Балғабек МЫРЗАЕВ: Исламды тұрмыстық ритуалдармен шектеп қойдық

Бейсенбі, 25.08.2021

«Радикализм, экстремизм, терроризмнің ұлты да, діні де жоқ. Мәселен, ДАИШ лидерлері «Көзіңді жұм да, бес уақыт намаз оқы. Сәждеден басыңды көтергеннен кейін адам өлтір, тона, әйелдерді зорлап, қорла» деген «үкім» арқылы, соңынан ерушілерді адамшылықтан айуандыққа  айналдырып жіберді. Сондықтан, діннің атын жамылған қылмыстарды ашық айыптайтын кез жетті. Және экстремизм, терроризм ұғымдарын дінмен қосақтап қолдануды доғаруымыз керек» дейді Дін істері комитетінің басқарма басшысы, теология ғылымының докторы Балғабек Мырзаев. Мінбер мейманы дін саласындағы реформалар, экстремизммен күрес, ДАИШ тақырыбын тарқатты.

Өткен жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «2020 жылға дейінгі діни білім берудің тұжырымдамасын» қабылдады. Алғашқы нәтижелерге тоқталсаңыз?

– Тарихтан белгілі,Орта Азия әлеміне ислам келгеннен кейін, бұл кеңістікте зор өзгерістер орын алды. Ғалымдар мұны «Орта Азиядағы қайта өрлеу кезеңі» деп те атап жүр. Осы кезеңде Әл-Фараби, Ибн Сина, Хорезми, Әл Джабри сынды мыңдаған ғалымдар физика, математика, география, астрономия салаларында үлкен жаңалықтар ашып, исламның білімнің, ғылымның діні екендігін дәлелдеді.

Таңқаларлығы, XVI ғасырға дейін Орта Азия ғалымдарының география, математика  саласындағы еңбектерін Еуропа оқытып келген. Осындай үлкен өркениет жолы уақыт өте келе үзіліп кетті. Діни білім мен әлеуметтік ғылымдар арасындағы байланыс жоғалып, дүмшелік пайда болды.

Сөйтіп, ислам дінін әруақтарға құран бағыштау, жаназа шығару, ас беру сияқты тұрмыстық шеңбердегі ритуалдармен ғана шектеп қойдық. Нәтижесінде, ислам елдерінің дені экономикалық жағынан әлсіз, сауатсыз мемлекеттердің қатарын толықтырды.

Мүфтият ұсынған тұжырымдама исламның білім мен ғылымның діні екендігін дәлелдеуді көздейді. Және басты ерекшелік, діни білім алу - әуелі мешіттерде, медрседе, университетте кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Тағы бір қосарымыз, діни білім алушылар «Қазақстан тарихы», «Философия», «Математика» сияқты пәндерді де оқитын болады.  Және мұның нәтижесі алдағы үш-бес жылда біліне бастайды деп ойлаймын.

Демек, имамдарға талап күшейеді дейсіз ғой...

– Имам – халық арасында жүретін үлкен тұлға. Имамның уақыты мешітте намаз оқумен шектелмейді, ол садақа, жиын-тойларда халықтың арасында жүреді, сөз сөйлейді. Сондықтан, имамның деңгейі барлық жерде жоғары тұруы керек.

Жақында еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы «біз заманауи имамдар дайындауға көштік» деп мәлімдеген еді. Демек, бұл - имамдардың халық алдындағы жауапкершілігін сезінгеннен пайда болған бастама.

Қоғамды жат ағымдардан сақтандыруда ақпараттық деңгеймен ғана шектеліп қалғандаймыз. Осы мәселеде іске асуы тиіс тағы қандай тетіктерді атар едіңіз?

– Біздіңше, ең маңызды тетік – бейнероликтер мен деректі фильмдерді көбірек түсіріп, оны халыққа көрсету. Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырауда тұңғыш рет діни спектакль көрсетілген еді. Бұл бастама Маңғыстау, Шығыс Қазақстан жерінде, Батыс Қазақстан және Оңтүстік өңірлерде де жалғасты. Яғни, радикалдық идеяларға ерудің дұрыс емес екендігін халыққа осындай рухани жолмен де түсіндіріп отыру маңызды.

Оңалту орталықтары да нәтижелерін беріп жатыр. Мәселен, Сирия секілді қақтығыс елдеріне өтіп кеткеннен кейін, ондағы әділетсіздіктерге көз жеткізіп, қайта оралған азаматтарымыз бар. Жеке басым осындай қырыққа жуық азаматтың ел аумағында тиісті жазасын өтеп жүргенін білемін. «Ол жақта джихадтың өзі тұрмақ, ізі де жоқ. Соғысу үшін бізге қару-жарақты, оқты сатып алуға бұйырды. Яғни, қақтығыс аймақтарындағы идеологтар біз арқылы бизнес жасап отыр» дейді олар.

Қарап отырсақ, ДАИШ-тің бірде-бір іс-әрекеті исламға сәйкес келмейді. Біріншіден, олар адамдарды айуандықпен, жабайылықпен өлтіруде. Және олар ұрлық, тонау, зорлық-зомбылықпен айналысуда. «Жыныстық джихад» деген жиіркенішті нәрсені де ойлап шығарған солар. Нәтижесінде әлемнің түкпір-түкпірінен ерікті түрде ағылған әйелдер ДАИШ құрамындағы жігіттердің жыныстық қажеттілігін өтеп қана қоймай, тексіз ұрпақты дүниеге әкелуде. Әп-сәтте жанкештіге айналғандары да жетерлік.

Шын мәнінде, бұл дін емес. Жеке адамның қателігі және қылмысы.

Өзіңіз сөз еткен ДАИШ-тің болашағы туралы не айтасыз? Аталған ұйымның әлемдік деңгейде  күш алуының артында кімдер тұр?

– ДАИШ-тің заңды құрған мемлекеті де, жері де жоқ. Бұл – қолдан жасалған лаңкестік ұйымның іс-әрекеті. Және де ДАИШ - адамзат алдындағы кешірілмес қылмыстарға тікелей жауапты. Мұның ақысын олар бұл дүниеде де, ақыретте де бере алмайды.

Әйел-балаға зорлық көрсетумен айналысатын, күн көрісі – ұрлық, тонау болып табылатын ДАИШ алдағы 5-10 жылда іштей күйреп тынады деп ойлаймын.

 Егер, адам Құранды жөндеп оқитын болса, жамандыққа, айуандыққа бармас еді. Және діннің үкімдерін білер еді. ДАИШ «діннің үкімі» деген терминнен де бейхабар. Өкінішке орай, адамгершіліктен ада, қатыгездікке құрылған мұндай ұйымдар исламның бетіне қара дақ болып жағылып отыр.

 Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Оқылды 374 рет
JoomShaper
Top