«Арабша-қазақша» сөздік жарыққа шықты (ФОТО)

Сейсенбі, 08.11.2021

Астана. 8 қараша. E-ISLAM –  Бүгін – бүкіл қазақ елі үшін тарихи күн. «Нұр-Мүбарак»  университетінде қасиетті Құран Кәрімге арқау болған араб тілінің 50 000 сөзі қамтылған «Арабша-қазақша сөздіктің» тұсаукесері өтті. Бұл туралы «Нұр-Мүбәрак» университетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қасиетті Құран аятымен басталған жиынды ашқан университет проректоры, профессор Шамшәдин Керім жаңа туынды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту етілетінін айтты.

«Сөздікті жасау оңайға соққан жоқ. Осыдан  3-4 жыл бұрын қолға алынған бастамаға жеті автор, яғни еліміздің жас ғалымдары атсалысты. Біз, тіпті, кітаптың қағаздарының өзі сапалы болуы үшін еліміздегі ең мықты баспахананы таңдадық. Кітапты күнделікті пайдаланылған жағдайда кемі 15 жылға жарайтындай сапаға межеледік»  деді проректор.

Ал университет ректоры профессор Жуда Басюни сөздіктің маңыздылығына тоқталды.  «Бұл – жәй ғана сөздік емес, араб елдері мен Қазақстан арасын жақындата түсетін теңдессіз туынды»  деп ректор  авторларға алғыс білдірді. Сондай-ақ осындай ғылыми жобаға сын көзбен қарап, сараптаушы ғалым Әбсаттар қажы Дербісәліге орасан алғыс білдірді. Әбсаттар қажы өз сөзінде кітапты әзірлеген шәкірттеріне ақыл-кеңесін берді.

«Ғылым  бейқамдықты қаламайды. Аз ұйықтап, көп  ізденіңіздер. Кеңестік кезеңде біздің алдымызда не күтіп тұрғанын білмесек те болашақтан үмітіміз зор болды. Сол кезде тәуелсіздік аламыз деген тіпті түсінігімізде болмаса да  «болашақ елші боласыңдар» деп шәкірттерімді үнемі білімге талпындырып отыратынмын. Ол кезде қазақша ғылыми еңбек, сөздік деген тіпті қат. Аллаға шүкір, небәрі 15 жылдық тарихы болса да  «Нұр-Мүбарак» университетінің осындай қомақты сөздік шығаруы үлкен ерлік. Тіпті жарты ғасырға жуық тарихы бар Тіл білімі институтының мамандарының тісі батпаған жоба еді. Сондықтан баршаңызға сәттілік» деп ақ тілегін жаудырды.

Өз кезегімен сөз алған авторлар да жаңа еңбектің әзірленуі турасында кеңірек баяндап өтті. Айтулы кеш ғылым жолындағы  алғы буын өкілдері мен кейінгі жас ғалымдардың  ізденісті еңбектері жас шәкірттердің білім мен ғылымға деген ынта-ықыласын арттыра түскендей. 


Оқылды 564 рет
JoomShaper
Top