Матуриди философиясы – қазақ болмысының мәні

Сәрсенбі, 18.02.2022

Бүгінгі  қоғамда дін құбылысына қорқа қарап, оны  балақпен, сақалмен, хижаппен, яғни сыртқы шүберек пен жүнге қарап танитын болдық. Діннің ар, иман, махаббат деген ұғымдарына емес, куфр, ширк, бидғат терминдеріне, яғни сырттағы бөтен ағымдардың сөздеріне еріп, жетегінде кеттік.. Содан қоғамда дін тақырыбы құбылыс ретінде жақтастар мен қарсыластар сияқты екі шепке айналды. Біз және олар...

Біз жақтағылар да, ол жақтағылар да бір-бірін тек қана формаға, көріністерге қарап бағалайтын болды. Жалпы үрейлі адамнан мораль, адамгершілік құндылықтар күтуге бола ма? Өзі қорқып, үрейге оранып жүрген адам қоғамға көркем мінез үлгісі бола ала ма? Діндарларымыз бар,  бірақ, әсер жоқ. Ислам үрей көзі деген, исламофобия исламды құбыжық қылып көрсету саясатына байқамай өзіміз де еніп кеттік... Біраз терең ой керек, ұрандап кеттік...

Қазақ исламмен ғана болмысқа айналған, мәдениеті, дүниетанымы, мемлекеттілігі бәрі исламмен анықталып, түсіндіріледі. Олай болса, ислам – біз үшін ең басты құндылық. Ал ол расында құндылық болса, оған ең алдымен жауапкершілікпен, махаббатпен қарау керек еді...Біз ше, үреймен.. Осы хәлдің психологиялық себептерін, танымдық негіздерін, өзімізді ақылға шақырып, сараптауға шақырамын. Ойлы болғанымыз жөн... Исламға тарихи болмысымыздағы өз орнын беруіміз керек. Керісінше өзімізге сол панадан алатын орнымызды дайындағанымыз дұрыс...Оны қалай үйлестіреміз?!

Алдымен біз де "таза исламды" нақтылап алайық...Бұл тіркес те дұрыс емес, біз үшін таза ислам тіркесі ол дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміз. Сырттан келген жат ағымдарды таңып, екшеп, олардан қашуды, өзіміздің ата бабаларымыз ғасырлар бойы қанымызға сіңірген "дәстүрлі мұсылмандық негіздерімізді" тануға, сонымен табысуға деген ниет, әрекеттерімізді ғылыми негізге салайық.

Қазір қоғамда діни танымға қатысты ақыл мен білім емес, субъективті, идеологиялық тенденциялардың басымдығы негізінде пайдасыз пікірталастар, мәнсіз қақтығыстар, жамағатқа бөлінушілік, мұсылмандардың ішкі қуатын, әрекетшіл қабілеттерін сарқып, олардың әлемге ашылуына, бүгінгі заман талабына сай болуларына кедергі жасап келеді. Сондықтан, үлкен рухани ауытқушылықтарға тап болып, адам мен қоғамды тек бір қырынан ғана қарастыруға болмайды.  Алла мен адам, әлемді тұтас қарастыратын адамға ең ұлы мәртебе беріп, жүйелі, аян, ақыл, сезім, ішкі таным ерекшеліктерін ескеріп, әрқайсысын өз орны мен ақиқатын нақтылап көрсеткен «таза ислам» жаңадан қайта тұжырымдалып, тіршілік көзі ретінде қоғамымызға қайта ұсынылуы тиіс деп ойлаймыз. Себебі, Құран – негізі құдайлық таным, адамдарды танымға, бақытқа жетелеуші ретінде түскен, ешқандай жалғандық жетпейтін, табиғат пен ақиқатқа сай, мәнінде ешқандай қайшылық жоқ ең соңғы кітап.

Құран – ислам дінінің және онымен байланысты ойлау жүйеміздің негізгі дереккөзі, қайнар бұлағы. Бірақ, адам шектеулі болмыс. Оның ұғыну, тану қабілеті де, танымға жету құралдары (көру, есту сияқты) да шектеулі. Сонымен қатар адам бірнеше әсер етуші факторлардың ықпалында қалып отыр. Құдайлық таным объектісі – Құран, ал Құранда пайғамбардың уахиі (аян) негізінде түсіндіріп, мазмұнын нақтылап кеткен ұғымдардан басқа көптеген ұғымдар мағына жағынан кеңейіп немесе өзгеріске ұшырауын діни тәжірибе тарихынан көріп отырмыз. Себебі, ислам ғылымындағы тафсирдің саны, тафсир мектебінің көптігі бұған дәлел бола алады. Құран адамды өзін, өмірді, әлемді мұқият зерттеуге, өмірдің, болмыстың мәнін ойлауға шақырады. Ал, ойсыз, әуейілерді, нәпсіқұмар, білімге емес жалған хабарға берілген, надандар ретінде танытып, оларды ауыспалы мағынада «керең», «мылқау», «соқыр» қатарына қояды. Бірақ, Құран құдайлық таным объектісі болса да, оның оқылуы, түсіндірілуі арқылы күнделікті өмірге қолданылуы адамға тән сипат, қасиет.

Бүгін кешегі түркі мұсылман ойшылдарының ғасырлар бойы қолданған методологиялық дәстүрлерінің көмегімен  құқық, экономика, саясат, философия, психология, социология, тарих, дін және жаратылыстану ғылымдарын да қамтып, адамзаттық қорды иеленіп, бүгінгі заман талабына сай сүзіп, қайта түсініп, түсіндіруді, өмірге қолдануымыз қажет. Сонда ғана ислам мына егемен елімізге, қала берді әлемге нұр болып көрінеді.

Бүгінгі күні ислам террорист, соғысшыл, ұрдажық, «қауға сақалды», «қысқа балақты» тип қалыптастыратын дін ретінде танылып, құбыжық күйге түсіп отыр.

Міне, сондықтан дін құбылысының мәдениет, адам, ұлт және өркениет қабаттарындағы алатын орны туралы ақиқат бүгін өте өзекті мәселе болып отыр. Қазақстанның өткен ғасырлардағы саяси отаршылдығы, кеңестік кезеңнің атеистік идеологиялық қысымы кезеңінде дін құбылысының болмыстық мәніне көңіл бөлінбеді. Қазақ мұсылмандығының негізіндегі діни таным арнасы Матуридия ақидасы мен Ханафи фиқхы, Иасауи ілімі арқылы қалыптасқан болатын. Бұл қабаттар ғылыми зерттеулерден тыс қалып келді. Жалпы дін туралы зерттеулер ғылыми танымдық шеңберде зерттеліп келе жатқанына да жүз елу жылдық тәжірибеде жинақталды. Бірақ бұл зерттеулер діннің жоғарыдағы айтқан болмыстық мәнге қатысы болмады.

Бүгін Қазақстандағы діни ахуалдың өзектілігі мен қажеттілігіне қарай дін құбылысын діни сана, діни сенім, діни тәжірибе және діни таным қабаттары арқылы тұжырымдау және саралау қоғам үшін пайдалы болмақ. Себебі, тәуелсіздік алғалы бері елімізде дін құбылысы төңірегінде сыртқы жат дін ағымдардың қысымы тарих бойы қалыптасқан мұсылмандығымыз бен ұлттық, мәдени болмысымызға елеулі қауіп тудыруда.

Діни таным – ұлттық болмысымыздың өзегі. Бүгінгі Матуриди мұрасының танылуы мен ғылыми түсіндірілуінің өзектілігі де осы жерде туындап отыр. Қазіргі таңда қоғамда діни танымы жат, бірақ ислам діні негіздеріне сүйенген діни тәжірибемізге мүлдем үйлеспейтін ағымдар белең алып барады. Бұл ағымдардың ең басты қауіп туғызып отырған қабаттары да діни танымға әсер етіп жатыр. Сондықтан діни таным ең басты проблема.

Діни таным – діни сананың эпистемологиялық қоры. Діни сана ол мәдениетіміздің мазмұны, өзегі. Мәдениет (маданийат) сөзінің этимологиялық төркіні арабша қала, қоғам, қауымдасу т.с.с. мағыналарды білдіреді. Мәдениет пен дін сөздері бір түбірден (дана/йадину етістігінен) шыққан. Дін арапша – дин, сөздік мағынасында – жол, сенім, үкім, қағида т.с.с. мағыналарды білдіреді. Мәдениет қала, қауымды білдіретін “...Тәңір тарапынан белгіленген “жолы”, этикалық, әлеуметтік, экономикалық және діни құлшылық ету қағидалары мен сенімдік жүйеге негізделген, Тәңірмен байланыс құруға арналған табыну орны (мешіт, шіркеу, синагога т.с.с.) бар қауымның тіршілік әдісін, тұрағын анықтайтын ұғым (термин). “Маданийат” ұғымы кейіннен уақыт ішінде қала, қалалық, отырықшы т.с.с. сипатқа ие болып, латын тіліндегі “культура” ұғымымен тең мағынаға ие болған”. Қазақ мәдениетінің мазмұны болған діни сана да Матуриди ілімі арқылы қордаланған. Сондықтан мемлекетіміздің аксиологиялық негіздері де Матуриди мұрасымен тығыз байланысты.

Матуриди мен Фараби арасындағы кеңістік пен уақыттық жағынан жақындығы өз алдына бір тақырып. Екі ойшылдың ойлау жүйесіндегі принциптік және идеялық жақындық туралы  айтпай кетуге болмайды. Фараби атамыз былай дейді: "көздің өз функциясын жүзеге асыруы үшін" шарт керек. Ол шарт – жарық. Жарық болмаса, көз көру функциясын жүзеге асыра алмайды. Сол сияқты адам да Алланың хидаясы болмаса қанша тырысқанымен Алланы тани алмайды. Ол да Алланың қалаған адамына берілетін "хикмет". "Белсенді сана" яғни діни терминология тұрғысынан қарағанда Жабраил ролін атқарады.Сол сияқты ислам да өзінің дін ретінде "көру" функциясын жүзеге асыру үшін сол жолдағы сенушілерінің жахди илм ақылына байланысты. Уахи мен ақыл егіз болса, тұтас болса ғана ислами өркениет рухы оянады. Исламдағы универсалды таухиди ойлау жүйесін философиялық тұрғыдан Фараби сияқты түсіндірген ойшыл жоқ. Адамның мына дүниеге келмей тұрғандағы, келгендегі және қайтқандағы рухани таным ерекшеліктерін ислами шаблон негізінде гносеологиялық мәнде ашып көрсетті. 
Сондықтан, бүгінгі қазақ қоғамына ислам діні өзінің өркениеттік сипатымен барша адамзатқа "жарық" болып тажалли етуі үшін де "көзді" тазалап алғанымыз жөн. Сонда "көздің" мына әлемге, Аллаға деген қарасы өзгереді...Бар мән сол адамның ақиқатты Алла, Адам, Әлем тұғырында үндестікте тани алуында жатыр. Матуридийа бойынша Алла затында ахад, сипаттарында уахид. Бұл деген сөз Алла заты мен сипатында қадим, біртұтас. Оның бұлай тұжырымдауында терең мән бар. Оның бұл жауабы сол замандағы каламдық фиркаларда Алланың заты мен сипатындағы кадим хадис, немесе тек қана "ұлы зат" түсініктеріне берілген жауап. Бүгін Матуриди негіздемесі сол кездегі "Таухидте" берген жауабы, оның ұстанымдық, идеялық, методологиялық тұғырнамасы арқылы маңыздылығын жоғалтпақ емес. Осы ұстанымдық тұтастық тұғыры бүгінгі қазақ мұсылмандық түсінігінің универсалдық ерекшелігі мен ұлттық болмыс табиғатын қалыптастырудағы орнын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл қазақты кеше ғана мұсылман болған немесе таза ислам емес деп жүрген неосалафилерге тойтарыс беретін қорған. Сондықтан, қазақ мұсылмандығы "қорғансыз емес" . Бізге қалғаны осы мұраны өз табиғатында, ұранға, науқанға айналдырып алмай ғылыми таным шеңберінде бүгінгі қоғамдық білім салаларына енгізу болып отыр. Сонда дініміз де, діни таным да, тарихи, мәдени, философиялық құндылық қабаттарымыз жаппай танымдық деңгейде жанданып сала береді.

Сонымен, қазақ мұсылмандығы үшін діни танымның мазмұны Матуриди ақидасы арқылы қалыптасқандығын білдік. Діни таным мәдениетіміздің де орталығы болған санамыздың қорғаны екен. Бұл қорған, біріншіден құдайлық теологиялық танымдары, нақли негіздегі адамдық ақылды жоққа шығаратын тенденциясы арқылы, дүниетанымымызда қалыптасқан болмыс туралы түсініктерімізді жоққа шығарып жатқан идеологияға қарсы тұра алады.

Иман мен амал тұтастығына негізделген қазақ мұсылмандығының толеранттылығының орнына діни  фанатизм, күпірлікті егіп елді жікке бөліп жатқан діни танымға да діни санаға да қарсы тұра алады.

Қазіргі жағдайда, сыртқы жат идеологиялық қабаттар, еркіндік және тағдыр мәселесі де адамның ықпалынан тыс, құдайлық детерминизмге негізделіп түсіндіріліп жатыр. Бұл адамның еркі мен жігерін, тақлиди мұсылмандыққа, ойсыздыққа итермелеп жатқан негізгі идеялық фактор.  Байқасақ, үй ішінен үй тігілді. Бұрын қазақта үй ішінен үй тігілсе жылы болады деуші еді. Бірақ олай болмай тұр. Қазақтың дәстүрлі отбасы-шаңырағы, діни сенім тұрғысынан жікке бөлініп, жанұя ішінде үлкен әлеуметтік, танымдық проблема туа бастады. Бұл жай ғана отбасы мәселесі емес, отбасы – Қоғамның, Мемлекеттің негізгі тірегі отбасының жікке бөлінуі қоғамның бірлігіне, мәдениеттің тұтастығына, қауіп тудырып отыр. Енді, егер біз қоғамдағы бүгінгі болып жатқан процестің ертеңгі салдарынан үміт етіп, оң нәтиже күтер болсақ, бұл іске бүгін өз бағытымыз бен ұлттық позициямызды нақтылап, болып жатқан процестің ең басты компоненті ретінде енгізуіміз қажет. Ол үшін ең алдымен діни сенім бостандығы мен қоса дәстүрлі дінді қорғау және дамытудың құқықтық негіздерін қайта құру қажет. Өйткені, ислам діні – қазақ болмысы мен мәдениетінің негізгі күретамыры және сақтаушысы. Сондықтан, бірінсіз бірі болмайтын құндылықтарымыз яғни, дініміз бен мемлекеттілігіміз болса, ал мемлекеттілігіміздің негізі қазақтың мәдениеті болса, онда оны дамытудың жолы, оның негізгі тарихи дініне деген арнайы саясат, қамқорлық қажет. Бұл жерде мемлекет және дін арақатынасын тарихи онтологиялық ұстаным арқылы өзіндік ерекшеліктермен нақтылап алған дұрыс. Ол үшін біз республикалық, демократиялық негіздегі мемлекет болғандықтан ұстанып отырған зайырлылық принципіне нақты түсіндірме жасап, мәдениет, дүниетаным мен тарихи жадымыздың талаптарын ескерген жөн. Бұл қазақ мемлекеттілігін, оның күшін нығайтудың алғышарты. Бұл жерде біз құқықтық тұрғыдан, мемлекет және билік тұрғысынан зайырлылық принципінен ауытқуды мақсат етпейміз. Сондықтан мемлекет және мемлекеттілік болмысы тұрғысынан, мәдениет-руханияттың келешегі мен баяндылығы үшін осы мәселе оң шешімін табуы аса қажет. Мемлекет, тарих, өркениет, мәдениет, кеңістік және уақыт тұрғысынан келсек бұл өте табиғи әрі қажетті шарт.

Қорыта айтқанда, бүгінгі діни ахуалды реттеудің тетігі Матуриди мұрасына оралу болып табылады. Себебі адамды, қоғамды, мәдениетті мемлекеттің баяндылығы да осы Матуриди мұрасы арқылы тарихи сабақтастық арнасы түседі. Қазір еліміздің қоғамдық институттарында Матуриди тану орталықтары жұмыс істеуі тиіс. Бұл орталықтар Қазақстанның болашағының негізін қалайтын идеологиялық платформа қалыптастыратын функция атқаруы керек. Себебі, дін және мемлекет байланысында мұқият болуы тиіс нәрсе – әрбір ой, теория және практиканың артында құндылықтар жүйесі мен рационалды шындық базасының жатқандығы. Мұны елемеу елдің келешегіне деген жауапсыздық болар еді.

Досай КЕНЖЕТАЙ,

Теология және философия

ғылымдарының докторы, профессор

 

Оқылды 1610 рет
JoomShaper
Top