақ бір жерге апарып тастауын өтінді. Осы кезде Алладан уахи келіп, әйелінің өтінішін орындауын бұйырды. Ибраһим пайғамбар жас әйелі Ажар мен баласын Меккенің төңірегіндегі тау-тастың қуысына әкеліп тастады.

Айнала елсіз сахара. Хазірет Ибраһим оларға бар-жоғы бір қоржын құрма мен бір торсық су қалдырды. Ол кетіп бара жатқанда, Ажар анамыз: «Ибраһим! Бізді қайда тастап кетіп барасың? Мына елсіз тау-тастың арасына бала-шағаңды шынымен-ақ тастамақпысың?» деп таңдана сауал тастады. Хақ пайғамбар Алла Тағаланың әмірін орындай алмай қаламын ба деп қорқып, артына еш мойын бұрмады. Сонда Ажар дауыстап: «Әлде, саған осылай істе деп Алла Тағала әмір етті ме?» дегенде ғана, ол: «Иә» деп жауап береді. Сонда ғана хазірет Ажар: «Олай болса, Алла бізді қараусыз қалдырмайды» деп үндеместен қала берді. Мінекей, бұл жерде пайғамбарға да, оның әйеліне де жарасатын үлгі-өнеге бар. Пайғамбардың Хақ Тағалаға деген иманының беріктігі сол, тіпті, әйел, бала-шағасын елсіз, сусыз, «Құлан жортпас қу медиен далаға» тастап артына бұрылмай кетіп бара жатса да, әйелі бұның Хақ Тағаладан екендігін білген сәтте ерінің артынан жүгірмей, сабырлылық көрсетіп, тәуекел етті. Осылайша, жалғыз ана баласымен сахарада тау мен тастың арасында қала берді. Айналада өзен тұрмақ, бұлақ та жоқ. Ми қайнаған аптап ыстық. Түздің жыртқыш аңдары өз алдына.

Ажар ана қолындағы шаранасымен жапан далада жалғыз қалдым деп сары уайымға салынбай, керісінше, тіршілік жасауға ұмтылып сол жердегі бір ағаштың жапырағынан өздеріне пана жасап алды. Ал, қоректері таусылып, ұшы-қиыры жоқ шөл дала мен тау-тастан басқа ештеңе жоқ жерде де сабырлылық танытты. Сол сабырлылығының нәтижесінде дәл қазіргі зәмзәм құдығының тұрған жерінен Жәбірейіл періште Зәмзәм бұлағының көзін ашып берді.

– Қазақтың «сабырдың түбі – сары алтын» дейтіні осындайдан болса керек...

– Кешегі қазақтың да, бүгінгі қазақтың да басынан не өтіп, не кетпеген?! Иек астындағы тоқырау жылдарда да талай қиындық біздің басымызға үйіріліп еді ғой. Соның бәрінен аман алып шыққан қай қасиетіміз дерсіз? Сол сабыры мен төзімі.

Қазақтың ділі мен діні қашаннан егіз. «Сөзсіз, біз сендерді қауіп-қатермен, аштықпен, малдарыңды, жандарыңды және өнімдеріңді кем қылу арқылы сынаймыз. Мұхаммед, (с.ғ.с) сондай жағдайларда сабыр сақтайтын жандарды қуант. Қашанда оларға бір ауыртпалық жетсе, олар: «Шын мәнінде, біз Алладан келдік және Оған қайта ораламыз» дейді. Міне, соларға Раббылары жақтан жарылқау және шапағат бар» деген Алланың өзі. Жарылқаушының көзі қазаққа қай кезден тура. Әлімсақтан иманынан ажырамаған халықпыз. Пенделік кім-кімнен де табылады. Бірақ, пенделікке салынып, сабырсыздыққа ұрынғаннан сақтасын Құдай! Мұның артының қайырсыздығын сол Хақ Тағаланың өзі көрсетіп отыр емес пе қазаққа. Таяу Шығыстағы келеңсіздіктер мен өзге де азаматтық қақтығыстардың кешегісін екшеп, көшелі оймен, көркем санамен таразылап шығыңыз. Бәрінен де басу айтар зиялының әлсіздігінен бассыздыққа барған халықтың зиян шеккенін айқын аңғарасыз. Сол елдегі балалардың көз жасына қараңыз, зарына құлақ түріңіз. Үлкендердің сабырсыздыған жапа шеккен қарапайым халық пен балалар Құдайдан сәттік тыныштықтың бақытын сұрауда.

Біз Ата Заңымызда зайырлы деп танылғанымызбен, шын мәнінде, мұсылман мемлекетіміз. Өйткені, жүз отыздан аса ұлт өкілі тұратын еліміздің жетпіс пайызы – мұсылман халқы. Бас құжатта ислам дінінің Әбу Ханифа мәзһабына басымдық берілетіні де, Қазақстан мұсылмандары діннің осы жолымен жүретіндігі де тайға таңба басылғандай жазылған. Ендеше, қасиетті Құран сөзі мен сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) хадистерін өмірімізде де, ұлтқа қатысты істе де басшылыққа ала жүргеніміз абзал.

– Сабырлылық Алланың тоқсан тоғыз есімінің бірі әрі иманның жартысы болып саналады екен. Қалғаны жартысы шүкіршіліктен тұратын көрінеді...

– Дұрыс айтасыз. Алайда, жұмыр бастыға сол асыл қасиеттерді сақтауға, ұстауға тосқауыл болатын кедергілер де жоқ емес. Солардың ішіндегі ең қауіптісі, халық арасында қате түсінуден туындайтын бүлік. Бұл жайында қасиетті кітапта қалтарыс қалмаған. «...Сендерден жеке залым болғандарға ғана кесірі тиіп қалмайтын фитнадан (бүліктен) сақтаныңдар!» Құдайдың бұл ескертуінің сыры сонда, бүлік – кісі өлтіруден де ауыр. Себебі, ол көптеген апаттардың себебі болып табылады. Сондықтан да ел ішіндегі қақтығыс, кикілжіңнен Алла да, Оның елшісі (с.ғ.с) де және осы үмметтің бұрынғы ғұламалары да алдын ала ескерте кетеді. 

Егемендіктен асқан еш құндылық таппаймыз, азаттығымыздың тұғыры қай кезде де берік болу үшін, бірлігіміздің салтанат құрғаны керек. Ал Қазақстан аумағынан тұрақ тапқан өзге діннің, өзге этностың өкілдерімен ұлтаралық қарым-қатынасымыз кіршіксіз. Бұған тәуба, шүкір! Алайда, бейбітшілік – барынша ұқыпты қарауды қажет ететін өте нәзік қастерлі ұғым. Мұнда да сабыр мен төзімді басшылыққа алып, бақытымызға қадам басудамыз. Тұрақтылық пен ынтымақты, жарастықты сақтау бұдан кейін де өмірлік қағидамыз болып қала береді.

Сабырлылық әрбір істің ақырын әділеттілікке деген сенімді жоғалтпай күтіп, байсалды әрекет жасаудан көрінетінін ұққан сыңайлымыз. Сабырлылық – қажыр-қайратпен, адам бойындағы бойкүйездік, немқұрайлық, еріншектік сынды жаман қасиеттермен ымыраласа бермейді. Өйткені, бұл қылықтар үмітсіздіктен, торығудан, жасып-жабығудан, қажет болса, тоғышарлықтан туады. Сабырлылыққа қас тағы бір ұғым болса, ол – орынсыз ашушаңдық. Ол – адамның ақылға жүгін­бей, шолақ ойлайтындығының, байып­сыздығының, салмақсыздығының көрінісі. Сондықтан сабырлықты адами кемелдіктің белгісі ретінде танимыз. Ақылды – азық, қайратты – қару, иманды серік еткен әрбір жан сабырлылыққа жүгінеді. 

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» дейді дана халқымыз. Құт-берекеге кенелеміз десек, бірлігімізге бекем болайық, сабырымыз сарқылмасын. Не нәрсеге де жіті көзбен қарап, ақыл таразысына салсақ, ақиқатты аңғарамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Әлімхан СЫРБАЙ

Оқылды 251 рет
JoomShaper
Top