Исмайыл СЕЙТБЕКОВ: Өздерін «сәлаф» санайтындар сүнниттік мәзһабты ұстанбайды

Дүйсенбі, 27.02.2017
Исмайыл СЕЙТБЕКОВ: Өздерін «сәлаф» санайтындар сүнниттік мәзһабты ұстанбайды

Дін – адамзатты жақсылыққа, ізгі іске ұйытатын күш. Дей тұрғанмен, соңғы уақытта дін атын жамылған әртүрлі ұйымдар бүтін қоғамға бүлік әкеліп, қауіп төндірді. Ислам діні де бұл жағдайдан тыс емес. Исламда мойындалған мәзһаб ұстанымдарын теріске шығаратын топтар да ел ішінде бар. Мәзһаб жолы мен мәзһабсыздық, жат ағым жайында белгілі исламтанушы, Маңғыстау облысының өкіл имамы Исмайыл Сейтбековке сауал тастаған едік.

– Бүгінгі әлем діни сипаттағы қауіп-қатерді сезініп отыр. Экстремизм мен терроризм осының көрінісі. Ислам тарихында бұл бүлік қай кезеңнен басталған?

– Адамзат тарихында дін төңірегіндегі мәселелер үнемі дау-дамайға, талас-тартысқа түсіп отырған. Мәселен, христиан дінін ұстанушылар арасында көптеген секталардың пайда болуы осындай дау-дамайдан туындаған. Сол секілді біз өз дініміздің тарихына көз жүгіртсек, түрлі талас-тартыстардың болғанына куә боламыз. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Хабарларың болсын, сендерден бұрынғы кітап иелері жетпіс екі ағымға бөлінді. Мұсылмандар жетпіс үш  ағымға бөлінеді. Олардың жетпіс екісі тозақта, тек бір тобы ғана жұмақта болады. Жұмақта болатындар – жамағат» (Әбу Дауд, Сүннет 1) деген болатын. Сондықтан, пайда болған ағымдарды хадисте алдын ала хабар берілген ағымның бірі деп қабылдаймыз. Өйткені дінді толық түсінбей немесе бір жақты түсініп, яки түрлі саяси мүдде мен мақсаттар аясында топтасқан ұйымдар осындай дау-дамайды туғызып, дараланып жатады. Адамның ой-өрісі мен ақыл санасы әртүрлі болғандықтан, барлық адамды робот секілді бірдей ету мүмкін емес. Қала берсе христиан мен яһудилер қанша ғасырдан бері мұсылмандардың арасына іріткі салу, бір-бірімен жауластыру, қару кезендіру үшін арнайы ағымдарды қолдан жасап, қолдау көрсетуі дінімізге орны толмас зиянын тигізуде. Мысалы, ДАИШ-ті алайық, «оны кім құрды?», «артында кім тұр?» деген сұрақтарға көзі ашық оқырман бірден жауап бере алады. Дінді саяси мақсат мүддеге пайдаланған уақытта міндетті түрде талас-тартыс орын алып, арты қақтығысқа ұласатын болады. Әлемде болып жатқан осындай құбылыстар біздің елімізге де өз әсерін тигізуде. Қазір намаз оқитын, орамал тағатын, сақал қоятын адамнан қорқатын болды. Неге? Себебі діннің атын жамылған түрлі ағымдар мен ұйымдардың ылаңы саналарға селкеу түсірді. Діннен қорқатын жағдайға жеткізді. Ақиқатында, ислам діні тыныштық пен бейбітшілікті, татулық пен бірлікті насихаттайды.

Ислам тарихындағы алғашқы діни саяси ағым харижит деп аталады. Олар 657 жылы пайда болды. Екінші пайда болған саяси ағым – шииттер. Шииттік әрекеттер 680 жылы бой көрсете бастады. Уақыт өте келе пиғылы теріс жандар тарапынан түрлі сенім мен мақсатты көздеген ағымдар ылаң салды. Содан күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі сондай ағымдар бой көрсетіп келеді. Қоғам біреуінен құтылса, екінішісі пайда болады.

– Қазақ халқы ұстанған ислам дініндегі төрт үлкен мектептің бірі – ханафи мәзһабын, жалпы мәзһаб жолын жоққа шығару құбылыстары неден туындаған?

– Дінімізде 4 үлкен құқықтық мектеп, яғни мәзһаб бар. Олар Ханафи, Мәлики, Шафиғи және Ханбали мәзһабтары. Бұлардың жалпы атауы «Әһлу сүннет уәл жамағат», қысқаша «сунниттер» деп аталады. Осы мәзһабтардың ішінде кең тарағаны – Ханафи мәзһабы. Имам Әбу Ханифа негізін қалаған бұл мәзһаб тарихта ұлы мемлекеттердің ресми діни ұстанымы болған.

Әбу Ханифа өз заманының заңғар тұлғасы, теңдессіз ғалымы еді. Сол себепті оған замандастары «Имам ағзам» (Ұлы имам) атауын берген. Ол өз заманында адасқан харижиттер, шииттер, муғтазилиттер, муржия, жаһмия және т.б. ағымдармен күрескен. Ондай адасқан ағым өкілдері де қарап отырмай Ұлы имамға қарата негізсіз сөздер айтып, айыптауға тырысқан.

Әбу Ханифаның берген пәтуалары мен пікірлеріне кейде замандас ғалымдар тарапынан сын да айтылған. Алайда, аталмыш ғалымдар Әбу Ханифамен жүздесіп, мәселені талқылаған соң, Ұлы имамның даналығына риза болып, сыни пікірлерінен қайтқан. Олар ғылыми негізге жүгінетін, дәлелге тоқтайтын ғалымдар еді. Өкінішке қарай, өресі төмен кейбір жандар Әбу Ханифаға сын айтуға тырысуда. Сын айтушылар 1750 жылдары пайда болған, өздерін «сәләф» санайтын, сүнниттік 4 мәзһабтың бірін де ұстанбайтын ағым өкілдері. Сәләфиттердің кейбір шейхтері «Ханафи мәзһабының дәлелдері әлсіз, Әбу Ханифа мына жерде қателескен» деп айыптап жатады. Расында, солай ма? Жоқ. Әбу Ханифа берген пәтуаларын қуатты дәлелге сүйеніп берген. Оны толық зерттемей үстірт қарап, сын айту шындықты қабылдағысы келмейтін адамның әрекеті деуге болады. Ұлы имамға сын айта білу үшін сол кісінің деңгейіне жете білу қажет. Ал, ол мүмкін емес.

– Дін ішінде талас тудырған мәселелерге мәзһаб ғалымдары өз заманында дәлел-дәйектерін жеткізіп айтты. Сонда, «мәзһабсыздықтың» мақсаты не?

– Ислам әлемі сүнниттік 4 мәзһабтан тұрады, соның бірін ұстанбайтын мұсылман адасқан мұсылман. Себебі, бұл жолға «әһлу сүннет уәл жамағат» деген атау берілді. 4 мәзһабты қабыл етпейтін ағымның бірі сәләфи немесе уаһһаби ағымы. Бұл ағымның басты ұстанымы – «Пайғамбар (с.а.у.) және әділетті 4 халифа заманында мәзһаб деген болған жоқ. Мәзһаб ұстану кейіннен пайда болған, кейіннен пайда болған нәрсе жаңалық (бидғат), жаңалықты ұстану – адасу» деп санау.

Ғалымдарымыз шариғаттың негіздерін жүйелі түрде түсіндіріп, қарапайым мұсылманға барлық ережелерді үйретіп ұғындырған. Уақыт өте келе ол жүйе мәзһаб деп аталды. Ол ешқандай шариғатқа қайшы емес. Ал өздерін мәзһаб ұстанбаймыз деп жүрген сәләфилер де бір мәзһаб болып саналады. Себебі, оларға шариғат негіздерін үйретуші ғалымдары, арнайы жазылған кітаптары мен жүйелері бар. Сіз шариғат мәселелерінде кімнің пәтуасын негізге алсаңыз соның мәзһабынан боласыз. Сондықтан, мәзһаб ұстанбаймын деген адам өтірік айтады. Солай айтқан жанға былай деп сұрақ қойсаңыз болады: «Сіз намазда қолды иыққа дейін көтеруді кімнен үйрендіңіз? Бет сипамауды кім үйретті? Хадистердің сахих немесе әлсіз екенін қайдан білесіз? Қайтқан адамға Құран оқымау керек деп кім үйретті? Сақал қоюдың парыз екенін кім айтты? Намазда әмин деген сөзді дауыстап айтуды кім үйретті?». Құранды оқи алмайтын, әліпті таяқ деп білмейтін адам бұл мәселелерді қайдан біледі? Демек біреудің үйретуімен үйренсе, ол соның ағымынан болады. Яғни, «кімнің арбасына мінсең, сонын әнін саласың» дегендей.

– Хақ дінді ұстанамын деп, жат ағымға ілескен, жаңылыс басқан жастарды райынан қайтару, санасын өзгертудің жолдары бар ма?

– Теріс бағытқа түскен жастардың бәрін толыққанды қайтару жеңіл емес. Әсіресе, санасы қатты уланғанды қайтару өте қиын. Істі болып, темір торға түсіп райынан қайтпаса, нәтиже шығару оңайға соқпайды. Теріс ағымға кеткен жандармен жеке дара жұмыс істеген жөн. Өйткені, бірнешеуімен бірге сөйлесу дұрыс нәтиже бермейді. Оларда жаман бір әдет бар, топ болып тұрғанда имамның немесе арнайы маманның сөзін тыңдай бермейді. Тыңдағысы келгенімен жанындағысы кедергі келтіріп, сыртқа шыға сала, өзара жөнге салып алады. Жеке кездесулер нәтижесінде ұстанымдарынан қайтып жатқан жастар бар. Иншалла, белгілі бір тобын қайтаруға болады деп сенемін.

– Бұрыс діни ұстанымға қарсы дұрыс діни бағытты, яғни дәстүрлі дін құндылықтарын насихаттау аса маңызды міндет екені даусыз. Дәстүрлі дін насихатын жандандыру жолдарын айтсаңыз...

– Кез-келген дерттің шипасы бар. Теріс ағымның алдын алудың да жолы бар. Біріншіден, теріс ағымдардың зиянын ескере отырып, мемлекет тарапынан арнайы заң шығарылса мәселе жеңілдейді. Екіншіден, дәстүрлі дінімізді насихаттауға ел болып көңіл бөлгеніміз жөн. Мемлекет пен Отан баршамызға ортақ. Олай болса, ортақ құндылығымыз үшін әрбіріміз өз үлесімізді қосайық. Ол үшін діни мәселені тек мешіт имамдарынан ғана барып сұрауға, Діни басқарманың арнайы сайттары арқылы ғана діни мәлімет алуға, арнаулы сараптаудан өткен кітаптарды ғана оқуға көңіл бөлуіміз керек.

Біз – зайырлы елміз. Діни насихатымыз заң аясында жүзеге асып жатыр. Біз әрбір мекемеге барып дінді насихаттай алмаймыз. Бірақ, сіз өзіңізді мұсылман санағандықтан діни мәселе мен сұрақтарыңызға арнайы дін маманына ғана жүгінсеңіз, теріс ағым жетегіне кетпейсіз деп сеніммен айта аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

Оқылды 2514 рет
JoomShaper
Top