Араб тілінде «дін» сөзінің мағынасын бір ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі, Құран мен сүннетте дін сөзі көптеген мағыналарда қолданылған. Жалпы, лингвистер дін сөзінің мынадай мағыналары бар деп көрсетеді:
1) Дін – есеп беру деген мағынаны білдіреді. Жұмырбасты пенде илаһи тұрғыда толғауы тоқсан сынақ әлемде бағын сынайтындықтан кәмілетке толғаннан жан тәсілім еткенге дейінгі аралықта кешкен күйбең тірлігі үшін қиямет күні Ұлы Жаратушының құзырында есеп береді. Бұл туралы Құран Кәрімнің Фатиха сүресінде «есеп күнінің Патшасы» деп ескертілген. Осы аятта дін сөзі жаза немесе сый-кәдемен қамтамасыз етуші мағынасында айтылған. Яғни, Ұлы Жаратушы пенделерінің жасаған ізгі және теріс амалдарының қарымтасын қайтарады.
2) Дін – түбірі «ад-даййан», яғни Қадыр (Өте Құдыретті), Хаким (бүкіл қозғалыстар мен іс-әрекеттерге хикметпен үкім етуші), Қаһар (аса қаһарлы) мағыналарын береді. Мысалы, Пайғамбарымыз (с.а.у) өз хадистерінде «таддуни» немесе «даййан» сөзін теңдесі жоқ ұлылық мағынасында қолданған.
3) Дін – «динту ләху» деген сөзден шығады. Ал, араб тілінде «динту ләху» бұйырық пен тыйымға мойынсұну мағынасын береді. Яғни, «динту ләху» – илаһи үкімдерді басшылыққа ала отырып, шариғатқа сай өмір сүру деген сөз.
4) Араб тілінде дін сөзі «адат» немесе «хал» деген мағыналарды білдіреді. Мысалы, арабтар: «Дийни уа дәйдани» дейді. Мағынасы «бұл менің әдетім» деген сөз. Бұл жердегі «әдет» немесе «жағдай» сөзінде діни ғұрыптар мен бастан кешкен илаһи хал меңзелген.
5) Дін – құлшылық етушілік Ұлы Жаратушының пенделерінен талап етер ақысы деген мағына береді. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.а.у) өз өсиеттерінде «да наху дәйнан» яғни, «Ол бағындырып, өзіне құл етті» деген сөзді қолданған.
6) Дін – басқару немесе заң мағыналарын береді. Бұл жөнінде Құранның Жүсіп сүресінің 76 аятында «...Өйткені, Алла қаламаса патша дінінде туысын алып қала алмас еді» деп айтылады. Аталмыш аяттағы «дін» сөзі заң мағынасында берілген. Сондай-ақ, араб тіліндегі «динтуһу адийнуху динен» сөзі «оны басқардым» деген мағынаны береді.
Ислам ғұламалары дін сөзінің мынадай илаһи анықтамалары бар деп біледі:
Дін – Адамның Құдыретпен рухани байланыс орнатуы
Дін – Ұлы Басқарушы
Дін – Ұлы Жаратушыдан қорқу
Дін – Мәжбүрлеу
Дін – Хаққа жан-тәнімен мойынсұну
Задында, Құрандағы «дін» сөзі сену және мойынсұну мағынасында айтылған. Адам баласы мына өмірге қайдан келдім, не үшін өмір сүрудемін, қайда барамын, қамшының сабындай қысқа ғұмырдың ақиқаты не деген маңызды сұрақтарға тылсымнан келген илаһи хабарлар арқылы жауап ала алады. Яғни, он сегіз мың ғаламды «күнфа-и иукун» (бол деу) деп әп-сәтте болдырған Ұлы Жаратушыға сеніп һәм мойынсұнумен ақиқатқа көз жеткізе алады.
Ал, илаһи үкімдер нендей мәселелерді реттеуге бағытталған дегенге келетін болсақ, шейх Уахфа Зухайлдың көзқарасынша дін мынадай қатынастарды реттейді:
1) Адамның Раббысымен қатынасы. Оған шариғаттың «кәлам» (сенім мәселелері) «ғибадат» (құлшылықтар) бөлімімен фиқһтағы (мұсылман құқығы) «Алланың құқығы» мәселелері жатады.
2) Адамның жеке басымен қатынасы. Оған мінез-құлық пен ішкі танымды реттейтін ислам әдебі мен ислам психологиясы кіреді.
3) Адамның қоғаммен қарым-қатынасы. Оған фиқһ іліміндегі «Муамалат» (мұсылман құқығындағы қоғамдық қатынастарды реттеу) және «ахуал шаһсия» саласы жатады.
Шиырып айтқанда, дін – Жаббар Хақты танытып, күллі тіршілік заңдылықтарын қамтитын һәм таратып, тарқатып түсіндіріп беретін илаһи құндылықтар жүйесі.