Қазақ халқының Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі

Дүйсенбі, 13.01.2022

Қазақ халқының Пайғамбарға (с.а.с.) сүйіспеншілігі мен құрметін халық ауыз әдебиетінен де көруге болады.

Адамзаттың ардақтысы Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) жібектей жұмсақ, сүттей ақ, судай мөлдір баға жетпес мінез-құлқы, таудай заңғар данышпандығы мен теңіздей терең ақылдылығы он төрт ғасыр бойы үмбетін өзіне тәнті етіп келеді. Оның сәт сайын саны артқан үмбеті Оның өнегелі өмір жолын, мінез-құлқын «қасиетті сүннет» деп ұстануда. Оның жақсылыққа бастайтын темірқазық іспеттес әрбір сүннетін ұстану арқылы Оған деген сүйіспеншіліктерін іс жүзінде дәлелдеуде.  

Осы көштің жолында, «Хаққа құл, расулға үмбет әзелден біз», – деп мұсылман екенін мақтан ете отырып, жырға қосқан қазақ халқының да Хақ пайғамбарға деген сүйіспеншіліктері шын жүректен әрі уыздай пәк еді. Халқымыздың ғасырлар бойғы жүрек үнін паш еткен өлең-жырларына үңілсек, олардың Аллаһ тағаланың:  «(Уа, Мұхаммед, оларға айт:) «Егер Аллаһты жақсы көрсеңдер мені үлгі етіп алып, соңымнан еріңдер, сонда Аллаһ та сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешіреді. Аллаһ тағала тым кешірімді, әрі аса Рақымды»,  – деген бұйрығына бас игендігін көреміз. Демек, Аллаһты сүю – Пайғамбарды сүйіп, оның салған тура жолымен жүру деген сөз. Оның ізі – Аллаһ Тағаланың ризалығына алып баратын ең тура бағыт. Оның ізі – бақыттың жолы. Қазақ халқы осыны жан-тәнімен ұғынып былай деген:

– Бақыт қайда барасың?

– Үйінде тұрған Құраны,

Расул Алла ұраны,

Тәртіпті үйге барамын.

Аллаһ тағала Құран кәрімде Пайғамбарымызға арнап:

«Шындығында сен тұп-тура жолды, Аллаһтың жолын көрсетудесің!»,  - дейді. 

Осы шұғылалы жолмен қазақ халқы да жүріп, жөн сілтеуші Пайғамбарын шын жүректен шыққан жырларына қосқан.

Жалпы, Ислам әдебиетінде үмбеттің хазірет Пайғамбарға (с.а.с.) деген сүйіспеншілігінен, құрметінен туындаған жанрлар көп. Мысалы, сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.с.) есімдері жайлы «әсмаун- Нәби», өмірбаянын қамтыған «Сира» кітаптары, туылған күніне арнап шығарылған мәулід жырлары бар. Сондай-ақ оның басынан өткен әрбір оқиғаның өзі мұсылман әдебиетінде жеке бір жанрға айналған. Мысалы: «Мираж-наме» (Пайғамбарымыздың миражға шығуы), «Муғжизат Нәби» (Пайғамбарымыздың мұғжизалары), «Ғазауат Нәби» (Пайғамбарымыздың қатысқан жорықтары), «Хижрәтун-Нәби» (Пайғамбарымыздың хижреті), «Ахлақун-Нәби» (Пайғамбарымыздың мінез-құлқы) және тағы да басқа тақырыптарда туындылар жазылған. Сондай көркем жанрлардың бірі – нағыт (на‘т). Нағыт (арабша-на‘т) – бір адамды бойындағы ерекшеліктері мен қасиеттерін мадақтай отырып сипаттау деген мағынаны білдіреді. Діни әдебиеттегі терминдік мағынасы – Әз. Мұхаммедті (с.а.с) мадақтау, мақтау мақсатымен жазылған әдеби шығармалардың жалпы аты. Бұл жерде ескере кететін бір жәйт, Әз. Пайғамбардың тысындағы адамдарға арналған жырлар мадақ жырлары деп аталып жатса, тек қана Әз. Пайғамбарға арналған мадақ жырлары “нағыт” (на‘т) деген атқа ие болған. 

Түркі халықтарындағы бұл жанр бастауын араб әдебиетінен алады. Әз. Мұхаммедтің көзі тірісінде оған арнап мадақ жырлары жазылған. Тіпті осы нағыт сипатындағы алғашқы өлеңнің ол дүниеге келмей тұрып 7 ғасыр бұрын жазылуы да бұрын-соңды болмаған нәрсе. Йемен патшасы Әбу Кәриб әл-Химиари сол кездегі ғалымдардан Інжіл мен Тәуратта соңғы пайғамбар Әз. Мұхаммедтің (а.с) келетіндігі жайлы жазылғанын естіп, оған мадақ жырын арнаған. Осы пайғамбардың Аллаһтың елшісі екенін, оның кезеңіне дейін өмір сүрсе оған мойынсұнатынын  жазып кеткен.  Кейіннен сахаба Әбу Айиуб әл-Әнсаридің қолына келіп жеткен осы хат Әз. Пайғамбарға  ұсынылған. Бұл  оқиғаны қазақ ақыны Шәді Жәңгірұлы да “Назым сияр шариф” атты кітабының “Табим Хамри оқиғасы” деген бөлімінде қазақ тілінде әсем баяндаған.

Мұсылман әдебиетінде Әз. Мұхаммедтің көзі тірісінде Ағша мен Кағыб бин Зухейрдің жырларында нағыттың алғашқы тұлғалары көрінсе, Хассан бин Сабит, Абдуллаһ бин Рауаха, Кағыб бин Малик, Амир бин Синанил-Әкуа сияқты “Шуараун-нәби” (Пайғамбар ақындары) деген атаққа ие болған араб ақындары осы тақырыпта қалам тартқан. Араб әдебиетінде бұл жанр х. 4 ғасырда шыңдауына жеткен. Классикалық парсы әдебиетінде болса Хакім Сәнаий, Низами, Фаридуддин Аттар, Ширази, Әмір Хусрау-и Дихлауи және Молла Жами осы жанрда өте жарқын шығармаларын жазған. 

Бұл жанр түркі халықтары әдебиетінде де кең тараған.  Біздің қазақ әдебиетінде арнайы жанр ретінде өз алдына дамымағанымен, ақын-жырауларымыздың өлең-жырларында Пайғамбарымызға (с.а.с.) айтылған мадақтар көптеп кездеседі. 

 Қазақ әдебиетінің алғашқы мұраларына көз жүгіртер болсақ, Әз. Пайғамбарға алғаш мадақ жырын жазған күллі мұсылман-түркі халықтарына ортақ Жүсіп Баласағұн екенін көреміз. Мұсылман-түркі әдебиетінің алғашқы үлгісі болып саналатын  “Құтадғу білік” атты кітабы арқылы ол Әз. Мұхаммедті халқына танытып, сүйдіруді мақсат тұтқан. Ол  Аллаһ елшісінің (с.а.с.) мінезінің көркемдігін, адамзатқа жіберілген шырақ екендігін және үмбетіне деген сүйіспеншілігін айта келе, оның жолының есендікке жеткізетінін тілге тиек етеді. Жүсіп Баласағұн шығармасында Әз. Пайғамбарды “Расулаллаһ” (Аллаһтың елшісі), “Хабибуллаһ” (Аллаһтың сүйікті құлы), “Хатәмул-әнбия” (пайғамбарлардың соңғысы) деген сипаттармен мадақтаған. 

Пайғамбарымызға (с.а.с.) арналған шығармалардың бәрінің ең басты мақсаты авторлардың оған деген сүйіспеншіліктерін паш етуі, халықты ол жайлы мәліметпен сусындату болса, жанама мақсатында осы еңбектері арқылы Аллаһтың ырзашылығына бөлену мен Әз. Пайғамбардың шапағатынан үлес алу ниеті жатқандығы анық. Міне осындай ниетін Жүсіп Баласағұн жырында былай білдіреді:

Пейіл бұрдым енді оның жолына

Сүйдім сөзін, сендім ділі оңына.

Иләһи! Менің көңілімді күзеткін, 

Қияметте пайғамбермен бір еткін! 

Қияметте көрсет толық жүзіңді,

Қолымнан демеп, раббым, өткіз өзімді!

Жалпы мұсылман авторлар кез-келген шығармасын жазған кезде “хамдәлә” (Аллаһқа мадақ) және  “салуәлә” (Пайғамбарға салауат) айтып оны мадақ етіп бастап, одан кейін барып негізгі тақырыптарына көшкен. Осылайша “хамдәлә” мен “салуәлә” мұсылман мәдениетінің символына айналып кеткен. Осы әдісті қазақ ақындары да қолданып отырған. Мысалы ХІІ ғасыр қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Ахмет Иүгінеки де осы дәстүрді ұстанып, “Ақиқат сыйы” атты кітабының “салуәлә” бөлімінде хазреті Мұхаммедке деген сүйіспеншілігін былай жеткізеді:

Ақыл-ойыңа салып, сөзімді аңда.

Ол (Мұхаммед) – тумысынан игі, адамдардың бақыттысы.

(Бүкіл) жаратылғандардың ішінде оған тең келетін (ешкім) жоқ.

(Өзге) пайғамбарлар жарқын жүз (сияқты болса),

Бұл – ол жүзге (жарасып тұрған) көз.

Яки олар – қызыл (шырайлы) бет, ал ол бетке (көрік беретін) мең.

Оны мадақтағанда тілімнің дәмі кіреді.

Оны еске алғанда шекер мен бал (жегендей болады).

Бүгін менен сәлем жетсін, ол ертең

Қол ұшын берушіме қам жегізсін.

Қазақ даласында Исламның таралуына сүбелі үлес қосқан, сопылық әдебиеттің көш бастаушысы Ахмет Иассауи де «Диуани хикмет» атты шығармасында  Мұхаммед пайғамбарға (с.а.с.) деген сүйіспеншілігін паш еткен. Тіпті «Диуани хикмет» бейнебір мадақ жыры іспетті. Әрбір парағында Мұхаммедке деген терең махаббатты көруге болады. Оның сүннетімен жүріп, үмбеті болуды мақтан тұтқан Ахмет Иассауи шығармасында жанындай сүйген пайғамбарды “Аллаһтың нұры”, “Аллаһтың досты”, “пайғамбарлардың соңғысы”, “елшілердің мырзасы”, “әлемдердің рақымы”, “әлемдердің мақтанышы”, “қаб-қаусайн бақшасындағы ай”, “адасқандардың жол көрсетушісі”, “Аллаһтың сүйікті құлы”, “жаратылғандардың өзегі”, “адамзаттың асылы” сияқты жоғары сыпаттармен сипаттау арқылы халыққа таныстырады. 

“Аллаһ нұры, Аллаһ досты о Мұстафа, 

Кімдер үшін келді Расул білдіңіз бе?…” дей отырып одан кейінгі өлең жолдарында пайғамбардың үмбеті үшін көз жасын төгіп, өз өмірін солардың игілігі үшін атағанын білдіре келе Оған үмбет болудың мәнісін терең түсінуге шақырады. Өмірінің соңына дейін “Үмбетім, үмбетім” деп өткен хақ пайғамбардың жолымен жүріп, үлгі алуды насихаттайды. 

Аллаһ тағала Құран кәрімнің бірнеше аятында Мұхаммед пайғамбарды мұсылмандарға үлгі етіп, оны мадақтаған. Мұсылмандық өмірінде Құран кәріммен сусындаған  ақын бабаларымыз рақым Пайғамбарға (с.а.с.) деген сүйіспеншіліктерінен туындаған жыр жолдарына осы аяттарды да негіз еткен. Мысалы:

Жаратты Хабибісін Егем Рахман,

Екі ғалам үстіне Сәруар қылған.

«Уа ма арсәлнака илла рахматән лилғаламин»  – деп,

Рахметін өзіменен бірдей қылған,  — деген жыр жолында шайыр Әнбия сүресіндегі: «Біз сені ғаламға  рақым етіп қана жібердік» аятты қолданған. Қазақ ақын-жыраулардың Пайғамбарымызға (с.а.с.) арнаған өлең жолдарында Құран аяттарын немесе хадистердегі мәліметтерді қолдану көптеп кездеседі. Мұның өзі бізге ата-бабаларымыздың Аллаһ елшісі жайлы Құраннан және хадистерден оқып үйренгендігін көрсетеді.  

Сондай-ақ ақындарымыз тек қана Пайғамбарымыздың өзін емес, оның іс-әрекеттері болып табылатын сүннеттерді де жырларына қосқан. Мысалы Әбубәкір Кердері :

“Хақ расул Мұхаммед

Дүниеге келген соң

Дінге халық молықты

Талайын дінге үндеді

Көрсетіп жұмақ-тамұқты.

Расулінің заманы

Ешкімнің қонбас қолына. 

Шапағатын ізденіп 

Кірелік сүннет жолына,”– деу арқылы “алтын ғасырдың”  (Пайғамбар мен сахабалар ғасыры) қайталанбас шуақты кезең болғанын тамсана жырлап, сахабалар сияқты алтын ғасыр қаһармандары болу үшін ақ пен қараның ара жігін ашып көрсеткен сүннет жолын ұстануға шақырып, қалың жұртқа насихат етіп жырлайды. Осындай мадақтар халқымыздың Аллаһ Елшісіне (с.а.с.) деген ыстық лебізінен туындағаны даусыз. 

«Аллаһ мінсіз, әуелден пайғамбар хақ, Мүмин болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ», – деп дарқан даланың дана ойшылы Абай атамыз айтқандай, халқымыз өмірінің әрбір сәтінде оған еліктеуге тырысқан. Тіпті, бастарына қиын-қыстау күндер туғанда әрдайым Пайғамбарымызды (с.а.с.) өздеріне үлгі тұтып, бір-біріне басу айтқан. Мысалы, біреу қаза болғанда көңіл айтушылар:

Ойлап тұрсам жалғаннан,

Бұрынғылар не көрген!?

Мұхаммед өткен Мұстафа

Кім болмаған биқапа,  - деп хазірет Мұхаммедті (с.а.с.) өлең-жырларына қосқан. Осылайша үйінде біреуі қайтыс болғандарға Аллаһтың ең сүйікті құлының да бұл дүниені тәрк етіп, о дүниеге аттанғанын, Аллаһтың қойған заңына мойынсұну керектігін  ескертіп көңіл айтқан. 

Кімдер өлмей тұрады

Бұл дүниенің жүзінде,

Мұхаммед те көніпті

Жетімдікке жасында,  – деп Пайғамбарымызды (с.а.с.) әрдайым үлгі тұтқан халқымыз, біреудің ата-анасы қайтыс болғанда Оның (с.а.с.) өмір жолын еске түсіріп, маңдайына  жетімдік жазылғандарға  басу айтып, көңілін аулаған.

Ақыретте көз салсын

Баратұғын орынға.

Білсін Алла жарлығын,

Алдында өлім барлығын,

Құдай досты Мұхаммед

Оның да алған жалғызын,  – деп, халқымыз адамның басына келетін ең ауыр қазалардың бірі – бауыр еті баласынан айрылғанда болаттай берік болуға, Пайғамбарымызды еске алып, бір-бірін сабырлыққа шақыра білген. Тіпті басқа түскен әрбір қиыншылықтың өзіндік хикмет-сырлары барын Пайғамарымыздың хадистерінен біліп-үйренген халқымыз былай деген:

Қайғылы пендесіне құдай жақын,

Жылатар пендесінің асыл затын.

Әркімді артық сүйсе – артық қинар, 

Достының естиін деп мінәжатын.  Себебі Аллаһ Елшісі (с.а.с.) бұл жайында:

«Қиыншылықтарға ең көп душар болатындар: пайғамбарлар, сосын одан кейінгі дәрежедегілер.» 

«Аллаһ тағала бір қауымды жақсы көрсе, оларды қиыншылықтарға душар етеді,»  – деп ескерткен болатын.

Жаман әдеттерден аулақ жүру жайлы үгіт-насихаттарында да халқымыздың  Пайғамбарымызды (с.а.с.) жарқын үлгі етіп алғанын көруге болады. Мысалы, өтірік, ұрлық сияқты жаман қылықтардан тыңдаушыларын жеріту мақсатымен:

Өтірік, ұрлық, зорлық, мекер, қайла,

Бұл үлгі пайғамбардан қалған емес,  - деген.

Мал-мүлікке құнығу, сол үшін біреудің малына қол созу – бұл да мұсылманға жат қылық. Осыдан жастарымызды тыю үшін:

Бұл дүние имандыға арман емес,

Дүниенің қызығы үшін мал жимаймыз,

Мал, шіркін, ешкімге еріп барған емес.

Бұрынғы пайғамбар мен сахабалар,

Пайда ғып ешкім малын алған емес,  – дейді халқымыз.

«Жарлы деп сөкпе,

Пайғамбарға тілің тиеді.» Адам баласы мекерленіп, еш уақытта менсінбеушілікке салынып бір-бірін кемсітпеуі керек. Кедей болу – ол адамның міні емес. Тағдыр талайы. Міне, осындай ғибраты мол ескертулерінде халқымыздың Пайғамбарымызды (с.а.с.) еске түсіріп, оны үлгі тұтуы – өмірдің әр белесінде оның жолымен жүріп, бағыт-бағдарын ұстанғандарының бір айғағы.  

Кеңес одағының қылышынан қан тамып тұрған саясатына қарамастан Мұқағали ақын: Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнін білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін.

Мұхаммедтің үмбеті мұсылманмын

Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.

Алсын тағалам ант етем, ант етемін

Алла есімін есімнен шығарған күн, – деп ардақты елшіге үмбет болғандығын мақтан тұтып, паш еткен-ді .

Міне осындай мадақ жырлардың бәрі бабаларымыздың Пайғамбарға деген ыстық ықыласынан туындаған.  

Жалпы, қоғамдық ақыл-ойға ықпал еткен ақындар өз кезеңіндегі халықтың жүрек үніне аудармашы болған. Қазақ халқының Пайғамбарға (с.а.с.) сүйіспеншілігі мен құрметін халық ауыз әдебиетінен де көруге болады. Мақал-мәтелдерде хадистердің қолданылуы көптеген әдет-ғұрыптардың Пайғамбарымыздың (сғ.с.) сүннетінен туындағанының айғағы. Хазреті Пайғамбардың (с.а.с.) атының баталарда қосылып айтылуы осы сүйіспеншіліктің белгісі. Тіпті, халқымызда Мұхаммед, Ахмет, Мүстафа, Нұрмұхаммед, Махмұд, Махамбет, Мәмет, Мұқаш, Мұқағали (Мұхаммед-Әли) т.б. сияқты есімдердің көптеп кездесіп жатуы – сәбилерін адамзаттың ардақтысы, Аллаһтың сүйікті құлы хазреті Мүхаммедке (с.а.с.) ұқсасын, соның жолымен жүріп, ақыретте шапағатынан үлес алсын деген арманнан туындаған жүректің пәк тілегінің айқын көрінісі екені айдан анық.

Қазақ халқының Мұхаммед пайғамбар жайлы жыр жолдары

Рахымды ием, пайғамбарын жіберді

Кісі ізгісі, ел сарасы жігерлі.

Түнек түнде шамы болды халықтың,

Саған, жұртқа нұрын шашты ол жарықтың!

Ол құдайдың елшісі, ерім, білгейсің,

Сен, содан соң, тура жолға кіргенсің!..

Елге деген рахымы ол құдайдың, 

Қылығы хош, құлқы түзу, шырайлы.

Жібек мінез, ақылды , әппақ пейілді, 

Жаны жомарт, қолы ашық, мейірлі.

Қара жерде, жасыл көкте әзіз-ді,

Оған құрмет берді тәңір жаны ізгі.

Бастаулардың басы еді, оңдысы,

Болды, кейін, пайғамбардың соңғысы!   (Жүсіп Баласағұн, «Құтты біліктен» үзінді)

Әуелі Пайғамбардың нұрын етті, 

Он сегіз мың ғаламнан бұрын етті.

Алла Тағала өзіне досты қылып,

Онан соң оған берді көп үмбетті.

Баршадан артық қылып достым деген, 

Дос болған соң Құдайға, көп үмбеттің қамын жеген.

Сипаты Рахмату лилғаламин-дүр,

Ләулік ләмма халақатил-әфлак тәжін киген. («Бабалар сөзі» кітабынан үзінді)

Пайғамбардың әуел асыл түбі – араб,

«Хабибім» деп ат қойған Тәңірім қалап,

Тасбих тартып, намазын тамам қылып,

Фатихасын оқиды қарсы қарап,

Патшалық құрды тақсыр салтанатын,

Тура жолға бастайды тамам халқын.

Дүр-жауһар аузынан сөз шығарып,

Сахабаға айтады насихатын. («Салсал» қиссасынан үзінді)

Мұхаммед үшін жаратты

Он сегіз мың ғаламды,

Әр ісінен көрсін деп,

Лаух менен Қаламды.

Адам ата, Хауа ана,

Досты үшін бұл һәм жаралды. («Мұхаммед пайғамбар» қиссасынан үзінді)

Жаһанда Мұстафаның артық сәні,

Екі дүние шырағы, ол сұлтаны.

Бейіште Пырақ ғашық Мұхаммедке

Қалайша шыдар бұған үмбет жаны.(« Хазрет Пайғамбардың миғражға қонақ болғаны» қиссасынан үзінді)

Ісімен ағлам деп Ислам дінін,

Танытты Расул өзі білгірлігін.

Жар салды дүниеге әуелден-ақ,

Баршаның қозғағанда көңіл нұрын.

Білген соң шариғаттың шарапатын,

Түсті жол ақ жолына кетпей қырын,

Күншілдің діні елден аластанды,

Тапты жұрт мұсылмандық адал жолын. (Қаңлы Жүсіптің жырынан үзінді) 

Маулітті атап өтудің үкімі

Адамзат әбден азғындап, имансыздықтың қараңғылығына оранған сол бір кезеңде Жаратқан Жаббар Иеміз өзі сүйіп жаратқан адам баласына соңғы елшісін жіберді. Пайғамбарымыз дүние есігін айқара ашқан «Рәбиул-әууәл» – көктем айларының алғашқысы, қайта жаңарудың белгісі болған ай еді. Бейне бір қыстан кейін адамзаттың қайта тірілуін көрсеткендей еді. Оның дүниеге келуі бүкіл жаратылысқа мән сыйлап, болмысын ашып берді. Күллі әлем оның келуін сағына да сарғая күткендей болатын, сондықтан ақырғы елшінің үмбеті болған біздер үшін оның туған күнінің де мән-мағынасы зор. Ал енді соңғы кездері осы қасиетті мәулітті атап өтуге қатысты мұсылмандар арасында дүрдараздыққа себеп болып жүрген мәселенің басын дәлелдерге сүйене отырып ашып көрсетуге тырысайық. 

Негізінде, діни үкімдер Құран мен хадистен алынады. Ал Құранда немесе хадисте мәулітті атап өтуге тыйым салынған аят немесе хадистің жоқ екені мәлім. Олай болса, мәулітті тойлау «бидғат, харам, адасушылық» деудің ешқандай да негізі жоқ. Қайта мәулітті атап өтуге болатындығын көрсететін негіздерді көптеп табуға болады. Ғалымдарымыз Құран аяттары мен хадистерден дәлел келтіре отырып мәулітті атап өтуге болатындығына бір ауыздан келіскен, яғни бұл мәселеде «ижмағ» бар. Ал ижмағ шариғатта дәлел боп саналады, өйткені Пайғамбарымыз (сас): «Үмбетім адасушылықта бірлеспейді» , – деп кеткен. 

Мәулітті атап өтудің негізінде Пайғамбарға деген сүйіспеншіліктің жатқаны аян. Алғашқы үш ғасырда (сахаба, табиғин, атбағут-табиғин) Мәулітті ресми түрде тойлау әдеті болмаса да, мұсылмандар жыл санауды белгілеуге қатысты айтылған ұсыныстардың ішінде Пайғамбарымыздың туылған күнінің де болуы, сахабалар арасында осы күннің ерекше болғандығын көрсетсе керек. Сонымен қатар, мәуліт тойлаудың діни негізі бар екенін Мүслим, Әбу Дәуіт пен Ахмәд ибн Ханбәлдің жинақтарында риуаят етілген мына бір сахих хадис растайды.

Пайғамбарымыздан дүйсенбі күні ұстайтын ораза жайлы сұралған кезде, ол: 

ذَاكَ يَوْمٌ وُلِدْتُ فيه وَيَوْمٌ بُعِثْتُ أو أُنْزِلَ عَلَيَّ فيه

«Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған Құран түсті» , – деп жауап берген. Пайғамбарымыз (с.а.с.) жылда бір рет емес, әр дүйсенбі сайын ораза ұстау арқылы туған күнін атап өткен. Кей ғалымдар осыған сүйене отырып, мәулітті атап өтуді ең алғаш бастаған Пайғамбарымыздың өзі дейді .

Пайғамбарымыздың Рәбиул-әууәл айының 12-сінде туған күнін атап өту әдеті Адамзаттың мақтанышының шыр етіп дүниеге келген үйінде басталған. Пайғамбарымыздың Меккеде туылған үйін «Мәулидун-Нәбии» деп атаған. Сонау ерте замандардың өзінде қажылық пен ұмраға келгендердің Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі мен сағынышының белгісі ретінде осы үйді зиярат етуге ағылып келулерінен Мәуліт мейрамының ең алғаш атап өтілген жерінің осы жерден басталғанын көреміз. Адамдардың көптігіне байланысты келгендердің дұға-тілектерін жасауына ыңғайлы болуы үшін Аббаси халифасы Харун Рашидтің анасы әл-Хәйзуран (қайтыс болған жылы Һижри 173, миләди 790 ж.) Пайғамбарымыздың осы туылған үйін жөндеп, мешітке айналдырған, сондықтан мәуліттің мереке ретінде атап өтілуінің хижри екінші ғасырда басталған десек артық айтқандық емес . Ал мәулітті ресми түрде тойлау Фатимилер мемлекетінде Муиз Лидинилләһ билік басына келген кезеңнен (972 ж.) басталады . Ал халықтың жүрегінде ол сонау ерте кезден-ақ басталған болатын.

Мәуліт тойлаудың тарихына қысқаша тоқталғаннан кейін енді ғалымдардың мәулітті атап өтуге байланысты айтқан көзқарасы мен дәлеліне тоқталайық:

1.Дүйсенбі күнгі ораза. Жоғарыда хадисте келтіргеніміздей, Адамзаттың Асылы дүйсенбі күні туылған күнін атап өту үшін ораза ұстаған. Бұл хадистің сахихтығында ешқандай күмән жоқ. Әрі дүйсенбі күні ораза ұстау төрт мазһабта да сүннет. Пайғамбарымыз жылда бір рет қана емес, шүкіршілік ретінде әр апта ұстау арқылы бүкіл үмбетке сүннет еткен. Пайғамбарымыздың ораза ұстап атап өтуі, басқа ізгі амал істеуге болмайды деген сөз емес. Пайғамбар үмбетінің осы күні сауап ниетімен ораза ұстауы, шариғатқа қайшы келмейтіндей түрде атап өтуі, ақирет үшін оңтайлы пайдалануға тырысуы бидғат емес, қайта Құран, мәуліт оқыту, салауат айту, конференциялар, кездесулер өткізіп діни уағыз-насихат жасау сауапты іс болмақ. Бұлардың бәрінің астарында Пайғамбарымызды (с.а.с.) еске алу бар. 

2. Ашура күні ораза ұстау. 

عن بن عَبَّاسٍ رضي الله عنهما أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم قَدِمَ الْمَدِينَةَ فَوَجَدَ الْيَهُودَ صِيَامًا يوم عَاشُورَاءَ فقال لهم رسول اللَّهِ صلى الله عليه وسلم ما هذا الْيَوْمُ الذي تَصُومُونَهُ فَقَالُوا هذا يَوْمٌ عَظِيمٌ أَنْجَى الله فيه مُوسَى وَقَوْمَهُ وَغَرَّقَ فِرْعَوْنَ وَقَوْمَهُ فَصَامَهُ مُوسَى شُكْرًا فَنَحْنُ نَصُومُهُ فقال رسول اللَّهِ صلى الله عليه وسلم فَنَحْنُ أَحَقُّ وَأَوْلَى بِمُوسَى مِنْكُمْ فَصَامَهُ رسول اللَّهِ صلى الله عليه وسلم وَأَمَرَ بِصِيَامِهِ

Ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген мына хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) Меккеден Мәдинаға келген кезде, еврейлердің Ашура күні ораза ұстап жатқанын көрді де: «Ораза ұстап жүрген бұл күндерің қандай күн?» – деп сұрады. Олар: «Бұл – ұлы күн, өйткені бұл күні Аллаһ тағала перғауын мен оның жұртын суға батырып, Мұса пайғамбар мен оның қауымын құтқарған еді. Мұса пайғамбар осы күні Аллаһ тағалаға шүкір ету ниетімен ораза ұстайтын. Міне, біз де ораза ұстаймыз», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Мұса пайғамбарға біз сендерден де жақынбыз»,– деп осы күні ораза ұстады әрі мұсылмандарға осы күні ораза ұстауды бұйырды» .

Ғалымдар осы хадиске сүйене отырып белгілі бір күні нығметке бөленгендіктен және қатерден аман қалғандықтан сол күнді еске алу мақсатында салих амал жасаудың игі шара екендігін көрсетеді дейді . Мұхаммед әл-Әләуи «Пайғамбарымыз тарихта орын алған маңызды діни оқиғалар мен олардың болған уақыты арасында байланыс бар екенін ұқтыратын. Сол оқиға орын алған уақыт келген кезде, ол оқиғаны еске алып, ұлықтау үшін маңызды мүмкіндік ретінде бағамдайтын, өйткені сол сәттер, әлгі оқиғалар үшін бір себеп. Осы қағиданы Пайғамбарымыздың өзі белгіледі, өйткені бұны ашура күні ораза ұстау арқылы нақты көрсетті»  , – дейді. Міне, біздер үшін де мәуліт күні осындай бір еске алу мен ұлықтау үшін ең пайдалы бір уақыт мерзімі болғандықтан, оны атап өту Пайғамбарымыздың ұстанымы мен Құран рухына сай.

Соңғы пайғамбар үмбетінің қараңғылыққа көмілген күллі адамзатты надандық пен адасушылықтан құтқарып, екі дүние бақытының кілтін ұсынған Аллаһ елшісінің туылған күніне шүкіршілік мақсатымен ораза ұстап, Жаратқанның разылығына бөленетін өзге де шаралар жасауы Исламның негіздеріне қайшы емес.

Ал хадис саласының майталман ғалымы, хафыз деген атаққа ие болған Ибн Хажар әл-Әсқалани осы хадиске сүйене отырып, ашура күні қалайша Мұхаррам айының онында атап өтілетін болса, Мәулітті де арнайы бір күнде атап өтуге болатындығын айтқан .

Негізінен мәуліт шаралары үмбеттің жүрегінде Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілік сезімін жаңғыртуда. Рамазан әл-Бути «Мәулітті атап өту – Расулаллаһты күллі ғаламға рақым ретінде жібергені үшін Аллаһқа шүкіршілік болып табылады»  , – дейді.

3.Аллаһ тағаланың күндері. Құран кәрімде:

وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا مُوسَى بِآيَاتِنَا أَنْ أَخْرِجْ قَوْمَكَ مِنَ الظُّلُمَاتِ إِلَى النُّورِ وَذَكِّرْهُمْ بِأَيَّامِ اللّهِ إِنَّ فِي ذَلِكَ لآيَاتٍ لِّكُلِّ صَبَّارٍ شَكُورٍ

 «Мұсаны да «Халқыңды қараңғылықтардан нұрға шығар және оларға Аллаһтың күндерін еске сал» деп аяттарымызды жібердік. Шын мәнінде, мұнда сабырлық танытып, шүкіршілік жасағандарға ғибраттар, дәлелдер бар»  делінеді. Шейх Мұхаммед әл-Фадыл ибн Ашур (1909-1970) Пайғамбарымыздың дүниеге келген күнін أَيَّامِ اللّهِ «әййамуллаһ», яғни «Аллаһ тағаланың күндері» дей отырып: «Суюти, Әсқалани және Хайтами секілді ғалымдар мәулітті бидғат деушілерге тойтарыс бере отырып, мәулітті атап өтуді истихсан еткен. Оған «Аллаһтың күндерін еске сал» («Ибраһим» сүресі, 15) деген аятты негіз етіп алған, өйткені Бәйхақидің жеткізуі бойынша, Пайғамбарымыз осы аяттағы «күндерді» «Аллаһ тағаланың сыйы мен нығметтері (нің ең мол болған күндері)» деп тәпсірлеген. Ал Пайғамбарымыздың дүниеге келген күні – нығметтердің ең үлкені»  дейді. Жаратқанның осындай үлкен сыйы болған мәулітті шүкіршілікпен, қуана қарсы алу оның ырыс-берекесін арттырып, бізді нығметтердің қадірін білуге баулиды.

4.Пайғамбарымыздың өзі үшін «ақиқа» құрбандығын шалуы. Жәләлуддин әс-Суюти мәулітті атап өтуге қатысты діни дәлелдің бар екенін былай деп көрсетеді: «Ибн Хажар әл-Әсқаланидің мәулітті атап өтудің дәлелі ретінде алған ашура оразасының тысында, қосымша ретінде сүннеттен мен де бір дәлел таптым. Ол Бәйхақидің (ө. 1066) тіркеген Әнәс (р.а.) хадисі: Расулаллаһ (с.а.с.) пайғамбарлық келгеннен кейін өзі үшін ақиқа құрбанын шалған» . Алайда атасы Әбдүлмүттәліп Пайғамбарымыз дүниеге келгеннен жеті күннен соң оның ақиқа құрбандығын шалған-ды . Ал ақиқа құрбандығы өмірде бір-ақ рет шалынады. Аллаһ елшісінің екінші рет өзі үшін құрбандық шалуы – Хақ тағаланың өзін күллі ғаламға рақым ретінде жаратқандығына деген шүкіршілігінің белгісі һәм үмбеті үшін де бір үкімге негіз. Өзі үшін құрбандық шалуы өзіне салауат оқығаны секілді. Өзінің дүниеге келгеніне қуанышын көрсете отырып, шүкіршілік мақсатында құрбандық шалуы біздер үшін де Пайғамбарымыздың жарық дүние есігін ашқан күнінде Жаратқанға шүкіршілігімізді білдірудің мұстахаб екенін көрсетеді. Ал шүкіршілікті бір жерге жиналып ас беру, еске алу т.б. осы секілді Хақ тағалаға жақын болудың белгісі әрі қуанышымызды жария етудің ізгі амал екенін көрсетеді» .

5.«Сол күн мейрам болсын». Құран кәрімде Иса (а.с.) өзі әрі хауарилары үшін көктен бір дастарқан түсіру үшін Раббысына дұға жасап, жалбарынғаны былайша беріледі: 

قَالَ عِيسَى ابْنُ مَرْيَمَ اللَّهُمَّ رَبَّنَا أَنزِلْ عَلَيْنَا مَآئِدَةً مِّنَ السَّمَاءِ تَكُونُ لَنَا عِيداً لِّأَوَّلِنَا وَآخِرِنَا وَآيَةً مِّنكَ وَارْزُقْنَا وَأَنتَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ

«Мәриямұлы Иса: «Уа, Ұлық Раббымыз! Бізге көктен бір дастарқан түсіре гөр. Біздің әуелгілеріміз бен ақырғыларымыз (үмбетіміздің барлығы) үшін сол күн мейрам әрі Сенің жіберген бір мұғжизаң болсын. Бізді ырзықтандыр, өйткені Сен рызықты берушілердің ең абзалысың!» – деді» . Иса әл-Хумәйри осыған қатысты: «Егер әзірет Иса материалдық нығметтердің жауып, қарындар тойдырылған күнді мейрам деп алса, Пайғамбарымыздың жарық дүниеге келуі (мәуліт) – мұсылмандар үшін Аллаһ тағаланың ең ұлық сыйы. Олай болса, неге осы мәулітті қуаныш әрі шаттық күні деп белгілемеске» , –дейді.

6.«Дүйсенбі күні жаһаннам азабының азайтылуы». Бұхарида Уруа ибн Зүбәйрден риуаят етілген мына оқиға мәуліттің қасиеттілігі мен атап өтуге болатындығына дәлел. Әбу Ләһаб қайтыс болғаннан соң, оны жақындарының бірі (Пайғамбарымыздың көкесі Аббас) түсінде көреді де, одан: «Жағдайың қалай?» – деп сұрайды. Әбу Ләһаб: «Жаһаннамдамын. Алайда әр дүйсенбі күні кешке жаһаннам оты маған азайтылады, саусақтарымның арасынан бас бармағымдай көлемде су ішемін», – дейді де, мұның себебін «Мұхаммед дүниеге келген күні қатты қуанып, оның дүниеге келгенін айтып сүйінші сұраған күңім Суәйбаны азат еткен едім. Әлгі күңім оны емізген еді», – деп түсіндіреді .

Осыған қатысты Хафыз Шәмсуддин Мухаммед Насируддин әд-Димашқи «Мәуридус-сәди фи мәулидил-Һәди» атты кітабын мына мағынаға саятын өлең жолдарымен аяқтаған екен: «Егер Құранда «қолдары құрысын!» деп қарғысқа ұшыраған әрі жаһаннамда мәңгі қалатыны айтылған кәпір Әбу Ләһәб, риуаят бойынша, әзірет Мұхаммед (с.а.с.) дүниеге келген күніне қуанғандықтан, сый ретінде дүйсенбі күндері азабы жеңілдейтін болса, өмірде Пайғамбарымызбен қуанып, тәухид сенімін ұстанып өткен кісінің ақиреттегі қарымының қандай боларын өзіңіз ойлай беріңіз»  дейді.

7.«Аллаһтың рақымына қуану». М. Әләуи: «Аллаһ елшісін (с.а.с.) мақтаныш етіп қуану – Құранның бұйрығы. Раббымыздан келген:

قُلْ بِفَضْلِ اللّهِ وَبِرَحْمَتِهِ فَبِذَلِكَ فَلْيَفْرَحُواْ هُوَ خَيْرٌ مِّمَّا يَجْمَعُونَ

 «Аллаһ тағаланың сыйы һәм рақымымен, міне осыларға қуансын! Өйткені бұл олардың жинағандарынан (дүниелік байлықтарынан) қайырлы», – деп айт», – деген аяты жасалған рақымдылық үшін қуануды әмір етуде. Ал біздер үшін ең үлкен рақымдылық – Адамзаттың асылы болған Пайғамбарымыз (с.а.с.). Бұны Жаратқанның өзі: وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِّلْعَالَمِينَ

«Біз сені күллі ғаламға рақым етіп ғана жібердік»  деп білдірген.

Бір мұсылманның мәулітті тойлағандарға «Сендер мәулітті неге тойлайсыңдар?» деп сұрауынан асқан орынсыз сұрақ жоқ, өйткені бұл «Сендер неге пайғамбарға қуанасыңдар?» дегенге саяды. Бұл сұрақтың жауабы әрине: «Ол (с.а.с.) үшін жан рақатына бөленіп, қуанғандықтан мәулітті тойлаймын, оны жақсы көргендіктен жаным жай тауып, өзімді бақытты сезінемін. Мұсылманмын, сондықтан оны жан-тәніммен жақсы көремін» болмақ» , – дейді.

8. «Алтын ғасырдағы қасидалар мен мәуліт жырлары». Мәулітті тойлауға болатындығын білдіретін дәлелдердің бірі – мәуліт кештерінде оқылатын мәуліт жырлары. Ал оның негізі «алтын ғасырдағы» қасидаларға дейін барады. Ардақты Пайғамбарымыз өзін мақтап, мадақ айтқан ақындарға қарсылық танытпаған. Тіпті оларға ризашылығын білдіріп, сый-сыяпат беріп отырған. Мысалы, Кағб ибн Зухайр «Бәнәт суаду» деп аталатын өлеңін Пайғамбарымызға оқығанда, ол кісі ерекше толқып, үстіндегі «бүрдә» деп аталатын шапанын шешіп, Зухайрдың иығына жапқан еді. Осыған орай әлгі өлең «Қәсидәтул-бүрдә» деген атпен танымал болып, одан кейінгі Пайғамбарымызға арнап өлең жазғандарға әсер еткен. «Алтын ғасырда» Пайғамбарымызды мадақтаған өлеңдердің арасында әлі күнге дейін мұсылмандардың арасында кең тараған, сүйіспеншілікке толы туынды – «Тәләал-Бәдру аләйнә» деп басталатын өлең-жыр. 

Міне, мұсылмандар арасында мәуліт оқыту «алтын ғасырдағы» «шуараун-нәби», яғни «Пайғамбар ақындары» деп аталған Кағб ибн Зухайр, Хассан ибн Сәбит, Абдуллаһ ибн Рауахалардың Пайғамбарымызды мадақтауы әрі Пайғамбарымыздың оларға қарсылық білдірмеуімен үйлесуде .

9. Пайғамбар қиссалары. Жаратқан Иеміз Құранда, Пайғамбарымыз өз хадистерінде бұрынғы өткен пайғамбарлардың өміріндегі ғибраттық қиссаларды адамдарға ой салып, ғибрат алу үшін баяндайды. Олай болса, түпкі мәні Пайғамбарлардың мырзасы, екі дүние мырзасының (с.а.с.) нұрлы ғұмыры, мұғжизаларын баяндау болып табылатын мәуліт жырларын оқыту, тыңдау әрі осы мақсатта көпшілік үшін жиындар өткізу – Құран мен сүннетте рұқсат етілген ислами әдет.

Бұны біраз тарқатып айтайық. Жасаған ие өз кітабында: لَقَدْ كَانَ فِي قَصَصِهِمْ عِبْرَةٌ لِّأُوْلِي الأَلْبَابِ   «Шындығында, олардың (бұрынғы өткен пайғамбарлардың) қиссаларында ақыл иелері үшін көптеген ғибраттар бар»,  – деп, пайғамбарлардың қиссаларынан ғибрат алуға шақырады. Құран кәрімде Пайғамбарымыз бен үмбеті үшін алдыңғы пайғамбарлардың басынан өткен оқиғаларды баяндап, тура жол нұсқаған әрі көңілдеріне медет сыйлаған осы мәндес аяттар көптеп кездеседі. Мысалы, اصْبِرْ عَلَى مَا يَقُولُونَ وَاذْكُرْ عَبْدَنَا دَاوُودَ ذَا الْأَيْدِ إِنَّهُ أَوَّابٌ «(Әй, Елшім!) Олар дегендерін дей берсін. Сен сабырлы бол. Күшті, қуатты Дәуітті есіңе ал..»; وَاذْكُرْ عِبَادَنَا إبْرَاهِيمَ وَإِسْحَاقَ وَيَعْقُوبَ «Құлдарымыз Ибраһим, Ысхақ пен Жақыпты есіңе ал...» , وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ إِبْرَاهِيمَ «Кітапта Ибраһимды да зікір ет»  деген секілді аяттар бар.

Міне, Пайғамбарымызға қарата айтылған «зікір ет», «есіңе ал», «ұмытпа» деген сияқты бұйрықтар оның үмбеті үшін де ғибрат, сондықтан мәулітті атап өтудің түпкі мәні – пайғамбарлар пайғамбары болған Мұхаммед Мұстафаның өмірін «зікір ету, еске алу, ұмытпау». Демек, мәуліт – Құран мен сүннеттің негізінде қалыптасқан ғибрат, тәлім-тәрбие, рухани құлшынысты арттырудың себепкері .

10. Мәуліт – бидғат емес. «Әр бидғат – харам емес. Егер солай болса, онда Әбу Бәкір (р.а.), Омар (р.а.) мен Зәйдтің (р.а.) Құранды жинастырулары және Құранды жатқа білген сахабалардың дүниеден озуына байланысты Құраннан айырылып қалармыз деп қорқып бір кітап ретінде жаздырулары нағыз бидғат болар еді. Егер солай болса, әзірет Омардың «Бұл қандай жақсы бидғат!» деп, тарауих намазын адамдардың бәрін бір имамның артына жинап оқытуы, барлық пайдалы ғылымдардың жинастырылып, жүйеленуі де харам болар еді. Тіпті мұнараға шығып азан шақыру, керуенсарай, мектеп, аурухана, түрмелер салу да харам болар еді. Сондықтан ғұламаларымыз «әр бидғат – адасушылық» деген үкімді «бидғату-сәйиәмен», яғни тура жолдан тайдыратын адастырушы бидғаттармен ғана шектеген. Бұл өз кезегінде сахаба, табиғин әрі Пайғамбарымыздың кезеңінде орын алмаған (мухдәсат) кейін шығарылған нәрселердің мәнін ұқтыруда» . Олай болса, Пайғамбарымыздың әрі әуелгі салиқалы буын «салафус-салихиннің» кезінде болмаған нәрсенің бәрін бірден «бидғат, ал бидғаттың бәрі адасушылық» деп үзілді-кесілді үкім шығарудың ешқандай да мәні жоқ. Сол секілді мәуліт тойлауды да «бидғат, ал ол өз кезегінде адасушылық» деу дұрыс емес .

Бұған мына хадисті де дәлел ретінде келтіруге болады. Аллаһ елшісі:

«مَنْ سَنَّ فِي الْإِسْلَامِ سُنَّةً حَسَنَةً فَلَهُ أَجْرُهَا وَأَجْرُ مَنْ عَمِلَ بِهَا مِنْ بَعْدِهِ مِنْ غَيْرِ أَنْ يَنْقُصَ مِنْ أُجُورِهِمْ شَيْءٌ 

 «Кімде-кім Исламда «сүннәту хасана», яғни жақсы жол, жақсы бастама жасаса, оған соның (ізгі бастама көтергенінің) сауабы әрі одан кейін сонымен амал еткендердің сауабындай сауап жазылады. Олардың сауабынан ешбір нәрсе кемімейді де»  деген. 

Міне, көптеген сенімді хадис жинақтарында риуаят етілген осы хадиске сүйене отырып: «Шариғатқа қайшы әрекет жасау мақсаты жоқ, мазмұнында күнә саналған нәрсенің орын алмауы әрі діни дәлелдердің де негізінде бар әрбір жақсылық діннен. Ал кейбір дүмшелердің «Оны сәләфтарымыз жасамаған» деген желеуі оған қарсы дәлел бола алмайды. Мұны дін негіздері мен методологиясынан хабары бар жандардың бәрі біледі. Пайғамбарымыз (с.а.с.) тура жолға бастайтын бидғаттарды «сүннет» деп атаған. Онымен амал еткенге сауап жазылатынын да баяндаған. Демек, егер бір нәрсе діни негізге сүйеніп, шариғаттың ешбір қағидасына қайшы келмесе әрі діни тұрғыдан бір пайда тигізер болса, ол жақсы бидғат болып саналады. Сондықтан мәулітті атап өту шаралары да осындай «хасана», яғни жақсы сүннет .

11. Мәулітті атап өту – әлеуметтік қажеттілік. Алғашқы үш ғасырда мәулітті неге тойламаған дегенге келсек, Пайғамбарымыздың нұрлы шуағын көріп өскен бақыт ғасырында Пайғамбарымыздың туған күнін атап өтудің, Пайғамбарымызды еске салудың қажеті жоқ болатын. Еске салу, ұмытқандарға немесе ұмыта бастағандар үшін қажет. Сахаба Сағд ибн Әбу Уаққастың «Біз Пайғамбарымыздың өмірін балаларымызға Құраннан сүре үйрететіндей үйрететін едік» дегеніндей, алғашқы ғасырларда оның естеліктері халық жадында әлі сол жаңа күйінде жаңғырып тұрған болатын. Ал, атап өтіп, еске алу бір қажеттілікке яки себепке байланысты жасалады. Оның себептері көбінесе – әлеуметтік.

Мысалы, қазіргі таңда күллі мұсылман жұртшылығы тойлайтын Рамазан айты мен Құрбан айты да осындай қоғамдық қажеттілікке байланысты белгіленген еді. Пайғамбарымыз Мәдинаға қоныс аударған кезде, мәдиналықтар жылына екі мейрамды тойлайтын. Кейін Аллаһ тағала осы екі мейрамның орнына одан да абзал екі айтты мұсылман үмбетіне тарту етті. Яғни Жаратқан Жаббар Ие адамдардың бойындағы осындай қажеттілікті ескеріп, адамдарға одан да жақсы екі айт сыйлады. Бұл адамдардың жеке-жеке өмір сүрген Мекке кезеңі емес, мұсылмандардың қоғам ретінде ғұмыр кеше бастаған Мәдина кезеңінде орын алған-ды. Осыған сүйене отырып, шариғаттың шеңберінде, адамдардың өз араларында тойлайтын кейбір шаралардың мүбах екенін байқаймыз. Ал егер оның нәтижесі жақсылыққа, сауапқа бастаса, ол нағыз ізгі шара болмақ. 

Шәмшат Әділбаева
теология докторы

Оқылды 623 рет

E-islam газеті

 

Әлеуметтік желілер

Намаз уақыты

 

Сауалнама

Күнтізбе

« Шілде 2015 »
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жб
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31    

Аудио

JoomShaper