Зекет – Исламның бес парызының бірі

Сәрсенбі, 21.08.2021

Зекет сөзінің тілдік мағынасы – берекеттену, өсу, көбею, тазалану деген мағыналарды береді.

 

 

Зекет сөзінің тілдік мағынасы – берекеттену, өсу, көбею, тазалану деген мағыналарды береді.

Әрбір мұсылман баласы Аллаға иман ету, намаз оқу, ораза ұстау, жағдайы бар адамға қажылықты орындау парыз болса, сол сияқты зекет беру де парыз болады. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала: «Намаз оқы және зекет бер», – деген аяттарында намаз оқып, Аллаға ғибадат жасай отырып, зекет беруді мұсылмандарға парыз екендігі жайлы айтылады. Кейбір мұсылман бауырларымызда мынадай теріс ой қалыптасқан, егер мен намаз оқымасам, ораза ұстамасам, қажылыққа бармасам маған Исламның үкімдері бізге қатысы жоқ деп шешім беруі дұрыс емес. 

Яғни намаз оқымасақта немесе ораза ұстамасақ та Алла Тағаланың бұйырған әмірлері және шариғат заңдарын орындауымыз біздерге міндет және парыз. Алла Тағаланың алдында барлық адам баласының жынысына, ұлтына қарамастан тең. Тек Алланың парыздарын орындап, шариғат үкімдерін білген және күнә болған нәрселерден өзін аулақ ұстап, адалдыққа жақын болған пенде құдыреті күшті Алла Тағаланың алдында басқалардан жоғары және құрметті. Өйткені Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың алдында сендердің құрметтілерің тақуа (Алладан қорыққан, парыздарын орындаған және күнә атауына алыс болған пенде) болғандарың»,– деген. Сондықтан зекет беру арқылы тақуалығымызды күшейтіп, Алла рахметіне бөліне аламыз.

Зекет бұл – мал-дүниемен жасалатын ғибадат. Адам баласына осы дүниедегі байлық, кедейлік, жоқшылық, ауру-сырқат және көптеген т.б кеңшілік пен ауыртпалықтар бұл Алла Тағаланың берген сынағы деп білуіміз қажет. Егер бізге Алла Тағала байлық берсе, Жаратушы иеміз бізді жақсы көреді деп немесе жоқшылық жағадайда Аллаға мойын ұсынбауы пендешілік. Қандай жағадайда болмасын осы дүниедегі қуаныш пен қиыншылыққа сабыр етіп, Аллаға иман келтіруіміз мұсылман адамның міндеті.

Зекет – тек материалдық көмек беру емес, ол ең әуелі мұсылманға жүктелген үлкен ғибадат – деп білуіміз қажет.

Зекет төлеудің пайдалары:

1. Зекет беру дүние – мүлкіңізге берекет беріп, арттырады.

2. Күнәларды кешіруге мүмкіндік беріп, Алла Тағалаға жақындатады.

3. Сараңдық, дүниеқұмарлық, өзімшілдік сияқты жаман қылықтардан алыстатып, жомарттық пен кеңпейілдікке тәрбиелейді.

4. Зекет пәле –жаладан, ауру – сырқаттан сақтайды.

5. Зекет қоғам ішінде адамдардың әлеуметтік жағдайларының жақсы болуына жағдай жасайды.

6. Зекет –қоғамдағы ұрлық – қарлық, алдау, адам тонау, кісі өлтіру сияқты қылмыстардың болмауына бөгет жасайды.

7. Зекет бай мен кедей арасын жақындатып, бір – біріне деген өшпенділікті жояды. Жалпы адамдар арасын жақындатып, алауыздықты кетіреді.

Зекет беру кімдерге парыз?

1. Мұсылман болу.

2. Нисап мөлшеріне жететін немесе одан да көп байлыққа ие болуы. Нисап дегеніміз –зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері.

3. Зекет берілетін байлықтың бір жылға толуы.

Зекет берілетін орындары:

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Маған зекет бер» – деген адамға былай жауап берген: «Ұлы Алла зекеттің берілетін орындары жайында пайғамбарының да, басқаның да үкіміне разы болмай, өзі берді. Оны сегіз топқа бөлді. Егер сол сегіз топтың ішінде болсаң, саған есеңді беремін» деген. Зекеттің берілетін орындарын Алла Тағала «Тәуба» сүресінің алпысыншы аятында тағайындап білдіреді: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер): кедей – кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға (жалақы ретінде), көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Алла жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Алла тарапынан парыз етілді».

1. Жағдайы төмен пақыр адамға;

2. Кедей адамға;

3. Жолаушы адамға;

4. Алла жолындағы ұстаз, шірттерге;

5. Жаңа Исламды қабылдаған бауырларға;

6. Зекетті жинауға тағайындалған адамдарға (жалақы ретінде);

7. Қарызды алған адамға қарызын өтеу үшін;

8. Құлдарды азат ету үшін.

Тоқсан сөздің тобықтай түйінің айтатын болсақ адам баласы барлық жаратылыс атауы Аллаға мұқтаж. Сондықтан Алла Тағала біздің зекет беруімізге мұқтаж емес, керісінше біз оған әр кезде мұқтажбыз. Зекет мұсылмандар арасын біріктіріп, қоғам арасын тепе-теңдікті сақтап, Алланың хақ діні Исламның дамуына көп үлесін қосады. Көбінесе байлық бұл адам үшін Алла Тағаладан берілген үлкен нығмет және сынақ, егер осы байлықты Алла жолында жақсылыққа жұмсайтын болса сауабы шексіз, ал егер жамандыққа, күнә жұмыстарға жұмсайтын болса оның жазасы ауыр болатыны сөзсіз. Сол сияқты жоқшылық, кедейлікке сабырсыздық танытып, дүние табу үшін біреуді алдап, ұрлық жасап, күнәға берілетін болсақ, Алланың өлшеп берген нығметке қанағатсыздық танытқан боламыз. Сондықтан Алла Елшісі (с.ғ.с): «Сендердің ең жақсыларыңыз басқаларға пайда келтіргендерің», – дейді. Шамамыз келгенше көрші-қоланға, кедей – кепшікке, жоқ – жетімге қол үшімізді беріп қарайласатын болсақ Алланың мейірім шапағатына бөленеміз. Келесі хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жердегілерге мейрімділік көрсетпегендерге, көктегілер (Алла Тағала) мейірімділік көрсетпейді», – деген. Сол себепті осы өткінші дүниеде түкке тұрмайтын кішкене дүние үшін бір-бірімізбен туыстықты үзбейік, бір – бірімізбен реніште болмай, бір-бірімізге мейірімділік танытып, құрметпен қарауымыз керек. Негізінен байлық, мал-дүние бұл өткінші нәрсе қазір бар болса, ертен жоқ. Сондықтан адам баласы үшін Алла Тағала өз қалауымен берілетін нығметті белгілеп қойған. Сол себепті Алланың құлы ең алдымен Жаратушы Ие Алла Тағала иман етіп, бұйырған әмірлерін орындап, күнә жұмыстардан алыс болып, адал еңбекпен ризық табатын болса, ризықты Алла береді.

Дана халқымыз: «Қой егіз туса, бір шөп артық шығады»,– деген. Сондықтан Аллаға шүкіршілік етіп, еңбек жасайтын болсақ, иншалла бәрі жақсы болады. Келесі аяттарда Алла Тағала: «Кім Алланың діні Исламға жәрдемдесетін болса, Алла Тағала оған жәрдемдеседі»,– деген. Сол себепті Ислам дінінің дәстүрлі жолмен өсіп өркендеуіне жәрдем көрсетеміз десек жағдайымыз келгенше жетім-жесірлерге, кедейлерге, Алла жолындағы шәкірттерге, медреселерге, мешіттерге көмек көрсететін болсақ Ислам дініне үлес қосып, көмек көрсеткен боламыз. Қазіргі кезде Аллаға шүкір технологияның дамуына байланысты көп мүмкіндіктер берілген. Егер кімде кім садақа-зекет берем дейтін болса мешіттер алдында хабарландыруда көрсетілген «ҚМДБ зекет қоры»-ның төлем терминалдары арқылы садақа-зекеттеріңізді аудара аласыздар. Немесе мешіт имамдары мен мешіт қызметкерлері арқылы толық мәлімет ала аласыз.

Алла Тағала Ислам жолында жасаған көмектеріңізді, зекеттеріңізді қабыл етсін.

Алла Тағаладан жұмыстарыңызға, мал-мүліктеріңізге берекет, отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, екі дүниенің бақытын сіздерге тілейміз.

Қанат Қабаев

 

 

Оқылды 934 рет
JoomShaper
Top