Қияметтiң үлкен және кiшi белгiлерi

Жұма, 02.12.2021

Ақырзаманның қашан болатыны бiр Аллаға ғана аян. Дегенмен қиямет сағатының жақын қалғанын білдіретін белгілері бар. Бұл белгілер кіші белгілер жəне үлкен белгілер деп бөлінеді. Хузайфа (р.а): «Біз Мəдинада бір қорғанның көлеңкесінде отырғанбыз. Пайғамбарымыз болса бір шатырдың үстінде отырған еді. Сол сəтте Алланың елшісі жоғарыдан бізге қарап тұрып: – Сендерді жұмыстарыңа қандай мəселе жібермей тұр? деп сұрады.

Біз:

– Сөйлесіп отырмыз, – дедік. Пайғамбарымыз:

– Не мəселе жайында сөйлесіп отырсыңдар? – деді. Біз: – Қиямет-қайымның уақыты жайында əңгімелесіп отырмыз, – деп жауап бердік. Сонда құрметті пайғамбарымыз:

– Сендер мына он нəрсені көрмейінше қиямет-қайым болмайды» деді: Тұманды (түтін), дажжалды, даббатул арзды, күннің батқан жақтан шығуын, хазіреті Исаның (ғ.с.) көктен түсуін, яжуж-Мəжуждың шығуын, шығыс жақтағы бір жердің шөгуін, батыс жақтағы бір жердің шөгуін, Араб түбегіндегі бір жердің шөгуін, Иеменнің Аден жазығының ең шалғайынан бір от шыққанын. Ол от барлық жерді жағып отырып, адамдарды махшарға дейін алып барады деді» деген. (Мүслим, Фитəн 39; Ибн Мажа, Фитəн 28).

Қияметтің үлкен белгілері

Хазіреті пайғамбарымыздың хадистерінде ақырзаманның үлкен белгілері деп мыналар айтылады:

1. Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жер бетіне пайғамбар болып жіберілуінің өзі ақырзаманның алғашқы белгісі. Себебі, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қияметпен мен бірге жіберілдім» деп, сұқ саусағы мен ортаншы саусағын қимылдатып көр сеткені жайында деректер бар (Мүслим, Фитəн, 132; Термези, Фитəн, 39).

2. Дəжжал (Тажал) шығады. Хадис шəрифте: «Дəжжал шығып, өзінің тəңір екендігін айтады. Оның тəңірлігіне сенген адам кəпір болады» делінген. (Ибн Əби Шəйбə) «Дəжжал» сөзі – өтірікші, алдампаз деген мағынаны білдіреді. Адамзат тарихындағы ең үлкен өтірікші осы Дəжжал болғандықтан, ол осы есіммен аталған. Сондай-ақ оның Мəсих Дəжжал деген де аты бар. Ибн Əсир: «Оның «Мəсих» деп аталуы – көзінің сипалып, жабылып қалғандығынан, ал «Дəжжал» деп аталуы оның жалғаншы болғандығынан» деген. Ал Исаның (ғ.с) «Мəсих» деп аталуына келсек, ол адамдарды сипап, ауруларын жазатын. Хадисте: «Дəжжал шығып, өзінің тəңір екендігін айтады. Оның тəңірлігіне сенген адам кəпір болады».

Дəжжалдың шығатын жері. Əбу Бəкірден (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі: «Шындығында, Дəжжал шығыстағы Хорасан деген жерден шығады» деген. Дəжжалдың ең əуелі қамтитын аумағы Шам мен Ирак арасы болады. (Анығы Аллаға аян!). Науас ибн Сəмъаннан жеткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дəжжал Шам мен Ирактың арасындағы тастақты жерден шығады» деген.

3. Хазреті Иса көктен түседі. Тағы бір хадисте: «Иса əділ үкімдар болып көктен түседі, крестті жояды, доңызды өлтіреді, ислам дінінен басқа нəрсеге тыйым салады» делінеді. (Бұһари, Мүслим, Əбу Дауд, Термези, Ибн Əби Шəйбə) «Иса көктен түскенде барлық жерде тыныштық пен ынтымақ орнап, арыстан мен түйе, қасқыр мен қозы емін еркін жайылып, балалар жыландармен ойнайтын болады» (Əбу Дауд)

4. Даббəтул ард шығады. Бұл жайында хадисте: «Даббəтул арз Мұсаның аса таяғын мұсылмандарға тигізгенде олардың маңдайында «Жəннаттық» деп жазылып, жүздері нұрланады. Ал кəпірлерді Сүлейман пайғамбардың мөрімен соққанда, олардың маңдайында «Жаһаннамдық» деп жазылып, жүздері қарайып кетеді». Бұл жануар туралы Құран Кəрімде де хабар білдірілген. (Нəміл 82) 5. Йəжуж жəне Мəжуж қауымы шығады. Құран Кəрімде: «Яжуж-Мажуж ағытылып, əрбір төбеден келгенге дейін. Ол шын уəде (Қиямет) таяса, сол уақытта қарсы болғандардың көздері шарасынан шығып: «Əттеген-ай! Біздің бұдан қаперсіз болғанымыз қандай өкініш! Негізінде, біз залым болған екенбіз», деп айтады. (Əнбия сүресі, 96-97 аяттар). Бұл туралы хадис шəрифте де: «Йəжуж бен мəжуж қауымы қияметтің алғашқы белгілерінің бірі болады» деген. (Ибн Жəрир)

6. Дүниені түтін қаптайды. Құран Кəрімде: «Аспаннан түтін шығатын күнді күтіңдер!» делінген. (Духан сүресі, 10-аят)

Хадисте: «Түтіннің əсері мұсылмандарға тұмау секілді жеңіл, ал кəпірлерге өте ауыр тиеді» дейді. (Əбу Дауд)

7. Күн батыстан шығады. Хадис шəрифте: «Күн батыстан тумай тұрып қиямет болмайды. Ол кезде барлық адамдар иман келтіреді. Алайда имандары өздеріне пайда бермейді» десе, (Бұһари 1881, Мүслим 2943.) Қасиетті Құранда: «Раббыңның кейбір аяттары (белгілері) келген күні, бұрыннан иман келтірмеген немесе сенімінде бір қайыр істемеген адамның иманы ол күні пайда бермейді» деп келеді. (Əнғам сүресі, 158-аят).

8. От шығады. «Хижаздан шыққан от Басрадағы түйелердің мойындарын жарқыратады».

9. Жердің шөгуі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Сендер қияметтің он белгісін көрмей қиямет қайым болмайды» деп. Оның үшеуін «Шығыспен батыста жəне жəзиратул – арабта жердің шөгуі, батуы көрінеді». [Мүслим, 7/191]

Умму Сəлəмадан тағы бір хадисте: Пайғамбар (с.ғ.с.) «Мен өмірден өткеннен кейін үш жерде жер шөгуі болады, біреуі шығыста, екіншісі батыста, үшіншісі араб жазирасында» деді. Сонда мен: «Ей, Алланың Елшісі! Жер бетінде жақсы адамдар болсада жер шөге ме?» деп сұрадым. Сонда Алланың елшісі: «Жер бетінде адамдардың көпшілігі бұзылса» деді. (Бұһари, Фитна кітабы 8/100)

10.Қағба құлатылады. Хадисте: «Қара нəсілді адам қағбаны құлатады. Дəл қазір оның қара қолдарымен Қағбаның тастарын біртіндеп бұзып жатқанын көріп тұрғандаймын» деген пайғамбарымыз (с.ғ.с.). (Бұһари, Мүслим, 2901)

Қияметтің кіші белгілері

«Қияметтің белгілерінің бірі дін ілімі азаяды, сауатсыздық көбейеді, зина жасау етек алады, əйелдер көбейіп еркектер азаяды. Тіпті елу əйелдің бір ғана қараушысы болады» (Бұһари). «Əйелдердің саны ер кісілердің санына қарағанда əлде қайда көп болады» (Бұһари, Худуд, 20). Расулуллаһ (с.ғ.с.) сахабаларымен сөйлесіп жатқанда бір түздік араб келіп қияметтің қашан болатындығын сұрағанда, оған: «Аманат аяқ асты етілген кезде қияметті күте бер» дейді. Сонда түздік араб кісі: «Мұны қалай түсінсек болады» дегенде, пайғамбарымыз: «Қызмет өз маманына берілмеген кезде қияметті күте бер» деп жауап береді (Бұхари). Көп қабатты үйлердің салынуы, өз ісінің маманы емес кісілердің сөз сөйлеуі мен билік етуі (Бұһари, Иман 37; Мүслим, Иман 1). Адам өлтіру оқиғасының көбеюі (Бұхари, Фитəн 25). Жалаң аяқ, жалаңаш жəне кедей шопандардың да үй салуда бір-бірімен жарысқандарын көресіңдер (Мүслим). Мен Алланың елшісімін деп, өзін пайғамбармын деп жариялайтын отызға жуық жалғаншы дажжалдар шығады.

– Зілзаланың көбеюі.

– Көптеген бүліктер етек алуы.

– Жөнсіз жерде адам өлтіру көбейеді.

– Екі үлкен ислам əскерлері бір-бірімен шайқаспайынша, қиямет болмайды (Бұһари, Фитəн 25).

Мал-дүние судай болып ақпайынша, фитнəлар жəне жөнсіз жерде адам өлтіру көбеймейінше, қиямет болмайды (Хадис ансиклопедиясы, Кутубус ситтə, 17 том, 1234 хадис).

Хазіреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ақырзаман таяғанда болатын жағдайларды осылайша 14 ғасыр бұрын үмметіне айтып кеткен. Осы айтылған мəселелерге қарап отырсаңыз ақырзаманның көптеген белгілері бүгінгі техногендік ғасырымыздың дертіне айналып отыр.

Жалпы, Қияметтің орнауы жайлы Алла тарапынан түскен кітаптардың барлығында айтылған. Кең тараған ұғым болғандықтан, ешқандай діни негізі жоқ алып-қашпа əңгімелер де көп айтылады. Əсіресе, шетелдік басылымдарда қоғамға үрей салатын мақалалар жиі жарық көруде. Соңғы кезде ғаламтор бетінде «ақырзаман болады-мыс» дейтін ақпараттардың да тарап жүргені жасырын емес.

Алайда, асыл дініміздің бастау бұлағы саналар Құран мен Сүннетте Қияметтің қашан болатыны тек Аллаға ғана мəлім екені айтылған. Мысалы, «Нəміл» сүресінің 65-аятында: «Көктер мен жердегі көрместі Алладан басқа ешкім білмейді» делінеді. Ал қияметтің белгілері жайлы Құран аяттары мен пайғамбарымыздан сахих тізбекпен жеткен хадистер жайлы ислам ғұламаларының том-том кітаптары көп.

Дініне берік əр мұсылман Қияметтің белгілеріне ой жүгіртіп, пікір қылуы сауапты іс. Себебі, мұнда ақырғы күнге даярлық, Алла алдындағы сұрақ-жауапқа əзірлік, өлімді еске алу тəрізді дініміздің басты бұйрықтарына мойынсұнушылық жатыр. Ал Қиямет күніне бейқамдық – мұсылман пенделерді иманнан алыстатып, тақуалықтан тосады һəм қиямет азабын ұмыттырады.

Хазреті Омар (р.а) халифа болып тұрған кезінде ел аралап жүріп қаланың шетінде жер қазып жатқан бір ақсақалға кезігеді. Халифа ақсақалдан:

– Е, ақсақал не істеп жатырсыз? – деп сұрайды. Сонда ақсақал:

– Жасым болса келген қарт адаммын, артымда ұрпағым жоқ. Мен өлгеннен кейін осы қабірге қояр деп өзіме қабір дайындап жатырмын, – дегенде Хазіретті Омар:

– Ақсақал, сені өлгеннен кейін ешкім далаға тастамайды. Өзіңе қабір дайындағанша өзіңді қабірге дайындасаңшы. Қияметте Алла Тағаланың алдына қандай амалыңмен баратыныңды ойлағайсың, – деген екен.

Раббымыз бізді өмірдің жəне өлімнің əсіресе қияметтің ауыр күндерінен қорғап-қолдауды нəсіп етсін!

Нариман ИСЕНОВ,

Павлодар облысы бойынша өкіл имам

Оқылды 373 рет
JoomShaper
Top