Жалғас САДУАХАСҰЛЫ: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан жиһад бұл емес

Жұма, 09.12.2021

Жиһад деген не? Оны қалай түсініп жүрміз? Ислам жиһадты қалай түсіндіреді? Пайғамбарымыз қалай жиһад жасады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде дінтанушы, философия ғылымының кандидаты Жалғас Садуахасұлысен сұхбаттасқан едік.

– Жалғас Садуахасұлы, неге дінге жаңадан бет бұрған кейбір жастар «жиһадқа» шығуға әзір тұрады?

– Бүгінде өкінішке қарай, террорлық ұйымдар, террористік әрекетке баратын топтар «жиһад» ұғымын желеу етіп, осы сөзді жиі айту арқылы халық арасында исламның террорға қатысы бар екен деген түсінік қалыптастыру үшін бар күштерін салуда. Исламға қатысы жоқ террористтер: «Мен дін үшін соғысамын» деп өздерін алдап қана қоймай исламды дұрыс білмейтін, әсіресе, жастарды адастыруда. Жастар қызу қанды. Өздері дұрыс емес деп тапқан дүниесін түзетуге әзір тұрады. Бұған қоса бойында діни білімі жоқ болғандықтан террорлық ұйымдар өздерінің қарамағына жинап, оларды ұрысқа, мұсылман емес адамдарға қарсы қатыгездікке, жарылысқа жігерлендіру үшін үнемі діни мәтіндерді, аят-хадистерді өздері жинақтап, ұсынып отырады. Бірақ, аяттардың нақты түсу себептерін, хадистердің айтылу мақсатын өздерінің пайымы мен мүдделеріне сәйкес бұрмалап түсіндіреді. Ал оның қаншалықты рас немесе өтірік екенін көру үшін «шәкірттің» білімі таяз, ол бар болғаны жиһадқа дайындалушы. Оның арабша оқуға, діни сауатын тереңдетуге құлқы да, уақыты да жоқ. «Өзі білмейді, білгеннің тілін алмайды», – демекші, ол өзінің «псевдо шейхінен» басқаның тілін алмайды. Имамдардың уағызына құлақ аспайды, өйткені, олар «өкіметтің адамы», «дінді қате түсіндіреді». Ағайындарымен кеңеспейді, себебі, олар «намаз оқымайды».

Ал, енді расында да діни сауатты адам, Құран мен сүннетті дұрыс әрі орынды түсіндірсе, онда тыңдаушы шәкірттің террорист болып шығуы мүмкін емес. Шынымен де Құран өзге дін өкілдеріне, намаз оқымайтындарға қарсы соғысқа шақырмайды. Бейбіт пен келісімде өмір сүріп жатқан қоғамды мұсылман және кәпірге бөліп, бүлік шығармайды.

– Әдетте террорлық ұйымдар мен топтар «жиһад» ұранын жиі қолданады. Осы «жиһад» сөзіне қысқаша тоқталсаңыз...

– «Жиһад» – араб сөзі. Жиһад деп Алланың ризалығына бөлену үшін мұсылманның Алла жолында сарып қылған түрлі амалдарын айтамыз.

«Жиһад» құлшылықтың бір түрі. Сондықтан, мұсылман адамның өзін тәрбиелеу үшін, білім алу үшін, отбасына нәпақа табу жолында және туыстарымен қарым-қатынасын жақсарту сияқты көптеген амалдары үшін тер төгуі, жасаған еңбегі, көрсеткен жігері – Алла жолындағы күрес, яғни, жиһад.

Сондай-ақ, «жиһад» сөзі мұсылман мемлекеті сырттан төнуі мүмкін шабуыл қатерінен сақтанып, мемлекеттік деңгейде жарғы жасалып, соғысқа әзірлік деген мағынаны да береді. Бірақ, бұл төтенше жағдайдың бір шарты бар, ол – жиһадты тек мемлекет басшысы жариялайды.

Жиһад бір мемлекет пен екінші мемлекет арасында болады. Оған ислам ғалымдары кеңесіп, ортадан пәтуа шығарады. Кейін бұл пәтуа барлық мұсылмандарға тарқатылады. Қазіргідей кез келген адам қалаған уақытында топ құрып, өз бетінше жиһад жасауы мүмкін емес. Сол сияқты бір топ бір мемлекетке қарсы жиһад жария ете алмайды. Мемлекетке қарсы соғысты тек мемлекет жасайды. Әйтпесе, әр адам өзі қалағандай бірнеше пікірлестің басын қосып, соғыс ашатын болса дүние не болмақ? Ислам бұған қатаң қарайды.

Ислам тарихында пайғамбар (с.ғ.с.) ешбір қауымға яһуди, христан яки болмаса пұтқа табынушы деп шабуыл жасаған жоқ. Оларға: «Менің дінім өзіме, сендердің діндерің өздеріңе»,  деп тең қарады (Кәфирун сүресі). Ал енді мұсылмандарды соғысқа жігерлендірген аяттарға келсек, бұлар негізінен соғысудан басқа шегінер жер жоқ, мәжбүр басталған соғыстарға қатысты түсті. Құран мен сүннетке сәйкес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас бейбітшілік байланысқа негізделген.

– Яғни, қазіргілердің жасап жүргендерін «жиһад» деп айтуға келмейді...

– Әрине. Шынайы жиһадтың қандай болатынын жоғарыда айттық. Кез келген құқық жүйесіндегі сияқты ислам құқығында да белгілі амалдың дұрыс жасалуы үшін егжей-тегжейлі баяндалады. Егер Құран мұсылман үшін бейбіт өмірді емес, деструктивті ағым өкілдері айтатындай шынайы соғысты (жиһадты) насихаттайтын болса, онда оның ішінде жиһадтың айла-тәсілдері, зорлық-зомбылықтың мысалдары, тарих бойында өткен көптеген мәдениеттер арасындағы ұрыстардың сырлары баяндалар еді. Жиһадқа қалай шақыру, қанша адаммен соғысқа шығуға рұқсат екені, қандай уақытта джиһад басталатынын және сол сияқты т.б. соғысқа қатысты мәселелер толық айтылар еді. Бұлай болуы заңды құбылыс. Бірақ, Құранда біз мұндай көріністің бірін де көрмейміз. Керісінше, Құран адамдарға бейбіт өмір мен сүйіспеншілік туралы айтады. Мұнда біз ғибратты қиссаларды, отбасы мен туған туыс қатынасын, дүние құрылымы мен өмірдің мазмұны сияқты т.б. дүниетанымды көреміз. Құран – соғысты емес, Адам мен Хауа анамыз, Жүсіп пайғамбармен мен Злиха, Мұса пайғамбар мен Қызыр, Сүлеймен патша мен Бәлқис, Ибрахим пайғамбар мен Ысмайыл сияқты т.б. көптеген ғибратқа толы қиссаларды баяндайды. Адам осыларды оқысын, ғибрат алсын, мазмұнды ғұмыр кешсін дейді.

– Демек бұлардың жасап жүрген жиһадтарын ислам жолындағы күрес емес, адамзатқа қарсы күрес деп айтса болады ғой...

–  Дұрыс айтасыз. Асыл діннің шапанын жамылған бүгінгі содырлар мен террористердің «жиһад» деп жасап жатқан: бейбіт жандарды өлтіруі, адамдарды қойша қыруы, ғибадат үйлері мен мешіттерді жаруы сияқты әрекеттері ислам жолындағы күрес емес, адамзатқа қарсы күрес.

Әйтпесе осындай өркениетті қоғамда әйелді, қарттар мен  бала-шағаны қойша бауыздау, ату, балалар толы мектеп көлігін жарып жіберу, адамды ұрлап алып қашу, өзін жарылғыш затпен орап немесе көлігіне жарылғыш зат қойып жазықсыз адамдардың арасында өзін және бейбіт тұрғындарды жарып жіберу қандай адамгершілікке жатады? Нағыз мужаһид (Алла жолында күресуші адам) осылай жасауы керек пе?

Жооқ, жоғарыда айтқанымыздай Құран мен сүннет және ислам тарихындағы ұрыстар бізге «жиһадтың» басқа екенін баяндайды.

Бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) ұрыстан қайтып келеді. Бұл шайқас жер бетінде мұсылман дінінің қалатынын немесе қалмайтынын білдіретін шешуші ұрыс болатын. Сонымен мұсылмандар жеңіп, ауыр соғыстан қайтты. Жол үстінде сахабалардың бірі:

–Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.) енді бұдан асқан ауыр соғыс жоқ шығар? (яғни, мұсылман діні жер жер бетінде қалатын болды) деген оймен сұрайды. Сонда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Қателесесің. Бұдан да ауыр соғыс бар. Ол – жиһад әл-акбар (Ең үлкен соғыс) адамның өзімен өзі күресі. Егер адам әдеттегі соғыста дене мүшесінен, мал-мүлкінен айырылу қауіпі болса, нәпсі күресінде – адамның мәңгілік, ақырет өмірінен айырылу қауіпі бар – деп жауап береді.

– Демек, жиһад қару алып соғысу деген сөз емес қой?

– Иә, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бейбіт өмірде ғана емес, соғыс алаңында да адам баласына құрмет көрсеткен, қатыгездік танытпаған. Һижреттің 8 жылы шәуал айында Халид ибн Уалидті 300 әскердің басында қол басшы етіп, Джазим әулеті бастаған тайпамен қарсы соғысқа жібереді. Соғыс басталып кетті, соғыс алаңында Халид ибн Уалидтің бұйрығымен бір жігіт өледі. Бұл алаңда ол жігіттің сүйген қызы болатын. Сүйген ғашығының көз алдында өлтірілгенін көрген қыз жігіттің денесін құшақтап жылайды. Қатты екі рет дауыстап айқайлайды да қайғыдан ол да сол жерде қайтыс болады. Кейін бұл оқиға пайғамбарға да жетеді. Сонда Пайғамбардың көңілі түсіп: «Сендердің араларыңда мейірімі бар бір адам болмады ма?» – деп айтқан екен.

Халид ибн Уалидтің өзінен жеткен бир риуаятта пайғамбарға бұл хабарды айтқанда, ол қолдарын жоғары көтеріп: «Ей, Алла! Халидтің жасаған мына ісіне менің қатыстым жоқ және хабарым да болмады!» – деп айтты делінеді.

Сол сияқты, Хайбар қаласының бірімен болған соғыста Сафия бинт Хурей және оның жиені тұтқынға түседі. Біләл бұл екеуін соғыста қаза тапқан адамдардың мәйіттері жатқан жермен пайғамбарға алып келеді. Өлі денелерді көрген жас қыз, құсқысы келіп, ауызын жабады. Мұны көрген пайғамбар: «Ей, Біләл! Сенің бойыңдағы адамға жанашырлық қасиетің қайда кеткен. Мына қыздарды мәйіттердің қасымен алып келіпсің ғой» дейді. Біләл бұған: «Уа, Алланың елшісі! Мен сіздің бұған көңіл бөлетініңізді білмедім» деп жауап береді.

Міне, осы айтылған екі оқиғада да Алланың елшісі (с.ғ.с.) өзгелерге деген мейірім мен қамқорлықты басты назарға алып отыр. «Бұл соғыс алаңы» деп, адамдарды қойдай қырып жатқан жоқ. Мүмкіндігінше адамға дене жарақаты былай тұрсын, жан жарақатын тигізбеуге күш салған. Олай болса, біздің көріп, естіп жүрген «жиһад» желеуімен болып жатқан жарылыстар мен атыстардың исламмен байланысты емес, діні және нәсілі мен шекарасы жоқ – террор.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Әлімхан Сырбай

 

Оқылды 1185 рет
JoomShaper
Top