Салафизм шырғалаңын айқындауға бір қадам

Сейсенбі, 21.06.2021

Байқасақ, соңғы уақытта отандық ақпарат көздерінде елдегі діни ахуалға қатысты проблемалар экстремизм және терроризм тақырыптарымен ұласып жиі көтеріліп жатады. Олардың көбі ислам атын ұрандатқан ағымдар төңірегінде қозғалуда. Ата дініміз жайында жағымсыз ақпараттардың қайта-қайта жариялануы ел арасында сан-алуан исламофобиялық қате көзқарастардың таралуына әкеп соқтырды. Мұнымен қоса бір діннің ішінен жеке дара бөлініп, өзінің ұстанымдарын ғана ақиқат деп білетін діни топтардың әрекеті салдарынан қоғамда діни негіздегі араздықтардың орын алуына да куә болып отырмыз.

Олай болса, қалыптасқан бұл жағдайларға қатысты «неліктен ислам дінінің айналасында туындалған даулы мәселелер бізге, қарапайым қазаққа шешімін табуы қиын, үлкен проблемаға айналған және бұл проблемаларды тудырып отырған себептер мен олардың салдарлары қандай болмақ?» деген заңды сұрақтар туындайды.  Қойылған осы сұрақтардың жауаптарын талқылап көрейік.

Бүгінде Қазақстан аумағында 18 конфессия заңды тіркеліп қызмет етіп жатқандығы баршаға мәлім. Дегенмен, халқымыздың басым бөлігі исламды ежелден дәстүрлі дін етіп ұстанғанын ескеру керек. Біздің ұлттық болмысымыз бен руханиятымыз да, күнделікті тұрымыс-тіршілігіміз де және қоғамдық қатынастарымыз да осы діннің құндылықтарымен біте қайнасқан.  Яғни, бұл діннің қоғамдық және жеке өмірімізге ықпалы орасан зор. Сондықтан мұндай қуатты әлеуетке ие болған діннің айналасында туындайтын даулы мәселелер тұтас бір елге де өз әсерін тигізетіні анық.

Мұның көрінісін ел аумағында тіркелмей заңсыз әрекет ететін діни ағымдар мен топтардың қызметінен көруге болады. Өйткені дін – өте нәзік мәселе. Оның моральдық қағидаттарын түсінбеген адам діннің заңнамалық, құқықтық нормаларын дұрыс қолдана алмайды. Мұндай да діндардың қате түсініктерді байқаусыз сенім ретінде қабылдауы оңай. Деструктивті идеялардың шырмауына түскен қаншама қандастарымыз арасында жақындарымен туыстық қатынастарын бұзып, олармен тіпті өштесіп жатқан жағдайлар да өкінішке орай жоқ емес. Мұның барлығы адамның тұлға ретінде құлдырауына, отбасы шаңырағының шайқалуына, сонымен бірге, айрандай ұйып отырған қоғамның ыдырауына әкеп соқтырады. Сондықтан елде бүлік жасайтын радикалды ағымдар мәселесіне әрқашан мұқият болу керек.

Қазіргі кезде еліміздің діни ахуалының күрделенуіне елеулі әсер етіп отырған факторлардың бірі – салафизм екендігін дінтанушы-сарапшылар қауымы да мойындайды. Сондай-ақ, мұны ислам атын жамылған экстремистік ұйымдардың басым бөлігі салафилік идеологияны ұстанатындығынан байқауға болады. Салафилік идеологияны бүгінде басшылыққа алған тәкфіршіл экстремистік ұйымдарға мәселен «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Ат-такфир уаль-хиджра», «Лашкар-е Тайиба», «Әл-Каида» және оның Ирактағы қанаты «Ан-Нусра фронты», «ДАИШ», «Кавказ Имараты» жатады. Аталмыш ұйымдардың барлығы соттың шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған террористік және экстремистік діни ұйымдар деп танылған.

Жалпы, шетін көзқарастардың белсенді таралуы және содырлық әрекеттердің іске асырылуы көбіне салафизмді ұстанушылардың арасында орын алатындығының өз себептері бар. Мұны осы идеологиядағы топтардың жамағатішілік ұстанымдары мен қағидаттарынан көруге болады. Бұл шетін көзқарастардың біразы салафилік қозғалыстың негізін қалаған Мухаммад бин Абдуль Ваххабтың әртүрлі кітаптары мен шығармаларында кездеседі. Мәселен, оның «Науақид уль-ислам» (Исламды жоятын себептер) атты еңбегінде мұсылмандарды исламнан шығаратын – кәпір ететін себептерді саралай келіп, осы тақырыпқа қатысты Құран аяттары мен хадис мәтіндерінің үзінділерін келтірген. Аталмыш еңбегінде Мухаммад бин Абдуль Ваххаб «Кім мүшріктерді кәпір деп айтпаса, ол – кәпір болады» деген секілді тұжырымдарды жиі насихаттаған. Нақ осы тұжырым бүгінде тәкфіршіл идеологияның басты ұйытқысы болып отыр. Себебі, экстремистік ұйымдар мұндағы «мүшрік» атауын өздерімен келіспейтін немесе өздері ұнатпаған адамға, қоғамға, үкіметке немесе өзге бір саяси режимдерге қатысты емін-еркін қолдана береді. Соның салдарынан, қазіргі таңда біз Таяу Шығыста діни негізде өршіген қанды-қасап соғыс өртінің лаулаған отын көріп отырмыз.

Салафилік идеологияны «оқшаулану идеологиясы» деп қарастыруға да болады. Өйткені салафизм адамды зайырлы немесе исламдық емес кез-келген қоғамнан, мемлекеттен оқшаулануға үгіттейді. Ол біздің қоғам бірлігіне, сондай-ақ қоғамдық сана тұтастығына нұқсан келтіретін ең қауіпті факторға айналған. Бүгінде көптеген радикалды идеологтар Мухаммад бин Абдуль Ваххабтың еңбектерін пайдаланып, ондағы идеяларды өздерінің түсініктеріне сәйкестендіріп қабылдауда. Мұның мысалын оның «Үш негіз және оның дәлелдері» атты еңбегіне жасалған түсіндірме кітаптарынан көруге болады.

Салафилік идеологы Салих бин Абдуль Азиз Әлі Шейх «Үш негізге» жасаған түсіндірме кітабында діни төзімділікті жоюға әрі діни негізде отбасылық, туыстық қатынастарды үзуге үндейтін идеяларды белсенді насихаттаған. Мұны оның: «Кім Алланы жалғыз деп танып, пайғамбарының артынан еретін болса, Аллаға және пайғамбарына бойсұнбағанды дос тұтуына болмайды. Тіпті, ол оның ең жақын туысы – әкесі, анасы, бауыры, әпке-қарындасы, туысқаны болса да онымен дос болуға болмайды» деген ойларынан-ақ байқау қиын емес.

Берілген мәтінде салафилікті ұстанушылардың арасында кеңінен қолданылып жүрген «әл-уалә уәл-бараа» (достық және қатыссыздық) қағидаты айқындалып тұр. Бұл қағидат радикалды ағымдар үшін өзіндік мағынасымен сенімдерінің ажырамас тірегіне айналған. Мұндағы «достық» түсінігі өздерінің пікіріндегі «таза дінді» ұстанғандарды дос тұту деген мағынаны береді. Ал «қатыссыздықтың» мағынасы өздерінің діни сенімі мен көзқарастарын қабылдамағандармен барлық достық қатынастарды үзіп, оларға қарсы қолмен, тілмен және жүрекпен күрес жүргізу деп біледі.

Сонымен қатар, жоғарыда аталған кітаптың 150-151-беттерінде Салих Әлі Шейх исламға жатпайтын кез-келген заңдар мен құқықтық жүйелерге жүгінуді күпірлік деп, оларға негізделе үкім ететіндерді кәпір ретінде санайтынын атап өткен: «Егер кімде кім Алланың түсірмеген заңымен басқаруға болады деп басқаратын болса, расында ол тағұт болып саналады.», «Зайырлы немесе исламдық емес заңдармен басқару үлкен күпірлікке жатады, өйткені ол шариғатты өзге шариғатпен ауыстыруда. Ислам шариғатының орнына Францияның, Еуропаның, Англияның, Американың заңдарын басшылыққа алып отыр». Мұндай пікірлер шетін көзқарасты ағымдардың арасында кең таралған. Олардың кесірінен отбасыларда, қоғамда діни негіздегі араздықтар мен туыстық қатынастардың бұзылуы орын алуда.

Мухаммад бин Абдуль Ваххабтың еңбектерінде өзге дін өкілдеріне агрессия таныту, олармен үнемі соғыс жағдайында жүру идеялары да бар. «Әл-қауағид әл-арбаға» (Төрт қағида) атты еңбегінде ол: «Пайғамбар (с.а.у.) ғибадатында ерекшеленген адамдарды соғыспен жеңетін, олардың түрін ажыратпай олармен соғысатын» деген пікірін жазған. Яғни ол әз пайғамбарымызды (с.а.у.) Кітап иелерінің түрін ажыратпай, оларды тек соғыс арқылы, бітімгершіліксіз жеңетін болғандығын уағыздаған. Бұл мысалда Мухаммад бин Абдуль Ваххаб өзінің осы тұжырымын дәйектеу үшін христиандарға қатысты аят үзінділерін келтірген. Осыған қарағанда «ғибадатында ерекшеленген адамдар» деп, ол христиандарды назарда ұстағандығын байқауға болады.

Ал тарихқа үңілсек, исламды қабылдаған мұсылмандар 622 жылы Меккеден Мәдинаға қоныс аударғаннан кейін өзге дін өкілдерімен Мәдина келісіміне қол қойған болатын. VII ғасырда жасалған бұл құжат исламдағы бейбітшілік пен төзімділікті, исламның адам құқығына құрметі мен диалог мәдениетін, өзге дін өкілдеріне көзқарасын, сондай-ақ сенім бостандығы мен ар-ождан еркіндігін қамтамасыз еткен қағидаттарды қамтыған.  

Бүгінде салафиліктің шетін көзқарастары көбіне ғаламтор желісінде белсенді насихатталуда. Олардың ішінде әсіресе тәкфіршіл ағымдардың насихаттап жүрген идеялары ханафи бағытындағы дәстүрлі исламның шариғи қағидалары мен ұстанымдарына толығымен қайшы келеді. Сондықтан мұндай радикалды ұйымдардың діни-насихат жұмыстарына барлық ресурстарды пайдалана отырып, тосқауыл қою еліміз үшін аса маңызды.

Жаратушы адам баласына ақыл берген. Сондықтан ол өз дінін соқыр көзбен емес, саналы түрде ұстануы қажет. Діндар адам өз сенімінің мәнін айқын түсініп алмаса, ол діннің жақсы-жаманды ажырататын моральдық қағидаттарын қолдана алмайды. Өзін діндар санайтын әрбір пенде жеке және қоғам өміріне қатысты белсенді азаматтық ұстанымы болуы керек. Осы орайда, әркім өмірдегі өз таңдауын өзі жасайтындықтан, мұндай маңызды қадамды саналы іске асыру қажеттігін ескергені жөн.

Муслимов М.Ж.

ҚР МСМ ДІК «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» РММ жетекші ғылыми қызметкері

 

 

 

 

 

 

Оқылды 890 рет
JoomShaper
Top