Хазіреті Осман халифатындағы қақтығыстардың шығу себептері

Сәрсенбі, 20.04.2022
Хазіреті Осман халифатындағы қақтығыстардың шығу себептері

Хз. Осман халифтің тұлғалық тарихында мемлекет басқаруға деген үлкен кемшіліктер орын алды деп айта алмаймыз. Десе де, зерттеушілер оның дәуіріндегі мұсылмандардың алауыз болуына ықпал еткен бірнеше себепті атайды.

Бірінші себеп ретінде ғалымдар хз. Османның әкім тағайындауынан туған мәселелерді алға тартады.  Хз. Омар дәуірінде Куфаның әкімі Сад ибн Әбу Уаққас болатын. Ол бірде мемлекеттің қазына жөніндегі қызметкері Абдуллаһ ибн Масғудтан қарыз алады. Бірақ, қарызды уәделескен мерзімде қайтара алмайды. Ибн Масғуд хз. Садтан қарызды қайтар деп талап етеді. Оның соңы дау-жанжалға айналады. Бұл жағдайдан хабардар болған Куфа халқының бір тобы ибн Масғудты жақтаса, екінші бір бөлігі хз. Садқа қолдау көрсетеді. Мұның соңы Куфа халқын екіге бөлді. Хз. Осман алауыздықты тоқтату үшін хз. Садты орнынан алып, орнына Уалид ибн Үкваны қояды.

Әсілі, Сад ибн Әбу Уаққас исламға жан-тәнімен берілген ірі тұлғалардың бірі болатын. Пайғамбарымыздың  (с.а.с.) көзі тірісінде жәннатпен сүйіншілеген он саңлақ сахабаның бірі-тін. Сондай-ақ, алғашқы екі халифтің кезінде ислам мемлекетінің әскери істеріне еңбегі сіңген қайраткер еді. Мұсылман үмбеті Сад ибн Әбу Уаққасты қатты жақсы көретін. Ал, Уалид ибн Үкваны халық аса жақсы көре қоймайтын. Оның әкесі Үква ибн Әбу Муайт пайғамбарымыздың (с.а.с.) үстіне түйенің ішек-қарнын төгіп, мұсылмандарды мазақ еткен адам еді. Уалид ибн Үкваны осы үшін де мұсылмандар жақтыра қоймады. Хз. Османның Сад ибн Уаққас секілді ірі тұлғаны әкімдіктен алып, орнынан Уалид ибн Үквеаны тағайындауы, халықтың қарсылығын тудырды.

Екіншіден, зерттеушілер бөлінушілікке себеп ретінде хз. Осман кезіндегі олжа үлестіруге байланысты саясатты негізге алады. Хз. Осман дәуірінде солтүстік Африка мен Атлантика мұхитына дейінгі аймақ ислам халифатының құрамына кірді. Хз. Осман Солтүстік Африканы жаулап алуға Абдуллаһ ибн Әбу Шархты қолбасы етіп тағайындады. Әбу Шарх жаулап алған елдерінен әскери шығынды өтеу мақсатында олжа алғанда, олжаның бестен бір бөлігін Мәдинаға жіберетін. Олжаның бестен бір бөлігінен артылғанын оның туысы мемлекеттік хатшы Маруан ибн Хаким алатын. Сондай-ақ, олжаның бір бөлігін Абдуллаһ ибн Әбу Шархтің өзі иемденетін. Хз. Осман тағайындаған адамдардың мұндай жосықсыз әрекеттері, халықтың халифқа қарсы келуіне себеп болды.

Үшіншіден, зерттеушілер хз. Осман дәуірінде пайғамбармыздың (с.а.с.) мөрінің жоғалуы да халықтың билікке деген наразылығын тудырды деп біледі. Алла елшісі (с.а.с.) әлем халықтарын Хақ дінге шақырған хаттарында «Алланың елшісі Мұхаммед» деген мөрін басатын. Пайғамбарымыздан (с.а.с.) кейін бұл мөрді хз. Әбу Бәкір, хз. Омар мемлекеттік ресми іс-қағаздарға қолданды. Хз. Осман да билік құрған алтыншы жылға дейін бұл мөрді пайдаланды. Бірде хз. Осман осы мөрді жазатайым жоғалтып алады. Бүгінгі күні мемлекеттік мөрдің жоғалуы пәлендей дау тудырмауы мүмкін. Алайда, ол дәуірде мұсылман қауымы пайғамбарымыздан (с.а.с.) қалған әрбір мұраны көзінің қарашығындай аялап ұстайтын. Яғни, хз. Османның мөрді жоғалтып алуын – мұсылмандар пайғамбар (с.а.с.) мұрасына еген немқұрайылық деп бағалады.

Төртіншіден, зерттеушілер хз. Осман дәуіріндегі мұсылмандардың әлеуметтік және экономикалық жағдайының күрт жақсаруын базбір сахабалардың құптамағанын, осыдан келіп ішкі саяси толқулардың болғанын алға тартады.

Мәселен,  «Әбу Зарр оқиғасын» негізге алуға болады. Хз. Әбу Зарр Ғифари алғаш исламды қабылдаған өте тақуа сахабалардың бірі. Ол исламды қабылдағаннан хз. Осман билік құрған дәуірге дейінгі арада отыз бес жыл өтсе де, сол баз баяғы пақыр қалпынан еш өзгермеген еді. Хз. Осман дәуіріндегі әлеуметтік және экономикалық жаңару оның ислам туралы түсінігіне мүлде қиғаш-тын. Ол мұсылмандардың бұлай шылқыған байлыққа ие болып, мастана бастауына халиф хз. Осман кінәлі деп білді. Әбу Зарр Шам қаласында хз. Османға: «Аллаға ант етейін! Еш ойламаған нәрселер пайда болды. Бұл не Алланың кітабында, не Алла елшісінің сүннетінде жоқ. Уаллаһи мен хақтың бітіп, батылдың (теріс) тірілгенін, ақиқаттың бұрмаланғанын, таңдаулы дегендердің лайықты болмағанын және дүние-мүліктің орынсыз жерлерге жұмсалғанын көріп отырмын» деп ашық қарсы келеді. Бұл жағдай да хз. Османға деген халықтың қарсы толқуын күшейте түскен еді.

Бесіншіден, зерттеушілер саяси бұлғақтың туындауына «ибн Саба» оқиғасының себеп болғанын көрсетеді. Абдуллаһ ибн Саба яһуди нәсілінен шыққан. Оның исламға теріс пікірлері халифатың Хизаж, Басра, Куфа, Шам, Мысыр өлкелеріне дейін тарап, мемлекеттің іргесін шайқалтты. Әсіресе, Мысырдың әкімі Абдуллаһ ибн Әбу Шархтың басқару кеңесі әлсіз адамдардан жасақталғандықтан Абдуллаһ б. Сабаның исламға қайшы пікірлері осы өлкеде кеңінен тарады. Ибн Сабаның «рижат» пікірі пікірі исламға мүлде жат еді. Негізінен «рижат» деп діни терминологияда хз. Исаның қайта жерге түсуін айтады. Ибн Саба: хз. Мұхаммед, хз. Исадан қарағанда қайта оралуға лайықты» деген пікірде болды. Біртіндеп оның бұл пікірін қолдаушыларда  пайда болды. Ибн Сабаның келесі исламға қайшы пікірі «уаси» (өсиетті орындаушы) сөзі болатын. Ол пайғамбардан кейін ары қарай исламдық істерді жалғастырушы «уаси» болатынын жария етті. Ибн Сабаның пікірінше, «уаси» хз. Әли еді. Ибн Саба «уасиге билікті бермегендерді залымдар» деп атады. Сабаның бұл пікірі айтыла бастағанда халиф хз. Осман еді. Яғни, ол хз. Осман тақтан тайдырылып, хз. Әли халиф болуға тиісті деген ұран көтерді. Ибн Саба бұл пікірлерін айтып қана қоймай, хз. Османға қарсы жасырын ұйым құрып, жоспарлы түрде билікке қарсы күрес жүргізді. Ибн Сабаның халықты арандатып бағуы бастапқыда Куфада бой көрсетсе, кейін Мәдинаға ұласты.

Жоғарыдағы бұлғаққа себеп болған жайттердің соңы хз. Османның өліміне әкеп соқтырды. Нақтырақ айтар болсақ, хз. Осман халифтің шахид болуы мына оқиғаға тікелей байланысты еді:

Хз. Осман Куфа халқы Уалид ибн Үкваны ішкіш деп жақтырмағаннан кейін, оны әкімдіктен алып, орнына Сайд ибн Асты тағайындайды. Сайд ибн Ас Куфаға әкім болғаннан кейін Ирактың шүйгінді аймақтарын Құрайыштың ауылшаруашылық иелегіне береді. Бұған қарсы Куфа халқы жаппай наразылық танытады. Хз. Осман Куфа халқын ереуілге алып шыққан мұсылмандарды Шамға жер аударады. Хз. Осман осы жылы Мәдинада халифатқа қарасты барлық әкімдердің құрылтайын өткізіп, Куфа мәселесін талқылайды. Жиналыс соңында Абдуллаһ ибн Амрдің «көтерілісті жиһад жасау арқылы жаншимыз» деген пікірі шешім ретінде қабылданады. Бірақ, бұл шешім Куфа халқының наразылығын одан сайын өршіте түседі. Амал жоқ, хз. Осман көтерілісшілердің дегеніне көніп, «Ирактың шұрайлы аймақтары Құрайышқа тиесілі» деген Сайд ибн Асты орнынан алып, орнына Әбу Мұса ал-Әшғариді қояды.

Хз. Османның бұлай көтерілісшілердің ығына жығылуы, жер-жердегі төңкерісшілерді ашықтан-ашық оған қарсы көтеріліс жасауына әкеп соғады. Елді тыныштандыруға аймақтарға инспекторлар жібереді. Жіберген өкілдердің қажырлы жұмыс істеуінің арқасында Мысырдан басқа аймақтар тынышталады. Хз. Осман шұғыл түрде қайта әкімдерді қайта шақырып, мемлекеттің келешегі қалай болады деген мәселеде мәжіліс өткізеді. Осы мәжілісте хз. Әли мен хз. Муави бір-біріне қарсы келеді. Хз. Әли омаяттар әулетінің қазынаға қол салуын сынға алып, мемлекетке тиесілі ақшаның қайта қазынаға құйылуын талап етеді. Оның бұл сөзі хз. Муавиге түрпідей тиеді. Негізінде хз. Әлидің бұлай омаяттар қарсы дүрсе қоя беруі, қызғаныштан туған нәрсе емес еді. Ол мемлекетке деген жер-жердегі қарсылық, омаяттар әулетінен шыққан әкімдердің  шектен шығушылығы басты себеп болып отырғандығын біліп айтқан еді. Хз. Осман болса хз. Әлидің сынын дұрыс қабылдап, өз туыстарының алған ақшасын қазынаға қайта құйдыртады. Хз. Османға деген қарсылықтың тым бұлай асқынып кетуі хз. Муавиге ұнай қоймады. Ол өзі басқаратын Сирияға хз. Османды алып кетуді немесе Мәдинаға оны қорғайтын Сириядан әскер жібермекші болады. Хз. Осман бұл екі ұсыныстан да бас тартады.

Әсілі, халифаттың әрбір өңірінің діни тұлғаларға деген сүйіспеншілігі әртүрлі болатын. Мысалы, халиф болуға мысырлықтар хз. Әлиді, басралықтар хз. Талханы, куфалықтар хз. Зубайрді лайық деп білді. Көтерілісшілер осындай әртүрлі көзқараста болса да олардың хз. Османға деген қарсы ұстанымы бір арнада тоғысты. 657 жылғы қажылық сапарды желеу еткен көтерілісшілер Мәдинаға келеді. Хз. Әли, хз. Әбу Хурайра, хз. Талха, хз. Зубайр  көтерілісшілерді басу үшін уағыз-насихат айтты. Алайда, көтерілісшілер қапияда хз. Османды қастандықпен өлтірді.

Мұхан ИСАХАН

Оқылды 755 рет
JoomShaper
Top