Фанатизм – дәстүрлі діннің қас жауы

Жұма, 18.09.2021

Бүгінгі таңда діни сенімдердің мемлекеттің дамуына ықпал етуі күннен күнге өсуде. Әлемдегі барлық мемлекеттер діннің атын жамылып, радикалды көзқарасқа әкеліп соғатын кертартпа ағымдармен бетпе-бет кездесіп отыр. Жан-жақты даму үстіндегі еліміз де солардың қатарынан тыс емес. Деструктивті әрі радикалды ағымдардың ұлтаралық және дінаралық бейбітшілік пен ауызбіршілікке тигізетін кері әсері барша жұртшылыққа  мәлім. Осыны ескерген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауы арқылы бағыт-бағдар көрсетуі нәтижесінде бірқатар шаралар іске асырылуда.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы» бағдарламасында «Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс. Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек. Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын Ханафи мазһабына қарама-қайшы» деп, радикализм мен экстремизм туралы сөз қозғаған. VIII ғасырдың ортасында қазақ даласына ислам діні кең қанатжайған соң, даналығы әрі парасаттылығымен танымал болған ата-бабаларымыз мұсылмандықты негізгі сенімі мен дәстүріне айналдырған. Ғасырлар бойы қанымызға ана сүтімен сіңген дәстүрлі дініміз бен сенімімізді соңғы уақытта фанатизм арқылы бұрмалап, ел тыныштығын бұзуға бет алған топтардың пайда болуы ойланарлық жайттардың бірі.

Фанатизм (лат. Fanaticus – булыққан, буырқанған) – жанкештілік пен бірбеткейлікке салынып, ақиқаттылығына қарамастан ешкімнің көзқарасына құлақ салмай, соқыр сенімге еліктеу. Бұл – ислам дініне жат әрі қабылданбайтын сипат. Құрандағы бірқатар аяттар мен хадистер ислам дінін ұстанушы мұсылманды ағымдардың тар шеңберінде шектеліп қалмай, кең көзқараста болуды, айналасындағы құбылыстарды зерттеп, Құдайдың құдыретін тануға үндейді.Алайда, бұл ақиқаттарды тану үшін белгілі діни білім қажет. Өкінішке орай, тәңір мен сенім туралы білімді аңсап, ізденген отандастарымызды тура жолдан экстремистік бағытты насихаттайтын топтар өкілдері тайдыруды көздеуде.

Қоғамда кездесетін діни фанатизмнің ең қауіпті жағы, ол – радикалды әрі агрессиялық пікірде бекем тұрып, өзгелердің көзқарасын жоққа шығарып, қабылдамау. Мысалы, соңғы уақытта елді үрейлендірген «ұлы жихад» (үлкен күрес) терминін діни тұрғыдан жастарымызға деструктивті ағымдарда «қолға қару алып немесе өзін-өзі жару арқылы жасалатын күрес» деп түсіндірілсе, фанатизммен іске кіріскендерді дін мамандарына тоқтату қиындыққа соғады.Тіпті, шариғаттың негізі болған Құран мен хадистен дәлел келтіріп, ұстанған сенімдері қате, шынында үлкен күрес олардың ойлағандарындай емес, керісінше, «өз нәпсіңмен күресу» екендігін сендіру оңайлыққа соқпайды. Өйткені, әуелден ақиқаттан хабары жоқтарға бұл жалған ой әбден насихатталып, миларына сіңіп қоймай, бұрмаланып фанатизмге айналдырылған.

Діни іліммен сусындау барысында жастарымыздың Жаратушыға деген кіршіксіз сенімінің қырып-жойғыш діни фанатизмге алмасуына жол берген жағдайда діни қауіпсіздікпен қатар ұлт қауіпсіздігін қауіп-қатерге ұшыратамыз. Бұл мәселенің бірден-бір шешім жолы – деструктивті ағымдардың насихаттау жолдарын тыю мен дәстүрлі ислам дінін уағыздау арқылы сенімге деген оң көзқарасты жаңғыртып, қалыптастыру әрі дін жайында халықты сауаттандыру. Мешіттегі имамдардың айтқан уағыз-насихаттарына ұлттың болашағы болатын жастарымыз құлақ асып тыңдап, Елбасы айтқандай, жұртымызға жат болған ағымдардың арбауына қарсы тұратын ішкі «сүзгіні»нығайту. Ол үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Мысал ретінде дәстүрлі дінімізді түсіндіретін, ұлттық рухниятқа баулитын «E-islam.kz» атты мемлекеттік ресми сайтын келтірсе болады.

Елімізде қазіргі таңда фанатизмнің екі түрі байқалып отыр. Бірі – қазақтың сал-дәстүрі мен дінді ажырата алмай, шаманизм мен тотемизмнен қалған әдеттерді орындай жүру болса, екіншісі – оған қарама-қайшылық жағдайда туындаған – дәстүрімізді шетке ысырып тастап, ағымдар насихаттаған діни үкімдермен қарым-қатынас жасап өмір сүру. Екеуі де біздің жағдайымызға сай келер емес. Қоғамымыздың рухани дүниесінің алға қарай дамуына үлес қосқаны үшін әрі тарихымызда қалыптасқан соң, халқымыздың дәстүрлі ислам дінінен бас тартып, діни ағымға берілгені жөн болмағандай, салтымыздан толығымен айырылғанымыз да дұрыс болмас. Осы екі тәсілге кіріскен адам анық қателік жасаған болады. Өйткені, деструктивті ағымға берілу экстремизм мен терроризмге алып келері айдан анық болса, белгілі бір ұлттың дәстүрін ғана қоштау иман мен ислами санадан алыстатуы мүмкін.

Қазақ елі осы таңда қалыптасқан дәстүрлі діні мен тарихын, тілі мен ділін сақтаумен жарқын болашаққа бет алғанына куәміз. Алайда, қазақтың барлық әдет-ғұрыптарын дінге телуге болмайтыны секілді, шариғаттың барлық үкімдерін қысқа мерзімде дәстүрімізге айналдыра ала алмайтынымыз да мәлім. Сондықтан бұл жағдайда салт-дәстүріміздің дінмен біте қайнасып жатқан жерлерін халықтың алдына паш ету арқылы тепе-тендікті сақтап қалуға мүмкіндік бар.

Дәстүрді зерттеген жағдайда тарихшыларға жүгінгендей, дін саласында ғалым атанған исламтанушылардың айтқандарына сенуді «тақлид» деп атайды. Тақлид деп шариғатты терең білмеген мұсылмандардың төрт мазһаб мужтахидтері салып кеткен сара жолымен жүруді айтады. Алайда, тақлид ешқашан соқыр еліктегіштікті қоштамаған, керісінше, шариғаттағы әр нәрсенің мән-мағынасы мен хикметін түсіндірген соң іске айналуын талап еткен. Хикметтерін түсіну терең діни ілімді талап еткендіктен, қарапайым мұсылманға ғалымдардың айтқандарын орындау жеткілікті.

1990 жылғы Қазақстан мұсылмандарының бірінші құрылтайында елімізде діни басқарма құрылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жауапты және халқымыздың тыныштығы мен әлемдік бейбітшілікті әнұран етіп алған мекеме болғандықтан, еліміздегі дінге байланысты мәселелерде талапты пәтуалар шығаруда. Жұртшылыққа арнап шығарылған пәтуалар соқыр фанатизммен күресіп, діни негіздерге қайшы келмей, ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақталып келген салтымызды бұзуға апармайды.

Қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни экстремизм профилактикасы күшейтіліп отыр. Дін істері агенттігінің бастамасымен жоғары оқу орындарында талапкерлермен дөңгелек үстелдер, сұхбаттар мен кездесулерді жиі ұйымдарстыруда. Оған қоса үстіміздегі жылда «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» қабылданды. Оның негізгі бағыты діни экстремизм көріністерінің алдын алу және терроризм қатерлеріне жол бермеу арқылы адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Ол болса халықпен, қоғаммен әрі жастарымызбен тығыз байланысты сақтай отырып, қойылған мақсаттарға қол жеткізу екенін ұққанымыз жөн.

Бағдарламада аталып кеткен істердің оң нәтижесіне жету үшін, Мемлекет басшысы Жолдауында көрсетілгендей, мемлекет пен азаматтарымыз радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, халықтың санасын оятар ілім іздеп, жас ұрпақты дәстүрімізге сай тәрбиелеп, жарқын болашақ пен ел тыныштығына атсалысқанымыз біз үшін алтыннан да қымбат екенін түсінуіміз қажет.

Мұрат СМАҒҰЛОВ 

Оқылды 872 рет
JoomShaper
Top