Құдайды қонақ қылайық...

Сейсенбі, 14.06.2021

Қазақта «қарның ашса, қаралы үйге шап» деген мақал бар. Кей жерлерде «қарны ашқан – қаралы үйге қарай жүгіреді» деп те кездеседі. «Қаралы үй» деп қаза келіп, қара жамылып отырған үйді айтады. Мұндай үйден жетісін, қырқын, жылын беру қазақтың әдет-ғұрпына айналған. Бір аймаққа ғана емес, еліміздің бүкіл тарапына жайылғанына қарағанда, бұл ғұрып бертінде ғана шыққан дүние емес, бірнеше ғасырдан бері жасап келе жатқан жоралғы. Яғни, жоғарыда атаған мақал қай дәуірден келе жатса, бұл жоралғының да шығуы сол мақалдан әрі болмаса, бері емес. 

Неге қазақ «қарның ашса, қаралы үйге шап» дейді? Ескіде қазақ аруаққа Құран бағыштап, ас бергенде, жарлы-жақыбай, кедей-кепшіктің бәрі бір тойып, жарылқанып қалатын. «Кедейдің бір тойғаны – жарты байығаны» деп, «сауабы аруаққа тисін» деген ниетпен жайылған қазақтың қайырымдылық дастарханына әр беріп, шырай дарытатын да мұқтаждар мен жарлы-жақыбайлар еді. Сол себептен де, қазақ қарны ашқанды ас боп жатқан қаралы үйге жөнелтіп, сауабын «сауып», аруаққа бағыштайтын. Асылында, аруаққа аталған астың қазақ даласындағы пәлсапасы осы еді. Қазақтың «асқа барсаң, аш бар» деуінің де астарында құдайы астың дастарханы негізінен ашқа арналғаны меңзелген. 


Бүгінде бұл ас пен асқа қатысты бұл сөздің өңі өзгеріп, тоны теріс киілді. Қазіргі құдайы дәмге жайылған дастарханның сәні жарлы-жақыбай, кедей-кепшік, мүсәпір-міскін емес, тек ағайын-туыс, тамыр-таныс, жекжат-жұрағаттармен ғана шектелген. Сол себепті де жоғарыдағы сөз құр сөз жүзінде ғана қалып, іс-жүзіндегі қолданыстан шыққан. Ал ақиқатында ас та төк асқа кім мұқтаж? 

Бірде Мұса пайғамбарға қауымы келіп: «Уа, Мұса! Раббымызды асқа шақырамыз, келіп бір күн қонағымыз болсын! Қолымыздан келгенше сый көрсетуге дайынбыз», – дейді. Қауымының бұл сөзіне Мұса пайғамбардың талағы тарс айрылып, халқын жер-жебіріне жеткізе сөгіп, ұрысып тастайды. «Алланың ішпектен, жемектен, мекеннен пәк екенін білмеуші ме едіңдер?! Екінші мұндай нәрсе ойларыңа да келмесін», – дейді де өзі Тұр Сина тауына ғибадат етуге шығып кетеді. Сол жерде Алла тарапынан үн келеді: 

– Уа, Мұса, неге құлдарымның шақыруын маған жеткізбейсің? – дейді Алла.

Мұса болса, сасып қалып:

– Уа, Раббым! Олардың мұндай шақыруларын сізге келіп айтуға ұялдым, имендім, жасқандым. Себебі, Сіздің Ұлылығыңыз олардың ойлағандарынан пәк, таза еді, – дейді. Алла Тағала:

– Ендеше құлдарыма сәлем айта бар, шақыруларына жұма күні ақшам уақытында келемін, – дейді. 

Мұса пайғамбар қауымына келіп, барлық жағдайдан хабардар етеді. Қонақ күтуге дайындық басталып кетеді. Мал сойылады. Мүмкіндігінше салтанатты бір дастархан әзірленеді. Өйткені, қонаққа уәли, падишах не басқа бір жаратылған емес, әлемнің жаратушысының өзі келе жатыр. Дайындық аяғына дейін жетіп, ақшам уақыты келгенде арып-ашыған, үсті-басы тозған, ұзақ жолдан келе жатқаны белгілі бір мұқтаж Мұсаға келіп: 

– Уа, Мұса! Ұзақ сапардан келе жатырмын. Аш едім, маған бір азғандай талғажау болатын тамақ берсең, жеп, жүрек жалғайын, – дейді. Хазіреті Мұса болса:

– Асықпа, анау жерде шелек тұр, барып құдықтан су алып кел, сенің де үлесің тисін, біраз уақыттан кейін қонаққа Алла келеді, – дейді де, аяғынан әрең тұрған мүсәпірді суға жұмсап жібереді. Анау де Мұсаға қарсы келместен, ештеңе деместен кетіп қалады. Құптан уақыты келді, ал күткен қонақ әлі келмеді. Бозарып таң да атады. Келіп-кеткен ешкім болмайды. Күткен қонақтарынан біржолата үміттерін үзеді. Мұса болса, пұшайман күйге түседі. 

Екінші күні Мұса Тұр тауына барып:

– Иә, Раббым, қауымымның алдында ыңғайсыз жағдайға қалдым. Үмбетім «я сен бізді алдап соқтың, я Алла сөзінде тұрмады» деп жатыр», – дейді. Сонда Алла: 

– Келдім, уа Мұса, келдім. Ашпын дедім, суға жұмсап жібердің. Бір үзім нан да бермедім. Мені не сен, не қауымың масыл көрді, – дейді. Сонда Мұса:

– Иә, Раббым, бір ғана мұқтаж келді. Бірақ, ол біз секілді құл еді, Алла емес еді. Бұл қалай болғаны сонда? – деп таңғалады. Құдіретті Алла сонда былай дейді:

– Міне, мен сол құлыммен бірге едім. Оны тойдырғандарыңда, мені де тойдырған болатын едіңдер. Өйткені, мен көкке де, жерге де сыймаймын, мен тек аш құлымның жүрегіне сиямын. Мен сол құлыммен бірге келген едім, оны аш күйінде қайтаруларыңмен, мені де кері итерген едіңдер», – дейді.

Міне, демек, Алла кіммен: көйлегі көк, қарны тоқпен бе, жоқ әлде, қарны аш, дымы жоқпен бе? Жоғарыдағы хикая нені меңзейді? Сауап байдан келе ме, жоқ жарлы-жақыбайдан келе ме? Міне, қазір біз осының парқын ажырата алмай қалдық. 

Бұрынғы қазақ жетісі, қырқы, жылы деген жоралғыларды өткізіп, қарны аштың қарнын тойдырып, сауабы мен дұғасын аруаққа бағыштайын дегенді ниет етсе, қазір қазақ қандай ниетті көздейді? Берген асымыздың дастарханына көшеде талғажау етерлік ас таба алмай жүргендердің қаншауын шақырыппыз? Шақырмасақ та, осыларды бір тойдырып, сауабын дүниеден өткен пәленше бабама бағыштайыншы деп ас таратып, жыртық-жамауын бүтіндеген қайсымыз бар? Адам тұрмақ, ұшқан құсқа жем тастаған қазақты да сирек көреміз-ау. Паркке барсаң, құсқа нан тастап тұратын қазақ емес, мұсылман емес, басқа біреулерді көресің. Мұсылманды көрмесең де, олардан Исламды көресің. 

Сол үшін де бүгінде қазақтың ас беру дәстүрі кейбір адамдардың тарапынан сынға алынып жатады. Тіпті, «ас – ас емес, қып-қызыл ысырап, бұл шариғатқа теріс» деген сөздерді де жиі естиміз. Бұның бәрі жоғарыдағы мәселер ескерілмегендіктен де осындай сөзге қалып отыр. Егер қазақтың дәстүріндегі шариғи астарына үңіле білсек қой, озығымыздың тозығын шығарып алмас едік. 

...Пайғамбарымыздың (с.а.у) да Әбу Һұрайрадан жеткен хадисінде: «Қиямет күні Ұлы Жаратушы Алла Тағала пендесіне: «Уа, Адам баласы! Мен ашығып, тамақ сұрағанымда, неге тамақтандырмадың», – дейді екен. Сонда әлгі пенде: «Уа, Раббым! Сен ешкімге және ешнәрсеге мұқтаж болмаған әлемдердің Раббысысың, мен Сені қалай тамақтандырамын?!» – деп қайран қалады. Сонда Алла Тағала: «Пәленше деген құлым сенен ас-ауқат сұрағанда, оған тамақ бермегенің есіңде ме? Оның қарнын тойдырғаныңда, мені де тойдырған болып, қарымыңды Менен алатын едің» – дейді. Хадистің жалғасында Алла Тағала аурудың және шөлдеп сусағанның да жанынан табылатынын айтады.

Салтан СӘКЕН

Оқылды 405 рет
JoomShaper
Top