Имам әл-Матуриди және кәлам ілімі

Бейсенбі, 05.06.2022
Имам  әл-Матуриди және кәлам ілімі

 

 

 

Әбу Мансур әл-Матуриди деп танылған Әбу Мансұр Мұхаммед б. Мұхаммед б. Махмуд әл-Матуриди, Мауараннахрдағы Самарқанд қаласының маңындағы Матурид елдімекенінде дүниеге келген.

Имам  әл-Матуриди және кәлам ілімі

Әбу Мансур әл-Матуриди деп танылған Әбу Мансұр Мұхаммед б. Мұхаммед б. Махмуд әл-Матуриди, Мауараннахрдағы Самарқанд қаласының маңындағы Матурид елдімекенінде дүниеге келген. Туылған уақтысы турасында қайнар көздерде нақты мағлұмат болмағанымен, барлық дерлік тарихшылар оның өмірден озған уақытысын 333/944 жыл деп, ал 238/852 не 256/870 жылды туған жылы дегенді бірауыздан мақұлдаған [1, 161 ]. Жақтастары тарапынан «аламул – худа» (тура жол туы), «имамул – худа» (тура жол имамы), «имамул – мутакаллимин» (кәламшылардың көшбасшысы) сияқты аттармен танылған Имам әл – Матуриди айналасында үлкен сүйіспеншілікке ие болды және атақты болғанына қарамастан көптеген табақат және мазхабтар тарихы кітаптарына аты енгізілмей қалғаны өкінішті-ақ. Бұл жағдайдың себептерін зерттеген түрік ойшылы Саим Йепрем пікірлерін келтірсек, ол «Ибну‘н-Надимнің «әл-Фахристінде»( 378/988 жылы) жазылып кеткен аш – Шахристанидің 548/1153 жылы дүниеден өтуі, Ибн Халлиқанның 681/1282ж. өмірден озуы, Ибн Халдунның 809/1406 жылы, ас-Сүютидің 911/1505ж. дүниеден озулары сияқты мағлұматтарды ойда ұстасақ, аталған кісілердің әл-Матуриди сияқты тұлғаны естімеулері және еңбектерінде ол туралы сөз қозғамаулары мүмкін емес. Бұл жағдайдың себептерін зерделегендердің болжамдары қаншалықты болса да, жағдайды сол күйінде қабылдауға мәжбүрміз. Танымал мазхабтардың тарихи кітаптарында ескерілмеуін «сәтсіздік» деп бағалау және кейбір «мазхабтардың қолдан жасағандарының» салдары деу де нақты жауапқа жатыңқырамайды» [2, 252 ].

Әл-Матуридидің Мауараннахрдың сол кездегі мәдени орталығы саналған және әл-Ашаридің өмір сүрген және мазхабы кеңінен жайылған Ирақтан ұзақта болуы Ашариді Ахл-і Сүннет ақидасының жалғыз қорғаушысы етіп көрсету тілегінен туындаған деген жорамалды да дұрыс дей қою болмас. Өйткені кәлам ғылымында танымал болған ойшылдар әл-Ашари ықпалымен қалыптасқан. Мәселен, әл-Бақиллани (403/1013), әл-Жуайни (478/1085), әл-Ғазали (505/1111), әш-Шахристани (548/1153), әр-Рази (606/1209), әт -Тафтазани (793/1390) сияқты атақты кісілердің бәрі ашарилік. Соған қарамастан, әл-Матуридидің де жақтастары болған. Олардың ішінде әр-Рустуғфани (345/965), Абул-Маин ән-Нәсәфи (508/1114), Нұраддин әс-Сабуни (580/1184) деген есімдерді келтіруге болады [2, 254].

Әл-Матуриди турасында ең ескі мағлұматты ән-Нәсәфи келтірген. Оның «Табсырату'л-Адылла» деген еңбегінде Имам әл-Матуриди турасында құнды мәліметтер берілген. Бұл мәліметтер бойынша, Әбу Наср әл-Ыяди мен Әбу Бакр әл-Жузжани әл-Матуридидің ұстаздары болған. Екі ұстаз болса, Әбу Сүлеймен әл-Жүзжанидің шәкірттері болған. Әбу Сүлеймен әл-Жүзжани болса, Имам Әбу Юсуф (182/498) пен Имам Мұхаммед б. Хасан аш-Шайбани (189/804) шәкірттерінің бірі болған. Осы ғылыми силсиладан әл-Матуриди Имам Ағзам Әбу Ханифа мазхабының  қыр-сырын әбден меңгеріп шыққанын көруге болады. Ұстазы Имам Ағзамға таңылған «әл-Фықху'л-Әкбар», «Әр-Рисала», «әл-Фықху'л-абсат», «әл-Алим уа'л - мута'аллим», «әл – Уасыя» сияқты ақаид негіздері тақырыбындағы еңбектерді оқып, ұстаздарынан осы еңбектерді риуаят етеді. Бүкіл өмірін Әхлу'с-Сүннет ақидасын үйрету және кеңейтуге арнаған Имам Әбу Мансур әл-Матуриди 333/944 жылы бір ғасырға жуық өмір сүріп, дүниеден озады да, Самарқандтың Жакардиз елдімекендегі ғұламалар мазарына жерленеді.

Имам әл-Матуриди Самарқандтағы мазхаб өкілдері арасында жасаған пікірталастарында кәлам әдісін қолданып, үлкен табысқа жетеді. Әсіресе, Әбу Ханифа еңбектері оның арқасында жаңа көрініске ие болады. Әхлу'с-Сүннет ақидасының дәлелді керек етпейтін кішігірім сенім еңбектерінің әл-Матуридидің танытылуымен толықтырылған қағидалары қарапайым «ақидалық» мәтін болғанымен, «кәлам ілімі» деген атпен таныла бастайды. Өйткені, бұл еңбектерде әдіснама мәселелері және бірқатар дәлелдер аталып өтіп, ақыл мен мантық дәлелдері топтастырылған [2, 257]. Осы саладағы жетістіктерінің арқасында Имам әл-Матуриди «Ханафи мазхабының мүтакаллимі» деген атаққа ие болады және құрған мазхабы да «Матуридилік» деп аталады. Бұдан кейін «ханафи» деп Имам Ағзамның фықықтық мазхабындағы жақтастары атала бастайды [3, 183].  

Әл-Матуриди жақтастарының көпшілігі оның замандастары болды. Олардың қатарында Әбу'л-Қасым Исхақ б. Мұхаммед б. Исмаил (340/951), Имам Әбу'л-Хасан  'Али б. Са'ид әр-Рустуғфани (390/956), Имам Әбу Мұхаммед Абдулкарим б. Мұса әр-Раздауи (390/999), Имам Әбу'л-Лайс әл-Бұхари сынды есімдер бар. Бұл ғұламалар Әхлу'с-Сүннет ақаидын Матуридидің түсіндіруінде Мауараннахр өлкесіне, Түркістанға, Қазан, Бұқара, Ауған, Пенжаб, Қашғар өлкелеріне таратып, сол жерлерге өздері жайғасады. Соңында Абу'л-Маин ән-Нәсәфи, әл-Бақилланидің Ашари мазхабында жасағаны сияқты, матуридилік мазхабын бір жүйеге келтіреді.

Әл-Матудиди өмір сүрген дәуірде ислам әлемінде аббасилікке орталықтандырылған билік жүйесінің беделі төмендеп, бірнеше ислам мемлекетінің қалыптасқандығы мәлім. Халифа Мамұн (218/833) билігі тұсында Мутазила көзқарастары ресми идеология ретінде таңылған болса, ал – Мутауаккил (247/861) халифи билігі дәуірінде Әхліс-Сүннет сеніміне қайту басталды. Осы аралықта Мауараннахрда Саманилер мемлекеті, Иран, Хорасан, Систан мен Кирманды қамтыған Саффарилер мемлекеті, Журжан мен Табаристанда алауилік Зайдилер мемлекеті бой көтереді. 875 жылға дейін аббасилер билігінде қалған Саманилер мемлекеті осы уақыттан бастап тәуелсіздіктерін алып, қуатты мемлекетке айналады. Ислам ғылымдарының дамуына көп ықпалы болған Саманилер мемлекеті «Әділ» және «Насыруддин» атақтарымен танылған Сабуқ-Тегин (387/997) билігінен бастап 389/999 жылдардағы құлдырауына дейін, әсіресе, Наср (332/943) мен Нұх I (343/954) биліктері тұсында гүлдену кезеңін бастап кешіреді. Көптеген ғылым салалары, соның ішінде, тәфсір, фықх, хадис, тасауур, кәлам, тіл мен әдебиет сияқты ғылымдар дамытылды. Айрықша, кәлам мен фықх салаларындағы ой-пікірлердің дамуына, мазхабтар арасындағы түрлі көзқарастардың тереңдеп айқындалуына және бір жүйеге келуіне сол кездегі ғылымдағы тартыстар себепкер болды.

Осы ортада өмір сүрген Имам әл-Матуридидің бұл пікірталастардан ұзап қалуы, ғылыми әрекеттерге атсалыспауы мүмкін емес еді. Ғылым үшін мамыражай күн туғанда Имам әл-Матуриди және оның ортасы Имам Ағзамның сенім және фықхи көзқарастарына кәлам тәсілін қолданып, Ахлус – Сүннет ағымы мен «Матуридия» деп танылған мазхабты  қалыптастырып, ары қарай дамытты.

Имам әл-Матуридидің есімімен аталған еңбектері де көп таралып, танылмаған еңбектерінің көбі қолжазба нұсқа күйінде қалған. Ал ең атақты «Китаб ат-Таухид» атты еңбегі Англияның Кембридж уиверситеті кітапханасындағы нұсқасы негізінде 1970 жылы басылып шығады. Мұнымен бірге, матуридиліктер Имам әл-Матуриди еңбектерін оқығандарымен бірге, Бұрханаддин ән-Нәсифидің (687/1289) «әл-Ақаиду'н-Нәсәфия» мәтнін және тіпті де ашарилік болған әт-Тафтазанидің (793/1390) «Шарх» еңбектерін де қоса оқып отырған. Ғасырлар бойы ханафилік османлы медреселерінде және халық арасында жастайынан олардың сенімдегі мазхабтары Ахлус-сүннет уа'л-жамағат, имамдары Әбу Мансур әл-Матуриди екені жаттатылса да, әл-Ашаридің кітаптары да қабатталып оқытылған және пікірлеріне оң қабақ танытылып отырған.

Имам әл-Матуридидің кәлам мен ағымдарға қатысты жазған еңбектері мыналар: 1) Китаб ат-Таухид, 2) Рисала фи'л-Ақаид, 3) Шарху'л-фықхи'л-акбар, 4) Радду адаилил-Адилла ли'л-Ка'би, 5) Радду такзиби'л-жадал ли'л-Ка'би, 6) Радду усули'л-хамса ли'л-Бахили, 7) Радду Китаби'л-Имама ли ба'дир-рауафид, 8) әр-Рад ала'л-Карамита, 9) Радду Китаби'л-Ка'би фи уаиди'л-фуссак, 10) Байану уахми'л Мутазила, 11) Китаб әл-Мақалат, 12) Китабу тафсирил асма уа'с-сифат.

  Матуридидің әдіснамаға қатысты еңбектері:

  1)Ма'ахузуш-шараи фи Усулил-фықх, 2) әл-Жадал фи Усули'л-фықх, 3)  әд-Дурар фи усули'д-дин, 4) әл-Усул.

Әл-Матуридидің тәфсір және Құран ілімдеріне қатысты еңбектері:

1)Та'уилату'л-Құран, 2) Рисала фи ма ла Йажузу'л-уақ фу алейхи фи'л-Құран [2, 260 бет, 2, 185 б-р].

Жалпы мазмұндық тұрғыдан алғанда, матуридилік мазхабы қолданған әдіс ашарилік мазхабымен сыңаржақ дамыды. Осы себептен, табақат кітаптарында Ахлус-Сүннеттің екі басшысы бар деген тұжырымдар бар. Ташкөпрүзада (968/1561)  «Мифтахус – Са‘ада» еңбегінде мына жолдарды жазған: «Кәлам ілімінде Ахли – Сүннет уал – Жамағаттың екі басшысы барын білуің керек. Бұлардың біріншісі – әл-Ханафи, екіншісі – аш-Шафи. Ханафи болғаны Имаму'л – Худа Абу Мансұр Мұхаммед б. Мұхаммед б. Махмұд әл – Матуриди. Шафи болған екіншісі Имаму'л – Мутакаллимин және діни ақида қорғаушысы Абу'л – Хасан ал – Амари ал – Басри» [2, 264].

Бірқатар қайнар көздердің келтірген мәліметтеріне қарағанда және осы екі имамның еңбектеріне назар салсақ сыңаржақтылықты байқауға болады. Екі ойшылдың екі түрлі географиялық ортада болуларына қарамастан, ұқсас пікірге әрқайсысы жеке келулері де мүмкін. Дегенмен ашарилік мен мартуридилік арасында кейбір ерекшеліктердің бары шындық. Олардың арасындағы айырмашылықтарды зерттеуге арналған жұмыстар да жазылған. Бұл тұрғыда Шайхзада Абдуррахим б. Алидің жазған «Назму'л-Фараиди» атты еңбегі танымал. Әсіресе, Абу Азба жазған «әр-Раудат'л-Бахия» (1713 ж. жазылған) атты еңбегі маңызды. «Раудат әл-Бахияда» жетеуі «лафзи», алтысы «мағыналы» деп көрсетілген барлығы он үш бапта берілген айырмашылықтарды төрт топқа жіктеп беруге болады. Бұлар:  1 – Иман мәселесіндегі негізгі айырмашылық. Салаф пен әсіресе ханбалилар сияқты амалды иманның бір бөлшегі деген, амалды иманның формальды шарты деп қорғаштаған ашарилерге қарағанда матуридилік бойынша иман тек «жүректегі сенімнен» құралады. Ол тіл ақылы айшықталады. Бұл тұрғыда ашарилер бойынша иман артып азайса, матруидилерде артып азаймайды. Ашарилер бойынша, егер пайғамбар жіберілмеген болса, Алланың бары мен бірлігін білу адамдарға уәжіп болмайды. Матруридилік бойынша, адамдарға пайғамбар жіберілмеген жағдайда, Алланың бары мен бірлігін ақылдарымен табулары қажет болады.

2 – Айырмшылықтың екінші тобын «тағдыр» мәселесі алып тұр. Тағдыр тақырыбы «қада» және «қадар» ұғымдары арқылы қаралады. «Қада» мағынасы «әрекеттердің уақыты келе жаратылуы» дегенге келеді. Матуриди де, Ашари де қада тұрасында осындай түсінікті мақұлдаған. Матуридилік бойынша, «қадар» «бір нәрсенің тағдыры» деген сөз. Яғни, Алла Тағала нәрселерге және әрекеттерге осы тағдырды беруін «қадар» (тағдыр) дейді. Жақсылық пен жамандық Алла Тағаланың тағдырынан.

3 – Айырмашылықтың үшінші тобы күнәларға берілетін жаза тақырыбына құралған. Матуриди мүржиліктен алынған Әбу Ханифа көзқарасын жақтайды. Ол бойынша, үлкен күнә жасаған адам имансыз қалмайды. Иманы барда адам жаханнамда мәңгі қала алмайды. «Әл-Уасияда» айтылғанына қарағанда, Пайғамбар шапағатының арқасында үлкен күнә жасағандар жәннатқа жіберіледі. Тахауидің (321/933) «әл-Ақида» рисаласы мен «әл-Фықху'л-Акбар» түсіндірмелерінде де осыған ұқсас көзқарастар бар. Тәуде етпеген күнәхар мүмин де жәннатқа кіреді. Ашаридің ұстанымы мүлде басқа бағытта емес. Оның түсіндіруінше, кейбір үлкен күнә істеген мүминдер пайғамбар шапағатының арқасында жәханнамнан құтыла алады. Алайда, мынаған ерекше назар аударады, соңғы шешімді Алла Тағала береді және Ол қаласа солай болады, қаласа кейбір күнәхарларды жазаландыра алады. Яғни, бұл жаза мәңгі де бола алады деген сөз. Мүминдердің жәханнамда мәңгі қалмайтынына қатысты көзқарасты Матуриди мен Ашаридің бөліспеуіне қатысты бастапқыда туындаған айырмашылық кейінгі матуридиліктер мен ашариліктер пікірлерінде жойылады.

4 – Айырмашылықтардың төртінші тобын Алла Тағаланың әрекет (фиили) сыпаттары тақырыбындағы көзқарас айырмашылықтары құрайды. Матуриди бойынша, зати болсын, фиили болсын барлық сыпаттар азали (әуелден бар). Әл-Ашари аз ғана дәлелдермен, фиили сыпаттардың әуелден жоқ екендігін ұстанады. Мұның себебін, Ашари заттар жаратылмай тұрып, Алла Тағаланың «Халиқ және Разиқ» сияқты сипаттары бола алмайды деп түсіндіреді. Матрудилер мұндай көзқарасты бөліспегендіктен, барлық дерлік әл-Матуриди еңбектерінде ашариліктердің бұл көзқарасы сыналған [2, 266-268 бб].

Имам әл-Матуридидің «Кітап ат-Таухиді» негізде Матуридидің кәлам саласындағы көзқарастарын тұжырымдайық [2, 270]:

1 – Имам әл-Матуриди бойынша, иманда еліктеу (тақлид) емес, ақиқат (тақхиқ) негізгі болып сыналады.

2 – Білім алу жолдарына сезім мүшелері, хабар және ақыл жатады. Солардың арқасында заттардың шынайлығы турасында білімге ие бола аламыз.

3 – Тәндер – кейіннен жаратылған. Әл-Матуриди бұл тақырыпты сипаттағанда ақыл мен нақыл дәлелдерін қолданған және оларды сезім мүшелері арқылы көре алатынымызды түсіндірген.

4 – Тәндердің жаратылысы – Алла Тағаланың барына дәлел. Бұл тақырыпта әл-Матуриди кейде әл-Ашаридің, кейде бұрынғы философтар қолданған дәлелдер қолданады.

5 – Алла Тағаланың бір екендігін сипаттағанда Ашариде де бар «Бұрхан-и тамануды» қолданады. Бұл дәлелдерді қолданғанда әл-Исра (17), 42; әл-Әнбиә (21), 22; әл-Муминун (23), 91; әр-Рад (13), 16; әл-Мулк (67), 3;  әш-Шура (42), 11 аяттарын дәлел ретінде көрсетеді.

6 – Алла тағаланын есімдері тұрақты. Болмысына сай келмеген есімдерді беру дұрыс емес. Тіпті Жанабы Хақты «Нәрсе» деу де дұрыс.

7 – Алла Тағаланың түрлі жағдаяттардан таза екендігі нақли дәлдермен тұжырымдалған және бұған сену уәжіп. Мүминдер Алла Тағаланы дүниеде емес, ахиретте көреді. Бірақ кәпірлер көрмейді. Бұл тұрғыда әл-Ашаримен бір ойда болған әл-Матуриди Алла Тағаланың көрінуінің ақылмен болып болмайтындығы тақырыбында түрлі көзқарастарды ұстанды. Матуридия бойынша, ақылдың Алла Тағаланың көріне алатындығын дәлелдей аларлық құдреті жоқ. Бірақ әл-Ашари мұны ақылмен сипаттайды. «Бар болу дәлелі» деп аталған бұл дәлел «әл-Лумада» түсіндірілген.

 8 – «Теңдік» сияқты хабари сипаттарда және барлық мүташабих аяттарда әл-Матуриди салафтың жолын ұстанады, тауилді пайдаланбайды.

9 – Адам, шындығында, ықтиярлы әрекет иесі. Әр ісімізде ерікті екендігімізді түсінеміз. Өйткені, Женаб-ы Хақ Құран-и Кәрімде түрлі аяқтармен мұның осылай екендігін көрсетеді. Мұнымен бірге әрекетерді жаратушы – Алла Тағала.

10 - Әрекеттеріміздің Алла Тағала тарапынан жаратылғандығына қарағанда «Қаза» да тұрақты. Өйткені қаза осылардың жаратылуы деген сөз. «Қадар» осы әрекеттер алып жүретін «хүсүн» (жақсылық) пен «күбүх» (жамандық) сипаттарының Алла Тағала тарапынан тағдырлануы деген сөз. Бұл да тұрақты.

11 – Мумин зина, кісі өлтіру сияқты үлкен күнәларды істегенде имансыз қалмайды. Иман мен күпірлік арасындағы жағдайда да бола алмайды. Мүмін немесе кәпір есімдерінен басқа есім де берілмейді.

Иман тек жүрек пен сенімнен құралады. Тілмен айтылса, ол адаммен мұсылмандық қарама – қатынасын жасау үшін керек. Адам «мен иншаллах мүминмін» деп айта алмайды. Имам әл-Матуриди «Китаб ат-Таухид» еңбегінің 176-215 беттерін пайғамбарлық тақырыбына арнаған. Онда пайғамбарлық негіздері мен адамдардың пайғамбарларға мұқтаждығы сипатталған және қайшылықты теріс көзқарстарға жауап берілген.

Қорыта айтсақ, Имам әл-Матуридидің кәламдық көзқарастары кәлам ілімінің негізін күшейтті, ондағы тақырыптарды жүйеледі, оның өмір сүрген дәуіріндегі кәламдық пікірталастарға негіз болған сауалдарға жауап берді, сонымен бірге исламнан тыс ағымдар мен діндердің сипаттамаларын беріп, олардың теріс жақтарын айқындады. Яғни, Имам әл-Матурдидің суннилік ақида негізі таза исламдық ақида сенімін құрағандықтан, оны түпкілікті зерттеу және ақидасын меңгеру қажет-ақ деген пікірге келіп отырмыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.  Ислам: энциклопедический словарь.-М.: Наука. Главная редакция восточной литературы, 1991.-315 с.: ил.

2.  Irade Hurriyeti ve Imam Maturidi. Dr. M.Saim Yeprem. Istanbul, 1984. -376 s.

3.  Islamda Itikadi Siyasi ve Fikhi Mezhepler Tarihi. Pr.Doc. M.Ebu Zehra. /Ceviren S.Kaya/. Istanbul, 2004. -680 s.

Қ.Қаратышқанова,

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ, дінтану және теология кафедрасының доценті,

философия ғылымдарының кандидаты

 

 

 

Оқылды 1465 рет
JoomShaper
Top