Исламның қазақ даласына таралуы

Сенбі, 05.07.2021
Исламның қазақ даласына таралуы

Өзімізді қанша жерден діндар халық емеспіз десек те, алаш баласы жалғыз жаратқанға тәу етіп, бір құдайдан үміт еткені жаһанға жария, көпке мәлім.

Қарт тарихтың қатпарларына бір сәт көз жүгіртсек, хақ дін исламның бүкіл түркі әлемімен бірге біздің дала түркілеріне енуі, оның бұдан былайғы бүкіл тұрмыс, тіршілігіне тигізген ықпалы, тағдырлас, тілдес, туыстас тайпаларды ұлт қылып біріктірудегі ролі орасан екен.

Өзімізді қанша жерден діндар халық емеспіз десек те, алаш баласы жалғыз жаратқанға тәу етіп, бір құдайдан үміт еткені жаһанға жария, көпке мәлім. Армысыздар! Бүгінгі бағдарламамыз исламның шығысқа, оның ішінде түз түріктеріне таралуы жөнінде болмақ.

Түрік тектес халықтардың қалыптасуына негіз болған тайпалардың тәңірді танып білгеніне үш мың жылдың көлемі боп қалды деп жүр ғалымдар. Қазіргі жыл санаудың 20 ғасырын артқа тастағанымызды ескерсек, соның 12 ғасыры ислам дініне байланысты. Түркілік таным мен ұлттық тарихымызға мұсылмандық жолдың ықпал еткені мен рухани сілкініс бергені баршаға аян. Түркі дүниесінде арабтар жайлы алғашқы деректер сонау Орхон-Енисей жазбаларында кездеседі. Онда арабтарды «таздар», «тазкирлер» деп атаған. Бұл деректерді Бартольд де растайды. Десек те, ислам дінінің түркі жазирасына жасалған алғашқы қадамдары туралы тұшымды дерек жоқ.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
-Ислам қолжазбаларында өте жұтаң, қазақ даласына исламның таралуы туралы. Пайғамбарымыз айтқан бір-екі хадис бар. Оның өзі мөдә хадис, жеткізілуі әлсіз немесе өтірікке жақын. «Түріктерге олар сендерге соқтықпайынша соғыс ашпаңдар» деген хадис бар.

ЕРКЕ ҚАРТАБАЕВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ:
Көптеген халықтар сияқты бұл дін біздің қазіргі қазақ халқының ата-бабаларының жұрты болып саналатын орталық Азия жеріне сонау діннің ең алғашқы қалыптаса бастаған уақыттарынан-ақ келе бастаған болатын. Атап айтқанда, әсіресе, мынау тарихи деректерге қараған кезде, сол 8 ғасырдың ортасына таман келе бастаған мәліметтер бізге жеткен.

Ата-бабаларымыз хақ дінді толық қабылдай қоймаған, қабылдаса да адасқан сенімде болыпты, кемел мұсылман болмапты деген сыңаржақ пікірлер де қоғамда төбе көрсетіп қалады. Онысына дәлел ретінде қазақ халқының әдет-ғұрыпқа беріктігін, молаға зиярат жасап, әруақтарды құрметтегенін, сопылықты ұстанып, пірлерге қол бергенін, қала берді көшпелі өмір сүріп, мешіт-медіресе ұстамағанын алға тартады. Исламның қазақ даласына тамыр жаюы мен бітім болмысына енуі, оның тарихы ұзын сонар әңгіме. Біз бүгін Қазақ халқының ислам дінін қашан қабылдағаны жөнінде өз ойымызды ортаға салмақпыз. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының еңбектерінде түріктердің алғаш рет исламды қалай қабылдағаны туралы тың деректер айтылады. Бабамыздың келтірген деректеріне қарағанда, түркілер Исламды Пайғамбарымыздың (с.а.у) өмір сүрген дәуірінде қабылдай бастаған екен.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
Мәшһүр Жүсіптің келтірген деректері бойынша, пайғамбарымыздың заманында түріктер исламмен таныс бола бастаған. 92 рудың бір-бір өкілі шығып, ислам діні туралы естіп, бәрі жиналып сол Араб түбегіне сапар шекті дейді. Біз түрік деген халықпыз, Озған пайғамбардың, яғни Оғыз қағанның үмбетіміз деген. Сонда пайғамбармыз олардың сәлемін қабыл алды дейді.

НҰРЛАН АТЫҒАЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ:
- Ислам дінінің қазақ жеріне таралуын айтатын болсақ, 8 ғасыр шамасымен айта беруге болады. Өйткені бізге белгілі шығыс деректерінде, араб деректерінде Қазақстан жерінде қарлұқ заманында исламды қабылдай бастағаны жазылады. Кейбір ру-тайпалардың көсемдері, солардың қол астындағы халқымен қабылдағаны айтылады.

Демек, ізі бұлыңғыр тарихи деректерге тоқталсақ, исламмен түркі оғланы 7 ғасырда, яғни пайғамбар дәуірінде-ақ таныса бастаған. Ал VIII-IX ғасырда өмір сүрген тарихшы Хишам ибн Фадланның «Пұттар туралы кітап» атты іргелі еңбегінде сол кезде жаңадан жаулап алынған жерлердегі діни нанымдар туралы жазылған. Онда аталарымыздың зороастризм дінінің құрсауында жатқаны баяндалады. Зороастра діні біздің жыл санауымыздан екі жарым мың жыл бұрын түрікке дейінгі аталардың ұстаған діні екені сөзсіз. Бұл жөніндегі деректер Әбу Райхан Бирунидің еңбектерінде көбірек кездеседі. Тарих беттерін ары қарай парақтасақ, 751 жылғы Талас шайқасына соқпай кете алмаймыз. Арабтар мен қытайлардың арасындағы болған бұл қанды қырғын өркениеттер арасында болған шайқас еді.

БЕРЕКЕТ КӘРІБАЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:
Көп жағынан бұл шайқастың маңызын онша сезіне бермей жүрміз. Екі елдің, жаулап алушы елдің әскерінің соғысы сияқты, ал тереңірек баратын болсақ Қытайдың әскері, яғни Тан әулеті билеген Қытай империясы мына жақта келген, Оңтүстік-батыстан келген бұл араб халифатынан, араб әлемінің, яғни, екі империяның соғысы, екі өркеиеттің соғысы, екі діннің соғысы болды.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
751 жылғы атақты Талас ғазауаты, Атлах соғысында Тан империясы мен арабтардың арасында үлкен соғыс болды. Осы уақытта қарлұқтар алғашында Тан империясы жағында болып, шешуші сәтте арабтар жағына, ислам әскеріне қосылып, нәтижесінде қытай басқыншылығын тойтарып, орта азияда ислам нық аяқ басты.


ЕРКЕ ҚАРТАБАЕВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ:
Бұл Қытай мен Арабтардың арасында болған шайқас. Әрине, Түріктер Қытайдың қарамағында болған болатын, Қарлұқтар соның ішінде, бірақ шайқастың барысында, 5 күнге созылған шайқас барысында Түріктер үшін бір тарихи таңдау жасап, шешім қабылдап жаңағы Араб жағына шығып кеткен болатын.

Десек те, Атлах шайқасынан кейін ислам діні кең етек алып, түркі даласына жайылып, халықпен біте қайнасып кетті деп кесіп айта алмаймыз. Мұхаммед пайғамбардың «Алла сөзін бар әлемге таратыңдар» деген өсиетін ту қылып ұстаған араб жасағы ерекше қарқынмен, мықты екпінмен орта Азияға ұмтылған еді. Сол тау суындай күшті екпінге тұңғыш тосқауыл болған түркілер еді. Түркі жазирасында елеулі қарсылық көрсеткен Түргеш қағандығы болғаны мәлім. Қазіргі өзбек ғалымдарының да қазақ даласына ислам баяу тарады, олар ұзақ уақыт мойындағысы келмеді деген пікірі де ойланарлық.

ЕРКЕ ҚАРТАБАЕВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ:
Ислам келген кезінде түргеш билеушілері бұл діннің түркілерге жат екендігі, түркілердің арасында шаштаразшы, басқа да отырықшы халыққа тән жаңағыдай қасиеттердің жоқтығы. Сондықтанда бұл діннің таралып кетуі өте қиын екендігін бастапқыда көрсетіп отырып, дінді қабылдаудан бас тартқан болатын.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
Бір байқағаным, исламның таралуы көшпенділерге баяу тараған, қалалық мәдениеттегі халықтарға тез тараған сияқты. Біздің көшпенділер, қазақтар исламды кеш қабылдады деген өзбек ғалымдарының пікірі бар. Бұл тегіннен тегін айтылмайды, бұның астарында бір шындық бар. Көшпенді өмір сүрген халықты исламды кеш қабылдады деген біржақты пікір, әрине, зерттелуі керек.

БЕРЕКЕТ КӘРІБАЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:
-Алғашқы кезеңінде мұнда ислам араб халифатына, исламға қарсы тұрған күш бұл Қазақстан жерінде Түргеш мемлекеті болды. Түргеш мемлекеті бұларды ежелгі дін Тәңіршілдік, ежелден бұларда Ашин әулетінің өкілдері билік құрған Түрік қағанаты, батыс Түрік қағанатында, бірақ ғалымдардың зерттеуі бойынша бұларда Тәңіршілдік әлі де болса әлемдік дін қатарына жетпеген, өзінің қалыптасқан кәдімгідей жүйелі ерекшеліктері жасалмаған, болмаған. Мұндай жағдайда Исламның артықшылығы байқалды.

Ислам діні пайғамбарымыздың өсиетіне лайық сахабалардың жанкешті соғыс қаракеттері арқылы тарағанымен, жаңа жерлерде мейлінше тамыр жайып, тез сіңіп кетуіне сол жердің өзінен де табан тірерлік моральдық, тұрмыс-салттық немесе аз-кем болса да рухани үндестіктердің табылуына байланысты. Дінді қылыштың жүзімен, қан төгіспен қабылдадық деп қанша айтқанмен, өзіміздің тәңірлік сенім исламнан алшақ болмады. Қазір дүние жүзі халқының үштен бірінен астамына мәдени негіз болған мөлдір бастаудан біздің байырғы бабаларымыз, дала түріктерінің де ерте кезден-ақ сусындағаны белгілі. Қазақты дінге онша берік емес деп қанша айтқанмен, оның жүрек түкпірінде әйтеуір бір жаратушыға деген нанымы, ізгі сезімі ешқашан суып көрген емес.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
Исламды өз еркімен қабылдауына бірнеше факторды айтуға болады. Біріншіден, сөз жоқ, тәңір, монотеистік сенім. Түркілер исламға дейін де бір құдайға сенген халық болған. Ислам келгенде халықтың тез арада оны қабылдауына ықпал еткен нәрсе осы тәңіршілдік. Мәселен, ибн Фадлан өзінің қолжазбасында түркі даласына келгенде бұлардың сенетін тәңіршілдік дінінің исламмен ұқсастығына таң қалған.


БЕРЕКЕТ КӘРІБАЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:
- Ислам жүрген жерде бағындырған елдердің барлығын да қылыштың күшімен адамның қандарын судай төгіп, яғни күшпен, қара күшпен орнатты деген тұжырым, ғылыми тұжырым қалыптасып қалған. ... Ал мына қазақ даласына дешті қыпшақ аумағына жеткен кезде оны тарататындай халифатта күш те қалған жоқ. Яғни бұларда таратушылар бейбіт жолмен яғни миссионерлермен келді деген. 2130

Батыста Пиреней тауларынан асып өткен ислам қаруы испан жерінде Кордова халифатын, одан бергі Кіші Азия мен Парсы түбегіндегі елдерде ғұмыр кешудің үрдіс-салтын түгелдей дін ықпалымен араб халифатына бейімдеп кетті. Ал, дала түріктерінде мұның біреуі де болған жоқ. Табиғатында өзгенің билігін мойындамайтын түркілер тек Алланың иманын қабыл етті. Бірақ, бұл процесс өзгелерге қарағанда қазақ даласында мейлінше ұзақ, мейлінше еркін жүрді. Исламға бірте-бірте іш тартып, бүйрек бұруы дала түркілеріне оңай болмады. 961 жылы Қарахан мемлекеті батыл қадам жасап, исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Бұдан былайғы тұрмыс-тіршілік те, әдет-ғұрып та, әдебиет пен мәдениет те діннен алыстамай, елдің бірлігі үшін қызмет ете берді.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
-961 жылы Қарахан мемлекетінде Мұса қағанның кезінде мемлекеттік дін деп жарияланды. Сол уақыттағы Қарахан мемлекетінің басқару жүйесі, қоғамдық қатынастарды реттеу заңдылықтарының барлығы исламға негізделген. Түрік тарихшысы Зия Кабахшының айтуы бойынша, Қараханидтер кезінде Орта Азиядан үш жүзден астам фикх ілімінің мамандары шыққан.

Мемлекет басшысы Мұса қағанның бұл шешімінен кейін сол кездегі оған бағынышты елдің бәрі Исламды қабылдағанын аңғарамыз. Тарихшы З.Китапшы, В.Кляшторний, Т.Сұлтановтың келтірген деректеріне сүйенсек, бір күнде он мың үй исламды қабылдаған кездер де болған көрінеді. Ал «Тарихи рашидиде» бір күнде 360 мың адам исламды қабылдады деген дерек бар. Исламның бейбіт түрде насихатталуының нәтижесінде халық хақ дінді кең арнада қабылдап қана қойған жоқ, түркілердің ішінен көптеген дін ғұламалары шыға бастапты. Ибн Сина, әл-Фараби, Бируни, Матуриди секілді шариғатпен қатар пәлсапа ілімін меңгерген ғалымдар шықты. Сондай-ақ, Құран мен Сүннетті жоғары қойған Бұхари, Муслим секілді хадистанушылар төбе көрсетті. Ал дін насихаттауда зор еңбек еткен сопылар мен сопылық ілімге аялдап кету орынды. Әсіресе, Қожа Ахмет Яссауидің бұл тұрғыда жасаған қызметі мен елеулі рөлі айтылуы керек. Ясауи салған сара жол түркі баласын біріктірді. Бір қызығы, араб халифаты орнаған елдер араб мәдениетінің ықпалына ұшыраса, қазақ даласы өзінің төл мәдениеті мен дәстүрін сақтап қалды. Яғни қазақ даласы ислам дінін түбегейлі қабылдағанымен, басы бүтін арабтанған жоқ.

Ислам діні орта ғасырдың өзінде қазақ халқының бойына терендеп сіңе алмай, ескі наным-сеніммен астарласып, қатарласып жүрді. Халықтың рухы, діні ислам деп айтылғанымен, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы онша өзгеріске ұшыраған жоқ. Халықтың көбі көкірегі таза, бірақ діни сауатсыз қалпында қалып келді. Дін негізінен мектеп-медреселер арқылы, қала берді мешіт арқылы таратылатыны белгілі. Ал, көшіп жүрген қазақта олар болмады. Жаны таза қазақ бес уақыт намазды қатыра қоймаған соң, сенім-нанымды «Құдай өзі кешірсін, өйтеуір ниетім тазаның» төңірегінде болды.

НҰРЛАН АТЫҒАЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ:
-Өзінің түркілік наным-сенімдері бар тәңірге табынған тайпалар мекен еткен. Олардың өздерінің көшпелі ғұмырына байланысты наным-сенімдерге беріктігі де болды. Осы жерде айтумыз керек, ислам дінінің қағидаларын түркілік негізге бейімдеп, түркілердің арасына таратқан Қожа Ахмет Яссауидің ілімі.

Тегінде ислам қазақ көкірегіне қарашаның қымыранындай қою жұқпағанымен, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне жетіп жатты. Діннің мәнділігін, дәмділігін тұшына алмадым деп оны мансұқтап кеткен ешкім жоқ. Шариғат заңдарына толық сәйкес болмаса да, оң ниетін білдіріп, жығылып тұрып жүрді. Осы жағдай сол кездегі қазақтың көбіне тән десе де қателік емес. Қазақтың намазы шолақ болғанымен, сенген дініне деген ойы олақ емес. Болсам дейді, ұқсата алмайды. Сан ғасырлық тәңірлік наным сүйекке сіңіп, санаға құйылып қалғаны тағы бар. Алайда шариғаттың шарттарын үйретіп, исламның құндылығын, қасиетін ұғындыруға бар жағдай жасалып жатты. Осы ретте, тумаса да туғандай болып кеткен қожалар тарихы өз алдына бір дастан. Десек те, қожалар жайлы іргелі зерттеудің жоқ екенін алға тартамыз.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
-Қожа деген бірінші ұғым, пайғамбарымыздың кіндігінен тараған немесе дінді әкелуші деген халықтың жадында сондай ұғым сақталған. Бірақ оның негізгі мағынасы «ұстаз», «дін үйретушілер» деген сөз. Яғни ол жерде дінді үйретуші пайғамбарымыздың кіндігінен тараған ұрпақ немесе сахабалардың ізбасары болуы шарт емес. Кез келген дінді терең меңгерген адам ұстаз бола алады. Сондықтан қожалар туралы басты мәселе, қожалардың келу, таралу тарихын реттеп алу керек.

Тарих тегершігін бері дөңгелетсек, ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс ханның шапқыншылығы кезінде Исламның қанат жаюуы біршама уақытқа тоқырауға ұшырады. Әбілғазының «Түрік шежіресінде» Шыңғыс ханның Исламға қарсы болмағандығы айтылады. Десек те, оның ұрпақтарының бірі Исламға қарсы болса, бірі Исламның жоқтаушысына айналды. Мысалы, Шағатайдың баласы Күйік Орталық Азиядағы Ислам өкілдерін қыспаққа алса, Батудың баласы Сартақ христиан дінін қабылдап, осы діннің сойылын соқты. Ал, Жошының баласы Берке Кубравия тарихатының мүриді болып, Исламның туын көтерді. Шыңғыс қаған Орта Азияға алғаш қадам басқанда, алдынан шыққан ислам дінімен кеңірек танысып, тіпті, бұл дінге мойын сұнғаны да деректерде кездеседі.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
-Бұл да тарихта әлі анықталмаған нәрсе. Тарихи деректерге қарасақ, Шыңғыс хан алғашқы кезде жындарға, шайтандарға табынғаны туралы деректер айтылады. Дегенмен, ол туралы көптеген деректерде тәңір дініне табынғаны айтылады. Тіпті, Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресінде» орта Азияға келген кезде Самарқанның имамдарын шақырып алып, ислам діні туралы пікір алмасып, сонда исламның бес қағидасының төртеуін мақұлдағаны туралы айтылады.

Даңқты қағанның қабылдағысы келмеген төртінші шарты – қажылық парызы еді. Ондағы уәж Алланың жердегі жаратылысының бәрі де қасиетті. Неліктен бір ғана мекенді тәу ету керекпіз деген еді. Біздің исламды қабылдауымызға қатты әсер еткен қожалар институты болса, сол қожалар Яссауия мен Нахшбандия тарихатының өкілдері еді. Яссауия мен Нахшбандия ілімінің кең таралауына орай қазақ халқының әрбір руының өз қожасы, өз пірі болды. Бұл кезеңде дін таратушылар бұрынғыдай жалпы халықты емес, әрбір ру мен әулетті жеке нысанаға алғандықтан, Ислам шын мәнінде халықтың ішкі жан-дүниесінда салтанат құрды. Аталған екі тарихаттың айырмашылығы неде еді?

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
-Бұл мәселе де соңғы кезде ғалымдардың арасында үлкен дауға айналып жүр. Негізі бұл дауға айналатын нәрсе емес. Нақышбани тарихаты мен Яссауи тарихатының бірінші айырмашылығы біреуінің жария, біреуінікі құпия болуы. Бұл формада айырмашылық бар. Ал мәнде ешқандай айырмашылық жоқ. Құдайды сіз дауыстап зікір салсаңыз да ол да ғибадат болады, іштей салсаңыз да ол да ғибадат болады. Мәні екеуінде құдайды еске алу. Екеуіде құдайға тағат ғибадат жасап тұр, сондықтан ол формаға қарап үлкен бір айырмашылық бар деп айта алмаймын.


Ислам діні адамзат тарихы мен өркениетіне айрықша үлес қосқаны мәлім. Бұл діннің қанаты жайылған жерлерінде әрдайым ғылым мен білім дамып, адамзат адамгаршілік пен парасаттың шыңын ту еткен, құлазыған даланы сусындатып, бүкіл тіршілік иесіне мән берген. Қазақ та өзіндік тілі, терең тамырлы тарихы, рухани қуат алар құндылықтары бар текті халық. Армысыздар! Бағдарламамыздың осы санында өткен жолы баяндаған ислам дінінің қазақ сахарасына таралу тарихын жалғастырамыз.

Ислам дінінің Қазақ халқының жүрегінен орын алуына Яссауи тарихаты мен Нахшбандия тарихатының өкілдері айтарлықтай еңбек сіңірді. Қазақ халқы көшпелі тұрмыс кешкеннен кейін мешіт-медресе ұстай алмағаны анық. Бірақ, Қазақ халқы Исламмен ел кезіп адақтаған сопылардың уағызы арқылы танысқаны белгілі. Алланың құлы Мұхаммедтің үмбеті болған түркі баласы үшін хақ діннің маңызы әр кезеңде әр түрлі сипат алып отырды. Шыңғыс қаған ұрпақтарының еншісіне тиген Жошы ұлысында бой көтерген айбынды Алтын орда мемлекетінде ислам діні өгейсімеді. Әр хан өз заңын енгізіп, дінге қатысты реформаларын да жасап отырды. Әсіресе, Өзбек ханның тұсында ислам діні шырқау биігіне көтерілген еді.

БЕРЕКЕТ КӘРІБАЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:
-Тіпті алғашқы кезде, Алтын орданың алғашқы қабырғасын қалаған Батыйдың өзі дін мәселесінде қазір біз айтып жүрген сабырлылық сақталып жүреді. Жаулап алған халықтардың бұл шамандық дін бола ма, бұл тотемдік бола ма, ол христиан бола ма, ол ислам бола ма ешқайсысына қысым жасамаған.

Алтын орда, Ақ Орда, Көк орда деген тарихи атауларды бастан өткізіп, қазақ деген халық XV ғасырда өз алдына отау тігіп, Қазақ хандығы құрылды. Ол кезеңде хандық құрамына кірген халықтың бәрі мұсылман еді. Әйтсе де, монғол шапқыншылығы тұсында аймақта ислам дінінің ықпалы азайғанымен де, халқымыз хан-сұлтандармен бірге өздерін мұсылман санап, Құран оқып, қажылыққа барып, балаларын медресеге беріп, оразаларын тұтып, құдайға құлшылығын жасай берді. Ақ биенің сүтіне шомылып, ақ киізге көтерілген хандарымыз рухани тетік саналған дінге ерекше ден қойды. Мәселен, Қасым ханның жеке басының діндарлығы, Бұхара шейхы Абу Бәкір Саадтың мүриді болғаны, Тәуекел, Есім хандардың нақшбанди софыларымен одақ құрғаны, Абылай, Әбілхайыр хандардың тұсында, яғни, XVІІІ ғасырда ислам идеялары билеуші саяси элита үшін айрықша күшке айналды. Орыс деректерінде Абылайдың жасыл туы туралы, Қытайдың мәдени-діни ықпалынан сақтану үшін, мұсылмандықты берік ұстанып, дәстүрдің алтын дінгегі ретінде қабылдауды халқына міндет еткені жайында нақты деректер сақталған.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
-Есім ханның нақышбанди екені рас. Есім ханның нақышбандилерге Қарнақ медресесін салдырған рас. Қазақ даласына нақышбандидің таралуына өлшеусіз үлес қосқан адамның бірі Есім хан екенін мойындаймыз. Бірақ сол кезде нақышбанди кең насихатталды деп айта алмаймыз. Тәуке ханның Жеті Жарғысынан кейін нақышбанди кіре бастады қазақ даласына.

Қазақ хандығы кезеңінде іргеде жатқан орманды көршімізбен жақындастық. Екі мемлекет арасында бірнеше диполоматиялық байланыстар орнап, алыс-беріс көбейді. Алтын орда бұғауынан босанған орыстар етек-жеңін жиып, іргелі ел болды. Алтын орда мемлекетінің мұрагерлеріне көз аларта бастағанын да еш тарихшы жоққа шығармайды. Шығыстағы шүршіт пен қаптаған қалмақтан қорғанамыз деп 1731 жылдан бастап орыс шекпенінің астына тығылғанымыз әмбеге аян. Осы кезден бастап патшалы Ресей шеңгелін шындап батыра бастады. Ең әуелі шүйілгені де дін болса керек. Иван Грозный заманында мұсылмандарға қатты қарсыласып, ашық соғысқан еді. Тіпті, татарлардың жарымына жуығын шоқындырып жіберген. Алайда бұл патшадан кейін исламға тіс батыру біршама саябырлады. Отарлаудың алғашқы кезеңінде-ақ қазақтарға арнап Орынбор мүфтилігін құрып берген еді.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:

-Орынбор мүфтилігі 1789 жылы патша ағзамның арнайы грамотасымен құрылған. Бұл Орынбор мүфтилігінің құрылуының астарында үлкен саясат жатыр. Патша үкіметі орта Азияға ену үшін өздеріне ең бірінші кедергі дін болатынын білген. Біз ислам дініне қарсы емес деген көзбояушылық үшін қалқан жасап, Орынбор мүфтилігін құрып, оны арнайы мемлекеттік қазынадан қаржыландырып, татар молдаларын отаршылыққа қызметке пайдаланған.

СӘУЛЕБЕК РҮСТЕМБЕКОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ:
Алғашқы жаулау кезінде патша үкіметі ислам дініне төзімділік танытты. Былайша айтқанда, ислам дініне қолдау көрсетті. Себебі исламға қарсылық білдірсе, жаппай халықтық қарсылыққа душар болам деп қорықты патша үкіметі. Сондықтан бастапқыда исламға барынша қолдау көрсетті. Орынбор мүфтилігіне тағайындалған адам патшаға адал қызмет ететіндігі жөнінде ант берді. Патша үкіметінің отарлау саясатын жүргізуге тікелей ат салысты. Мәселен алғашқы мүфти Хусеинов Сырым Датұлының ұлт-азаттық көтерілісін басуға тікелей қатысқан кісі болды.

Осылайша татар молдалар құранын арқалап қазақ сахарасына жайылып кетті. Әліпті таяқ деп білмеген талай қазақ қарадомалағы татардың сымпылдаған шыбығының арқасында мұсылманша сауат ашты. Ауқатты байлар арнайы молда жалдап, ауыл балаларына әптиекті үйретті. Бұл кезең халқымыздың тіліне, әдебиетіне ықпал етпеді деп айта алмаймыз. Орыстың қолшоқпарына айналған татар молдалары қазақ даласындағы өз миссияларын осылайша «адал» атқара берді.

СӘУЛЕБЕК РҮСТЕМБЕКОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ:
-Татар молдалар қазақ даласында тек дінді уағыздаған жоқ. Сонымен бірге сауаттылықты да уағыздады. Қазақ балаларына арнап көшпелі мектептер ұйымдастырды. Сол уақытта байқасаңыздар қазақ тілінде татар тілінің әсері байқалады. Оны алғашқы қазақ басылымдарының беттерінен де байқауға болады. Тіпті, «Қазақ» газетінің өзінде татар сөздерінің әсері аңғарылып тұрады.

Алайда қазақ өзінің сан ғасырлық ғұрыптары мен дәстүрінен қол үзіп қалмады. Қайта мәдениетін жандандырып, жаңа бір сапаға көтерді. Өрісі таралып жатса да, орысы қыспаққа алып жатса да қаймана қазақ қасиетті домбырасын тастамады, құдайын ұмытпады, тойын тойлап, малын бағып күнін кеше берді. Ақ патшаның арманы бүкіл қазақ жерін шекпенінің астына басып, оның асты-үстіндегі байлыққа иелік ету екені түсінікті. Қолынан келгенше рухани дүниесіне де ауыз салып, тынысын тарылтқысы келді. Ал рухани дүниенің бір тірегі – дін. Демек, дінді қатты бақылауда ұстауды көздеді патша ағзам.

БЕРЕКЕТ КӘРІБАЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР:
Айналып келгенде, біздің бұрынғы этникалық болмысымызды жоғалтқан жоқпыз. Сол күйінде сақтап қалдық. Ислам арқылы қайта оны жандандырып, бұрыңғы ерсі қылықтан арылып этикалық, эстетикалық жаңа бір сатыға көтеріліп, бұның бәрі исламның арқасы. Бәріміздің құндылықтарымыз, тіпті қарап отырсаң мен айтқан болар едім, саяси өмірде және этникалық өмірде исламның ықпалы күшті.

ЕРКЕ ҚАРТАБАЕВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ:
Көшпелі өмір салтына тән өзіндік бір құндылықтар, екі халыққа ортақ болды, ақындық өнері, соның ішінде суырып салма ақындық дүниежүзінде тек осы екі халықта ғана бар екен. Түркілер де және түркілердің қарашаңырақты ұстап қалған қазақ халқында және арабтарда. Исламға дейін-ақ арабтарда ақындық өнер, соның ішінде суырып салма ақындық кеңінен жаңағы дамыған болатын. 1029

Көпке беймәлім мына деректі айтпай кетуге болмайды. Мұсылмандықтың символы саналған жарты ай белгісі қазақ даласына ислам дінінен әлдеқайда кейін келіпті. Оған әсер етіп, жарты айды қазаққа енгізген де орыс ұлықтары көрінеді.

ЕРКЕ ҚАРТАБАЕВА, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, ДОЦЕНТ:
- Патша үкіметі жаулағаннан кейінгі кезеңдегі қазақ даласындағы мешіттердегі бір ерекшелік – олардың төбесінде исламның символы ретінде жарты ай белгісі пайда болды. Атақты ғалым академик Бартольдтың айтуынша жарты ай белгісі патша өкіметі Орта Азияны толық жаулап алғаннан кейін пайда болған. Мұндағы жарты ай белгісін Түркиямен байланыстырады. Түркияның мешіттерінде де жарты ай белгісі бар екен.

Мұндағы патшалы Ресейдің ұстанған саясаты қазақты түркінің текті ұрпағы екенін есіне түсіріп, рухтандырып отырып, өзіне бағындыру. Бүкіл түркі жұртын бір тудың астына жинау деген жалған ұран арқылы отарлау саясатын жалғастыру. Сол кезеңде қазақ жұрты Түрік сұлтанын іштей мойындап, қандасым деп, бауырым деп іштартқаны белгілі. Бұдан кейін ислам қазақ қоғамында бейғам күйде дами берді. Тек патша тақтан кетіп, қызылдар империясы кеңес үкіметі орнағанда жағдай қиындады. Алайда үкімет басындағылар исламның зиянынан пайдасы көп екеніне кейіннен көз жеткізді.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
Совет үкіметі орнаған кезде дін өкілдері қатты қуғынға ұшырады. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Башқұртстанның сол кездегі мүфтиі «Отанды сүю иманнан» деген хадиске сүйене отырып, бүкіл мұсылмандарды неміс фашистеріне қарсы соғысуға үндеді. 43 жылдан бастап Кеңес Одағында 4 мүфтият құрылған. Кавказ өңірі, Татар, Башқұрт және Орта Азия. Орта Азияға бір мүфтият құрылды. Орталығы Ташкентте болды. Оған тек қазақ бағынған жоқ, оған түрікмен де, тәжіктер де бағынды.

Осылайша адамзаттың игілігіне түскен хақ дін ислам қысылтаяң шақта қызылдардың пайдасына жұмыс жасады. Бұған дейін қазақ қоғамында елдің жоғын жоқтап, халық үшін қызмет ететін зиялы қауым өкілдері тарих сахнасына шықты. Сол замандағы ең білімді, ең озық ойлы, саяси сауатты саналған сүт бетінің қалқыған қаймақтары осы исламмен сусындаған. Ислам дінінің қазақ халқының рухани өмірінде ерекше орын алатындығын, имандылықтың, адамгершіліктің негізі екендігін әр кезеңде халқымыздың алдыңғы қатарлы озық ойшылдары жеткілікті түсінген. XX ғасыр басында жалпы ұлттық сипатқа ие болған Алаш қозғалысының өрістеуіне ислам дінінің маңызы ерекше болды. Алаш қайраткерлерінің мұсылманшылдық ұстанымын айқындаған басты себеп – олардың ислам діні мен ғылымынан сусындап, мұсылманша тәрбие алғандығы.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
«Айқап» журналының төңірегіне жиналған зиялылар, егер қазақ мемлекеті құрылатын болса, ислам дінінің заңдылықтарына негізделу керек деген ұстанымда болды дейді. Ал «Қазақ» газетінің айналасындағы зиялылар мемлекетті басқару жүйесінде европалық жүйені таңдады. Бірақ бұлар исламды емес, әдет-ғұрыпты қоғамдық құндылық ретінде жақтаған. Осы жерде де қақтығыстардың, кереғар көзқарастардың бар екенін көруге болады.

Қазақ қоғамының даму жолы және ондағы діннің алатын орны мәселесінде Алаш зиялыларының арасында екі жақты көзқарас қалыптасты. Бір жағынан, Ресейде білім алып, орыс әдебиеті мен мәдениетінен сусындаған зиялы топ халықтың жарқын болашағын батыстың озық мәдени үлгілерін қабылдау арқылы түсіндірді және дінді екінші орынға қойды. Екінші жағынан, исламдық рухта тәрбиеленген, ислам дінінің үлгілері мен ережелерін өз бойына терең сіңірген зиялы қауым дінді басты орынға шығарды. Олар ислам ілімінің ғылым мен білімнің дамуына зор ықпалын көрсете келе, ұлт тұтастығын діни тұтастықпен тікелей байланыстырды. Алаш қайраткерлерінің ішінде ислам дінінің көптеген ірі өкілдері болды. Солардың бірі Ғұмар Қарашұлы еді.

МҰХАН ИСАХАН, ИСЛАМТАНУШЫ:
-Алашорда үкіметінің кейбір қабылдаған заңдарында мүфтият құру мәселесі көтеріледі. Ғұмар Қараш бабамыз алғашқы қазақ мүфтиі болып саналады. Орынборға, татар молдаларға бағынбайтын өз алдына жеке қазақтың өзінің мүфтияты болу керек деген мәселені нақты құжат күйінде бекітіп берген. 4818+4900 Ғұмар Қараш Алашорда үкіметінің белсенді мүшелерінің бірі болған. Оның сол кездегі Қазақстанның мүфтиятының басына келуі Алаш қайраткерлерінің дінге теріс көзқараста емес екенін, дінді біржақты қолдап отырғанын байқай аламыз.

Атап айтар болсақ, бірінші, екінші жалпықазақ съездерінде дін мәселесі күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі болды. «Алаш» партиясы бағдарламасына дін ісі жеке тарау ретінде енгізілді. Дін хақындағы көзқарастарының көпжақтылығына қарамастан қазақ зиялылары өз дәуірінде қол қусырып, жылы-жұмсаққа бөленіп отырған жоқ. Олар елдің болашағы, ұлттың тұтастығы мәселерін шешуде аянбай тер төгіп, өздерінің қайтпас табандылығы мен ұлжандылғын көрсетті. Ал 1943 жылы Ташкентте Орта Азия мұсылмандарының алғашқы құрылтайы өтті. Онда Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылып, Бас мүфти болып Ишан Бабахан Абдулмажитхан сайланды. Қазақстанда қазият құрылып, Шамсутдинов қази болып тағайындалды. 1952–72 жылдар аралығында Сәдуақас Ғылмани қази болды. Діни басқарма 1990 жылға дейін Ташкентте орналасқандықтан және кеңестік саясатқа байланысты Қазақстанның діни-рухани өміріне ықпал ете алған жоқ. Ал 1990 жылы 12 қаңтарда ҚМДБ құрылып, Рәтбек қажы Нысанбайұлы бас мүфти болып тағайындалды.

Дана сөздерімен бойымызға иманды дарытқан, Аллаһты аузынан тастамаған, шариғаттан аттамаған бабалардың ұрпағы, асылдардың сынығы едік деп мақтанамыз, ал, өзіміз кейінгі ұрпақ мақтанардай не қалдырудамыз? Ұлымыз иманға келіп намазға жығылса: «Не болды сонша, жас емессің бе?» деп Ібілістің сөзін сөйлейміз. Біреу арақ-шарапсыз адал той жасаймын десе, бүткіл ағайынымызбен өре түрегеліп қарсы шығып жатамыз. Тектілігімізді жоғалтпай, бабалар салған даналықтың сара жолын, Исламның жарық нұрын ұрпақтарымызға төге білейік, ағайын!

http://www.almaty.tv

 

 

 

Оқылды 11647 рет
JoomShaper
Top