Ұлт пен дін

Бейсенбі, 02.10.2021

Қоғам – бірігіп еңбек ететін жеке адамдардың жиынтығын және олардың арасындағы екі жақты қатынас. Яғни, біріншіден, қоғам – адамның өмір сүру тәсілі. Қоғамсыз адам, адамсыз қоғам жоқ. Екіншіден,  қоғам жеке адамдардан ғана тұрмайды, ол сол жеке адамдардың өзара қатынасын көрсетеді. Адамзат қоғамы кейде әлеуметтік жағдайда болса, кейде экономикалық, саяси уақиғалардың салдарынан тұрақсыз кейіпке де еніп отырады.  Кеңес өкіметінің мәңгілік құрдымға кетуі ТМД елдерімен бірге  біздің мемлекетімізге де едәуір әлеуметтік өзгерістер мен дағдарыс әкелгені шындық. Алайда, соңғы ғасырлар тоғысында, еліміздің ой-санасы, менталитеті өзгерді. Осындай атаулы әлеуметтік, экономикалық, саяси өзгерістер діни ахуалға да өзіндік сипат берді.

Енді, жаңарған қазақ қоғамынындағы діннің атқаратын рөлін айқындап, саралап, екшелеп алуымыз қажет. Алдымен, дін дегеніміздің не екендігіне тоқталайық.  Дін – әлеуметтік институт ретінде адамзат қоғамымен бірге жасасып келе жатқан рухани құбылыс. Батыс мәдениетінде «Дін» түсінігі мәні екі мағынада айтылады. Оның бірінші мағынасы – латын тіліндегі «religare» – жер мен көк  арасында рухани байланыс бар. Ал екінші, осы латын тіліндегі – «religo» – қасиетті, табыну заты, құдайға құлшылық ету мағынасында танылады. Мұсылмандық дінтанушылардың түсіндірулерінше, дін дегеніміз – әлемді байланыстыратын күш Алланың барлығына сенім. Бүкіл әлемді және адамды жаратушы ие – Жалғыз Алла адам баласының жүрегін өзіне ұштастыра жаратады, яғни Жаратушының барына сеніп, оның ажырамас бөлшегі екенін адам өз жүрегі арқылы сезіну керек дейді. Діни қатынастардың ерекшелігі ол қоғамдық әлеуметтік-экономикалық және мәдени, рухани сфералардан көрінеді.

Қоғамды дінсіз елестету әсте мүмкін емес. Атақты философ Генри Бергсонның “Өткен тарихта және заманымызда ғылымды, пәнді яки философияны білмейтін қоғамдарын кездестіруге болады. Бірақ, дінсіз ешбір қоғам болмайды” деген сөзі осы тұжырымдамамызға дәлел бола алады. Ал әйгілі әлеуметтік теоретик Гоббс өзінің еңбектерінде ағартудың біршама төмен бағыты діннің әлеуметтік пайдалылығын мойындап, ешқандай қоғам дінсіз өмір сүре алмайды дегенді алға тартты. Сол себепті, біз діннің өмірдегі маңыздылығы мен орнын жете түсініп, зерттеуіміз қажет. Дінді зерттеуші ғалымдардың пікірінше, діни сезімдер адамзатты біріктірудегі ең құдіретті күш саналады. Ол арқылы біз жаратылыс сырларын, табиғаттың қырларын, әлемнің пайда болуын білеміз, іздеген сұрақтарымыздың жауабын осы діннен аламыз. Құран Кәрімдегі мына аяттар осы сөзіміздің растығын дәлелдейді: «Өз бойларыңда Аллаһ Тағаланың барлығының неше дәлелдері (нышандары) бар! Көрмейсіңдер ме?”, «Адамдар түйенің қалай жаратылғанына, аспанның қалай биіктетілгеніне, таулардың қалай үйілгеніне, жердің қалай жайылып төселгеніне қарамай ма?”

Ешбір қоғам дінге бейжай қарамаған. Әрқайсысы өз дінін қорғау үшін,  жолындағының бәрін құрбан етуге даяр болған. Адамзат тарихына көз салсақ, ықылым заманнан бері адам баласы дінсіз өмір сүрмеген.  Қоғамдағы діннің маңыздылығын дәлелдеу үшін өткен күндерге оралайық. Көне түріктерде тәңірлік дін болған.  Олар "Бір Тәңірі" деп көк аспанға табынған. Тәңір көне түріктердің түсінігі бойынша, жер бетіндегі жанды, жансыз табиғаттың бәрінің үстінен қарайтын, соларды таратушы, жарылқаушы, жазалаушы бір ғарыштық (аспандық) күш. Бұл жағынан алғанда, Тәңір кейінгі мұсылмандық "Алла", "Құдай" ұғымдарына жақын келеді. Ислам діні таралғаннан кейін де түркілердің, оның ішінде қазақтардың Алла ұғымындағы Тәңір сөзін жиі қолдануы олар туралы түсініктердің ұқсастығынан деп түсіну керек. Жалпы, Тәңір діні де Азиядағы ең көне бірқұдайлық дін.

Көне түріктер Тәңірмен қатар Жер, Суға да мінәжат еткен. Бұл олардың тіршілік көзі болуымен байланысты болса керек. Адамның да, малдың да, өсімдіктің де өнуі, өмір сүруі жерге, суға тікелей байланысты. Қазақтың арғы бабалары Күнге, Айға да табынған. Оның сілемдерін қазақтың салт-дәстүр ғұрыптарынан, дүниетанымынан көптеп кездестіруге болады. Бұдан байқайтынымыз, дін бұрынғы заманнан бері қоғам игілігі үшін қызмет атқарып келеді. Дін – тек жақсылықты насихаттаушы, жамандықтан жиіркендіруші.

Тарих қойнауында пайда болған жоғарыда айтылып өтілген діни наным-сенімдерді мынадай тұжырымдамамен түсіндіруге болады. Дін екі жолмен пайда болған. Алғашқысы – Адами  бұлақ. Яғни, бұл дегеніміз, адамзаттың тауға, суға,  аспан денелеріне, аңға табынуы. Ал екінші жол – Құдайы (Иләһи) бұлақ. Ол –  нәбилер арқылы күллі адамзатқа мәлім етілген хақ жол.

Жетпіс жыл бойы Кеңестік қоғамның бұғауында болған қазақ қоғамы бүгінгі бейбіт заманда өзінің хақ дінін танып, соған қарай бет бұрып келеді. «Құдай жоқ»  деп мәжбүрлеп айтқызған заманның шырмауынан құтылып, бүгінде Алласын аузына алып, шүкіршілік жасап отырған қазақ қоғамы шынымен бақытты.

Адам жеке тұлға ретінде де, қоғамдық тұрғыдан да дінге мұқтаж. Өйткені, дінге деген сенім оның табиғаты мен жаратылысында бар туа біткен қасиет. Дін – оның мына қалтарыс-бұлтарысы мың сан қабат ғұмырында арқа сүйер тірегі, сарқырап аққан өмір-өзендегі қайығының діттеген мақсатына апарар ескегі мен жөн көрсетер темірқазығы.

Біздің ата-бабамыздан бері ұстанып келе жатқан  асыл дініміз – Ислам діні. Ол – теңдесі жоқ хақ дін, әрі діннің діңгегі. Ислам – жеңіл дін, дінде зорлық жоқ.  Аллаһ Тағала адамға ауыртпалық бермеген. Бұл фәни тіршілікті де өз еркіне берген. Раббымыз Құран Кәрімде: «Мен адамдар мен жындарды тек қана маған құлшылық етсін деп жараттым» деп айтқан екен.

Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) «Адам баласы бұл дүниеде екі нығметтің қадірін білмейді: бірі – денсаулық, екіншісі – уақыт» дейді. Сол себепті, адам баласы бұ дүниеге не үшін келгенін, о дүниені, өлімді, яғни ертеңгі күнін ойлауы тиіс. Қазақта «қыстың қамын жаз ойла» деген нақыл сөз осыған саяды. Яғни, ертеңіңді бүгіннен бастап ойлауың керек. Өзін таразылап, істеген күнәларына өкініп, тәубәға келіп, нәпсісін тежеп, Аллаһтан мағфират сұрауы тиіс. Әрине шексіз мейірім иесі Алла: «Пендем менен алақан жайып сұраған нәрсесін қабыл етпеуге ұяламын» деген екен.

Исламият адамдарды еңбек етуге, сабырлылыққа, қайраттылыққа, мәреге жету үшін қажыр көрсетуге, өмірді бостан-бос өткізбеуге, ата-ананы құрметтуге шақырады. Төмендегі Құран аяттары осыған меңзейді: “Іс-әрекеті тура мұсылман саудагер қиямет күні пайғамбарлар және шәһидтермен бірге болады”. “Еңбек етіп кәсіп қылу – әрбір мұсылман еркек пен әйелге фарыз-дүр”. «Әке-шешесін разы қылған адам мені разы қылғанымен бірдей, әке-шешенің қаһарына ұшыраған адам, менің қаһарыма ұшырағанмен пара-пар».

Аталмыш аяттар тізбегі адамзатты адал кәсіппен айналысуға, өнерге, ата-ананы құрметтеуге, Аллаһқа шынайы құлшылық етуге шақырады.

Исламияттың басты мақсатының бірі – адам баласының ақылын, санасын, ойлау қабілетін қорғау, ұрпақты жалғастыру, айналаны қоршаған ортаны  аялау. Сол себепті де, асыл  дініміз маскүнемдік, шарапқұмарлық, нашақорлық іспетті естен тандыратын, адамның санасын құртатын жаман қылықтарды құп көрмейді, оларды үзілді-кесілді лағынеттейді. Соңғы жылдары елімізде, өкінішке орай, осындай жағымсыз қылықтар көбейіп барады. Талай азаматтарымыз Пайғамбарымыздың мына хадистері мен Құран Кәримдегі аяттарды білсе, істегендерінің қаншалықты ерсі екенін түсінер еді. Рахмет Елшісі бір сөзінде “Көбі мас қылатын нәрсенің азы да харам!” деген.

Ақыл – иманның, діннің тіреуі. Расулаллах өз хадисінде «Адамның сүйеніші – ақылы. Ақылы жоқтың діні жоқ» деген. Расында да, ақылы жоқ адам діннің қадір-қасиетін жете түсінбейді, дінге деген сенімі болмайды. Ғылымсыз, білімсіз адамда сенім қайдан болсын? Ол неге және қалай сенерін білмей дал болады. Сол себепті де Ислам діні ойы ұшқыр, білімді, ақылды адамның болғанын қалайды, соны бұйырады. Иманы берік, ойы тың адамдар қылмыс жасаудан, құлдыраудан, хақ діннен, тура жолдан тайқудан  аулақ болады. Осы тұста тағы бір мәрте хадистерден мысал келтіріп өтсек:

“Шүбәсіз, Аллаһ Тағала жұмсақ мінезді, ақ жарқын кісіні жақсы көреді”

“Жақсылық жасаңдар! Күдіксіз, Аллаһ жақсылық жасаушыларды сүйеді!”

Бұл көрсетілген хадистердің бәрі хақ дініміздің қаншалықты дәрежеде жақсылыққа шақырушы, ізгілікке тәрбиелеуші дін екендігін айқындайды.

Қорыта келгенде, ұлтымыздың тірегі, асыл діні – Исламның қоғамдағы  ұлы орнын ұғынуымыз қажет. Ислам тарих көшінің бет алысын түзеп, әлемге ұлы өзгеріс енгізген ірі құбылыс. Елімізде, соңғы жылдары Ислам дінінің мәртебесінің күшеюі қуантарлық жағдай. Алайда, дініміздің сақталуы үшін әр мұсылман  өз дініне адал болуы тиіс. Азат елдің ұрпақтары хақ діні барында, қазақ дейтін ұлты, кең байтақ жері мен әуезді туған тілі барында ешқашан да еңсесі түсіп, тұғыры төмендемейді де тарих сахнасынан жойылмайды.

 

Асхат Райқұл

 

Оқылды 1369 рет
JoomShaper
Top