Тариқат негізінен іштен зікір салу ритуалы «қатм-хажағанды» орындайды. Бахауаддин нақыштаушы зергер ұста болғандықтан оның құрған тариқатына «Нахшбанди» атауы берілген. Сондай-ақ, олар салатын зікірдің формасына қарай бұл сопылық орден «Хафий» деп те аталады.
Бахауаддиннің алғашқы ұстазы Хожаған шейхі Мухаммед баба Саммаси (1339 ж.қ.б.) еді. Екінші ұстазы Ясауи тарихатының шейхі Қасымның мүриді болған Мір Әмір Құлал болатын. Сондай-ақ, Бахауаддиннің шейх Мәулана Арифиннің де мүриді болғандығы айтылады.
Нахшбанди тарихаты Бахауаддиннің шәкірттері Алладдин Аттар (1400 ж.қ.б.) мен Хожа Мухаммед Фарсы хожа (1420 ж.қ.б.) арқылы дамыды. Негізінен Абу Халиқ Ғиждуанидың сопылық қағидасын ұстанған Бахауаддин Нахшбанди фикһ мәселесінде Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанған. Бахауаддин Нахшбанди тариқат мүшелеріне саясатқа араласпауды бұйырғанмен, кейін Хожа Ахрар Убайдулла тарихат басына келгенде “Өзінің әлемдік рухани парызыңды атқару үшін саяси билікті пайдалана білу қажет” деген қағиданы ұстанды. Хожа Ахрардың бұл реформасынан кейін Нахшбанди тариқаты Орта Азияның діни-саяси құқықтық тарихында өзіндік із қалдырды. Ахрар қожаның ісін 1515 ж. бауырластық басшысы болған Ахмет Қасани қожа (1543 жылы қайтыс болған.). Содан кейін джуйбар шейхылары (ХҮІ ғ-дың ор-тасы ХҮІІ ғ-дың аяғы) одан әрі жалғастырды. Ахмет Қасани ұрпақтары саналатын Ақтау және Қаратау қожалары Нахшбандилікті Шығыс Түркістан, Үндістан, Иран, Ирак, Анадолы, Кавказ өңірлеріне таратты.
Нақшбанди тариқаты қазақтың кемеңгер ханы Қасым ханның тұсынан бастап Солтүстіктегі көшпелі қазақ жұршылығына әсер ете бастады. Бұл жөнінде Мұхамед Талифтың “Матлаф-ат-Талибин” атты шығармасында баяндалған. Қасым хан Нахшбанди шайхы Әбу Бәкір Садтың муриді болған. Қасымның ұлдары Мамаш, Бұйдаш, Тахир хандардың да Нахшбанди тариқатының шайхыларына қол берген.
Шығыстанушы М. Әбусейтова Тәуекел хан өзінің 120 баласымен Нахшбанди шайхы Қожа Ысқаққа мурид болғандығын жазады. Есім хан билік құрған шақта Нахшбанди тариқатына Сыр бойынан арнайы уакфтық жерлер бөліп береді. Ал, Тәуке хан тұсында Ясауи мен Нақшбанди тариқатының құндылықтарын қатар ұстанған Азизан қожалары қазақтың біраз ру-тайпаларына пір болған еді. ХІХ ғасырдағы Бұқарада оқып келіп Қазақ даласында діни қызмет жасаған ахундар мен ишандар да осы Нахшбанди-Мужжадади тариқатының өкілдері болатын.
Кеңес үкіметі кезінде Нахшбанди шейхтары қуғындалып, тариқат уақытша өз жұмысын тоқтатқанмен, тәуелсіздік алған жылдары Қоқандағы Ибрахим Хазірет шейх тарапынан Нахшбанди сопыларының қызметі қайтадан жанданды. Бірақ, бұрын Орталық Азияда бір орталықтан басқарылып келген тариқат Ибрахим Хазіреттің 2009 жылы қайтыс болуымен бірнеше тармақтарға бөлініп кетті.