«Ислам - татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні»

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев

Басты бет Сарапшылар Алау Әділбаев

Сарапшылар

Алау Әділбаев
Алау Әділбаев
Дінтанушы, доктор Ph.D

Қысқаша өмірбаяны

Әділбаев Алау Шайқымұлы 1972 жылы 19  желтоқсанда дүниеге келді. Ph.D, магистр ғылыми дәрежелері бар. 1995 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің шығыстану факультетін «Дінтанушы», араб тілінің мұғалімі, философия бакалаврі мамандықтары бойынша аяқтап шыққан. 1997 жылы «Көне түркі халықтарының Тәңір түсінігі және Құрандағы Алланың сипаттамасы» тақырыбы бойынша магистрлік жұмысын қорғап, магистр дәрежесін алды.  2002 жылы Анкара университетінің гуманитарлық ғылымдар институтынан «Теология» мамандығы бойынша доктор дәрежесін алды. 2002 жылдан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде,  2005 жылдан «Нұр-Мубарак» Мысыр ислам мәдениеті университетінде оқытушылықпен айналысты. 2006 жылы Алматы қаласының Әділет басқармасында әуелі бас маман, соңынан дін істері бөлімінің бастығы қызметін атқарды. Сол жылы «Нұр-Мубарак» Мысыр ислам мәдениеті университетінің гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары кафедрасының меңгерушілігіне тағайындалды. Қазіргі таңда  «Нұр» Мысыр ислам мәдениеті университетінің доценті, «Дінтану» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады. ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшесі.

Арнау сөзі:  

Ассаламу алейкум құрметті портал оқырмандары!

Мен Әділбаев Алау Шайқымұлы, дін саласының маманымын, «Саңлақ сахабалар», «Қасиетті мәуліт», «Әбу Ханифа және ханафи мазхабтары» сынды дін мен құндылыққа қатысты бірқатар еңбектердің авторымын. Сарапшы ретінде келесі тақырыптарға қатысты сұрақтарыңызға жауап бере аламын: Әбу Ханифа және ханафи мазхабтары, сахабалар өмірі, ислам этикасы, Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) өмірбаяны, исламдағы отбасы, исламдағы  бойсұнушылық.


Сұрақтың ұзындығы 30 белгіден кем болмауы керек
Жіберілуде, күтіңіз...
Жіберу
Сұрақ
mailru_4334059109796263055
07.06.2022

Жұмада мешітке арнайы барып Құран оқытамыз. Сол кезде молдаға ақша береміз. Басында жанымдағыларға қарап бере салатынмын. Онда да 500-ден кем бермейміз. Қазір соным дұрыс па өзі деп ойланатын болдым.

Жауап
Алау Әділбаев
09.06.2022

Сіздің осы бір сұрағыңыздың астарында үш мәселе жатыр. Соларға қысқаша жеке-жеке тоқталайық. 1. Жұма күні мешітке бару 2. Құран бағыштау 3. Құран бағыштаған үшін молдаға ақша беру 1. «Аллаһ елшісі (с.ғ.с.): Шынында, апта ішіндегі ең қайырлы (сауапты) күндерің жұма күні»,– деген. Ал жұма күнгі жасалған жақсылықтардың сауабының көптігі өз алдына жеке мәселе. Халық жұма күнінің қасиетіне сенгендіктен осы күні жақсылық жасап, садақа бергенді жөн санайды. Бұл дұрыс-ақ. Алайда, ислам шариғатында «Жұма күні мешітке барып Құран оқытыңдар» деген ешқандай бұйрық та нұсқау да жоқ. Сондықтан мұсылман адам тек қана жұма күні жеті шелпек пісіріп, Құран бағыштаумен шектелмей, діннің негізгі парыздарын (соны ішінде жұма намазын) өзі орындауы қажет. Өкінішке орай, діни сауатымыз төмен болғандықтан жеке құлшылықтарға мән бермей, садақамен ғана құтылып кетеміз деп ойлаймыз. 2. Сонымен қатар, Құран оқып, ата-бабаларымызға бағыштау үшін мешітке бару да міндетті емес. Кез келген мұсылман баласы Құранды өзі оқып, өзі бағыштаса сауабы ата-бабасына тиеді. Қайтыс болған кісінің артынан бағышталып оқылған Құран сауабының оған жететіндігіне мұсылман ғалымдары келіскен. 3. Құран оқыған үшін ешкім ақша талап ете алмайды. Ал мұсылмандардың ақша беру себебі Құран оқыған үшін емес, ата-анасының артынан садақа беру немес қандайда бір жақсылықтың алдында ниет етіп, садақа беру немесе садақаның өмірді ұзартатындығына сену. Бұған ешқандай тыйым жоқ. Айта кетер тағы бір нәрсе, біздің еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан мемлекет мешіттерге көмектесе алмайды. Ал, мешітке халық қолдау көрсетпесе мешіттің суы, жылуы, тазалығы және т.б. көптеген мәселелер шешімін таппай қалатыны белгілі. Ал сіздің бірген осы садақаңыз садақа жәшгігіне салынып, мешіт қызметкерлері оны он адамнан құралған ақылдастар алқасымен санап алып, қажеттеріне жұмсайды. Сондықтан берген ақшаңызды Құран үшін деп емес, садақ ниетімен беруіңіз керек.

Сұрақ
mailru_15032499752785915745
07.06.2022

«Жаман жер баспа!» дегенді бала күнімізде талай есіттік. Ол жаман жер деп отырғаны қай жер?

Жауап
Алау Әділбаев
09.06.2022

Қазақы тәрбиеде кейбір ырымдар мен тыйымдардың бала тәрбиесінде өзіндік орны болған. Ол тыйымдардың көбі үлкендердің өмірлік тәжірибесінен туындаған. Сондай тыйымдардың бірі «жаман жерді баспа» деген тыйым. Жаман жер дегендегі мақсат таза емес жерлер. Олардың қатарында қоқыс тасталған, күл, кір су төгілген, малдың қан-жыны тасталған т.б. секілді кір жерлер жатады. Негізі ислам діні де тазалыққа ерекше мән бергендіктен мұндай жерлерді жындардың мекендейтіндігі айтылған. Сондықтан бұл қазақы тәрбиенің астарында ислами таным жатыр деуге болады. Өйткеніғ осындай түрлі микроптар жайлаған лас жерлерді басу арқылы адамдар түрлі кеселдерді бойларына жұқтырып алып жатады. Сондықтан бойында жұқпалы вирустарға қарсы қорғанышы төмен кішкентай балаларға, жүкті әйелдерге мұндай таза емес жерлерді басуға тыйым салынған. Жалпы жындардың адамдарға әсер етіп, түрлі ауруларға себеп болатындығы өмір шындығымен расталған. Сондықтан мұндай жерлерден өткенде мұсылман баласы, Аллаға сыйнып, «Бисмилаһир-Рахманир-Рахим» деуі керек.

Сұрақ
mailru_2928632981754193874
07.06.2022

Адам өмірден өтпей тұрып, алдын ала жер белгілеп жатады. Ол дұрыс па?

Жауап
Алау Әділбаев
18.06.2021

Ханафи мәзһабында мұсылман кісіге қайтыс болмай тұрып өзі үшін жер дайындап қоюға рұқсат бар. Әсіресе, тұрғылықты жерде қабірістанға арналған жер мәселесінде қиындық болса, алдын-ала жер сатып алып дайындап қоюға әбден болады. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с.) бірқатар хадистерінде өлімге алдын-ала дайындалу қажет екенін айтқан. Имам Нәуәуий өлімге дайындалуды күнәдан барынша сақтанып, әрдайым өлімді еске алу арқылы жасау керек деп түсіндіреді. Енді осы сұраққа жанама, алдын-ала қабір қаздырып қою мәселесінде түрлі пікірлер бар. Ханафи ғалымдарынан Хаскафи «Ешбір жан ертең не істейтінін және қай жерде жан тапсыратынын біле алмайды» («Лұқман» сүресі, 34 аят) деген аятқа сүйене отырып, адам өзі қай жерде қайтыс болатынын білмегендіктен өзі үшін қабір қазып қою макруһ деген. Сонымен қатар, қабір қаздырып қоюға рұқсат деген ғалымдар да жеткілікті. «Татархания» деген кітапта бесінші халифа деген құрметке лайық көрілген Омар ибн Абдулазиз, Рабиғ ибн Хайтами т.б. секілді танымал адамдардың қайтыс болмастан бұрын өздері үшін қабір қаздырып қойғандығы келтірілген. Негізінде оның астарында «өлместен бұрын өліңдер», яғни өлімге дайын болыңдар деген түсінік жатқаны анық. Қорытындылай келе, ханафи ғалымдары өзі үшін қабыр қаздырып қоюдың ешқандай сөкеттігі жоқ екенін, тіпті өлімге дайындық қамында жасағандықтан тіпті сауап алатынын айтқан. Алайда, көзі тірісінде өзі үшін қабір қаздырып қойған адам, өзі басқа жерде қайтыс болған жағдайда басқа мұсылман үшін ол жерді беруге қарсы еместігіне қатысты өсиет жазып қалдыруы тиіс. Осы мәселеде Әз Әбу Бәкірдің «Өзіңе қабір қазып дайындағанша, өзіңді қабірге дайында» деген сөзі ғибрат аларлық. Демек адам баласы жерленетін жерін емес, сол жерге қандай істермен баратынын, қабір сұрағына қалай жауап беретінін ойлап, «Өлместен бұрын өз-өздеріңді сұраққа тартыңдар» дегендей ақыретке дайындалып, ізгі істер жасағаны жөн.

Сұрақ
mailru_1882174701278823784
07.06.2022

Өзім кітаптан оқығаным жоқ, имандылыққа тәрбиелеген нағашы апам, «Ғұсыл құйынбай берген асың арам!», «Күйіп кеткен, не піспей қалған асың арам!» деп отыратын. Ғұмырымызға осы өсиетті серік еттік. Оның айтқан сөзінің астарында Құраннан алынған негіз бар ма?

Жауап
Алау Әділбаев
25.07.2021

Ислам шариғатында дәретсіз орындауға болмайтын құлшылықтардың бәрі ғұсылсыз атқаруға тиым салынады. Олар: намаз және оған ұқсайтын тиләуат сәждесі, шүкір сәждесі, жаназа намазы, Қағбаны тауап ету. Сонымен қатар: Құран кітабы, құран аяттары жазылған нәрселер, құран аяттарымен безендірілген қабырға мен жиектемелерді ғұсылсыз ұстауға тиым салынады. Әйел баласының ғұсылсыз үй тірліктерін жасауына ешқандай кедергі жоқ. Ғұсылсыздық мұсылман баласын лас қылмайды. Бұған Әбу Хурайрадан жеткен мына хадис дәлел. Ол жүніп күйде Мәдинаға қарай бара жатқан кезде Пайғамбарымызды (с.а.с.) көріп, бұрылып кетеді де ғұсыл алып келеді. Пайғамбаррымыз одан қайда кетіп қалғанын сұраған кезде ол: «Уа, Алланың елшісі мен жүніп болғандықтан жаныңызда отырғым келмеді»,– дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «Субханналла, мқсылман таза емес бола алмайды»,– деген. (Бухари, Муслим). Тамақ ішіп-жей алады. Алайда, жүніп болған жағдайда жатар кезде жоқ дегенде намазға дәрет алған секілді тазаланып жату қажет. Осыған қатысты Айша анамыз: «Алланың елшісі жүніп кезінде тамақ ішкісі немесе ұйықтағысы келсе намазға дәрет алғандай дәрет алатын»,– деген. (Муслим). Тазалықты сақтау үшін қолды жақсылап жуып, ауызды шайып тамақ жей алады және істей алады. Алайда, бұл – мәкрух. Бірақ, мұсылман баласы намаз оқу қажет болғандықтан намаздың уақыты өтпей тұрып ғұсыл құйынуы тиіс. Сондықтан ғұсылды кешіктірмеу керек. Ал, күйген асты жеуге байланысты ислам ғұламалары түрлі көзқарас білдірген. Мәлики мәзхабының кейінгі ғалымы Мұхаммад Маулуд Шанқити «рахма» кітабында Дусуқи жайлы әнгімелесінде: «нақтысы күйген нанды жеу харам» деген. Ал кейбір ғалымдар «мәкруһ» деген. Сондай-ақ «әл-Қасрия»-да Ибн Һилал жайлы айтылған әнгімеде: науқастануға, тіпті көз жұмуға жетелейтіндігіне нақты көз жеткізбеген жағдайда жеуге болады. Ал егер оның зиянының тиетініне нақты көз жеткізсе мәкруһ делінген. Олай болса, бұл мәселедегі қайшылық күйген астың адамға зияндылығына байланысты болып отыр. Асылында күйген ас адал. Алайда күйген астың адамға зиянды болатындығына көз жеткізсе немесе ойласа онда оны жеу харам. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «өзгеге де өзіңе де зияны тимесін» деген қағидасы осыған дәлел. Күйген ас жайлы Пайғамбарымыздан (с.а.с.) ешқандай нақты риуаят жетпеген. Тек жеткені Аллаһ елшісі (с.а.с.) қазанның түбіндегіні жегенді ұнатқандығы бар. Мұхаммад Маулуд әш-Шанқити жеп ішу әдептілігі кітабында: Пайғамбардың таңдағанын таңда, жеп ішуде де, қазанның түбіндегі асты жегені секілді» деген сөзі бар. Көріп отырғанымыздай сіз қойған сұраққа қатысты Құран кәрімде нақты үкім жоқ. Алайда, бұл шариғаттың ұнамсыз деп тапқан нәрсесінің өзіненен сақтануды дәстүрге айналдырған, тақуалыққа ерекше мән берген түсініктің жемісі болса керек.

Сұрақ
mailru_1882174701278823784
07.06.2022

Ер мен әйелдің жеке қатынасын бейнелейтін кино, бейнероликтерді көрсем, исламға жат емес пе?

Жауап
Алау Әділбаев
18.06.2021

Нұр» сүресінде Алла тағала былай деген: «(Әй, Мұхаммед) Мүміндерге айт: «Көздерін (бөгде әйелдерге қараудан) тыйсын және ұятты жерлерін (күнә жасаудан) сақтасын! Міне, олар үшін ең таза жол осы. Расында Алла тағала олардың не жасап жатқандарынан толық хабардар. Мүмін әйелдерге де айт: «Көздерін (бөгде еркектерге қараудан) тыйсын және абыройларын (күнә жасаудан) сақтасын!... » («Нұр» сүресі, 30-31). Міне осы аяттар ашық түрде ер болсын, әйел болсын мұсылман баласына харамға қарамауға, ар-намысын сақтап зина жасамауға шақыруда. Осы аяттардың астарына дұрыстап үңілсек адамды азғырып, зинаға жетелейтін негізгі фактордың бірі бөгде ер мен әйелдерге нәпсі қозатындай сұқтана қарау екені байқалады. Яғни бұлай қарауға тыйым салынып тұр (харам). Бұлайша қарау зинаға жетелейтіндіктен, көзді сақтау маңызды. «Қарағанда тұрған не бар екен» деп бей-жай қарау, түбінде адамды жамандыққа алып барады. Байқаусызда көз түсіп кетіп, еріксіз назар аудару күнә емес. Алайда біле тұра, қайта-қайта қарауға тыйым салынған. Бөгде ер мен әйелдің бір-біріне қарап, жымыңдап көз қысуы «көз зинасы» ретінде бағаланады. Көз зинасы адамның тек қана дініне емес, дүние тіршілігіне де кесірін тигізеді. Бөгде әйелге құмартып көз салған ер немесе әйелде өз жұбайына деген салқындық туындап, нәтижеде айрандай ұйып отырған отбасы ойран болуы мүмкін. Әрі мұндай бейнелерге қараудың белсіздікке апарары да белгілі. Табарани және Хаким риуаят еткен бір хадисте «Харамға қарау – шайтанның оқтарының бірі. Кім менен (Алладан) қорыққандықтан одан сақтанса, оның ләззатының орнына тәттілігі мен рахатын жүрегінде сезетін керемет иман беремін» делінген. Харамға қарау шайтанның улы оғы болғандықтан, онымен жараланған жүрек кеселге ұшырайды. Адамның бойында кейбір нәзік сезімдер болады. Олар өлсе қайта тірілмейді. Пайғамбарымыз бір хадисінде «Пенде бір күнә жасаған кезде жүрегіне бір қара дақ түседі. Егер ол тәубесіне келіп, күнәдан алшақтаса жүрегі тазарады. Тәубесіне келмей, күнә жасауын қоймаса ол қара нүкте үлкейіп кетеді. Соңында бүкіл жүрегін жайлайды» (Ибн Мажа) деп, иманның мекені саналатын жүректі таза ұстауға бұйырған. Сондықтан Жаратқанның тыйым салған кез-келген мәселесінің, ардақты етіп жаратылған, кемелдікке қанат қағар адам баласы үшін зиянды екенін тек қана дін емес, қазіргі ғылым-білім де толық растайды. Ислам шариғатында ердің жалаңаш әйелге қарауы былай тұрсын, тіпті ер кісінің әурет, яғни ұятты жерлерінің (ханафи мәзһабында кіндік пен тізенің арасы) өзіне қарауға тыйым салынған.

Сұрақ
mailru_13096815910112688359
07.06.2022

Доңыз терісінен тігілген аяқ киімді киюге бола ма?

Жауап
Алау Әділбаев
18.06.2021

Өткенде мен бұл сұраққа қысқаша жауап берген едім. Оқырмандарымыз оны тым қысқа деп тапса, біраз дәлелдерін келтіре отырып, кеңірек жауап бере кетейін. Соңғы кездегі өнідіріс саласында технологияның дамуы кейбір мәселелерге жаңаша қарауға итермелеуде. Ол да уақыт талабы. Соған орай бұрынғы кездері доңыз терісінің харам екендігіне қатысты берілген пәтуа қайтадан күн тәртібіне келуде. Өйткені, қазіргі таңда доңыз тез көбейетіндіктен және терісі арзанға түсетіндіктен кейбір елдерде оның терісінен сөмке, күртеше, аяқ киім т.б. секілді тұрмыстық заттар кең қолданысқа енуде. Көп жағдайда арзан түсетіндіктен халықтың көбі ол заттарды тұтынуда. Көпшілігіміз оның доңыз терісінен жасалғандығын біле де бермейміз. Енді осы мәселеге қатысты ислам шариғатындағы пәтуаларға тоқталайық. Доңыз – толықтай нәжіс, яғни харам екендігіне қатысты нас (Құран аяты мен хадис) келген жануарлардың бірі. Оның етінің желінбейтіндігіне қатысты барлық ғалымдар бірауыздан келіскен. Яғни, бұл мәселеде «Ижма» қалыптасқан. Ол ижма Құран және хадиске сүйенеді. «Мәида» сүресінде حُرِّمَتْ عَلَيْكُمُ الْمَيْتَةُ وَالدَّمُ وَلَحْمُ الْخِنْزِيرِ وَمَا أُهِلَّ لِغَيْرِ اللَّهِ بِهِ «Өлексе, қан, доңыз еті, Аллаһтың атынан басқасының атына бауыздалған малдар... сендерге харам етілді» «Мәидә» сүресі, 3-аят; قُل لاَ أَجِدُ فِي مَآ أُوْحِيَ إِلَيّ مُحَرّماً عَلَىَ طَاعِمٍ يَطْعَمُهُ إِلاَّ أَن يَكُونَ مَيْتَةً أَوْ دَماً مّسْفُوحاً أَوْ لَحْمَ خِنزِيرٍ فَإِنّهُ رِجْسٌ أَوْ فِسْقاً أُهِلّ لِغَيْرِ اللّهِ بِهِ فَمَنِ اضْطُرّ غَيْرَ بَاغٍ وَ لاَ عَادٍ فَإِنّ رَبَّكَ غَفُورٌ رّحِيمٌ «(Мұхаммед!): «Маған уахи етілгеннің ішінен жеймін деген жан үшін өлексе, ағызылған қан, болмысынан лас доңыз еті, сондай-ақ Аллаһтан өзгенің атымен бауыздалған малдан басқа харам етілген нәрсені көріп тұрған жоқпын. Ал енді кімде-кім мәжбүр болса, мұқтаждық мөлшерінен асырмай және өзгенің ақысына қол сұқпай осылардан жесе, Расында Раббың өте кешірімді, ерекше мейірімді» де» , – десе («Әнғам» сүресі, 145-аят), Әбу Һұрайрадан жеткен хадисте «Алла тағала доңызды және оның пайдасын (сатқаннан түскен ақшасын) харам етті» деген хадис келген. Ал терісі иленген жағдайда таза болып болмайтындығына қатысты екі түрлі көзқарас бар: 1. Төрт мәзһаб имамы оның терісінің иленумен тазармайтындығын айтқан. Өйткені ол болмысынан толықтай лас болып табылады. Алла тағаланың өзі жоғарыда келтірілген «Әнғам» сүресінде لَحْمَ خِنزِيرٍ فَإِنّهُ رِجْسٌ «..доңыз еті өйткені ол (болмысынан) нәжіс» деу арқылы тек еті емес, толықтай нәжіс екендігін білдірген дейді. 2. Әбу Дауд әз-Захири мәзһабы (қазір олар қалмаған) және Имам Ағзамның шәкірті Әбу Юсуфтан ханафи мәзһабында дәлдігі жағынан күштірек есептелетін «Захирур-риуа» ктіптарының тысындағы, әлсіз бір көзқарас бойынша иленген жағдайда доңыз терісінің тазаратындығын алға тартқан. Олар мын хадистерге сүйенеді: Пайғамбарымыз (с.а.с.): إِذَا دُبِغَ الْإِهَابُ فَقَدْ طَهُرَ «Иленген тері таза болып есептеледі» , – деген (Мүслим, Хайыз, 105, Әбу Дәуіт, Либәс, 38, Нәсаи, Фәрғ, 20,30). جَاءَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَ سَلَّمَ فِي غَزْوَةِ تَبُوكَ إِلَى بَيْتٍ فَإِذَا قِرْبَةٌ مُعَلَّقَةٌ فَسَأَلَ الْمَاءَ فَقَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّهَا مَيْتَةٌ فَقَالَ دِبَاغُهَا طُهُورُهَا Аллаһ елшісі (с.а.с.) Тәбүк жорығына келе жатқан кезде (өлген жануардың) терісінен жасалған су торсығы ілулі тұрған бір үйден су сұрайды. Сонда олар: «Уа, Аллаһтың ешісі! Ол өлген малдың терісінен жасалған торсық», – деп айтады. Бұны естігенде Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Иленсе, тазарғаны» ,– деп (Нәсаи, Фәрғ, 4; Ахмед ибн Ханбәл, IV, 254, V, 67, VI, 329, 336) үкімін білдірген еді. Шәукани, Қардауи т.б. секілді кейбір ғалымдар осы көзқарасты таңдаған. Енді осы айтылғандарды қорыта келе, былай деуге болады: Қазіргі Қазақстандағы экономикалық жағдайды ескере отырып, тұрмысы төмен, өзге жануардың терісінен тігілген аяқ киімді сатып алуға қиналатын адамдар үшін, зәрулік жағдайы дей отырып қана рұқсат беруге болады. Өйткені шариғатта зәрулік қысқан кезде, кейбір тыйым салынған нәрселерге рұқсат беріледі. Ал жағдайы жақсы, қалтасы көтеретін болса мужтахид имамдар харам деген, бұл мәселеде ижма қалыптасқан пәтуаны ұстану қажет.

Сұрақ
mailru_13096815910112688359
07.06.2022

Құран оқылған кезде үй иелері жанталасып пышақты тықпыштап жатады. Исламда осыған қатысты пәтуа бар ма?

Жауап
Алау Әділбаев
18.06.2021

Кез келген халықтың өмір сүру ерекшелігіне байланысты өзіндік салттары мен ырым-тыйымдары қалыптасатындығы ақиқат. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар демекші, кей дәстүрлер уақыт талабына сай өзгеріп, кейбірі ұмыт қалып жатады. Сегізінші ғасырдан бастап ислам дінін қабылдаған халқымыздың арасында исламның келуімен көптеген ескі әдеттердің өзгеріп, шариғатқа қайшы келмегендердің жалғасын тапқандығы белгілі. Сондай ырымдардың бірі Құран оқылғанда пышақты алып тастау. Негізі кез келген ырым немесе тыйымның астарында өмірлік тәжірибе бар. Пышаққа қатысты ел арасында пышақтың жүзін жоғары қаратып қоймау, пышақты сабы жағымен беру, біреуге пышақ кеземеу, кішкентай бала түнде шошымасын деп жастығының астына пышақ қою т.б. деген секілді ырымдар тараған. Негізінен ислам фиқһына қатысты әуелгі кезеңдегі классикалық фиқһ кітаптарында Құран оқылған кезде пышақ, сүйек болмасын немесе ыдыста тамақ тұрмасын деген ешқандай пәтуа жоқ. Алайда, оның астарында бәрібір исламдық элементтер бар. Мәселен, хадисте сүйектің жындардың азығы екендігі айтылған. Сонымен қатар асты алып кетудің де түбінде дастарханның таза болуына мән беру жатыр. Ал пышақ мәселесіне келсек, ол Құран оқыған кезде жын соққан адамдар құтырып кетіп, сол пышақпен айналасындағыларға қатер төндіруі мүмкін деген сақтықтан туындаған орынды әрекет. Құран оқыған кезде әлгіндей кісілердің арқасының қозып, құтырып жататындығы көптеп кездесетіндіктен, бұл – өмір шындығымен расталған жағдай. Сондықтан, Құран оқылатын езде сақтық ретінде пышақты жинап тастау қажет.

Сұрақ
mailru_14012037079697158995
07.06.2022

Әжем көзі тірісінде суретке түсіре қояйын десең, әзірейлі көргендей шошынатын. Паспортқа да жылай-жылай түскен еді. Ескінің көзін көрген қарияларымыз неге олай етті? Бізге де «суретке түспеңдер, оған ана дүниеде жанды қайдан тауып бересіңдер?» дейтін. Шынымен-ақ суретке түсуге болмай ма?

Жауап
Алау Әділбаев
09.06.2022

Апаңыздың суретке тусуден шошынуының астарында алдыңғы ғасырларда кең тараған діни көзқарастар жатыр. Өйткені бұрынғы кездері суретке түсіретін фотоаппарат жоқ кезде адамдар көбіне суретті өз қолдарымен салып, бейнелейтін. Ал бұл мәселеге мұсылман ғалымдарының көзқарасы соңғы кезге дейін қатаң болған. Соңғы ғасырдағы техника мен технологиядағы жаңалықтар көптеген мәселелерді қайта қарауды қажет етті. Енді осы сұрағыңыздың туындау негіздеріне тоқталайық. Бір біріне ұқсас әрекеттер – сурет салу мен ескерткіштің жасалуының тыйым салынуына қатысты Пайғамбарымыздан келіп жеткен бірнеше хадистер бар. Мысалы, «Ескерткіштер бар үйге періштелер кірмейді» (Бұхари, Бәдул-халқ 7, Муслим, Либас 87), «Қиямет күні ең ауыр азапқа душар болатындардың бірі осы суретті (бейнені) жасаушылар» (Бұхари, Әдәб, 75) «Қане, жаратқандарыңа жан бітіріңдеі» (Бұхари, Муслим) т.б. деген секілді. Ислам ғалымдары ескерткіш жасауға тыйым салудың негізгі астарында сол кезде кең тараған пұтқа табынушылықтың алдын алу, ескеркіш жасаушының Хақ тағаланың жаратушылық сипатына таласуы, ұятсыз нәрселерді бейнелеуі және пайдасыз нәрселер үшін қаражат пен уақытты ысырап ету секілді себептердің жатқанын атап көрсетеді. Ал ескеткіш бейнесінде емес қағаз, мата дуал секілді нәрселерде бейнеленген суреттерге қатысты келтірілген хадистер олардың толықтай харам немесе харам екендігін білдірмейді. Бұл хадистерді тек қана сөзбе-сөз емес, түпкі себебін назарға ала отырып түсінген ғалымдар суреттің мәні, суретті қолданушының мақсаты мен жеріне қатысты пайымдай отырып әр түрлі пәтуа шығарған. Мысалы, қасиетті саналып, табыну мақсатында салынған және тәңірлік телінген, ислам шариғатына қайшы жалаңаш бейнелі суреттерді салу – харам. Ал жансыз заттарды бейнелеуге қатысты ешқандай тыйым жоқ. Жаны бар нәрселердің пәтуасы мақсатына қарай өзгереді. Жалпы сурет салуға қатысты хадистердің бәрін бір тұтастық шеңберінде саралап, түпкі мақсатына үңілгенде Пайғамбарымыздың алғашқы кездері адамдардың көңіліне таухид рухын мықтап орнықтырғанға дейін қатаң талаптар қойғаны, ал кейінгі кезеңдерде қауіпті деп саналмаған жерлерде рұқсат бергендігі байқалады. Фотоаппаратпен түсірілген суретті соңғы ғасырдағы Мысыр ғалымдарынан Мухаммед Бахит әл-Мутғи өзінің «Фтографияның рұқсат етілгендігіне қатысты жеткілікті жауап» деген бір еңбегінде фотоаппарат пен камера арқылы түсірілген суреттің шариғатқа қайшы емес екенін дәлелдеуге тырысқан. Ол «Суретке түсіруді жаратушылыққа ұқсатуға келмейді. Хадистегі «Менің жаратқанымдай жаратсын» деген сөз фотографияны қамтымайды. Өйткені фотография (сурет) адамның көлеңкесін бейнелейді. Мұның атын қойған адам қалай дұрыс қойған. Оның мәні (бейненің айнада) шағылуы, ал камераман бейнені шағылтушы. Бұлай аталуының себебі айна секілді бейнені шағылдыруына байланысты. Бұл – ескерткіш жасаушы мен сурет салушының істеріненен бөлек. Сондықтан харамдық шеңберіне кірмейді», – деген екен. Шейх Бахиттың осы көзқарасын кейінгі ғалымдардың көбісі қолдаған. Қорытындылай айтқанда жоғарыда келтірілген себептер (табынушылық, жалаңаштық) жоқ болса суретке түсуге рұқсат.

Сұрақ
mailru_5504833878624520009
07.06.2022

Жолымды мысық кесіп өткенде ары қарай жүрсем бір жамандыққа шынымен тап боламын ба? Мысықтың менің жолыма қатысы не түсіне алмай-ақ қойдым.

Жауап
Алау Әділбаев
18.06.2021

Ислам дінінде кейбір заттар мен құбылыстарды бақытсыздық нышаны деп санап, ұдайы жамандыққа жоруды «тәшәум» деп атайды. Негізінен ислам келгенге дейінгі қараңғылық кезеңіндегі арабтарда мұндай қате сенімдер кең орын алған болатын. Мысалы, ол кездің адамдары бір жапалақ келіп үйінің шатырына қонып, дауыс шығарса «басымызға бәле келгелі тұр» деп қорқады екен. Құстардың аттарынан, ұшқан бағыттарына қарап, ырымдап жататын. Пал ашатын оқтарға да ерекше мән беріп, сол оқтардың шыққанына қарай бір істі жасап-жасамауға қатысты шешім қабылдайтын. Киіктің оңға немесе солға қарай жүгіріп өткеніне қарап, істерінің оң немесе теріс боларын бағамдап жататын. Тіршіліктерінде жаман ырымдардың көптігі соншалық, кез келген мәселеден жамандық көріп, болмашы нәрселерден үрейленіп, құттары қашып, мазасыз күй кешетін. Осындай кезеңде келген Пайғамбарымыз мұндай сенімнің дұрыс емес екендігін, абай болмаған жағдайда әр нәрседен үрейлене берудің нәтижесінің қатерлі боларын айтып, мұндай түсінікке тыйым салған-ды. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір мәжілісте: «Исламда тәшәум жоқ. Ең жақсы жорамал – тәфәул» деген кезде, сол жердегілердің бірі: «Уа, Алланың елшісі, тәфәул дегеніміз не?»,– деп сұрағанда ол: «(Жақсылыққа жорыған) жақсы сөз», – деп, дұрыс ойлауға шақырған. Қазіргі таңда да, адам санасы дамып, ғылым алға озған осындай кезеңнің өзінде әлгідей «Қара қарға шатырыңа қонып қарқылдаса жаман болады, жолыңды қара мысық кесіп өтсе жаман болады екен» және т.б. секілді көптеген негізсіз сенімдердің орын алып жатқандығы өкінішті. Негізінен мысық исламда жамандықтың нышаны емес. Атақты, ең көп хадис риуаят еткен сахаба Әбу Һәрайраның (р.а.) атының өзі осы мысыққа қатысты. Ол мысықтарды тым қатты жақсы көріп, әрдайым құшағында ұстап жүргендіктен Пайғамбарымыз оны «Әбу Һирр», (Мысықтың әкесі, иесі) деп атап кеткенін, сонымен қатар, кейбір ғалымдар мысықтың пырылын «Алланың ар-Рахман» атын зікір етуіне балағанын да білдіре кетсек артықтық етпес. Мысықтың киесіне қатысты сенімдер көне Мысыр елінің аңыздарына барып тіреледі. Түптеп келгенде, бұл – мәселенің байыбына бара алмаудан, дұрыс сенімге ие бола алмаудан туындаған шала түсінік. Сондықтан да жолыңызды мысықтың кесіп өтуінің астарынан жамандық іздеп, сары уайымға салынып, қорқудың ешқандайда қажеті жоқ. Пайғамбарымыз: «Жаман болады деген сенім бір мұсылманның жолына тосқауыл болмасын. Егер араларыңнан бірің жанына жақпаған нәрсе көрсе, «Аллаһумма лә иәьти бил-хасанати иллә Әнтә, уә лә иәдфаъу сәииәәтә иллә Әнта, уә лә хәула уә лә қууатә иллә бикә» (Уа, Алла тағалам! Жақсылық бір Өзіңнен. Жамандықтарды да Сен ғана қайтарасың. Күш-қуат иесі жалғыз Өзің ғанасың!)» деп дұға оқысын» деген. Әлемдегі кез келген мәселенің Алланың қалауымен орын алатындығына сену – ислам ақидасы негіздерінің бірі.

Сұрақ
mailru_3416501331971226841
02.06.2022

Как вы полагаете, почему мусульмане отказываются от вакцинации своих детей? Это связано с религиозными убеждениями?

Жауап
Алау Әділбаев
10.06.2021

Я бы сформировал ваш вопрос иначе. Ведь против вакцинации выступают не только мусульмане. К сожалению, в обществе прочно устоялись ошибочные мнения связывать недостатки и просчеты некоторых лиц с мусульманами. Напомню, что вопрос с вакцинацией детей остро воспринимается не только в Казахстане, но и во многих странах. Прежде, из-за ограниченности информационного пространства, люди были в неведении. Но с помощью развивающегося изо дня в день Интернета они получили доступ к легкому и быстрому способу получать информацию. Также обстоит дело и с вакцинацией. Эта проблема приобрела широкую популярность среди Интернет-пользователей, сформировав в обществе противоположные позиции по отношению к вакцине. Конечно, по-мнению большинства работников здравоохранения, вакцина важна для профилактики здоровья, ибо с ее помощью люди могут избежать многих проблем со здоровьем. Поэтому они всесторонне поддерживают и пропагандируют применение вакцинации. Но с другой стороны, немало сторонников, которые выступают против вакцин. Они приводят в пример многие печальные события по всему миру, произошедшие после применения некоторых видов вакцин, твердят об их негативных последствиях и губительном побочном эффекте для будущего всего человечества и призывают общество отказаться от их применения. Вообще, в исламе не существует запрета на вакцину. Потому что этой проблемы не было при жизни Пророка Мухаммеда. Человечество начало применять вакцину только последние несколько веков. Некоторые религиозные деятели, используя в своих убеждениях не связанные с данной проблемой косвенные религиозные тексты, обязывают людей делать прививки, а другие выступают против. Я думаю, что выводы по поводу «за» и «против» вакцинации несколько поспешны. Вакцинация – это не сложная проблема, которую нельзя решить посредством одной лишь фетвы. Для этого нужно сформировать специальную группу с привлечением религиозных ученых и провести широкое исследование. Только после этого нужно выпускать какую-либо фетву. А что касается того, является ли прививка харамом, на этот счет в мусульманском мире нет утвердившейся определенной фетвы. Поэтому причина отказа от вакцинации лежит не в религии, а в многочисленных противоречивых мнений многих людей.

Онлайн консультация

Аталған форма көмек орталығының маманымен онлайн сөйлесуге арналған.

Онлайн консультация

Аталған форма көмек орталығының маманымен онлайн сөйлесуге арналған.
Ведите сообщение: