Жәбірейіл оқиғасы...

Жексенбі, 22.12.2021
Жәбірейіл оқиғасы...

Пайғамбарымыз: «Исламның бірінші шарты – кәлимаи шаһадат айту» деді. (Кәлимаи шаһадат айту – «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһү уә Расулуһү» деу. 

 

 

 

Пайғамбарымыз сахабаларына дініміздің бұйрықтарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, үйретті. Иманның, Исламның шарттары, намаз, ораза, қажылық, зекетке қатысты барлық үкімдер, аяти кәримәлардың тәфсирлері, халал және харамдар, ант, нәзір, кәффараттар, сауда-сатыққа қатысты ілімдер, жеп-ішу, киіну, сөйлесу, сәлемдесу әдебі, көршілік, туыстық және достық қатынастар, үйлену, нәпақа, мұрагерлік үкімдері, даулар, жазалар, келісім шарттар және серіктестіктер, денсаулық, дұшпанмен соғысу, соғыс құқығы сияқты барлық мәселелерді барлық адам лайықты түсіндіріп, маңызды мәселелерді үш рет қайталайтын. Әйелдерге қатысты мәселелерді әйелдері арқылы үйрететін.

 Мұсылмандардың имамы, ұлы сахаба, шыншылдығымен танылған Омар бин Хаттаб (радиаллаһу анһ) былай дейді:

«Бір күні бірнеше сахаба пайғамбарымыздың қасында болатынбыз. Сол күн, сол сәт өте қадірлі сәт еді. Сол күні расулуллаһтың сұхбатына қатысып, қасында болу, рухтарға азық болатын, жандарға ләззат беретін дидарын көру нәсіп болған еді. (Бұл күннің қадірін бағасын жеткізу үшін «сол күн, сол сәт өте қадірлі сәт еді» деп айтуда. Жәбірейіл алейһиссаламды адам түрінде көру, оның дауысын есту, құлдардың қажет еткен мәліметін анық түрде расулуллаһтың аузынан есіту нәсіп болған күннен артық күн болуы мүмкін бе?)

Сол кезде жүзі айдай бір кісі жанымызға келді. Киімі аппақ, шаштары қап-қара еді. Үстінде шаң, топырақ, тер сияқты жол жүріп келгендіктің белгісі жоқ еді. Расулуллаһтың сахабалары болған біздің ешқайсымыз оны танымайтынбыз. Яғни, көрген, білген адамымыз емес еді. Ол расулуллаһтың қасына отырды. Тізелерін оның тізесіне тигізіп отырды. (Бұл келген адам Жәбірейіл алейһиссалам болатын. Ол адам кейпіне енген еді. Жәбрейіл алейһиссаламның осылай отыруы маңызды нәрсені білдіретін еді. Яғни, дінді үйрену үшін ұялудың дұрыс еместігін және ұстазға тәкаппарлықтың жараспайтынын көрсетті. Барлық адамның дінде үйренгісі келген нәрсесін мұғалімінен еркін, қысылмастан сұрауы керек екенін Жәбрейіл алейһиссалам сахабаларға осылайша көрсетті. Өйткені, дінді үйренуде ұялу және Аллаһу Та’аланың ақысын өтеуде, үйрену мен үйретуде ұялуға болмайды).

Сол кісі қолын пайғамбарымыздың тізесінің үстіне қойып, «Йа, Расулаллаһ! Маған Исламды, мұсылмандықты үйрет» деді.

Пайғамбарымыз: «Исламның бірінші шарты – кәлимаи шаһадат айту» деді. (Кәлимаи шаһадат айту – «Әшһәду ән лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһү уә Расулуһү» деу. Яғни, ақылы толық, балиғатқа жеткен және сөйлей алатын адамның «Жер мен көкте Одан басқа ғибадат етуге және табынуға лайықты ешнәрсе және ешкім жоқ. Нағыз табынатын құдірет - тек Аллаһу Та’ала. Ол уажибул ужуд. Ол барлық нәрседен үстем. Онда ешқандай кемшілік жоқ. Оның есімі "Аллаһ" деуі және осыған шын жүректен сенуі. Және де «Ол жарқыраған жүзді, қара қасты, қара көзді, жазық маңдайлы, көркем мінезді, жылы сөзді, Хашими әулетінен шыққан Абдуллаһтың ұлы Мұхаммед деген адам Аллаһу Та’аланың құлы және расулы, яғни, пайғамбары» деп айтуы).

«Уақыты кіргенде намаз оқу. Малдың зекетін беру. Рамазан айында күнде ораза тұту. Шамасы жеткен адамның өмірінде бір рет қажылыққа баруы». Әлгі кісі расулуллаһтан осындай жауапты естігеннен кейін «Дұрыс айтасың, йа Расулаллаһ» деді. Біз, тыңдап отырғандар «Өзі сұрап, өзі растап отыр» деп таңырқадық.

Ол кісі «Йа, Расулаллаһ! Иманның не екенін түсіндір» деді.

(Бұл хадис шәрифте иманның сөздік мағынасын ойламау керек. Өйткені, сөздік мағынасының мақұлдау, сену екендігін арабтың ең надандары да біледі. Ал сахабалар білмейді деу мүлдем қисынсыз. Жәбрейіл алейһиссалам  бұл сұрағымен сахабаларға иманның мағынасын үйреткісі келген еді. Бұл жерде Исламда не нәрсеге иман делінетіні сұралған). Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) иманның белгілі алты нәрсеге сену екенін былай түсіндірді:

«Алдымен Аллаһу Та’алаға, періштелеріне, кітаптарына, расулдарына, ақырет күніне, жақсылық пен жамандықтардың Аллаһу Та’аладан келетініне сену». Ол кісі тағы да «Дұрыс айтасың» деп мақұлдады. Сосын тағы да «Ихсанның не екенін түсіндір» деді. Пайғамбарымыз «Аллаһу Та’алаға оны көріп тұрғандай ғибадат жасау. Өйткені, сен оны көрмесең де Ол сені міндетті түрде көріп тұрады»деді. Ол адам «Йа, Расулаллаһ! Маған қияметтен хабар бер» деді. Расулуллаһ алейһиссалам «Бұл мәселеде сұрақ қойылған адам сұраған адамнан артық білмейді» деді. Ол адам «Олай болса оның белгілерін айт» деді. «Күңдердің өз қожайындарын дүниеге әкелуі, жалаң аяқ, жалаңаш, кедей шопандардың (байып) биік ғимарат салуда жарысқа түсуін көруің»  деді. Сосын ол адам кетіп қалды. Расулуллаһ маған қарап, «Ей, Омар! Сұрақ қойған адамның кім екенін білесің бе?» деді. «Аллаһу та’ала мен расулы бәрінен артық біледі» дедім. Расулуллаһ «Ол Жибрил (Жәбірейіл алейһиссалам) періште болады. Сендерге діндеріңді үйрету үшін келді» деді.

Пайғамбарымыз сахабаларына олардың діндегі дәрежелеріне, түсіне алатын деңгейлеріне қарай түсіндіретін. Сахабалардың ең ұлыларының бірі болған хазіреті Омар бір күні бір жерден өтіп бара жатып пайғамбарымыздың Әбу Бәкір Сыддыққа (радиаллаһу анһ) бір нәрсе түсіндіріп жатқанын көреді. Олардың қасына барып тыңдайды. Мұны басқалар да көреді, бірақ барып тыңдауға бата алмайды. Ертеңіне хазіреті Омарды (радиаллаһу анһ) көрген кезде «Йа, Омар! Расулуллаһ кеше сендерге бір нәрсе түсіндіріп жатыр еді. Айтшы, біз де білейік» дейді. Өйткені, пайғамбарымыз әрдайым «Менен естігендеріңді діндес бауырларыңа да түсіндіріңдер. Бір-бірлеріңе хабарлаңдар» дейтін. Хазіреті Омар «Кеше хазіреті Әбу Бәкір Құран кәрімнен түсінбеген бір аятының мағынасын сұрапты, расулуллаһ соны түсіндіріп жатыр екен. Мен бір сағат тыңдадым. Бірақ, еш нәрсе түсіне алмадым» деді. Өйткені, пайғамбарымыз хазіреті Әбу Бәкірдің жоғары дәрежесіне қарай түсіндірген еді. Хазіреті Омар да өте жоғары дәрежеде болатын, пайғамбарымыз «Мен соңғы пайғамбармын. Менен кейін пайғамбар келмейді. Егер менен кейін пайғамбар келетін болса, Омар (радиаллаһу анһ) пайғамбар болар еді» деген. Осындай дәрежеде бола тұра, ана тілі болған араб тілін өте жақсы біле тұра, Құран Кәрімнің Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһ) түсіндірілген тәфсирін түсіне алмады. Әбу Бәкірдің дәрежесі одан да жоғары болатын. Хазіреті Әбу Бәкір, тіпті Жәбрейіл алейһиссалам да Құран кәрімнің мағынасын, сырларын пайғамбарымыздан сұрайтын. Расулуллаһ алейһиссалам Құран кәрімнің толық тәфсирін сахабаларына үйретті.

Пайғамбарымыз осылайша сахабаларына дінді үйреткені секілді даулы істерге де қарап, куәгерлерді тыңдап, ең қиын түсініспеушіліктерді шешетін.

 

Оқылды 1058 рет
JoomShaper
Top