Дін туралы заңнамаларды жетілдіре түсу керек

Бейсенбі, 05.12.2021
Дін туралы заңнамаларды жетілдіре түсу керек

Әбдіжәлел Бәкір Әль-Фараби ат. КазУУ әлеуметтік- психологиялық пәндер кафедрасының профессоры, с.ғ.д.

Құрметті дінтанушылар! Ұлттық тарихызға көз салсақ, ұлы ағартушыларымыз жалпы дінге, оның ішінде ислам дініне де қатысты тағлымды ой-тұжырымдар қалдырған еді. Шоқан Уәлиханов мұсылмандық фанатизм мен діни кертартпалыққа батыл түрде қарсы тұрды, діни надандықтың қас жауы болды. Ол «Біз қалайда татарлық кезеңді айналып өтуіміз керек, өйткені олар ультра мұсылмандық бағыттың қанат жаюына ықпал етіп отыр»,- дей отырып, өз алдымызға мүфтиіміз болуы керектігін айтқан болатын.

Исламның ізгілікті қасиеттерін жетік білген Ыбырай Алтынсарин қазақ елінің рухани тәрбиесіндегі діннің рөліне ерекше мән берді, оны оқыту ісі және тәрбиеден бөлмеді. Себебі мұсылманшылықты қазақтың рухани өзегін құрайтын маңызды компонеттердің бірі ғана емес, бірегейі санады. Ол бар күш-жігерімен, білім-білігімен халқын исламға соншалықты соқыр сеніммен берілген татар молдалардың ықпалынан сақтап қалуға ісімен де, оқулығымен де күресті. Мектептерде жақсы білім алған, әр нәрсеге дұрыс көзқарастылар татар фанатизмінің де күлі көкке ұшады деп санады. 

Ал ұлы ойшылымыз Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенінің өзі көкірек көзі ояу, жаратылыстың құдырет күшін түсіне білетіндер үшін жетіп артылады.

Алаш жетекшілері тәуелсіздік үшін күресті әсте діннен бөліп қараған емес. «Дін ісі мемлекет ісінен айрылулы болуы» деп жазылған «Алаш» партиясының бағдарламасының авторларының бірі Әлихан.

Бөкейханның 1905 жылдың қарашасында Мәскеуде өткен жергілікті және қала қайраткерлерінің съезіндегі сөзінде қазақ халқына басты қажеттіліктерлің бірі деп діни бостандық туралы мәселені көтеруі жайдан-жай емес еді.

Алайда біз бүгін дінге деген көзқарасымызды кеңестік кездегіден алшақ ете алмай отырмыз. Тәуелсіздіктің есігін аша салып, жаңа мемлекеттің құқықтық қанқасын айқындамай тұрып, аса күрделі мәселе туралы заң қабылдағанымыз үлкен қателікке алып келді. 1992 жылдың 15 каңтарында қабылданған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңының4-бабындағы «Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар (бұдан әрi - миссионер) Қазақстан Республикасының аумағында миссионерлiк қызметтi уәкiлеттi органда есептiк тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады» деген құқықтық норма өзіміздің дәстүрлі дінімізге деген  азаматтық, құқықтық  қатынасты ретке келтірмей, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың миссионерлік қызметіне есікті айқара аштық. Ал 1995 жылы қабылданған  Ата заң 5-бабындағы 5-тармағындағы: «Шетелдік діни бірлестіктердің Республика аумағындағы қызметі, сондай-ақ шетелдік діни орталықтардың Республикадағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиісті мемлекеттік органдарымен  келісу арқылы жүзеге асырылады» деп жазылды да жоғарыдағы нормаға конституциялық негіз салдық.  Мұндай норма  1993 жылы қабылданған алғашқы Негізгі заңда да, ТМД және басқа да елдерінің бірде-бірінің конституцияларында, олардың дінге қатысты басқа да құжаттарында жоқ.

Бізден демократиялық ұстанымдары басымдау солтүстік көршіміз Ресей Федерациясының Конституциясын былай қойғанда, «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңның «Шетелдік діни ұйымдардың өкілдігі» деген 13-бабында Ресейдегі шетелдік діни өкілдің ешқандай діни қызметпен  айналыспайтындығы, оған діни бірлестік мәртебесі берілмейтіндігі тайға таңба басқандай айқын жазылған.

Сөйтіп тәуелсіз ел ретінде әлі қабырғамыз қатая қоймаған кезде шетелдік діндер де, миссионерлер де құқықтық жағдай жасалғаннан кейін жаңбырдан соңғы санырау құлақтай қаптап шыға келді. Қоғамымыз ілезде кешегі күнге дейін 40-тың үстіндегі конфессияларға біріккен  70 астам  әртүрлі ағым-секталарға толды. Бұл Қазақстан тарихында бұрын-сонды болып көрмеген жағдай болатын. Бұл туралы мен тиісті жерлерде бірнеше рет айтқанмын. Өткеннен тағылым алу үшін бүгінгідей үлкен Форумда тағы қайталап отырмын.

 Рас, 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заңның жаңа бетбүрыс екеніне дау жоқ. Жалпы діни ұйымдарды тіркеуге, миссионерлік қызметке талапты күшейтуге ұмтылыс айқын аңғарылады. Әсіресе, ханафи бағытындағы ислам дінінің халықтың мәдениеті мен рухани өміріндегі тарихи рөлін тану турасындағы заңдық қағиданың қазір басқаны былай қойып, ежелгі ислам дініміздің өзі түрлі ағымдарға бөлініп, олардың арасындағы дау-дамай кейде жасырын, кейде ашық жүріп жатқанда маңызды екеніне дау жоқ.

Дегенмен алда мәселе көп сияқты. Қазір  елімізде 70%-ды құрайтын мұсылмандардың - 2229  және халқымыздың 20%-нан астамы болып отырған орыстардың 280 діни бірлестігі болса, неше пайыз екені белгісіз католиктер мен протестанттардың әртүрлі діни ұйымдары 500-дің үстінде болып отыр. Ал Астанадағы 47 діни бірлестіктің 32-сі рим-католик пен протестанттардың ұйымдары. Тіркеуден өткен еліміздегі шетелдік 237 миссионерлердің  басым көпшілігі католиктер мен протестанттар.

Бұл мәселелер ұлтымыздың шынайы зиялы қауымын ойландырмайды емес, ойландырады. Айтқандарым ресми басшы кісілерге ұнай қоймайды. Бірақ шындық - досым.

Дін туралы заңнамаларға күрделі өзгеріс керек. Әсілі дінді мемлекеттен, мемлекетті діннен бөліп әуре болғанша, дінімізді қалай тәуелсіздік мұраттарына қызмет еткізуді көбірек ойластырсақ, әлдеқайда жақсы болар еді.

Кешегі қақаған атеистік заманда көсемдер де, саясатшыл құқықтанушылар да дінді мемлекеттен бөлгісі келді, бірақ бөле алмады. 1978 жылғы Конституцияның 102-бабында «Қазақ ССР-ында мешіт және шіркеу – мемлекеттен, мектеп  - мешіт пен шіркеуден ажырыатылған» деп қана жаза алды. Олар дінді мемлекеттен бөлуге құштар болатын, бірақ ойларын жүеге асыра алмады. Өйткені ол мүмкін емес еді.

Құрметті дінтанушылар! Қазір Қазақстан үшін тәуелсіздіктен қастерлі, қасиетті нәрсе жоқ. Болған да емес, болмайды да. Бүгінгі шыншыл сын да, парасатты пайым да, мақсатты тіршілік те тек Тәуелсіздікке қызмет етуі қажет. Бұл бағытта тәуелсіз елдің азаматтарын рухани ұйыстыра түсетін дәстүрлі дініміздің рөлінің ерекше екеніне дау жоқ. Мен осылай түсінемін. Бәлңім қателесемін. Түсіндіремін дегенге құлағым түрулі.

Бүгін  дінімізді түсіндіруге ғылыми көзқарас, тереңдік жетпей жатыр. Білікті мамандарымыздың аздығынан ауылды жерлердегі мешіттердің бірсыпырасы  алдында тұрған міндеттерін толық атқара алмай отыр. Мұның барлығы елімізде діни мамандардың кемдігінен, оларды даярлайтын ислами оқу орындары жүйесінің аздығынан екені түсінікті.

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының құрылымдарында 2 мыңнан астам  қызметкерлердің 33 % теологиялық, оның ішінде 3 % жоғары, 30 % медресе, 16 % діни орта-жоғары білімдері бар болса, 51 % - үш айлық курстарды бітірген. Жалғыз Нұр-Мүбәрәк университеті мен мамандық көтеретін бір институт және 9 медресе 10 миллионды құрап отырған қазаққа түк те емес. Мұндай діни кадрлармен ислам дінін батыл насихаттау, әртүрлі ағым-секталарға қарсы тұру, олардың ықпалдарын залалсыздандыру аса қиын.

Сөз соңында тағы берер мәселеге арнайы тоқтай кетсек. Біздің Ата заңымыздың 22-бабында  «Әркімнің ар-ождан  бостандығына құқығы бар» деп анық жазылған. Кейбір құқықтық мекемелер біреу басқашалау пікір айтса болды, дереу оған айыппұл салып не түрмеге тығып жатады. Сонда қарапайым халық тек билікте отырғандар сияқты ойлаулары керек пе?  Онда тәуелсіз қоғамымызда не қасиет болмақ? «Астана ақшамы» газетінің 2012 жылғы 13 желтоқсандағы санында «Аналардың мұсылман балаларға үндеуі» атты материал басылды. Онда 233-ші «Терроризм» бабы бойынша сотталып, 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айрылған атыраулық 42 баланың атынан 17 ананың хаты жарияланды. Бұл шынына келгенде  мазмұн жағынан билікке бағытталған үндеу. Онда былай делінген: «... Біздің оң-солын танып үлгірмеген балаларымыз, тіпті, өмірлік тәжірибесі бар біз, ата-аналар исламды шииттер, сунниттер, салафит, құраншылар және басқа түрлі ағымдардың болатынын білмеппіз. Сондай-ақ, исламның атын жамылып ашықтан-ашық жауласқан идеологияның барын да сезінбеппіз. Біздің балаларымыз болса, солардың жігін ажырата алмай қателікке ұрынды». Кім дінді қалай түсінеді, ол әркімнің конституциялық құқығы. Сондықтан түрлі ағымдағы, тіпті радикалды ұстанымдағы  діндарлардың өзімен  сұхбат, пікір талас сияқты әлеуметтік амалдар кең және батыл үйымдастырылып жатса, дұрыс болар еді. Олар да бізбен отандас, бауыр. Барлығымыз түбіміз бір туыспыз, қазақпыз.

 Атақты саяхатшы Г.Н.Потаниннің Ш.Уәлиханов дінді ақыл-оймен түсінді дегенінде көп мағына бар. Кеңестік заманның атеистік ілімінің негізін қалаған В.И. Ленин: «Дін – халыққа апиын»,-деген еді. Осында бір шындық бар. Адам баласы дінді ақыл-парасатпен түсінбесе, онда дін адамды рухани аздырады, оның адами бейнесін тоздырады. Сондықтан жалпы білімге, діни ағартушылық ілімге қатты көңіл бөлу керек. Біз діни салт-сананың құлын емес, имандылық пен адамгершіліктің, тазалық пен адалдықтың ұлын тәрбиелеуміз қажет. Бұл бағытта бізде шексіз кеңістік жатыр. Шынайы дін адамды ізгіліктендіреді, иманды етеді, обал-сауапты түсінетін азамат етіп қалыптастырады.

 Қазақ табиғатында діндар халық емес. Меніңше, біздер ислам дінін тұтастай және түгел қабылдаған жоқпыз. Діннің өзіміздің тұрмысымызға қажетті идея, салт-дәстүрін ғана қабылдағанбыз. Сол себептен ислам дінінің ханафи бағытын халқымыз жақсы білгені жөн. Мамандар осы бағытта батылырақ болса, біз ұтар едік.  Өйткені ақиқаттың түбіне жеткізетін тек білім мен ілім.  

Бүгін Қазақстан үшін тәуелсіз елдің азаматтарын рухани ұйыстыра түсуде діннің өзіндік ерекше орны бар. Сол себепті еліміздегі діни қатынастарды құқықтық жағынан реттеуді жетілдіре түсу қажет. Дін адамды рухани төмендетпеуі, қайта рухани күшейте түсіп,  қоғам, адам үшін игі істерге жетелеуі қажет.  Мұны  бүгінгі біздің тәуелсіздік мұраттарымыз қатаң талап етіп отыр.

Cөзімді қорытындылай келе қазіргі қолданыстағы дін туралы заңнамаларды жетілдіре түсу қажет деп санаймын. Ол үшін мынандай ұсыныс жасағым келеді:

-  Заңның «Мемлекет және дін» атты 3-бабындағы «Мемлекет діннен және діни бірлестіктен бөлінген» деген құқықтық нормадан «дін» деген сөзді алып тастау керек. Егер дін мемлекеттен бөлінген болса, онда зайырлы мемлекеттегі діннің рөлі деген тақырыппен бүгінгі діни форумды өткізу қате;

- Заңның 1-бабындағы негізгі ұғымдар қатарын «зайырлы мемлекет», «миссионер» деген ұғымдарға қазіргі әлемдік тәжірибені пайдалана отырып жаңа түсініктеме беру керек;

- Қазіргі халықтың, оның ішінде жастарымыздың ислам дініне деген ықыласын тиімді пайдалан білген жөн. Ол үшін діни ағартушылық жұмысты, әсіресе, ханафи бағытындағы исламды батыл насихаттау дұрыс болады;

- Діни кадр мәселесін кешенді шешудің жолдарын жан-жақты қарастырған жөн;

- Діни ағартушылық жұмысты жандандыра түсу үшін ұлттық тарихымыздағы ұлы ағартушыларымыздың ой-тұжырымдарын кеңінен насихаттау қажет. Бұл арқылы еліміздегі дәстүрлі исламға деген көзқарасты жандандыра түсеміз.

Қазақстан дінтанушыларының Үшінші Форумы материалдарының жинағы. – Астана, 2013 ж.

 

 

 

 

Оқылды 2174 рет
JoomShaper
Top