Қағба көлеңкесінен айырылған күн 1

Сейсенбі, 23.09.2021

Бұл мақала ақырзаман туралы емес!!! Қажылық маусымында күн Мекке аймағы үшін тас төбеде тұратын мерзім. Күн сәулесі тіке түскеннен кейін, қағбаның көлеңкесі жерге түспейді. Осынау ғажайыпты көзбен көргеннің арманы бар ма? Иә, бірер күннен соң, дәулеті жеткен мұсылманға парыз болып бекітілген ұлы құлшылық қажылық басталады. 4 миллионнан астам адам қасиетті Мекке шаһарына жиналып, бір мезетте Алладан тыныштық, екі өмірдің бақытын сұрасады. Осы ұлық маусымның қарсаңында "Е-Ислам" сайтының журналисі Нұрбек Бекбау арнайы мақалалар сериясын дайындады. Қасиетті қалада бастан өткерген оқиғаларымен бөліседі ол. Алғаш рет қажылық жасаушы адамның көп ұшырасатын қиындықтары мен қызықтарын теріпті. Мақала еріксіз езу тартқызатын сатира стилінде, жатық тілде жазылған. Күле отырып, ойландыратын, моральға толы мақала қысқасы. Оқыңыз, мархабат!..

МЕККЕДЕГІ АЛҒАШҚЫ КҮН

 

 

Енді бірнеше күннен соң жағдайы бар мұсылманға міндет болған ұлы амал – қажылық маусымы басталады. Миллиондар бір жерге жиналып, бәрі бірдей ұлық Жаратушыдан тілек тілеп, дұға қайырады, құлшылық етеді. Солардың арасында болу – баршамыздың арманымыз ғой. Мен осы жерде, Меккеде болған бір қызық оқиғамды баяндап бергелі отырмын. 2011-ші жылы, Алланың жазуымен Мекке бардық. Әлі есімде. Ұшақтан түскен бетте, әл-Харам мешітіне қарай жүрдік. Имам барлығымызға, Меккеге жақындағанда: «ләбайка Аллаһу ләбайк» деп айтыңдар деген. Қағбаны көрмейінше, дұғаны айта беру керек. Не керек, әл-Харам мешітіне де жеттік. Өзімізше, әскер секілді сап түзіп, түп-түзу болып мешітке кіреміз дегенбіз. Енді қадам басқанымыз сол еді, жұрт шулап кетті. Мойынды созып, анадайға қарағандардың өңі бозарып сала берді. «Не болды екен?»  деп мен де аяғымның ұшымен тұрып, сол төңірекке қарағам. – Мәссаған. Адамдардың төбесімен табыттар жүзіп келеді. Барлығымыздың басымызда қылаң бергені – «мыналар мешітте тапталып өлгендер» деген ой. Имам есімізді жидырды. «Бұл кісілер қажылық жасап жүріп қайтыс болды. Қандай керемет. Жаназасына 4 миллион мұсылман қатысты» деп жүзіп бара жатқан табыттарға қарады. Жүрек жұмсарды. Қайта қалпымызға келдік. Сөйттік те, үзілмей әл-Харам мешітінің ішіне қарай кіріп кеттік. Көрдім. Иә, ҚАҒБАны көрдім. Өзі 4 бұрышты ғана нысан екен. Архитектуралық  құрылысы мұны мың орайтын талай ғимаратты көргем. Бірақ, жалт-жұлт еткен замоктан, осы 4 бұрышты қап-қара нысан мың есе артық секілді ме? Әйтеуір, қағбаға махаббатпен қарамау мүмкін емес. Өзімше себебін де білетін секілдімін. Себебі – бұл қағба адамның жер бетінде соққан ең алғашқы сәулет құрылысы еді. Ең алғашқы құлшылық үйі еді. «Оригинал» қашанда әдемі ғой. Сол себепті шығар» деп түйдім. Не керек, адамзаттың ең алғаш соққан ғимараты, мешітін айналу рәсімі басталды. Досымнан қара тастың қай бетінде екенін біліп ап, тура сонда қарай тарттым.  Қара тас тұрған бұрышқа жақындаған сайын, адам нөпірі қалыңдай түседі. Таяқ тастамдай жерге келгенде, кептелдім де қалдым. Орасан күштің иесі болмасаң, анау жерге бару мүмкін емес. Қараптан-қарап, негр болып туылмағаныма өкінгенім-ай. Иә, олар - ірі, зіңгіттей. Біз олардың белінен келетін шығармыз?! Негр бауырлар кәдімгідей адамдардың арасымен жүзіп жүр. Қолын анадайға қарай созады. Қолына не, кім ілінсе содан ұстайды да, алға серпіліп кеп береді. Алда-жалда негрдің қолына сен іліксең, оған пружина қызметін атқарасың да, өзің 3-4 метр артқа қарай ырғып кетесің. Бір қарасам, менің де соңымнан бір қара кісі келе жатыр. Әй күйіп кеттім. Әуперімдеп жетіп ем. Енді тағы да артқа кететін болдым ғой деп. Қулыққа бастым. Орнымды берген болып, өтіп кет, бауырым. Өтіп кет-дедім. Ол ақситып тісін көрсетті. Мен ыржия қойдым. Сөйтті де ол алдыға қарай оза берді. Мен қулыққа бастым, белінен қапсыра құшақтап алдым. Ол елер емес. «Жүзіп» барады. Сөйтіп, Қағбаның дәл түбіне дейін жармасып келдім. Қатты етегінен тартып жіберсем керек, артына жалт бұрылды. Мен оны итеріп, алға жүруіне көмектесіп жатқан кейіп жасай қойдым. Енді әлсіз болсам қайтем? Айлаға баспасам, қара тасты көре алмаймын. Ауылдағы анама не айтам? Ол тас ауада ұшып тұрады екен деген. Соны білші деген.
Жә, негр бауыр, қара тасқа дейін жетті. Басын сұғып сүйді. Сосын тағы артына бұрылды. «Демеп» жібергенімді есіне түсірді-ау деймін, мені қапсыра құшақтап көтерді де, дәл қара тастың түбіне әкеп тарс еткізіп қоя салды.
Қара тас. Қағбаның қабырғасына горизонтальный жапсырылған, күміс тостағанға ұқсайтын заттың ішінде екен. Ойығына адамдар қолын салып, басын сұғып, әлгі қара тасты сүйіп жатыр.
Мен барлап қарап жатырмын. Бірақ, бұлай ұзақ тұру мүмкін емес еді. Бір қолымды тостағанның ернеуіне іліп алған ем. Қарасам, қолым біреулерге кедергі келтірген болуы керек, саусақтарымды бырт-бырт үзіп жатыр. Енді тұрған болмас дедім де, қолымды әлгі ойыққа салып жібердім. (Адам нөпірі қалың дедім ғой. Қара тас кіндік тұстың деңгейінде екен. Мен кеудемнен төмен ештеңе көрген жоқпын. Қолымды болжамым бойынша салдым)
Оһ. Қара тас. Ұстадым. Өзі жұп-жұмсақ. Шылп-шылп етіп терлеп жатыр жарықтық. Сипалап жатырмын. Бір уақытта, алақанның астындағы тас бүлкілдеп сала берді. Иә, кәдімгідей бүлк-бүлк етеді. Таң қалдым. Көзімнен жас ыршып кетті. Пәленше әулие тасты ұстағанда балқып кетіпті деген аңыз-мифпен өскенбіз ғой. Жыладым кәдімгідей. «Қалай болып кетті. Тас қолымда балқып жатыр ма? Әулие болғаным ба» деп. Бір уақытта әлгі қара тас, кері қарай қолымды итереді. Түсінбей қалдым. Жаңағы әулие образы сыпырылып түсіп қалды түрімнен. Тас кәдімгідей сыртқа итеріп жатыр қолымды. Тас болса да, жақтырмағандай әсерін сезіп қоямын. Бақырып жыладым. Енді ше? «Нұрбек, сен күнаһарсың. Қара тас қолыңды жақтырмай сыртқа атып жатыр» деген ой ай кеп миымды тепкіледі дейсің. Жоқ. Ана утас жәй қолымды сыртқа шығарумен шектелейін деп тұрған жоқ. Өзі де, алақаныммен бірге сыртқа шықпақ. Шошыдым бұл жолы. Кезінде шиғалар, қара тасты қағбадан кесіп алып, иранға алып кеткен екен дегенді естігем. «Қазір қара тас алақаныммен бірге сыртқа шықса. Анау полицейлер мені осы жерде өлтіреді ғой» деп қоям. Содан бар күшімді салып, тасты ішке қарай итерем. Жоқ. Ырық бермейді. Күшім жетпейді. Бір уақытта, ытқып алақаныммен бірге тас шыққандай болды. Қолымдағыға қарауға дәтім бармайды.
Көзімді тарс жұмып алғам. Бір уақытта сықситып қарасам, уысымда негрдің басы!
Мәселе былай болған екен. Әлгінде айттым ғой, адам көп болғаннан кеудеден төменгі бөлігіңді көрмейсің деп. Ал қара тас тұрған жер, кіндіктің маңы. Мен орысша айтқанда, «в слепую» ойыққа қолымды сұққам. Ал ол кезде, негр тасты сүйіп жатқан екен. Мен әбден оның басын сипалағам. Ол түсінбей, басын шығармақшы болған. Мен кері итергем. )))
Не керек, қара тастың жанында анталап тұрған адамның бары ду күлген шығар?! Бетім қызарып, ұяттан жерге кірердей болдым. Қонақ үйге келгенде, ал достарым мазақтасын. Сен өзіңді әулие сезіндің. Ал негр не ойлады екен? Басымды періште сипалап жатыр деген болар дейді.

PS: Жалғасын ертең оқисыздар

ҚҰРМЕТПЕН, НҰРБЕК БЕКБАУ

 

Оқылды 1073 рет
JoomShaper
Top