Ислам ғұламасы мен софистың пікірталасы

Сейсенбі, 28.06.2021

Бірде Салих ибн Абдулкуддус деген софист ғалымның (софистика ілімін ұстанушы) баласы қайтыс болады. Әбул Хузайл әл-Аллаф пен оның шәкірті ән-Наззам бұл қайғылы жағдайға көңіл айтып барады. Салих ибн Абдулкуддустің мұңайған жүзін көрген Әбул Хузайл әл-Аллаф:

– Сенің пікіріңше адамдар өсімдік секілді болса, сенің мына қайғыңа ештеңе айта алмаймын (софистер «адамның жақсы немесе жаман болмағы өсімдікті күтіп-баптаған секілді» деп айтатын), дейді.

Салих ибн Абдулкуддус:

– Уа, Әбул Хузейл! Балама жаным ашып отырған себебім, ол әлі менің «Күмәндар» кітабымды оқымаған еді.

Әбу Хузейл:

– Күмәндар» кітабында не бар еді?

Салих ибн Абдулкуддус:

– Менің жазған бұл кітабымды оқысаң, жоқ нәрсенің бар екеніне, керісінше бар нәрсенің жоқ екеніне күмән келтіресің, – дейді.

Сонда, Әбу Хузайлдің шәкірті ән-Наззам мірдің оғындай жарқ етіп:

– Олай болса, сен де өз ұлыңның өлгеніне күмән келтір. Бейне өлмеген секілді өмір сүре бер. Ұлың «Күмәндар» кітабын оқымаса да, оқыған деп ойла, – деп софист ғұламаның аузына құм құяды.

Мұхан ИСАХАН

Оқылды 633 рет
JoomShaper
Top