Әбдісамат ҚАСЫМ: Некенің мәні – мәңгілік

Жұма, 02.12.2021

Исламдағы неке ұғымы, мəні мен маңызы, шарттары мен  жауапкершілігі қандай? Сонымен қатар исламдағы талақ ұғымы, ол қандай жағдайда айтылады? Біз бүгін осы және өзге де сауалдар төңірегіндегі белгілі исламтанушы, ғалым Әбдісамат Қасыммен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Соңғы кездері БАҚ беттерінде неке, талақ мəселелері жиі көтеріліп жүр. Ақпарат легі аталмыш мəселеге елдегі діндарларды кінəлауда. Осы жағдайға байланысты өз пікіріңізді білгіміз келеді? Шынында бұл діндарлардың кінəсі ме?

– Шынтуайтқа келгенде, исламды дұрыс ұстанатын шаңырақта ажырасу құбылысы өте аз орын алады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, соңғы жылдары сотта қаралатын азаматтық істердің басым көпшілігі – неке бұзу екен. Ажырасуға арыз берушілер саны жыл сайын артуда. Әсіресе, осы екі-үш жылда, 20-30 аралығындағы жастар арасында ажырасу өте көп делінген. Ал, енді, өтініш білдірушілердің дені нәзік жандылар көрінеді. Оларды оған итермелейтін ең басты себеп – жұмыстың жоқтығы. Ері жұмыс табылмай немесе жұмыстан шығып үйде отырып қалады. Осының салдарынан ұрыс-керіс, арты ажырасуға алып келеді.

Шариғат бойынша, неке бұзу құқы көбіне отағасына берілген. Отанасы кейбір жағдайларда ғана ажырасуды талап ете алғанымен, жалпы алғанда, оған тікелей талақ ету мүмкіндігі берілмейді. Бұл - әйел затының нәзік табиғатын, әрі аса сезімталдылығын ескергендіктен болса керек. Тіпті, пайғамбарымыз (с.ғ.с) орынсыз талақ талап еткен әйелге «пейіштің иісін де сезбейтін болады» деп қатаң ескерткен. Бұл – қит етсе, «ажырасамға» басып, сотқа жүгіре берудің харам екендігін білдіреді.

Алайда, бұған қарап: «әйел затының құқы шектелген екен» деуге болмайды. Исламда орынды себеп болып жатса, әйел кісі қазыға шағымданып, некені бұзуын талап ете алады. Одан басқа, «хүлғ» жолы арқылы ерінен талақ алу құқы бар. Мұның бәрінің өзіндік үкімдері фиқһ кітаптарында егжей-тегжейлі реттелген.  

Дініміз себепсізден-себепсіз ажырасуды құптамайды. Бұл – ерлі-зайыптылардың соңғы шешуші қадамы болуы тиіс. Одан бұрын, ерлі-зайыптылар арасында пайда болған мәселені анықтап, оны оңды шешуге тырысу ләзім. Әбу Дәуідтің хадис жинағында келтірілген бір хадисте ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Рұқсат берілгендердің ішіндегі Аллаға ең ұнамсызы ол – талақ» дей отырып, жөнсіз ажыраспауға үндеп отыр.

Сондықтан да, еліміздегі ажырасу құбылысының етек жаюын діндарлардан көруді өз басым ақылға сыйымсыз деп ойлаймын.

– Исламдағы талақ ұғымын түсіндіріп берсеңіз? Талақ айту үшін қандай талаптар қажет? 

– Талақ төңірегінде реттелген бірталай талаптар бар. Оларды: Талақ айтушыға қатысты талаптар; Талақ айтылатын әйелге қатысты талаптар; «Талақ» туындау үшін керекті талаптар деп бөлсек болатын шығар. Олардың да өзіндік ереже-қағидаттары бар. Оның бәрін тізбектеп айту мына сұхбат үшін ауыр келер.   

Бірақ, мынаны айтуға болады: Талақ айту құқы ер кісіге берілгенімен, оны да себептен-себепсіз қолдану – харамға жақын мәкруһ саналған. Кейбір ғалымдарымыз ажырасудың өзін жағдайына қарай уәжіп (ажырасуға міндетті), мәндуб (өз еркі) және харам (ажырасуға тыйым салынады) деп бөледі. 

Отбасы – өзінше бір мемлекет. Оның іргесі өзара түсіністік, бауырмалдылық және сүйіспеншілікке құрылғаны жөн. Сонда ғана іргесі берік отбасы болмақ. Бірақ, кейде отбасы шаттықтан көрі қайғыға, бақыттан көрі қасіретке толып, ерлі-зайыптылар үшін шаңырақ «тозаққа» айналуы мүмкін.  Мұндай жағдайда олар арасында пайда болған мәселені анықтап, оны оңды шешуге тырысу керек. Оңтайлы шешімге көнбеген ерлі-зайыптылар жақсылықпен ажырасады. Бірақ та, себепсізден-себепсіз, әлсіздік танытып, еш айыбы жоқ әйеліне талақ айту – харам.

– Неке ұғымы, мəні мен маңызы, шарттары мен  жауапкершілігі қандай?

– Шариғатта «неке» қасиетті ұғым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Пенденің үйленгені - иманының жарымын толтырғаны. Қалған жарымын Аллаға деген тақуалығымен толықтырсын»  деген. (Байхақидің хадистер жинағы). Дініміз үйленуді міндеттемегенімен әрдайым үйленіп, отбасы құруға шақырып отырады. Оны көптеген пайғамбар хадистерінен байқау қиын емес.

Исламда неке өмірлікке қиылады. Дінде «уақытша неке» деген түсінік жоқ. Отбасын сақтап қалу әрбір мұсылман үшін үлкен міндет. Дініміз сол мақсатқа жетелейтін отбасы құқықтарын, қағидаттарын, отбасы-ошақ қасы әдептерін т.б. сауапты дүниелерді реттеді. Жүздеген хадисте ерлі-зайыптылардың бақытты өмір сүруіне жол ашатын тәлім-тәрбие, өсиет-өнегелер айтылған (өкінішке қарай, олардың көбін амалға асырмауымыздың нәтижесінде отбасы кикілжіні артуда). Талақ – ислам ұғымында ең соңғы шешім.

– Шариғатта неке қидырар алдында қыз баланың ата-анасының рұқсаты қажет пе?

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) асыл сөзінің бірінде: «Қамқоршысының рұқсатынсыз қиылған неке – неке емес» деген. Қамқоршыны шариғатта «уәли» дейді. Аталмыш хадиске сүйеніп ислам ғұламаларының бірқатары: «Некені шариғи тұрғыда заңды деп есептеуіміз үшін уәлидің рұқсаты шарт» деген. Олай айтқандардың қатарында Әбу Ханифаның (р.а.) шәкірті Имам Мұхаммед те бар. Оның (р.а.) тұжырымы бойынша, уәлисіз қиылған неке «мауқуф некеге» жатады. Яғни, ата-анасы құптамайынша толыққанда ерлі-зайыпты атана алмайды деген сөз.

Ата-ананың рұқсаты, әсіресе, жаңа ғана кәмелетке жеткен, өмірлік тәжірибесі аз, енді ғана есі кіріп, етегін жиған жас бойжеткен үшін маңызды деп ойлаймын. 

– Кейбір діндарлар «ата - анасы намаз оқымаса» немесе «ақидасы дұрыс болмаса»  уəли бола алмайды дейді. Бұл пəтуа қаншалықты шынайы?

– Намаз оқымайтын, бірақ Аллаға сыйынып, өзін Мұхаммед пайғамбардың үмбеті санап, намаздың парыздығын жоққа шығармайтын кісіні біз кәпір демейміз. Намаз оқымағаны үшін күнәхар мұсылман дейміз. Ол намаз оқымағаны себепті Алланың алдында жауап береді. «Әһли сүннет жолы» осылай. Сондықтан да, мұсылманның намаз оқымағаны себепті «уәлилік» статусынан ажырайды деу бекер сөз.  

– Соңғы кездері атын атаудың өзі қорқынышты мұсылман әйелдері Таяу-Шығысқа «жыныстық жиһадқа» кетіп жатыр дегенді БАҚ жиі айтып жүр. Әрине, мұның исламға мүлде жат ұғым екендігі ақиқат. Десек те, осы мәселе қайдан шықты және мұндай пәтуаны оларға кім берді?

– «Жыныстық жихад» термині 2013 жылдары қолданысқа енді. Оның шығуын ДАИШ террористік ұйымының пайда болуымен байланыстыруға болады.  Одан бұрын сонау сахабалар кезеңінен бастап есептегенде, күні бүгінге шейін жыныстық жиһадтың өзі тұрмақ, атауы да жоқ-тын.

Құдайдан үміті бар ешқандай мұсылман мұндай бассыздыққа бармасы анық. Әрі дәл сондай пәтуаға ешбір ақыл-есі дұрыс мұсылман қыз еріп кете бермейді. Мұның бәрі ұйымдастырылып жасалып жатқан дүниелер деп ойлаймын. Ондағы тікелей мақсат – ДАИШ-тың қатарын өздері секілді жалдамалы есерсоқтармен толтыру. Онымен қоса, әлемге исламды тұрпайы етіп көрсету.

Тоқетерін айтқанда, ДАИШ-ты кім құрған болса, пәтуаны да сол шығарып отыр. Ондай пәтуа шынайы иман келтірген мұсылманнан туындайды деуге дәтім бармайды.

– Бірнеше əйелмен неке қидырып, артынша құмарын қандырып болған соң  талақ айтып тастап кететін немесе досына «сыйлай» салатындардың некесін кім қияды?  Олардың мұндай сорақылыққа баруына не себеп? 

– Бұл – дұрыс діни тәлім-тәрбие берілмеуінің нәтижесі. Кітаптарда көбіне негізгі шарт-талаптарды айтып өтуі мүмкін. Ал, оның жанында моральдық нормалары да бар. Оны түсіндіріп өту үшін білікті ұстаз керек. Некені тек, нәпсі құмарлығы деп түсінген болса, ол адамнан не күтуге болады.   

Сосын, жасырын екі-үш адамның көзінше некені қидыра салу – немқұрайлықты пайда етіп, жауапкершіліктен жұрдай күй тудырады. Жауапкершілік болмағандықтан некелескен әйелін де қадірлемейді.  Оңай талақ ете салу іс әрекеті орын алып жататыны сол. (Алла біледі).  

Шариғатқай сай үйленем деген кісі – үйленгендігін  жария етуі керек.  Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шариғатқа қайшы үйлену мен шариғатқа сай үйленудің ара жігін айыратын нәрсе – дабыл қағып, жария ету», деген  (Термизи, Никах: 6).

Сондықтан да, үйленем деген мұсылман ата-анасының ақ батасымен, шама-шарқынша дастарқан жайып, туған-туыстарды, көрші-қолаңды шақырып, шаңырақ көтергенін білдіргені дұрыс. Бізде келін түсіріп, беташар жасап жатады. Себебі, той жасап, ағайын-туыстың басын қосып үйленген отбасының – керегесі бекем, неке жібі берік. Оған қоса, елдің батасымен, дұға тілегімен құрылған шаңырақтың отағасы да мойнында үлкен жауапкершіліктің барын сезінеді.  

Досыңа «сыйлай салу» дегенді шариғатпен еш үйлестіре алмаймын.

Жоғарыда да айтып өттік, исламда неке өмірлікке қиылады. Ертең, не болмаса, арғы күні талақ ете саламын деп қиылған неке – шариғатқа сай емес. Ханафи мәзхабында уақытша неке «фәсид неке» үкімінде. Яғни, қиылған неке шариғат тұрғысынан неке болып саналмайды.  Олай істеу – харам. 

– Ер азаматтың отбасы алдындағы міндеті мен жауапкершілігі қандай?

– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Әрбірің бақташысыңдар. Әр бақташы өзінің табынына жауапты... Отағасы өзінің отбасында бақташы. Ол да өзінің табынына жауапты (бағып-қағып отырған отбасы мүшелеріне жауапты).  Әйел өзінің ерінің үйінде бақташы. Ол да өзінің табынына жауапты (Ері жоқта тіршілігіне ие болып, отбасының отын түтетіп, балаларға бас-көз болуы)... » дейді. (Бұһари. Мүслім).

Ислам ұл-қызды ата-анаға берілген Алланың ризығы деп үйретсе, әйелді Алланың аманаты екендігін еске салады. Құран Кәрімнің Ниса сүресінде Алла Тағала: «Жұбайларың сендерден салмақты (жауапкершілігі мол) уәде алғантұғын», деп, оларға қиянат етпеуімізді ескертеді.

Басқа бір аятта: «...Сондай-ақ олармен (әйелдеріңмен) жақсы шығысыңдар. Егер оларды ұнатпайтын болсаңдар, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде, Алла тағала көптеген қайыр жасап қойған болуы мүмкін» дей келе, ұнамай қалған тұсы байқалса, бірден талақ етуге көшпей, сабырлық танытып, оның жақсы жағын байқауға шақыруда (Ниса сүре, 19 аят.).

Бақара сүресінде: «Өз араларыңда кешірімділікті ұмытпаңдар», деп,  кейде олқылық көрген болсақ, жанжалға әкелмей, кешіріммен қарауға насихаттайды  (Бақара сүресі, 237 аят).

Ардақты пайғамбарымыз: «Сендердің ең жақсыларың – жұбайларыңа жақсы болғандарың...»  деп бұйырады.

Айта берсек, көп. Мұның бәрі отағасының отбасы алдындағы үлкен жауапкершілігінің бар екенін көрсетеді.

Әлхамдулиллаһи раббил ъаләмин.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Әлімхан Сырбай 

Оқылды 380 рет
JoomShaper
Top