Ауыл имамдары: Мәселе жаста емес, діни сауаттылықта

Жұма, 14.10.2021

Ауыл деп аталатын қазақтың қарашаңырағында берекелі тірліктің бастауына айналған қаймана қазақтың дінге де көзқарасы алабөтен емес. Әрбір елді мекеннің төрінен имандылық ордасына айналған мешіт үйлері бой көтерген. Жамағат жұма сайын және діни мерекелерде мешіт табалдырығын аттап, айқара құшақ жая бір-бірін қарсы алып жатады. Осы тұста елге ақыл айтар ақсақалдармен қатар жүретін ауыл имамдарының беделі жайлы сөз қозғағанды жөн көріп отырмыз.

Қазақта «Молданың айтқанын істе, істегенін істеме» деген сөз бұл күнде кең таралып кетті. Әйтсе де, аталған сөздің түп төркіні ата-бабамыз ислам дінін қабылдай бастағанда-ақ шыққан деседі. Дінге енді ғана бетбұрыс жасап жатқан жандарға ауыр қылмас үшін тек парыз амалдарын ғана жасатқан. Халық тек қана парызды орындап, сүннетке әлі жете қоймайды. Ал бұл шақтарда имамның орындайтын парызы мен сүннеті қарапайым халықтікінен әлдеқайда қиынырақ жә¬не күрделі. Мұны түсінген жұртшылық «Е, бізге имамның істегенін емес, айтқанын ғана істесек те жарар» деген мағынада айтқан екен. Әйтсе де, уақыт көші зымырап, бүгінгі күнге келгенде әлгі сөздің мағынасы бұрмаланып жұртшылыққа жағымсыз әсер қалдыратын деңгейге жеткен. Шындығында солай, имамдар құран жаттайды, оқиды, оны өзгелерге үйретеді. Халық өздерінің иманы мен діни білімінің төмендігін ескеріп келген тоқтамы бұл күнде имам болмысы мен ел арасындағы абыройына айтарлықтай әсер етуде. Өзгелермен салыстырғанда иманы екі есе болу керек имамдар жайлы таңды таңға ұрып, ғибратты әңгімелер айта беруге болар, дегенмен имамдардың бүгінгі беделі қаншалықты?

Облыс аумағында 158 мешіт тіркелген. Мұнда келген жамағатқа ақыл-кеңесін айтып, уағызын тыңдататын имамдардың тек 30 пайызы ғана жоғары діни білімге ие. Тағы 30 пайызы орта білімге қол жеткізген болса, қалған 40 пайызы мешіт жанындағы курстардан алған білімімен шектеліп отыр. Олардың дені зейнеткерлік жасқа шығып, ақсақалдық міндетін атқарып жүрген азаматтар. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ербол Рүстемовтің айтуынша, жастарды діни білімге сауаттандырып, білікті имам ету жолында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

– Біз 2011 жылдан бастап «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінде білім алып жатқан 11 студенттің оқу ақысы мен жатақханасын бюджеттен тыс көздер арқылы төлеп отырмыз. Олар өңірімізде еңбек ететін болады. Аталған оқу орнында 60 студент білім алып жатыр. Олардың ішінде грант негізін¬де оқитындар мен магистр дәрежесіндегілері де бар. Облыс төңірегінде білікті имамдардың тапшылығы байқалғандықтан, біз жас имамдарды тарту мәселесін қарастырудамыз, – дейді Е.Рүстемов.

Осындай игі жұмыстың бір жемісі Қазалы ауданы, Әйтеке би кентіндегі «Әли Мұса» мешітіне магистр Берік Сүлейменовтің келуі. Біршама елді мекендер қазір мұндай білікті жас имамдармен толыққан. «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінде алдымен бакалавр, сонан соң магистратураны бітірген Берік Сүлейменов бұл күнде халыққа дін үйретіп жүрген білімдар.

– Меніңше, ең бастысы жаста емес, халықтың сұрағына толық жауап беріп, көңіліндегісін дөп басу. Бұл күнде дін атын жамылған теріс ағымдардың дұрыс емес екенін жеткізіп, Ханафи мәзһабын ұстанып жүргендердің ұстанымын күшейту жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бір жылда 2-3 мәрте семинар өткізіп, ауыл имамдарына дәріс оқимыз. Біз білім алған 6 жыл ішінде тек оқу-біліммен шектелдік. Тәжірибе жүзінде тек жұмыс істегенде көріп жатырмыз. Білім алып жүрген жастар тәжірибеге көп мән берсе екен, – дейді жас имам.

Кент орталығындағы мешіт өз қажеттілігін өзі қамтамасыз етіп отыр. Бұл өз кезегінде басқа мешіттерге де үлгі болса керек-ті. Ал облыс орталығынан 45 шақырым жерде орналасқан Қоғалыкөл елді мекені Сырдария ауданына қарайды. Осыдан біраз жыл бұрын ауылдағы көне «Бәлтік» мешіті апатты жағдайда қалып, ауыл тұрғындары баруды тоқтатқан. Одан бері де «мешітсіз ауыл» атанып, көлденең келген көк атты саусағын шошайтатын деңгейге жеткен еді. Ел азаматтары мұнда мешіттің қажет екенін ұғып, демеушілер көмегімен «Қоғалыкөл» мешіті бой көтерді. Ауыл жастары сәждеге бас қойып, намазға тізелер тең бүгілетін болды. Дей тұрғанмен, ауыл имамдарының беделі жайлы сөз қозғағанда «Қоғалыкөл» мешітінің имамы Үркітбай Досболов көптеген мәселенің тиегін ағытты.

– Ауыл имамдарының негізгі мәселесі елді имандылыққа шақыру болу керек. Бірақ бізде негізгі мәселе мешітті сол қалпында ұстап тұру болып кеткен сияқты. Имамдар кейде демеуші іздеп кетіп жатамыз. Қазір діни сауат алып жатқан көзі ашық, көкірегі ояу жастарымыз бар. Біздің ауылдың өзінде «Нұр Мүбәрак» университетінде бір жігітіміз, басқа да медреселерде үш ба¬ламыз білім алуда. Оларға біз елге келіңдер, ауылда еңбек етіңдер деп жиі айтамыз. Бірақ, менің ойымша оқудан жаңа келген жас маман келісімен оның мойнына мешіттің барлық жауапкершілікті жұмыстарын артып қойсақ, төзбеуі де мүмкін. Іргеміздегі Шіркейлі, Н.Ілиясов ауылдарындағы мешіттерде барлық мәселелерді шешіп қойған, имам тек елді имандылыққа шақырып, теріс әрекетке бармау жағын ұйымдастырып отырады, – дейді Ү.Досболов.

Мешіт үйлеріне мемлекеттен ешқандай қаражат қарастырылмаған. Олар заң бойынша өз-өзін қамтамасыз етуі керек. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ербол Рүстемов бұл мәселенің шешілуіне жергілікті әкімдіктердің қарасатынын жеткізді.

– Кейде мешітке келетіндер саны аз болғандықтан, кейбір мешіттерге коммуналдық төлемдер мен имамдардың еңбекақылары қиындық тудырады. Мұндай жағдайда жергілікті әкімдіктер жеке кәсіпкерлерді демеушілік жасауға тартып келеді. Мешіттің барлық шығынын өз мойындарына алған шаруашылықтар да жеткілікті. Жоғарыдағы мәселе білікті жас имамдарды ауылдық жерлерге тұрақтандыруға да өзінің кедергілерін келтіріп келеді. Жастарды тартайын десек, жалақы жеткіліксіз. Сонан соң жергілікті тұрғындар арасынан зейнеткер ақсалдар шығып, имамның қызметін атқаруда, – дейді Е.Рүстемов.

Дей тұрғанмен, ақсақалдарды да арнайы курстардан өткізіп, жыл сайын аттестациялайды. Егер аттестациядан өте алмай қалса, имамды ауыстырады немесе қайта даярлауға жөнелтеді. Мұнда негізгі мақсат халықтың діни қажеттелігін өтеу, олардың көкейлеріндегі сауалдарға жауап беру.

Тақырыпқа тұздық

Тұрар Әбуов,

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі

Дін істері комитеті дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының бөлім басшысы:

– Имамдардың қазіргі қоғамымыздағы алар орны ерекше екені белгілі. Әсіресе, соңғы уақыттарда қоғамымызда орын алып жатқан келеңсіз жағдайларда имамдарға артылар жүк ауыр, жауапкершілік мол. Қазақ қашанда діннің жаршысы болған молдаларын ардақтаған халық. Қай мәселе болмасын, оның пікірінің салмағы басым болған. Осы орайда имамдық қызмет үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен имамдар да сол қызметке лайық болғаны дұрыс. Ол ең алдымен білімімен, діндарлығымен үлгі бола отырып, халықтың көңілінен шыға білетін парасатты, шешен тілді рухани көсем бола білуі тиіс. Алайда, радикалды ағымдардың ықпалына түскен адамдардың мешітте имамның насихатына, уағызына құлақ салмайтындығы байқалады. Бірқатар жастар мешітке келгені болмаса, онда айтылып жатқан уағыз-насихаттан, имамдардың өнегелі сөздерін тыңдаудан қашқақтайды. Міне, осы мәселені ескере отырып, имамдардың жамағатты тыңдата білуі үшін өзін жан-жақты жетілдіріп, осы жолда қандай шаралар қабылдауға болады деген мәселеде жұмыс істегені жөн.

Дәулет ҚЫРДАН.

Syrboyi.kz

Оқылды 185 рет
JoomShaper
Top