Діни білім беру жүйесінің діни экстремизмнің алдын алудағы кейбір қырлары

Сейсенбі, 21.10.2021
Діни білім беру жүйесінің діни экстремизмнің алдын алудағы кейбір қырлары

 

 

 

Қазақстан Республикасындағы діни білім беру жүйесі республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін дами бастағандығы жалпыға мәлім. Алдымен «діни білім беру жүйесі дегеніміз не?»

Қазақстан Республикасындағы діни білім беру жүйесі республикамыз тәуелсіздік алғаннан кейін дами бастағандығы жалпыға мәлім. Алдымен «діни білім беру жүйесі дегеніміз не?» деген сұраққа жауап ізделік. Қазақстан Республикасының 2007 жылдың 27 шілдесінде қабылданған N 319 Заңы «Қазақстан Республикасының білім беру заңы» деп аталады. Осы заңның 10-бабында «Білім беру жүйесі» ұғымына «Қазақстан Республикасының білім беру жүйесі өзара іс-қимыл жасайтын:

1) білім беру деңгейінің сабақтастығын қамтамасыз ететін мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының және білім беретін оқу бағдарламаларының;

2) меншік нысандарына, үлгілері мен түрлеріне қарамастан, білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының;

3) білім беруді басқару органдары және тиісті инфрақұрылымдар, оның ішінде білім сапасы мониторингін жүзеге асыратын ғылыми және оқу-әдістемелік қамтамасыз ету ұйымдарының жиынтығын білдіреді»[1] деп анықтама берген.Әрине, «діни білім беру жүйесі» деген ұғымдық тіркеске анықтама осы заңда берілмеген. Дегенмен, аталмыш заңның 1-бабының 52-тармағында «рухани (діни) білім беру ұйымдары - дін қызметшілерін даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын оқу орындары» делінген анықтама бар. Ал қазіргі кезде «рухани (діни) білім беру ұйымдары» ретінде ҚМДБ-ның жеке мекемелері болып табылатын орта арнаулы кәсіптік білім беретін жалпы 9 медресе қызмет етеді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бұл оқу орындары Білім және ғылым министрлігінен лицензия алып қызмет етіп келеді. Сол сияқты, «Нұр» Қазақ-египет ислам университеті де қызмет етуде.

Аталмыш ұйымдардан тыс ҚМДБ-на қарасты мешіттердің жанынан көптеген бастауыш діни сауат ашу курстары ашылған. Әлбетте, бұл курстар Қазақстан Республикасының заңнамасына және заңға тәуелді нормативтік актілеріне сәйкес лицензия алмай қызмет етеді. Алайда, ол жерлерде ҚМДБ бекіткен бағдарлама бойынша оқытады. Сонымен қатар, ҚМДБ-ның жанынан ашылған имамдардың білімін жетілдіру институты ҚМДБ-ның жарғысына және институт ережесіне сай қызмет етіп келеді. Демек, біздің пайымдауымызша, діни білім беру жүйесі – Қазақстан Республикасының заңнамасына және заңға тәуелді нормативтік актілерге сәйкес діни білім беретін оқу бағдарламаларының, жоғары білім және орта арнаулы кәсіптік білім беретін рухани (діни) білім беру ұйымдарының, сондай-ақ ҚМДБ-на қарасты білім жетілдіру институты және мешіттердің жанынан ашылған бастауыш діни сауат ашу курстарының жиынтығы. Осы тұста, айта кетер жайт, жоғарыда анықтама кең мағынада берілді деп айта аламыз. Себебі, жоғарыда айтылғандай, ҚМДБ-на қарасты білім жетілдіру институты және мешіттердің жанынан ашылған бастауыш діни сауат ашу курстары ҚР Білім және ғылым министрлігінен лицензия алмай қызмет етеді. Ал енді «діни білім беру жүйесі – Қазақстан Республикасының заңнамасына және заңға тәуелді нормативтік актілерге сәйкес діни білім беретін оқу бағдарламаларының, жоғары білім және орта арнаулы кәсіптік білім беретін рухани (діни) білім беру ұйымдарының жиынтығы» деп айтылса, онда тар мағынада түсініледі.

2012 жылдың 14 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы «қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құруға тиіс», сондай-ақ «біз қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек» [2] делінген. Осы тұжырымның өзі мемлекеттің қоғаммен, оның ішінде азаматтармен бірге аталмыш құбылыстарға қарсы күресу үшін шеп құратындығын, сондай-ақ жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алу міндетін айқындап берді. Сондықтан да діни экстремизмнің алдын алудың бағыттарының бірі ретінде діни білім беру жүйесі ерекше рөл атқарады.

Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шарифтың «Ислам терроризмге қарсы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзінде (Көкшетау қаласы, 17 мамыр  2013 жыл) «Зайырлы білім де, діни білім де адамды тәрбиелеп қана қоймай, оны дұрыс жолға бағыттап, оның ойдан шығарылған бұрмалаушылық нанымдардан айығуына септесуі қажет. Адамдардың діни білімі тек халық игілігі мен қоршаған ортасының мүддесі үшін жұмсалуы керек», сондай-ақ «Экстремизм қатерлі ісік дерті іспеттес, егер уақтылы алдын алу шараларын жүргізілмесе, уақыт өте келе тамырын тереңге жіберуі мүмкін. Сондықтан қарапайым халықтың діни сауатты болуы өте маңызды әрі қажетті болып табылады. Ал діни сауаттылық – бұл оқыту, ағарту және діни әдебиеттер арқылы алынатын білім» [3] деген болатын. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені, ҚР Дін істері агенттігі ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірге аталмыш бағытта тиісті қызмет етуде. Өз кезегінде осы бағытта Дін істер агенттігінің «Діни оқу орындарымен байланыстар және дінтану сараптамасы басқармасы», сондай-ақ осы агенттікке қарасты «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» қызмет етуге тырысып жатыр. Яғни олар діни білім беру оқу орындарының жарғысына, оқу бағдарламаларына, сондай-ақ сол оқу орындарының діни әдебиеттеріне дінтану сараптамасын жүргізеді. Демек, бұл бағытта оларда өз үлестерін қосуда десек қате болмас.

Осы тақырыпқа мақала жазған Л.Қ.Қойшиеваның «Қоғамның бүгінгі басты мәселелерінің бірі – еліміздегі түрлі діндерді ұстанушылар арасында экстремистік көзқарастардың орын алуына жол бермеу. Бұл азаматтардың рухани білім алуы арқылы ғана жүзеге асуы мүмкін» [4, 235 б.] деген пікірі орынды. Өйткені, ислам дінінің негіздерін өздерінше бұрмалау арқылы діни экстремистік іс-әрекеттер жасайтын ұйымдар мен топтар тарихта болған, сондай-ақ қазіргі кезде де кездеседі. Сондықтан ондай ұйымдар мен топтарға тойтарыс берудің негізгі жолы дін білім беру мен тәрбиелеуде жатқандығы баршаға мәлім.

Ендігі кезекте діни білім беру жүйесінің діни экстремизмнің алдын алудағы кейбір мәселелеріне тоқталып өтсек. 2011 жылдың соңғы айларында Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі мен Білім және ғылым министрлігі еліміздегі ислами оқу орындарын тексеріп шыққан болатын. Ол кезде аталмыш тексеру комиссиясы медреселер басшылығына қазақ тіліндегі оқулықтардың, діни және зайырлы әдебиеттердің үлес салмағын арттыру, кітапхана қорына мерзімді басылымдарды жаздырып алу жөнінде ұсыныстар берілген. Сонымен қатар медреселер жұмысын әрі қарай жетілдіру бағытында оқу бағдарламасына жаңа діни ағымдар, дәстүрлі ислам, салыстырмалы дінтану, мемлекеттік-конфессиялық қатынастар секілді арнайы курстар немесе қосымша пәндер енгізу бастамасын көтеру қажеттігі ескертілген [5]. Бұл ұсыныстар қолдауға тұрарлық. Осы орайда, біз де мынадай ұсыныстарды жасауға ынталандық.

Діни білім беру жүйесінде діни сипаттағы дәрістер арасында салыстырмалы фиқх пәні енгізілгені қажет. Әрине, бұл бағытта мамандар аз десекте болады. Дегенмен, мүмкін болса, медресенің соңғы курсында алғашқы кезде факультативтік дәріс ретінде өткізсе болады. Одан кейін түбі негізгі дәрістер қатарына қосылар деген үміттеміз. Сонымен қатар, құқық негіздері деп аталатын дәрістің сағаттарын  мүмкін болса көбейткен дұрыс. Одан кейін зайырлы құқықтық жүйе мен ислам құқықтық жүйесі деп аталатын жаңа пәнді енгізсе болады. Ендеше осы дәрістер аясында діни радикализм, діни экстремизм және діни сипаттағы терроризмнің алдын алу мәселелері бойынша тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуге болады. Өз кезегінде құқық қорғау органдары мен өзге жоғарғы оқу орындарының қызметкерлерімен кездесуді жиі өткізгені жөн. Осындай кездесулерде «экстремизм мен діни экстремизмнің өзара арақатынасы», «дін және діни экстремизм», «такфир, жиһад, шаһид», «күнә және қылмыстық кінә дегеніміз не?» және т.б. тақырыптар төңірегінде болғанын дұрыс есептейміз. Сонымен бірге кейбір молдалар, халық және құқық қорғау қызметкерлері арасында түсінбеушіліктерді тудырып жүрген «эксгумация», «суицид» және т.б. мәселелерге туралы жіті назар аударып, тиісті өзара түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет.

Сонымен, осы жоғарыда діни білім беру жүйесінде діни экстремизмнің алдын алудың кейбір қырлары қарастырылды. Аталмыш мәселелер дұрыс әрі тиімді қарастырылса, онда медресе шәкірттерінің ұлттық, мұсылмандық және құқықтық санасы бірізділікпен, өзара үйлесімділікпен қалыптасар еді. Бұл жалпы білім беру жүйесінің, оның ішінде діни білім беру жүйесінің жемісті еңбегі болары анық.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.  ҚР Білім жән ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ресми сайты. educontrol.kz. 

2.  Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы. egemen.kz.  2012 жыл 15 желтоқсан.

3.  ҚР Дін істері агенттігінің ресми сайты. www.din.gov.kz.

4.  Л.Қ. Қойшиева. Діни құндылықтар және заманауи білім беру жүйесі // Қазақстанның ғылыми әлемі. – № 4 (32). – 2010. – С. 235.

5.  А.Әбдірәсілқызы. Діни медреселер жұмысы тексерілді. «Айқын» газеті, 08 желтоқсан, 2011 ж.

 

Ермек Бекбосынов

ҚР Дін істері агенттігі

Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының 

Исламды зерттеу бөлімінің бас ғылыми қызметкері, 

исламтанушы, философия докторы (PhD)

 

 

 

 

Оқылды 1100 рет
JoomShaper
Top