Қазақстандағы діни-ғылыми ақпараттық деңгей

Бейсенбі, 03.10.2021
Қазақстандағы діни-ғылыми ақпараттық деңгей

Адамзат қоғамымен бірге жаралып, бірге жасасып келе жатқан, адам болмысымен табиғаты етене, көнермейтін рухани құндылықтар жүйесі бар.

Адамзат қоғамымен бірге жаралып, бірге жасасып келе жатқан, адам болмысымен табиғаты етене, көнермейтін рухани құндылықтар жүйесі бар. Бұл жүйенің негізі әрі басты реттеуші күші – дін. Дін тек сенім мәселесіне ғана емес, мораль (ахлақ) мәселесіне де тікелей қатысты. Моральдың негізі ұстаным болса, ұстанымның тірегі – сенім. Адамзат баласы өз тіршілігін сенімге негіздемей өмір сүре алмайды.

Сенім мен ахлақ мәселесінің тікелей байланысты екеніне белгілі дін қайраткерлерінің өздері келтірген көрнекті мысалдар бар. Ата дініміз исламның ұлы тұлғасы Мұхаммед пайғамбар Алла мен адамдар арасындағы елшілік қызметіндегі ең басты міндетін: «Мен көркем мінез-құлықтарды жетілдіру үшін келгенмін» деп түсіндірген. «Дін дегеніміз – насихат» деген Мұхаммед пайғамбардың хадисі де бар. Насихаттың мақсаты да сенімді уағыздай отырып, ахлақты түзету мен тәрбиелеуге саяды. Рухани тәрбиені дінсіз елестету мүмкін емес. Әсіресе өмірлік ұстанымдары қалыптаспаған, толқымалы, ауытқымалы психологиялық кезеңдегі жас буын үшін діни-рухани тәрбиенің маңызы өлшеусіз.

Бүгінгі Қазақстан қоғамы діни ақпараттан тапшылық көріп отырған жоқ. Басты мәселе сол ақпараттардың сапасы мен дұрыстық деңгейіне байланысты болып отыр. Кеңестерден кейін бос қалған идеологиялық кеңістікте жиырма жылға жуық уақыт бойы талғаулы-талғаусыз ақпараттар ағымы жүріп жатыр. Оларды ғылыми-діни, діни және жалпы рухани ақпараттар деп бөлуге болады. Бұл ақпараттар баспа және электрондық нұсқаларда таралады. Діни мазмұндағы баспа басылымдарын үш топқа бөлуге болады: 1. Ғылыми (негізінен мемлекеттік бағдарламалар аясында жарық көрген) басылымдар; 2. Діни басқарма жариялаған басылымдар; 3. Жеке баспалар тарапынан жарық көрген еңбектер. Аталған басылымдардың елеулі бөлігі қазіргі шетел басылымдарынан аударылған еңбектер болып табылады.

Діни мазмұндағы электрондық басылымдардың өзіндік ерекшелігі бар. Мемлекеттік бағдарлама аясында жарық көрген еңбектердің меншік құқығы жеке баспалар мен ғылыми мекемелердің құзырында болғандықтан электрондық сайттарға таратыла бермейді. Діни басқарма жариялаған басылымдардың белгілі бір бөлігі басқарма сайтына енгізіліп, ашық қолжетімділік қамтамасыз етілген. Жеке баспалар тарапынан жарық көрген еңбектер келісім-шарттар негізінде сайттан көрініс тауып отырады. Бұдан тыс түрлі дереккөздерінен, діни сайттардан ашық қолжетімділік үшін ұсынылған мазмұны шектеусіз ақпараттар бар.

Қазіргі жас буын ақпаратты ғаламтор арқылы алуды тиімдірек санайды. Жоғарыда аталған дереккөздерінен тыс көптеген ғаламтор форумдары да жастар үшін ақпарат алмасудың маңызды көзіне айналып отыр.

Қазақстандағы діни ақпараттық деңгейді бір мақала көлемінде толығымен қамту мүмкін емес. Сондықтан біз бұл шағын зерттеуімізде діни-ғылыми ақпараттық деңгейге шолу жасап, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген басылымдарды талдауға талпыныс жасап отырмыз.

Үстіміздегі жылдың қыркүйек айында Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген діни мазмұндағы еңбектерге талдау жүргізді.  «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында 2004-2009 жылдар арасында барлығы 408 еңбек жарық көрген. Солардың ішінде толығымен немесе ішінара діни мазмұндағы туындыларды қамтыған, діни еңбектерге тікелей немесе жанама талдаулар жасаған еңбектердің жалпы саны – 16.

 «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы діни мазмұндағы еңбектер негізінен «Қазақ халқының философиялық мұрасы», «Әлемдік философиялық мұра», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Бабалар сөзі», «Әдеби жәдігерліктер» сериялары бойынша жарық көрген. Басылымның сипатын айқынырақ тану үшін аталған еңбектерге толығырақ тоқталмақпыз.

«Ислам философиясы» (4-том) кітабында қазақ даласынан шыққан ислам философиясының негізгі өкілдерінің шығармаларынан үзінділер және олар жайлы зерттеу мақалалары берілген. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарық көрген еңбектердің арасында бірыңғай діни мазмұндағы еңбектерді қамтыған бірден-бір жинақ осы кітап болып табылады. Кітапта Халлаж Мансұрдың «Халлаж диуаны», «Китаб-ут тауасин», Әбу Мансұр әл-Матуридидің «Китаб-ут таухид», Әл-Фарабидің «Китаб-ул милла» («Дін кітабы»), Жалалуддин Дауанидің «Ахлақи жалалийа» («Этика кітабы»), Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмет», «Фақрнама», «Көңілдің айнасы», Хусамеддин Сығнақидің «Рисала манақибу Қожа Ахмет Яссауи», Хазинидің «Игі адамдардың бақшасындағы теңіздің жауһарлары», Сопы Аллаярдың «Сабатул ажизин», Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы», Абай Құнанбаевтың «38-қарасөз», Шәкәрім Құдайбердиевтің «Үш анық», Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Бұл қазақ қай уақытта үш жүз атанған?», «Ғылым туралы», «Өлең және қарасөз ғибраты» секілді шығармалары топтастырылған. Бұл шығармалардың басым көпшілігінің кітапта толық нұсқасы емес, тек үзінділері берілген. Келтірілген туындылардың кейбірі толығымен діни тақырыпқа арналмаса да, олардың діни мазмұндағы жекелеген бөліктері қамтылған. Негізінен әдебиетші авторлар тарапынан жазылған бұл еңбектердің көпшілігі діни мазмұндағы әдеби туындылар іспетті.

  «Орта ғасырдағы түркі ойшылдары» (5-том) кітабында Орталық Азия өлкесінен шыққан ортағасырлық түркі ойшыл қаламгерлердің негізгі шығармаларының мәтіндері антологиялық принциппен іріктеліп берілген. Солардың ішінде Насреддин Рабғузидің пайғамбарлар тарихын баян ететін «Қисасул-Әнбия» еңбегі, Хұсам Кәтибтің ақырет азабы туралы жырлайтын «Жұмжұма сұлтан» дастаны толығымен діни мазмұнда жазылған. Ахмет Йүгінекидің «Ақиқат сыйы» еңбегі моральдық мәселелерге негізделгенімен, шығармада діни сарын қатар келіп отырады. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанында басты кейіпкердің бірі діндар-сопы болғандықтан, сюжеттің жартысына жуығы діни құндылықтарға негізделген. Бұл шығармалардың барлығының кітапта тек үзінділері берілген.

«Әл-Фараби мен Ибн Сина философиясы» (4-том) кітабында Әл-Фараби мен Ибн Синаның философиялық трактаттары қамтылған. Аталған еңбектегі дін тақырыбына қатысты бірден-бір шығарма – Әбу Насыр әл-Фарабидің «Философияның дінге қатынасы» атты трактаты. Шығарма философиялық бағытта жазылғанымен, ұлы ойшыл әл-Фарабидің дін туралы жүйелі көзқарастарын толық танытады.

«Ортағасырлық дiни философия» (5-том) кітабының ІІ бөлімінде ортағасырлық мұсылман ойшылдары – Әл-Кинди, Әл-Ғазали, Ибн Туфейл, Фарид ад-дин Аттар, Ибн Рушд, Ибн Араби, Ибн Халдунның жекелеген еңбектерінен үзінділер аударылып берілген. Аталған еңбектердің ішінде әл-Ғазалидің «Іс-әрекеттер таразысы» еңбегінен аударылған «Тура таразы», «Дін ғылымдарының қайта өрлеуі» еңбегінен аударылған «Адасудан арылтушы» атты тараулар, Ибн Арабидің «Данышпандық мөрі» еңбегінің үзіндісі таза діни көзқарастарды танытатын шығармалар болып табылады. Сонымен қатар осы кітапта мәтіні берілген Фарид ад-дин Аттардың «Бұлбұлнамасы» діни-сопылық мазмұндағы мысалдар мен тұспал әңгімелерден құралған.

«Бабалар сөзі» жүз томдығының 11-16 томдары болып табылатын «Қазақтың діни дастандары» жинағында «Мұхаммед пайғамбар», «Қисса Мансұр әл-Халаж», «Қисса уақиға Кербала», «Қисса хазіреті Айшаның тұхматы», «Қисса ан хазірет Расулдың миғражға қонақ болғаны», «Қисса Барсиса» секілді көптеген діни дастандар қамтылған. Бұл дастандарда ислам тарихындағы маңызды тұлғалар, айтулы оқиғалар көркем тілмен жырланады әрі жырлаушы мен тыңдаушы халықтың діни көзқарастары, дүниетанымы бейнеленеді. Қазақ халқының көркем танымындағы ислам дінінің орны мен мән-маңызы ғасырлар бойы осы діни дастандар арқылы көрініс тауып келген. Діни дастандар әдеби тілдегі дін кітаптары болып табылады.

«Әдеби жәдігерліктер» сериясымен жарияланған жинақтың 5-томында түркі сопылық тариқатының негізін салушы Қожа Ахмет Яссауидің сопылық жолдың әдебімен, рухани сатыларымен таныстыратын «Диуани хикмет» атты туындысы берілген. Кітапта хикметтердің көне түркілік мәтінінің транскрипциясы, қазақ тіліндегі жолма-жол аудармасы, түсініктер мен сөздіктер қамтылған. Кітап «Диуани хикметтің» бұған дейін жарық көрген (1993, 1998 жж.) басылымы негізінде дайындалған. Бұл шығарма сопылық тариқаттың теориясынан ғана емес, тәжірибесінен де мол мағлұмат береді. 

  «Әдеби жәдігерліктер» сериясының 6-томында Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті Сүлеймен Бақырғанидің діни-сопылық мазмұндағы хикметтері транскрипциясымен және аудармасымен берілген.  Бақырғани хикметтері осы басылым арқылы қазақ тіліне тұңғыш рет толық аударылды. Аталмыш шығарма түркі сопылық мектебінің ерекшеліктерін тереңірек тануға, ортағасырлық түркі сопыларының діни көзқарастарын айқынырақ пайымдауға  мүмкіндік береді.

«Қазақ әдебиетінің тарихы» он томдығының «Ежелгі және орта ғасырлардағы әдебиет» атты 2-томында Махмұт Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ахмет Йүгінеки, Насреддин Рабғузи, Құтыб, Мұхаммед Хорезми, Хұсам Кәтиб, Сәйф Сарайи секілді ортағасырлық ойшылдардың шығармашылығы туралы зерттеу мақалалары, ғылыми тараулар жинақталған. Бұл еңбекте мәтіндер тікелей берілмеген, олардың мазмұны, ерекшеліктері, әдеби сипаттары жайлы талдаулар жасалған. Талдаулар барысында аталған қаламгерлердің діни көзқарастары жайында біршама тұжырымдар берілген.

Аталған он томдықтың «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы әдебиет (1850-1900 жж.)» аталатын 5-томында дін тақырыбында көптеген туындылар қалдырған зар заман ақындары мен бірқатар кітаби ақындардың шығармашылығы туралы зерттеулер қамтылған.Албан Асан, Әбубәкір Кердері, Мұрат Мөңкеұлы, Дулат Бабатайұлы, Ақмолла Мұхамедиярұлы, Мұсабек Байзақов, Шәді Жәңгірұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы секілді ақындар шығармашылығын талдау барысында олардың өз дәуіріндегі дін мен қоғамның ахуалы, рухани өмірдің жай-күйі жайлы көптеген сыншыл, саналы пікірлері қамтылған. 

«Қазақ әдебиетінің тарихының» «ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиет (1900-1917 жж.)» аталатын  6-томында басқа авторлармен қатар ХХ ғасыр басындағы қазақ қаламгерлерінің арасында діни-этикалық мәселелерді кеңінен қамтыған Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Ғұмар Қараш шығармашылығы кеңінен талданып, олардың діни көзқарастарына да орын берілген.

Талдаулардан аңғарылатындай, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында діни мазмұндағы бірқатар әдеби-философиялық еңбектер жарық көргенімен, бірде-бір дін ғалымының тұтас теориялық еңбегі жеке жарияланбаған. Жарық көрген еңбектердің көпшілігі бұған дейін де отандық оқырманға біршама таныс болып үлгерген шығармалар. Дінтану саласындағы теориялық еңбектердің көпшілігі араб, парсы, түркі, көне түркі тілдерінде жазылғаны белгілі. Аудару және баспаға дайындау жұмыстары – ұзақ мерзімді қажет ететін күрделі процесс. «Мәдени мұра» бағдарламасы мерзімінің шектеулілігі дінтану саласындағы жаңа, толымды теориялық еңбектерді басқа тілдерден аударып, баспаға дайындауға мүмкіндік бермесе керек. Екінші жағынан мамандардың күш біріктіріп, бірлесе жұмыс жүргізуі әлі де баяу екені байқалады.

Сондықтан теологиялық бағыттағы еңбектерді жариялау және қайта жариялау жұмыстарын «Мәдени мұра» бағдарламасынан тыс ұзақ мерзімді жобалар аясында жалғастырған жөн тәрізді. Соның ішінде игерілмеген тың күйінде қалып отырған ханафи мазхабындағы теологиялық еңбектерді жариялау бағытында арнаулы серия ашып, жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға болады.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жарияланған діни мазмұндағы еңбектерді сараптау нәтижесінде бұл бағытта атқарылар қыруар жұмыстың әлі де алда екені анықталды.  Осыған орай біз өз тарапымыздан Діни істер комитетіне ислам ғұламаларының, соның ішінде ханафи мазхабындағы дін ғалымдарының, ортағасырлық ойшылдар мен заманауи дін қайраткерлерінің еңбектерін аудару, жариялау және қайта жариялау жөнінде бірқатар ұсыныстар енгіздік. «Ортағасырлық мұсылман ойшылдарының еңбектері» және «ХІХ-ХХІ ғасырлардағы дінтану саласындағы еңбектер» деп екі үлкен топқа бөлінген ұсыныстар тізімінде келтірілген еңбектердің мән-мазмұнын біршама айқындап өтелік.

Ханафи мазхабының негізін салушы Әбу Ханифа имам Ағзамның (Нұғман бин Сабит) «Әл-фикһул акбар» еңбегі (VІІІ ғ.) ханафи мазхабының басты кітабы болып табылады. Ислам шариғатының негізгі заңдары алғаш рет осы еңбекте жүйеленіп, дүниетанымдық негіздері айқындалған. Еңбек қазақ тіліне аударылмаған, теориялық маңызы зор екеніне қарамастан, отандық зерттеушілерге жете таныс емес. Осының салдарынан ханафи мазхабының теориясы мен тарихын зерттеуде бірқатар қиындықтар туындап отыр. Сондықтан аталған еңбекті қазақ тіліне аударып, ғылыми түсініктерімен бірге жариялау ұсынылды.

Мұхаммед ибн әл-Хасан аш-Шайбанидің «Әл-Жами әл-кабир» кітабы (VІІІ ғ.) ханафи мазхабындағы ең танымал, беделді еңбектердің бірі болып табылады. Кітап авторы аш-Шайбани  − Әбу Ханифаның тікелей шәкірті, Ирак құқықтық мектебінің даңқты өкілі. Ханафи мазхабының дамуында маңызды роль атқарған. Ислам тарихы мен теориясында елеулі орны бар еңбекті қазақ тіліне аударып, ғылыми түсініктерімен бірге жариялау қажет.

Әбу Ханифа имам Ағзамның шәкірттері құрастырған ұжымдық жинақ болып табылатын «Әл-Уақият уәл-фатв» еңбегінде (VІІІ ғ.) ханафи мазхабы өкілдерінің әртүрлі жағдайларға сәйкес шығарған пәтуа-үкімдері жинақталған. Мазхаб ғалымдарының негізгі теориялық еңбектерін толықтыратын бұл кітапта тек үкім-кесімдер ғана емес, оларды шығаруға себеп болған оқиғалар да баяндалады. Дінтанушы ғалымдар үшін де, жалпы оқырман үшін де қажетті еңбек.

Имам Матуридидің «Китабу-т-таухид» еңбегінде (Х ғ.) Әбу Ханифа имам Ағзам негіздеген  діни білімдер толығымен жинақталып, жүйеленген және кеңейтіліп түсіндірілген. Осы еңбектің нәтижесінде имам Матуриди ханафи мазхабы мұсылмандарының ақида негіздерін қалыптастырды. Ханафи мазхабының барлық өкілдері сенімде Матуриди ақидасын ұстанады. Халқымыздың руханиятында маңызды орын алатын еңбектің  қазақ тіліне толығымен аударылып, жариялануы өте қажет.

Имам Бұхаридің «Сахих Бұхари (Жами ус-Сахих)» (ІХ ғ.) еңбегі Құран кәрімнен кейінгі ең құнды кітап саналады. Имам Бұхари – ұлы ислам ғалымы, хадис ғалымдарының ең атақтысы.  Құран мен суннаны, фикх ілімін терең меңгерген.  «Сахих Бұхари» хадис жинақтарының ішіндегі ең сенімдісі болып табылады. Қазақ тілінде жарық көрмеген. Қолжазба күйіндегі аудармалар бар екендігі айтылады. Сонымен қатар Имам Бұхаридің Құран түсіндірмелерінің ең маңыздыларының бірі болып табылатын «Тәфсир-ул-Кәбир» атты еңбегі де дінтанушы ғалымдардың үлкен сұранысына ие. Аталған еңбектерді қазақ тіліне аударып, жарыққа шығару көпшілік оқырмандар үшін де, ғалымдар үшін де аса қажет.

ХІІІ ғасырда өмір сүрген ислам құқықтанушысы Бұрханаддин Әли  Әл-Марғинанидің «Хидая» еңбегі мұсылман құқығы жөніндегі ең атақты еңбек болып табылады. Ханафи мазхабы ғалымдарының еңбектеріне негізделген. Орта Азия, Үндістан, Түркия, Ресей (Еділ бойы) мұсылмандары арасында кеңінен қолданылған. Ғасырлар бойы «Хидаяның» көптеген қысқартылған нұсқалары, түсініктері жарияланып келді. Қазан қаласында 1886 жылдан бастап, бірнеше рет жарық көрген. 1994 жылы Ташкент қаласында «Хидоя: Комментарии мусульманского права» деген атпен басылды. Ханафи мазхабындағы негізгі құқықтық еңбек болып табылатын «Хидаяға» қазақ тілді ғалымдардың ғана емес, жалпы жұртшылықтың да сұранысы жоғары. Кітапты қазақ тіліне аударып, жарыққа шығару қажет.

ІХ-ХІ ғғ. жазылған «Тәзкире-и Бұғра хан» («Бұғрахан шежіресі») атты белгісіз автордың еңбегінде қазақ даласына исламның таралу кезеңі, Қарахан мемлекетінің құрылу тарихы, түркі даласына ислам дінін тарата келген көрнекті діни тұлғалар жайлы көптеген мәліметтер қамтылған. Түркі халықтарының дүниетанымына, наным-сеніміне, салт-дәстүріне қатысты мағлұматтар, діни аңыздар молынан кездеседі. Көлемді шежіре  2008 жылы аз таралыммен (Алматы: «Толағай» баспасы, ауд. С.Қосан) жарық көрді. Ұлт руханиятына қатысты маңызды дереккөздерінің бірі болып табылатын, ғылыми орта мен көпшілік оқырман сұранысына ие еңбекті көп таралыммен қайта шығару қажет.

 ХІІ ғасырда жазылған «Диуани хикмет» («Хикметтер жинағы») – түркі сопылық тариқатының негізін салушы ортағасырлық көрнекті ойшыл, атақты ақын Қожа Ахмет Яссауидің негізгі шығармасы. Поэзиялық шығарма ретінде жазылғанымен бұл еңбекте түркі даласында исламның таралуында маңызды роль атқарған яссауийа тариқатының негізгі қағидалары, әдептері мен әдістері бейнеленген. Бүгінге дейін «Диуани хикметтің» бірнеше аудармасы (1991, 1993, 1995, 1998, 2000, 2002 жж.) жарық көргенімен, тіл мамандары тарапынан жасалмаған бұл аудармаларда қателіктердің көп екендігін яссауитанушы ғалымдар жиі айтып жүр. Мәтіннің қате аударылуы салдарынан оған сүйеніп жасалған көптеген зерттеушілердің ғылыми тұжырымдарында елеулі қателіктердің орын алып отырғаны да мамандар тарапынан ескертілді. Сондықтан арнайы мамандар ұжымын жұмылдыра отырып,  «Диуани хикметтің» сенімді, ғылыми негізді аудармасын жасап, түсініктерімен бірге жариялау қажет. Сонымен қатар Яссауи ілімінің негізгі қағидалары, яссауийа тариқатының әдептері мен әдістері баяндалатын «Миратул-қулуб» («Көңілдің айнасы»), «Пақырнама» еңбектері, түркі халықтарына исламның таралу кезеңіне қатысты көптеген тарихи оқиғалар суреттелген, діни мазмұндағы аңыз-әңгімелер қамтылған «Насабнама» шежіресі де көп таралыммен қайта басылып, көпшілік оқырман игілігіне айналуы тиіс.

Қазақ даласынан шыққан ортағасырлық автор Жамал әл-Қаршидің (ХІІ ғ.) «Мулхақат ас-сурах» («Сурах» сөздігіне толықтырулар») атты еңбегі негізінен тарих саласында жазылғанымен, автор өзіне дейінгі және өзімен замандас көптеген дін ғалымдары, олардың пәтуалары жайлы мәліметтер келтірген. Еңбектің факсимилесін ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты шығарған. Кітапты қазақ тіліне аударып, отандық ғылыми айналымға енгізу қажет.

Исламның көрнекті ғұламасы, «І мыңжылдықтың реформаторы» атанған Абу Хамид Ғазалидің (ХІ-ХІІғ.) «Йхйа-у улумид-дин» («Дін ғылымдарының қайта өрлеуі») еңбегі ислам дініндегі барлық өзекті мәселелерді жинақтаған, өзіне дейінгі хадисші, тафсирші ғалымдар еңбектерін талдап, қорытқан, бірқатар даулы мәселелердің шешімін айтып, пәтуасын берген аса құнды еңбек болып табылады. Сондай-ақ имам Ғазалидің исламдағы мораль мәселесіне арналған, шынайы мұсылман бейнесінің рухани даму сатыларын баян ететін «Мизанул-аъмал» («Іс әрекеттер таразысы») еңбегі,  Алла жолына ұласу – мәңгілік бақытқа жету іліміне арналған «Кимйа-и саъадат» («Бақыт алхимиясы») еңбектері де кезінде қазақ даласына кеңінен танымал болған, қазіргі қоғамның рухани сұраныстарына да сәйкес келетін үздік туындылар. Отандық ғалымдардың, дінтанушы-философтардың, рухани мәдениетке қызығушы көпшіліктің сұранысын қанағаттандыру үшін аталған еңбектердің қазақ тіліне аударылуы қажет.

1884 жылы Қазан қаласында жарық көрген көрнекті қазақ ағартушысы Ы.Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы» («Шараитул ислам») еңбегінде шариғат ілімінің негіздері жүйелі түрде баяндалады. Еңбек 1991, 2005 жылдары аз таралыммен жарияланғандықтан көпшілік оқырман сұранысын өтей алған жоқ. Сондықтан еңбектің ғылыми аппаратын қайта дайындап, көп таралыммен жарыққа шығару қажет.

Қазақтың ойшыл ақыны Ш.Құдайбердиевтің «Мұсылмандық шарты» еңбегі  ислам негіздері жайлы баяндайтын, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының теологиялық көзқарастарын танытатын еңбек. Ақын шығармаларының жинақтарында (соңғы басылымы – 2008 ж.) жарияланған. Ш.Құдайбердиевтің «Үш анық» еңбегінде ақынның түрлі діндерге қатысты талдаулары, сыншыл көзқарастары, маңызды ой-пікірлері қамтылады. 

Ал ақынның «Иманым» (2000) атты еңбегі поэзиялық жинақ болғанымен, онда автордың дүниетанымын айқындайтын, оның теологиялық көзқарастарын бейнелі түрде көрсететін, дінаралық қарым-қатынастар мен діни төзімділік секілді өзекті мәселелерді арқау еткен өлеңдері топтастырылған. Ш.Құдайбердиевтің аталған кітаптарын қайта бастыру дінтанушы, мәдениеттанушы, филолог ғалымдар үшін де, жалпы көпшілік үшін де қажет.

ХХ ғасырда өмір сүрген қазақтың белгілі дін ғалымы Сәдуақас Ғылманидың «Файзул арифин» («Арифтердің үлесі»), «Діни педагогика», «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы», «Құранға тафсир жасау туралы (Махмуд Шалтут еңбегінен аударма)» секілді іргелі ғылыми еңбектері қолжазба күйінде қалып отыр. «Файзул арифин» еңбегінде Орта Азия жерінде өткен ортағасырлық дін ғұламалары еңбектерінің нәтижесі жинақталған,  талдап-таразыланған. «Діни педагогика» – ислам дінінің негізгі қағидаларын педагогика ғылымымен байланыстыра отырып, тәлім-тәрбиелік бағытта жазылған құнды еңбек.

 Ал «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» кітабы М.Тоқжігітовтың Құранды теріске шығаруға бағытталған «Құран туралы ақиқаттар» кітабына қарсы сын пікірде жазылған, 114 тараудан тұрады. Құран Кәрімнің негізгі мазмұнын, ерекшеліктері мен артықшылықтарын Құран мен хадиске, белгілі мұсылман ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, жүйелі түрде тұжырымдап берген. С.Ғылманидің «Құранға тафсир жасау туралы (Махмуд Шалтут еңбегінен аударма)» еңбегі – ХХ ғасырдағы белгілі араб дінтанушысыМахмуд Шалтут еңбегінің аудармасы. Құран тафсирлері туралы мол мәлімет беретін, көптеген діни мәселелердің де шешімі көрсетілген еңбек. Теріс бағыттағы діни секталар күшейіп, басқа дінге өту процесі қарқын алып тұрған қазіргі кезеңде жас оқырманға дұрыс бағыт сілтейтін, діни білім беру саласында өзіндік орны бар, қазіргі қазақ қоғамындағы рухани тәрбие жұмыстарына игі ықпал ететін осындай еңбектерді жарыққа шығару өте қажет.

  Замандас авторымыз Н.Өсерұлының «Ислам және қазақтардың әдет-ғұрпы» (2000 ж.) кітабы – ислам дінінің негізгі қағидаларының қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрімен байланысын, сабақтастығын, өзара әсерлесуін жан-жақты талдаған құнды еңбек. Аталған автордың шариғат заңдарын көпшілік оқырманға түсінікті қарапайым тілмен жеткізген, көрнекі мысалдармен дәлелдеп түсіндірген «Шариат» (1996) атты кітабы мен қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан құқықтық нормативтерін, шариғат пен адаттың (салт-дәстүр) құқықтық жүйеде тоғысу көріністерін талдап көрсеткен «Қазақтың үкім-кесімдері» (1998) атты еңбектері де дінтанушы, құқықтанушы, тарихшы  мамандар үшін де, көпшілік оқырманға да бірдей қажетті кітап болып табылады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Бас мүфтиі Ә.Дербісәлінің IX-XX ғасырлардағы Қазақстан мешіттері мен медреселері және сол мерзімде ғұмыр кешкен ислам ғұламалары, дінімізге қызмет еткен рухани тұлғалар жайлы баяндайтын «Қазақстанның мешіттері мен медреселері: рухани шамшырақтар (ІХ-ХХ ғғ.)» (2009)  еңбегі, қазақ тілінде ертеден қалыптасқан діни терминдер мен сөздер алғаш рет жинақталып берілген «Діни терминдер мен сөздер» (2009)  атты кітабы ғылыми орта мен көпшілік қауымның үлкен сұранысына ие.

Діни мазмұндағы еңбектерді жариялау бағытында атқарылуға тиіс жұмыстардың елеулі бір бөлігі әдеби шығармаларға қатысты. Әдебиет тарихы ұлттың азаматтық тарихының көркем көрінісі екені белгілі. Қазақ халқының дүниетанымы, діни көзқарастары, ұлттың рухани деңгейі көркем шығармалар арқылы бейнеленіп отырды. Әсіресе діни тақырыпқа арналған шығармалардан ислам дінінің негізгі қағидалары, танымал тұлғалары, шариғат заңдары жайлы мол мәлімет алуға болады. Мұндай арнаулы туындылар көпшілікке арналған діни оқулықтың ролін қоса атқарғаны белгілі. Сондықтан діни мазмұндағы еңбектерді қайта жариялау барысында әдеби шығармаларға да назар аударған жөн. Бұл орайда «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Бабалар сөзі» жүз томдығы шеңберінде жарық көрген 6 томдық «Қазақтың діни дастандарын» іріктеп, таңдаулы бір немесе екі томдық құрастырып, қайта жариялаған жөн болар еді.

ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ ақын-жазушыларының дін тақырыбын үнемі назарда ұстап отырғаны белгілі. «Зар заман ақындары», «кітаби ақындар», «ағартушы ақындар» деп жіктелетін бұл қаламгерлердің көпшілігі ұлтымыздың белгілі ағартушы-ұстаздары ретінде танылды. Олардың діни-этикалық ойлары, дін-ислам жөніндегі негізгі таным-түсініктері өз шығармаларында бейнеленді. Сондықтан ХІХ-ХХ ғасырдағы қазақ қаламгерлері шығармашылығын қайта қарап, олардың дін мәселелеріне арналған таңдаулы әдеби туындыларын іріктеп, қолданбалы бір немесе екі томдық ретінде құрастырыпшығаруға толық негіз бар.

Діни мазмұндағы әдеби туындыларды көп таралыммен жариялаудың маңызы зор, өйткені оқулықтарға, танымдық немесе теориялық еңбектерге қарағанда әдеби шығармалар халықтың санасына жақын, қабылдауына жеңіл болып келеді. Қазақ қоғамын ғасырлар бойы имандылыққа баулып келген аңыз-әпсаналар, ертегі, жырлар, қисса-дастандар секілді туындылар бүгінгі күні де өзінің маңызын жойған жоқ. Жазба әдебиеттегі діни мазмұндағы шығармалар да көпшіліктің көңілінен орын алатыны даусыз.

Туған топырағымыздан шыққан ислам ғұламаларының еңбектерін жетік білмеудің, олардың ой-пікірімен, дүниетанымымен таныс болмаудың, ұлттың рухани ұстаздары болған тұлғалар арқылы тұтас халықтың ділінің қалыптасу негіздерін танып-түсінбеудің салдарынан жаңа буын жас ұрпақ ата-баба дінінен адасып, теріс ағымға бой алдыруға бейім тұрады. Біз, өкінішке орай, қазірдің өзінде қазақ жастарының елеулі бөлігін жоғалттық. Рухани жұтаңдыққа ұрынып, тарихи тамырынан ажыраған ұрпақтың өз ұлтының саналы азаматы атана алмайтыны белгілі. Сондықтан рухани негіздерімізді қалпына келтіру үшін ең алдымен діни тұлғаларымыздың іргелі еңбектеріне бет бұрып, соларды аудару, жариялау, насихаттау істерін жүйелі түрде қолға алатын кез жетті. Аталған жұмыстардың сапалы орындалуы үшін оларды іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырған ғылыми мекемелердің атқаруына жағдай туғызу қажет.

 Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Ислам философиясы. ІV том. –Алматы: «Аударма», 2005.

2. Орта ғасырдағы түркі ойшылдары. V том. –Алматы: «Аударма», 2005.

3. Әл-Фараби мен Ибн Сина философиясы. ІV том. –Алматы: «Жазушы», 2005. 

4. Ортағасырлық дiни философия. V том. –Алматы: «Аударма», 2005.

5. «Бабалар сөзі», ХІ-Х VІ том (Қазақтың діни дастандары). –Алматы, «Фолиант», 2005.

6. Қазақ әдебиетінің тарихы. ІІ том. – Алматы: «ҚазАқпарат», 2006.

7. Қазақ әдебиетінің тарихы. V том. – Алматы: «ҚазАқпарат», 2006.

8. Қазақ әдебиетінің тарихы. VІ том. – Алматы: «ҚазАқпарат», 2006.

9. Әдеби жәдігерлер. V том. – Алматы: «Таймас», 2008.

10. Әдеби жәдігерлер. VІ том. – Алматы: «Таймас», 2008.

 Айнұр Әбдірәсілқызы

ҚР Дін істері агенттігі Діни оқу орындарымен

байланыс және дінтану сараптамасы

басқармасының бастығы, филология

  ғылымдарының кандидаты

 

 

 

Оқылды 2676 рет
JoomShaper
Top