Қазақстан бүкіл әлем үшін конфессияаралық келісімнің үлгісі ретінде танылды. Бүгінгі таңда Қазақстан – діни толеранттылық идеясын тарату жөніндегі көшбасшы елдердің бірі. Біздің еліміздің конфессияаралық үнқатысудағы тәжірибесі бүкіл әлемдегі діни жетекшілердің қолдауына ие болып отыр.
Көпшілік зайырлылықты барлық діндерге қатысты бейтараптық ұстану, мемлекеттің діни танымдардан тәуелсіз және кез келген теологиялық тұжырымдамалардан еркін болуы деп түсінеді. Алайда бүгінгі таңда зайырлылықты анықтайтын бұл қағидаттар бірте-бірте өзгеріске ұшырауда.
Қазақстан Республикасында мемлекеттің зайырлылығын көрсететін мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынастарды реттеудің бірнеше формалары қалыптасқан немесе мемлекеттің діни қатынастарды бірізділікке түсірудің бірыңғай бағдарламасы қамтамасыз етілген.
Мемлекет пен дін арасындағы қарым-қатынасты реттеудің немесе мемлекеттің зайырлылығын білдіретін мынадай жұмыс әдістері орныққан.
Біріншіден, Қазақстанда конфессияаралық қарым-қатынастарды реттейтін, діни бірлестіктер мен мемлекет арасындағы үнқатысуды нығайтатын ықпалды тетіктердің бірі ретінде Үкімет жанынан құрылған Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңесті және Астана мен Алматы қалаларының, облыстар, қалалар мен аудандар әкімдерінің жанынан құрылған діни бірлестіктер мен байланыстар жөніндегі кеңестерді айтуға болады.
Екіншіден, зайырлылықтың бір көрінісі ретінде мемлекеттік, соның ішінде атқарушы билік әртүрлі конфессиялардың өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп отыр. Яғни діннің рухани күшінің жас ұрпақты, көпшілік халықты имандылық жолында тәрбиелеу үшін бірлесіп әрекет жасауы қалыпқа айналды. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында, жалпы алғанда, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге, халық арасында экстремистік, кереғар діни ағымдардың үгіт-насихаттық жұмысының алдын алу бағытында 1080-нен аса іс-шаралар өткізілді.
Облыс, қала, аудандарда құрылған арнайы үгіт-насихат топтары тарапынан 2012 жылдың басынан жалпы 644 кездесулер өткізілді, оған 111 мыңнан астам азамат қатысты.
Үшіншіден, зайырлылықтың аса маңызды белгісі Конституцияға және заңға негізделген діни сенім бостандығы. Әркімнің өз дінін таңдау құқығы бар. Жаңа заң бойынша діни сенім-наным бостандығының үш негізгі қағидатқа сүйенетіні айтылды. Олар бейтараптық, толеранттылық және теңдік.
Діни бірлестіктер 18 жасқа толған азаматтардың бастамасымен құрылады. Діни бірлестіктердің қай конфессияға жататындығын көрсетпей, жалпылама атаумен тіркелуіне де жол берілмейтіні белгілі болды. Бұл – «Ата жолы» деген секілді жалпылама аттарды жамылатын секталардың тіркелуін шектейтін дұрыс тұжырым. Сонымен қатар, отбасын бұзуға, дүние-мүлкінен айыруға шақыратын немесе мәжбүрлейтін бірлестіктер де тіркелмейтіні атап көрсетілді.
Төртіншіден, зайырлылықтың тағы бір белгісі – діндердің біздің қалыптасқан діни наным-сенімімізге, ата-бабадан қалыптасқан дәстүрімізге, отбасылық ынтымағымызға кедергі келтіріп, түрлі жолдарға итермелейтін зиянды діни ағымдарға тыйым салу. Бұл құжат осындай әрекетке қол жеткізе алатын тетіктер тудырады. Ислам діні ешқашанда өзі таралған мемлекеттер мен аумақтарда жергілікті салт-дәстүрге қысым жасамаған.
Бесіншіден, зайырлылықтың негізгі белгісі діннің мемлекеттен бөлінгендігінде немесе мемлекеттік саясаттың діннен бөлінгендігінде. Мемлекет діннің ішкі істеріне араласпайды, дін де мемлекет ісіне араласпайды. Бірақ діни ұйымдар мемлекеттің заңдарын бұзған жағдайда, мемлекеттің дін жөніндегі заңынан және заң актілерінің шеңберінен шығып кеткенде, мемлекет діни бірлестіктердің ісіне араласады. Мысалы, діни негізде әскерде қызмет етуден бас тарту, балаларын мектепке жібермей қою дін жөніндегі заңның шеңберінен шығу болып табылады, сондықтан мемлекет араласуға мәжбүр болады. Сонымен қатар, діни ұйымдар сайлауға қатыса алмайды. Діни орындарда сайлауалды үгіт жүргізуге жол берілмейді. Діни қызметкер уәкілетті органның депутаты болып тіркеле алмайды және сайлауалды үгітке қатыса алмайды. Діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген және қаржыландырылмайды.
Алтыншыдан, мектепті діни бірлестіктерден бөлу және білім берудің зайырлы сипаты. Республикада білім беру мен тәрбиелеудің мемлекеттік жүйесі діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта. Ата-аналар немесе олардың орнындағы адамдар балаларын өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуге қақылы, бірақ балаларды дінге баулуға мәжбүрлеу шараларына жол берілмейді. Баланы діни тәрбиелеу оның тәндік, психикалық саулығына және имандылық рухында дамуына залал келтірмеуі тиіс.
Жетіншіден, сан ғасырлар бойы ислам діні қазақтардың киім киісі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, басқа да ерекшеліктерімен ұштасып кеткен. Бүкіл Орталық Азияда да, Кавказ халықтарында да осылай. Қазіргі кезде уаххаббилік және салафилік ағымдар ең алдымен қазақтардың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына шабуыл жасауда. Сол арқылы халқымыздың дәстүрлі исламдық бағытын өзгертпек. Мұның өзі қарапайым халықтың наразылығын тудырып отыр.
Мемлекетіміздің Конституцияда бекітілген зайырлылық сипаты – оның негізгі іргетасының бірі, мемлекеттің ерекше белгісі. Зайырлылық қағидаты – елімізде орын алып отырған дінаралық үнқатысу мен толеранттылықтың негізі. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында атап өтілген мәселе – әр қазақстандыққа қамқорлық көрсету ұстанымына берік кешен бола алады. Осы қағиданың негізінде мемлекетіміз дінаралық татулық пен ынтымақтың халықаралық үлгісіне айналып отыр. Осы негізде мемлекетімізде төрт мәрте Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өтіп, Қазақстан діни саланы реттеу жөнінде бүкіл әлемге үлгі шашты.
Батырбек Жалмұрзаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық дін істері департаментінің директоры