Ислам тарихы және түркілер

Жексенбі, 06.07.2021
Ислам тарихы және түркілер

Араб мұсылман халифаты дәл шығыс аймақтардан түркі даласына ене бастады. Қазіргі Ауғаныстан мен Түрікменстан, Өзбекстан мұсылман араб халифаты әскері тарапынан жауланды.

Төрт ұлы халифалар Әбубәкір(ғ.с), Омар(ғ.с), Осман(ғ.с), Әли(ғ.с) заманында Рим мен Иран патшалығы саяси-қоғамдық салдарынан белең алған ішкі күйзелісінің кесіренен араб сахрасынан бастау алған сыртқы жаңа қарқынды саяси күштің тегеуреніне төтеп бере алмай күйреді. Түркі елінің көршісі Иранның 642 жылы Наһавәнд мекенінде халифат әскерінен ойсыра жеңіліп мұсылмандарға жеңістің жеңісін сыйлап, салтанат тағы құлаған соң халифат билілі шығысқа көз тігіп, Мауароннәһр мен Орталық Азия яғни түркі даласының оңтайлы қақпасын ойына алып, әскер күшін сол жаққа қарай жылжыта бастады. Өйткені Осман халифа заманында Хорасанның бір бөлігі мен тәбәрестан ислам әскері тарапынан жауланды. Соның ізімен Мүавйе ибн Әбусофиян (632-661) жеңіс өрісін шығысқа қарай кеңейте берді. Сол дәуірде түркі даласы иранның шығысындағы Хорасан аймағымен шектесіп жатқан еді. Тіпті қазірдің өзінде иранның шығыс пен солтүстік шығысында орналасқан провинция Хорасан деп аталады. Оның орталық қаласы Мәшһәд шаһары иранның неше миллион халқы бар ірі қалаларының бірі.

Мүавйе ибн Әбусофиян, ұммиие халифатының (632-750) негізін салушы, билік тізгінін қолға алған соң Осман ибн Аффан үшінші халифа заманында басталған шығыс өлкелердің жаулап алу саясатын жалғастырды. Сол үшін Хорасан аймағына лайықты әмір тағайындауды бұйырды. Халифаның бұйырығы бойынша Бәсра мен Хорасан өлкелерінің басқарушысы болып Абдолла ибн Амер тағайындалды. Үш жылдан кейін орнын Обейдолла ибн Зәияд басты. Ол , Һәкәм ибн Әмру Ғәффариді Хорасан өлкесіне әмір етіп бекітті. Жаңа әмірдің белсенді һәм ынталы болуының арқасында Жейһун мен Сейһун арасындағы Мауароннәһрге бірнеше рет жорық жасалып, халифат әскері бірнеше жеңістерге қол жеткізді.

Мавароннәһр Орталық Азияны жаулау жолындағы негізгі қақпа болатын. Мұсылман араб халифатының жеңісті шабуылдары түркі даласы түрлі аймақтарға бөлініп, тәуелсіз патшалыққа ие елдерге айналған кезге тап болған еді. Сонымен бірге халифат әскері Иран сияқты бай, ірі империяны құлатып, оның бай қазнасын олжалап әбден масайған күйде болғандары да халифатты Орталық Азия мен Қытайға да көз салуға түрткі болды. Өйткені Қытай мен батыс елдер арасындағы керуен сауда жолдары да халифатты қызықтырмай қоймады. Ол кезде Иран жерімен шектесетін түркі даласы бес патшалыққа бөліп үлгерген еді. Олар: Соғд орталығы Самарқан, Харезм орталығы Горган, Чәғаниян орталығы Чәғаниян, Жейһун өзенінен түркі даласына алғашғы аймақ болып саналатын Хотәл орталығы Һелик, Жейһун өзені жағалауын бойлаған Тохарестан орталығы Бәлх қаласы болып бес патшалық ел болғаны кең байтақ түркі даласы біртіндеп бөліске түсе бастағанын байқатқан кез еді.

Соғд елі Жейһун мен Сейһун өзендер арасында орналасқан суы мол, қалың орман, нулы жерімен әлемнің жаннаты аталатын. Харезм елі Орталық Азиядағы әйгілі өлкесі Хива депте аталады. Тохарестан Бәлх пен Бәдахшан арасында орналасқан өлке еді. Иранның Сасан патшалығы араб халифаты әскерінің қолынан құлағанға дейін Жейһун жағалауларынан Үндікеш тауларының өткелдеріне шейінгі аумақты алып жатқан кеңістікті қамтыған. XIII ғасырда өмір сүрген Жақұт Һәмәви «Моһжәм әл-болдан» кітабында: екі Тохарестан болғанын жазған. Бірі- жоғары Тохарестан, ол Бәлхтың шығысы Жейһунның батысында орналасқан өлке. Екіншісі- төменгі Тохарестан, Жейһунның батысы аяқталған жерден шығысына қарай жоғары Тохарестаннан алысырақ аймақ болған. Араб халифаты жорықтары басталғанда түркі тамырлы тайпалардың билігіне өткен болатын. Чәғаниян Жейһун өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан өлке. Патшаларын «чәған ходат» деп атаған, сол себепті чәғаниян елі болып танылған. Хотән бұрынғы Шығыс Түркістандағы бір қала есімі, кейде шығыс Түркістан түгелдей Хотән аталатын. Хотән мен Хәта мұсылмандардың жазбаларында солтүстік Қытай мен шығыс Түркістанға берлілген, олардың тұрғындары түркілер болған.

Түйіндеп айтқанда жоғарыда аты аталған өлкелер Түркі империясының біртіндеп шығыстан батысқа қарай іргесі сөгіле бастап әр түрлі атаулармен жеке патшалықтарға бөліне бастағанын көрсетеді. Араб мұсылман халифаты дәл шығыс аймақтардан түркі даласына ене бастады. Қазіргі Ауғаныстан мен Түрікменстан, Өзбекстан мұсылман араб халифаты әскері тарапынан жауланды. Одан кейінгі жылдар бүкіл Орталық Азия мен бұрынғы Шығыс Түркістан қазіргі Шың Жияң өлкесі Ислам дүниесіне қосылды.

Обейдолла ибн Зәияд 676 жылы Хорасан тағынан алынды. Сосын Саид ибн Осман Хорасанға әмір болып тағайындалды. Ол Орталық Азияға Мауароннәр арқылы қол жеткізуді мақсат еткен соң Жейһун өзенінен өтіп, Бұхара маңына келіп орда тікті. Сол жерден Бұхара әмірі Хатунға елші жіберді. Хатун: «мен бұрынғаша Обейдолла ибн Зиядпен жасалған бейбіт келісімін мойындаймын»,-деп тиісті салықтың бір бөлігін Саид ибн Османға жіберді. Әмірде қабыл алды. Кенет Хатунға Соғд, Кеш, Нәхшәб жақтардан көмекке әскер ағыла бастады. Олардың саны бір жүз жиырма мың жауынгер болды. Сол үшін Хатун араб әмірімен жасаған келісім үшін һәм жіберген сыи-сияпат үшін өкінді. Хатун ретін тауып,бейбіт келісімнен бас тартты. Сосын екі жақ соғысқа дайындалып, әскерлері бір-біріне қарсы тұрып сап түзеді. Сол мезетте Хатунды жақтаушы жауынгерлердің көңіліне үрей ұялап, артқа шегіне бастады. Қолдаусыз қалған Хатун қайтадан бейбіт келісімге келуді ойластырды.

Сол үшін мұсылман әміріне бұрынғыданда молырақ сыйлықтармен бейбіт жолмен табысайық деп елші жіберді. Саид ибн Осман: «мен Соғд пен Самарқан жаққа қарай барамын. Сен менің жолыма бөгет жасамауына сенімді болуым үшін сен маған кепілдікке құнды дүние жіберуге тиіссің»,- деп хабар берді. Хатун оның ұсынысын қабыл алып, сексен шаһзаданы Саид ибн Османның жанына кепілдік ретінде жөнелтті. Осылайша Мауароннәһр мен Орталық Азияға қарай халифат әскерінің жеңіс туы желбіреп 676 жылынан 715 жылына дейін жалғаса берді. Өйткені аталған жылдары халифат тізгіні саясаткер халифалардың қолында болды. Бірі- Әбдімәлік ибн Мәруан (685-705), бұл халифа заманында арабтар тұңғыш рет металдан теңге басып шығарып, мемлекеттің рәсімдеу құжаттарын парсы тілінен араб тіліне ауыстырды.

Сондай-ақ сол кезде халифаттың ішкі және сыртқы қарсыластары көбейе әрі күшейе түскен еді. Сол үшін билікке қарсы топтарды жаншып тастау үшін мейірімсіз Һожаж ибн Юсұпты оң қолы етіп, Ирак өлкесін басқаруға тағайындады. Һожаж қарсыластарға нұсқап: «мен шабылып тастайтын бастарды көріп тұрмын. Мен сәлде мен сақал арасында ағып жатқан қанды көріп тұрмын.»,-деген сөздерінен оның асқан қатыгез түйсік пен түсініктің иесі екендігін көрсететін буы бұрқырап тұрды. Һожаж билікке қолдау жолында жауыздықтың бояуын қоюлатты. Мәселен Хорасан әмірі болып, Мауароннәһрді билеуге қойған Моһләб ибн Әби оның қатал саясатын жүзеге асырып жатты. Моһләб 701 Кеш (Шаһар сәбз депте аталатын қазіргі Өзбекстандағы бір қала) маңында орда тікті. Сонда Кеш, Бұхара, Хотәл, Мәрв тұрғындарын халифаға қарсы жұмсартып, көңілдерін тыныштандырды. Моһләб 703 жылы сондағы бір қамалда тұрып жатқанда сырқаттанып дүние салды.

Һожаж 705 жылы Әбдімәлік қайтыс болғанда жан-жақтан қарсылықтар қарқын ала бастаған кезде Хорасанға әкім етіп Құтейбе ибн Мүслімді жіберді. Ол Әбдімәлік ибн Мәрван қайтыс болған жылмен тұспа тұс болғандықтан оның ұлы Вәлид ибн Әбдімәлік (705-715) билік басына келіп, Ислам елдерінің халифаты болып бекінді. Құтейбе әуелі Моһләб әулеттерінің рулық сезіміне ерік берген саясатынан бойын аулақ ұстады. Сосын қалың қолмен әскери жорықтарын Мауароннәһр мен Орталық Азияға бастады. Жейһун өзенінен өтіп, бұрындары жаулап алынған аймақтар халифатқа бағынбай кеткендері үшін қайта жаулана бастады. Бүлік шығарушы елдердің жалынын басты. Мәселен Тохарстанды қайта жаулап алды.

Құтейбе Мәрв қаласын жорықтарына орда етіп алды. Хорасанның бас ауыруы Низәк деген халифатқа қарсылас адам болды. Хорасанның әмірлері неше жыл бойы онымен алысып қолға түсіре алмай әуре-сәрсенге түсіп келді. Құтейбе Тохарстанды жеңген соң да Низәк қайта Тохарстан басшылығын мұсылман әмірлігіне қарсы қоя білді. Сол себепті құтейбе олардың бүлігін басу үшін тағы бір рет Тохарстанға жорыққа шықты. Бұл рет Низәкті жеңіліске ұшыратып, өзін өлтірді. Бұл жеңістен кейін ұзақтарға көз жіберіп, Бұхара жаққа бет алды. 706 Бикентке шабуыл жасап, ол жерді қоршауға алды.

Қоршаудағы ел Құтейбемен бейбіт келісімге келуді ұйқарды. Екі тараптың келіс сөзінен кейін де Бұхара халқы әмір билігіне көне алмай қайта көтерілді. Содан Құтейбе соғыс арқылы Бұхара елін жаулап алуына тура келді. Жеңістен кейін тынығу үшін Мәрвге оралды. Осылайша Мәрв қаласын қосынының қыстағына айналдырды. Жаз шыға аймақтарға жорыққа шығатын болды. Үйістіп Бұхараны үш жыл бойы шабуылдап жаулады. Құтейбе жеңісті шабуылдарын Жейһун жағалауларынан бастап 709 жылы Самарқанды бейбіт жолмен өз билігіне өткізді. Самарқан сол заманда қытайдан әкелінген қағаз жасайтын ірі заводы бар Соғд өлкесіндегі ірі қалалардың бірі болатын.

Құтейбе одан соң 712 жылы Харезм шаһарын да бейбіт жолмен қолына алды. Дегенмен Самарқан араб әскерінің үстемдігіне қарсы бірнеше рет бүлік шығарды. Бірақ барлығын Құтейбе әскері басып тастады. Соңында 714 жылы түгелдей түркілер мекендеген Шаш, Ферғана, Кашғар жаулағысы келді. Бірақта олардың үлкен қарсылығына тап болды. Сондықтан Құтейбе бірнеше жорықтардан кейін діттеген мақсатына қол жеткізе білді. Шаш, Ферғана, Кашғарды жаулап алған Құтейбе бұл жеңістен соң Кашғардан Қытай шекарасына дейінгі өлкені өзінің билік құрамына алғысы келіп, әрекетке көшейін дегенде Құтейбенің қолдаушы, демушісі болып жүрген Һожаж ибн Юсүф Ирак пен Хорасанның ұлы әмірі қайтыс болғанын естіп, көңіл-күйі түсті. Бірақта халифа Вәлид болған жағдайға қарай Құтейбенің жағдайын түсініп, оған хат жазып, көңіл айта отырып,оның Ислам жолындағы ғазауат міндеттерін ескертті. Содан Құтейбе бұрынғы ойын жүзеге асыру үшін Мәрв қаласынан Кашғарға қарай бет алды. Кашғар 715 жылы жаулап алғанда Қытай императоры оған елші жіберіп, келіссөз жүргізу үшін делегат жіберуін өтінді.

Құтейбе оның өтінішін қабыл алып Һобейре ибн Мошмәреждің басқаруымен Қытайға жөнелтті. Соның нәтижесінде мұсылман әскерлері жеңісті жорықтарын жалғастырмай қытай шекарасында тоқтатты. Бұл келісімде халифат шығыс пен батыс арасындағы үлкен көлемдегі сауданың түсіміне көберек мән беріп, әскери шабуылдардың орнын саяси-экономикалық байлыстармен ауыстырған болды. Осыншама әскери-саяси жеңістерге қол жетікіп Үммиие халифатының территориясын кеңейтуге еңбек сіңірген Құтейбе ибн Мүслім саясаттың құрбаны болды. 715 жылы Вәлид ибн Әбдімәлік орнына Сүлейман ибн Әбдімәлік халифат тағына отырғанда Құтейбе одан өзіне қарсы болар ма екен деп сескеніп, халифаға бағынбай кетті.

Бұл жағдайды пайдаланып Құтейбені жақтырмайтын Вәкиһ ибе Һессан Тәмими әскерлерді оған қарсы қойып, Фарғанада оны онбір балалар мен немерелерін қосып қырып салды. Сосын олардың басын Сүлейман халифаға жіберді. Тоғыз жыл жеті ай Хорасанның әмірі болған Құтейбенінің өмірі осылай аянышты халде аяқталды. Бірақ мұсылман халифаты түркі даласына нық аяқ басу үшін Құтейбеден кейінде талай шайқастарды түркілерге қарсы жүзеге асырды. Мәселен Һешам ибн Әбдімәлік халифа заманында Мауароннәһр мен Хорасанға әмір болған Нәсір ибн Сәииар түркілермен соғысып көбіне жеңіп отырды. Нәсір түркілермен айқасып жүргенде 749 жылы Әбумүслім Хорасани оған қарсы шығып, Мәрвге қарай бет алды.

Нәсір бұл қысымнан құтылу үшін Мәрвден Сәрәхсқа қарай қашып, ол жерден Ираққа аттанды. Нәсір келесі жылы Рей қаласына жақын орналасқан Саве қаласында дүние салды. Ол кезде сексен бес жасқа келген шағы еді. Осылайша Аббас әулетін халифатқа жетуге қолдау көрсетіп жүрген ирандық сардар Әбумүслім Хорасани 750 жылы Үммийе халифатын құлатуға негіз болды. Сөйтіп өзі жаңа құрылған Аббас халифат атынан Мауароннәһр мен Хорасанға әмір болып халифат тарапынан бекіді. Аббас халифаты 1258 жылы саяси сахнадан кеткеннен кейін түркі нәсілінен Осман халифаты 1299 жылынан бастап 1923 жылына дейін Ислам дүниесінің билігін қолында ұстап тұрды. Бұл кезеңде ұлы жеңістердің бірі сұлтан Мұхаммед Фатиһтың Истанбол қаласын 1453 жылы жау қолынан азат етуі болып саналады.

Бұл өте маңызды жайыт болғаны үшін терең ойлау мен зерттеуды қажет етеді. Алайда, Ислам дінінің күні бүгінге дейін ғалымдар мен ойшыл тұлғалардың назарынан түспей қарапайым халықтың жүрек тағында патшалық құрып келе жатқан сыры әскери күштің жеңісінен гөре Исламның дүниетану табиғтында әрі Илаһи қуатында жатқанын көрсетеді. Оған дәлел Искендір, Атилла, Шыңғыс хан секілді әлемді жаулаушылардың жеңісі тарих тозаңына айналып тек қана тарих жадының естелік қазынасына қор бола білді. Ал, Ислам құндылықтары адамзат өмірінің құрылымына негізгі ірге тас балып қаланып қалды. Әрине оның сыры рухани құпияға толы Илаһи құдіреттің шексіз тұңғыйығында жатыр. Оның көрінісін ортағасырлық Ислам өркениетінің адамзат тарихында жаңа өрлеу кезеңінен анық көре аламыз.

Ислам дүниесінің саяси тағдырына Түркістан топырағынан шыққан көптеген хандықтар мен империялар қомақты үлес қосты. Олардың бір сыпырасы Қара хан қағандығы(942-1212) Ислам мемлекеті болып жариялануына байланысты өлшеусіз үлес қосты. Ал, Алтын Орда (1243-1503) Дешті Қыпшақта (Қыпшақ даласы) құрылып, түркі тайпаларын біріктірді. Қыпшақ тайпасымен кең көлемде тығыз байланыста болып Қыпшақ мемлекеті депте аталып кетті. Сондай-ақ Анадолы, Сирия, Египет сынды мұсылман елдермен саяси-экономикалық қатынаста болды. Алтын орда мемлекеті мен Египетті билеп тұрған Мәмлуктер (1250-1390) арасындағы қарым-қатынас жақын қандас бауыр арасындағы байланыс болды. Өйткені екі жақтта да Қыпшақ тайпасы сандық көрсекіші жоғары болды. Соның әсерінен 1312 жылы Өзбек хан Алтын Орда мемлекетін Ислам мемлекеті деп жариялады.

Мәмлуктен шыққан Құтыз бен Бейбарыс Ислам елін сыртқы жаулардан қорғап оның қалыптасып дамуына өлшеусіз үлес қосты. Нақтырақ айтқанда Мәмлук қосыны 13- ғасырда моңғұлдың Һолагу әулеті әскерін күл-талқан етті. Ал 1260 жылдың 3-қыркүйегінде Аин Жәлут мекенінде Сирия мен Палестинаға жасалған кресшілер әскерін жеңіліске ұшыратып, олардың жорығына тойтарыс берді. Осылай мұсылман елдерінің күйреуіне жол бермеді. Әмір Темірден (1336-1405) Түркістан қаласында жәдігер қалған Қожа Аһмет Йасауи кесенесі рухани мәнін күні-бүгінге дейін жойған емес. Әмір Темірдің бесінші ұрпағы Зәһиреддин Мұхаммед Бабырдың (1483-1530) құрған империясы (1526-1858) Ислам мәдениетіне құнды жазба мұралармен бірге әлемге әйгілі Үндістанның Агра қаласындағы әсем Тәж маһал ғимаратымен әлем өркениетіне қаншалықты үлес қосқанын айқындай түседі.

Анадолы топырақтарында Осман Қазы(1258-1326) негізін қалаған Осман халифаты(1299-1923) әлем өркениетінің қақпасын мәдениет пен руханият дүниесіне ашты. Жоғарыда аталған хандық пен патшалықтардың түбіріне мұқият зер салғанда бәрінің де бастау көзі Түркістан. Осман Қазы болса Оғыз тайпасынан тараған Қаи руы. Олар Түркістаннан Анадолыға барғанда Қония Селжұқ сұлтаны тарапынан Анадолының батыс аймағына шекарашы қызметіне бекітіліп сонда аяқ тіреген еді. Ғалымдар Оғыздарды көбінесі Түркия, Әзірбайжан және Түрікмендердің арғы аталары деп айтып та жазып та келді. Мәселен

Алайда кейінгі зерттеулерге қарағанда Оғыз жалпы қыпшақ тобының арнайылағанда қазақтың бір тамыры деген зерттеушілердің қортындысы шындықтың аулынан алыс емес. Ғалымдардың уәжі бойынша Оғыз негізінде, теле тайпаларының бірі. Ал теле – динлин тайпасының кейінгі атауы. Сондай-ақ Солтүстік Моңғолиядан Еділге дейінгі аумақты мекендеген «теле- түрік тілдес тайпалар бірлестігінің жалпы атауы. VI ғасырға дейін-ақ теленің ауқымды бөлігі Кавказ және Қара теңіз аймақтарына жеткен». Қытай және Жапония тарихшылардың айтуынша «биік арбалы»і «дили» (динлин) кең мағнада телелердің, ал, тар мағнада түріктердің арғы атасы. Түрік шежіресі б.з.б.III ғасырдағы динлиндерден бастау алады.

«Динлиндер IV ғасырдың соңы-VI ғасырдың ортасында Азия даласының шығыс бөлігін де, яғни шығысында Үлкен Хинганнан бастап, батысында Балхашқа дейінгі аумақты қамтыған зор империяда билік құрған жужандарға, кейін 552-555 жылдары оларды жеңген түрік тайпаларына сіңісіп кеткен».

II. Көктүрік империясы құлап тынған соң бір мезгілде Ұйғыр қағандығы, Хәзәр қағандығы және Мауароннәһрде Оғыз қағандығы құрылды. Міне тарих толқындарынан түрлі атаулар мен түрлі түріктектес империялар құрылды. Содан IX-XI ғасырларда Сырдария өзені мен Арал көлі маңын және Каспий теңізінің оңтүстігін мекендеген теле тайпаларының бірі –Оғыз болды. Сонда өмір сүрген Оғыз мемлекетінің орталығы Сырдарияның төменгі ағысында орналасқан Жаңакент(Жанкент) қаласы болды. Қазіргі Қызылорда облысы, Арал көлі маңында Қазалы қаласына жақын жерде орналасқан Жанкент қаласы Оғыз мемлекетін Харезм, Мауароннәһр және Хорасанмен баланыстырып тұрды. Осыған орай жазба дерек ретінде Махмұт Кашғари «диуан-е лұғат түрік» кітабында: Сауран, Сүткент, Сығанақ, Қарнақ, Жентті оғыз қалалары және Маңқыстауды Оғыз өлкесінің бір аймағы деп жазады.

Ал қыпшақтар болса, динлин ұрпағынан екендігі Сарық атауынан байқалады. Тіл білімі арқылы оның түбіріне үңілгенде «Қыпшақ еліне әрідегі ғұндарды сары-би (сарылар) деп атаған. Қазақтар сәнби деп жүр. Қыпшақтың арғы отаны VII ғасырда динлиннің талай ұрпақтарына отан болған Алтай-Саян қыраты.

Оғыздар туралы көптеген деректерді қарастыра зерттеп ғұмыр бойы тыным таппаған Түркияның тарихшы ғалымы Фаруқ Сумер (1924-1995) өзінен көптеген кітап мұра етіп қалдырды. (кітаптары: Оғыздар, Мәлаз-герд шайқасы, Қарақойынлылар, Анадолы моңғұлдары, Қарамандар, Ирак, Сирия, Анадолы түріктері, Анадолының түркіленуі, Сәфәви патшалығының құрылуы мен дамуындағы Анадолы түріктерінің рөлі.т.б)(Фаруқ Сумер түркі дүниесінің нағыз жанашыры болған үлкен жүректі, таза жан еді. 1980 жылдарының бірінде мені онымен марқұм Халифа Алтай ағамыз бір рет жақыннан таныстырып сұхбаттасуды нәсіп еткен. Мен сол кездесуда ғалымның түркі тарихы жайында айтқан ойларынан жақсы әсер алып, асқан ризалықпен көңіл жадымда сақтап жүретін болып, еш қашан ол кісіні ұмытпағам. Әсіресі оның шегелеп айтқан: « қазақ тілі түркі тілдерінің ішінде ең таза әрі бай һәм әуенді тіл»,- деген түйіні есімде мәңгіге бекіп қалғандай болды. Дүниеден өткен екі пәк жүректің жандары жаннатта болғай деп Алладан тілейміз).

Тарихи зерттеулерге қарағанда көктүріктер қағандығының басты мақсаты барлық түріктектес тайпалардың басын қосып ұлы мемлекет болу еді. Бірақ ол арманға еркіндік пен билікті аңсайтын түркілердің болмыстық табиғаты оңайлықпен көдігісі келмей жүретін. Сондай бағынышқа бой бермей жүргендердің бірі де Оғыз тайпасы болды. Б.з. I ғасырында оғыздар бірде өздері жеке басы, бірде көктүріктердің қоластындағы өзгеде түрік тайпаларымен бірігіп, көктүріктерге қарсы бас көтеріп шайқасып жүрді. Оғыз тайпасы Көктүрік империясына бағынышты түрде VIII ғасырдың соңынан Он оқтар, Түргештер құрамында, кейін Сыр бойындағы оғыздар қағандығы болып өмір сүрді. Сосын Селжұқ империясының негізін қалаған тайпа ретінде Ислам дүниесінің өркендеуіне мол үлес қосты. Түйіндеп айтқанда тұтастай Ислам өркениетіне үлес қосқан түрік тектес халықтарының тарихи-жағрафиялық тамыры тереңде жатқан қандас, туыс халықтар. Олардың рухани –адами қуаты адамзат тіршілігінің кешегіне әлі талай игілік жасай алады..

Ислам Жеменей

Филология ғылымдарының докторы,

SDU профессоры

 

 

 

 

Оқылды 990 рет
JoomShaper
Top